Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2777 0 пікір 28 Қаңтар, 2020 сағат 10:32

Мемлекет басшысы Абу Дабидің тақ мұрагерімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі «Әл-Уатан» сарайының алдында өтті. Қазақстанның туы көтеріліп, екі мемлекеттің ұлттық әнұрандары орындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед Заид Әл Нахаян бір-біріне ілтипат білдіргеннен кейін Құрметті қарауыл ротасын аралап өтті. Екі елдің ресми делегация мүшелері таныстырылғаннан кейін Мемлекет  басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Рәсім соңында Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің тақ мұрагері келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударды.

– Сізді Біріккен Араб Әмірліктерінде көргеніме қуаныштымын. Әмірліктер Басшысының атынан Сіздің сапарыңызға табыс тілеймін. Сонымен қатар біздің жақын досымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сәлем жолдаймыз. Қазіргі уақытта елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. БАӘ Қазақстанмен өзара ықпалдастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық жан-жақты дамуда, – деп атап өтті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян.

Мемлекет басшысы Шейх Мұхаммедке қонақжайлық танытқаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан Президенті ретінде өзінің араб әлеміне жасаған алғашқы сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастап отырғанын атап өтті.

– Екі ел арасындағы қарым-қатынастар тарихының тамыры терең. Бізді шынайы достық, өзара сенім мен түсіністік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынастарымыздың келешегі зор. Менің сапарымның негізгі мақсаты – екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің де маңызды тарихи кезең алдында тұрғанын – келесі жылы Әмірліктердің құрылғанына 50 жыл, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатынын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар қол қойылған құжаттармен алмасты. ҚР Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға,  ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406