Жанұзақ ӘКIМ. Егер үкiмет тiл мәселесiн шеше алмаса, отставкаға кетуi қажет
Осыдан бiраз бұрын ұсынылған "Қазақстан Республикасының тiл саясаты жөнiндегi кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер мен қосымшалар енгiзу" бұқаралық ақпарат құралдарының орталық тақырыбына айналды. ҚР Мәдениет министрлiгi енгiзген "2012 жылдан бастап мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдi пайдалану және iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу" туралы норма негiзiнен мемлекеттiк қызметкерлерге қатысты болғанымен, ресейлiк басылымдар мен республика iшiндегi орыстiлдi газеттер мен орыстiлдi порталдар жоқ жерден шу шығарып, бұл "мемлекеттiк төңкерiске алып келедi" дедi.
Осыдан бiраз бұрын ұсынылған "Қазақстан Республикасының тiл саясаты жөнiндегi кейбiр заңнамалық актiлерге өзгерiстер мен қосымшалар енгiзу" бұқаралық ақпарат құралдарының орталық тақырыбына айналды. ҚР Мәдениет министрлiгi енгiзген "2012 жылдан бастап мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдi пайдалану және iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу" туралы норма негiзiнен мемлекеттiк қызметкерлерге қатысты болғанымен, ресейлiк басылымдар мен республика iшiндегi орыстiлдi газеттер мен орыстiлдi порталдар жоқ жерден шу шығарып, бұл "мемлекеттiк төңкерiске алып келедi" дедi.
Егер қазақ тiлi 1989 жылдан берi мемлекеттiк тiл болса, онда бұл нормалар неге төңкерiске алып келуi керек? Оның үстiне бұл нормалар тек мемлекеттiк қызметкерлерге қатысты болса, яғни ол - тәуелсiз мемлекеттiң iшкi мәселесi ғана. БҰҰ-ның 1992 жылғы классификациясы бойынша, Қазақстан - ұлттық мемлекет. Франциядағы француздар, Қытайдағы хансулар сияқты, Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт - қазақтар. Яғни, бұл елде тұратын барлық диаспоралар қазақ халқының айналасына топтасулары керек. Бұл - ұлттық мемлекеттiлiктiң негiзi және елдiң барлық азаматтарын бiрiктiретiн идея. "Еуразия" тәуелсiз сарапшылар тобының 2008 жылғы деректерi бойынша, Астанадағы шенеунiктердiң 95 пайызы қазақ тiлiн бiлмейдi және мемлекеттiк тiлде iс қағаздарын жүргiзуге құлықтары жоқ деген қорытынды шығарған едi. Мемлекеттiк тiлдi енгiзуге, ең алдымен, осылар қарсы. Жұмыстан айырыламыз деп қорыққан олар күнi-түнi қызметтегi компьютерде отырып алып заң жобасын енгiзуге қарсы пiкiр жазады.
Егер Астанадағы шенеунiктердiң (қатардағылардан бастап премьер-министр мен президенттiң көмекшiсiне дейiн) компьютерлерiн екi күнге сөндiрiп тастаса, заң жобасына қарсылар 70 пайызға азаяр едi. Қалған 20 пайыз - болашақта оқырмандарынан айырыламыз деп қорыққан орыстiлдi БАҚ-тың иелерi. Бiр тәулiкте бес мың қол жинаған да осылар. "Ит асырап бақтым, ол өзiмдi қапты" деген осы! Жауды шеттен iздеудiң қажетi жоқ! Ресейдiң Сыртқы Iстер министрлiгi, тағы басқа ресми органдары ешқандай мәлiмдеме жасаған жоқ. Бұл заң жобасына Ресейдiң ешқандай қатысы жоқ. Бұл заң жобасының Қазақстанда тұрып жатқан орыстарға да қатысы шамалы. Себебi, мемлекеттiк қызметкерлердiң 90 пайызы - қазақтар. Бұл заң жобасы осыларға арналған. Ресейдi құбыжық жасаудың қажетi жоқ! Президент Конституцияның кепiлi ретiнде және мемлекет қауiпсiздiгiне жауап беретiн бас қолбасшы ретiнде заңның орындалуына қарсылық жасаған шенеунiктердi жазалап, Конституцияның қағидаларының iске асуын қамтамасыз етуге тиiс. Мемлекеттiк тiлге жасалған бұл қарсылық қоғамда (билiктiң өз iшiнде де) және одан тыс жерлерде Қазақстанның тәуелсiз ел болғанына қарсылардың бар екенiн көрсетедi. Ондайлар өздерiнiң баспақтарын өсiрудiң орнына көршiсiнiң сиырының өлгенiн тiлеп отырады. Ондайлар аз, бiрақ бар. Мысалы, "Лад" қозғалысының Ресейдiң кейбiр бұзық топтарымен бiрiгiп, Көкшетауда империялық бағыттағы ұрандар таратқан акциялар өткiзгендегi мақсаты не? Ақмола облысының әкiмшiлiгi мен құқық қорғау органдары осындай мемлекетке қарсы акцияларға неге рұқсат бередi? Осындай ұйымдарды Әдiлет министрлiгi неге тiркейдi?
Көп сұрақтардың жауабы шенеунiктердiң жауапкерсiздiгi мен билiктегi сыбайлас жемқорлықта жатыр. Қазақстан халық ассамблеясының жанынан құрылған осындай көптеген ұйымдар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. "Лад" қозғалысының жетекшiсi Бунаков мырза бiрнеше жылдан берi "егер мемлекеттiк тiлдi ендiретiн болсаңдар, бiз елден кетемiз" дегендi айтып жүр. Бұл не? Ренiш пе, көре алмау ма? Ренжiсе, Қазақстанда 60 жыл тұрғанда қазақша 60 сөз бiлмейтiнiне ренжiсiн. Қоғамдағы барлық салалардың (экономика, философия, мораль, өнер және т.б.) iшiнде ең маңыздысы тiл екенiн ғалымдар XIX ғасырда дәлелдедi. Сондықтан тiл - барлық мемлекеттiң даму стратегиясын айқындайтын негiзгi құралы. Бұл тұрғыдан үкiмет ұсынған заң жобасы - кеш болса да алға жасалған қадам. Әлемдiк тәжiрибе көрсеткендей, Шығыстың (Жапония, Оңт. Корея, Малайзия, ҚХР және т.б.) және Батыстың (Франция, Алмания, Англия және т.б.) барлық дамыған және жақсы қарқынмен дамушы елдерi тұрғылықты халықтың ана тiлi, дәстүрi және мәдениетi негiзiнде дамыды. Ұлы реформалардың тәжiрибелерi көрсеткендей, мемлекет дамуында ана тiлi шешушi фактор. Азияның бiр климаттық және географиялық аймағында орналасқан Үндiстан мен Қытай бiр дiндi (буддизм) ұстанады. 62 жыл бұрын бiр уақытта тәуелсiздiктерiн алған бұл елдердiң тарихи тағдырлары да ұқсас. Үндiстан мен Қытайды Гегель мәңгi елдердiң қатарына жатқызады. Халық саны өте көп (Үндiстан халқы - 1,3 миллиард адам, Қытайда - 1,45 миллиард адам) болғандықтан оларды ешкiм өздерiне қоса алмайды. Тарихта бұл елдердiң жаулап алушылардың өздерi белгiлi уақыттан кейiн ассимиляцияға ұшырап отырған. Бұл елдердiң негiзгi айырмашылықтары - олардың мемлекеттiк тiлдерiнде. Осы айырмашылық ҚХР-на экономикалық және әлеуметтiк дамуда басымдылық беруде. Географиялық орналасуы, рухы, дәстүрi және дүниетанымы жағынан Батыстан әлдеқайда алыс тұрған Жапония ешкiмге елiктемей-ақ және өркениеттi елдер мәдениетiн трансформацияламай-ақ, өзiнiң ана тiлi мен ұлттық дәстүрiнен безбей аз уақыт iшiнде дүниежүзiнде алдыңғы қатарлы елдердiң бiрегейi болып шыға келдi. Тiптi, Батыс Еуропаның өзiне үлгi болатын жағдайға жеттi.
Жапонияны алдыңғы қатарлы индустриялық мемлекеттердiң қатарына қосу туралы XIX ғасырдың аяғында қабылдаған бағдарлама жапон тiлi мен жапон менталитетiне негiзделген. Өткен ғасырдың елуiншi жылдарынан басталып, әлемдi таңғалдырған "Жапонияның таңғажайыбы" - осы халықтың өзiне ғана тән қайталанбас құбылыс. Батыс елдерi қанша жерден тыраштанғанымен Жапонияның тәжiрибесiн өз жүйесiне енгiзе алмады. Себебi, оны енгiзу үшiн алдымен жапон тiлiн меңгеру керек. Оның үстiне батыс ұғымындағы қоғам дамуындағы жеке тұлғаның ерекше орны, шығыс кәсiпорынын ұжымдық еңбекке сүйенiп дамыту ұстанымына, яғни жапонның "Z-теориясына" қайшы келедi. Халықтың тiлi мен менталитетiндегi ерекшелiктерге сүйенiп, ғылым мен техниканы дамытқан жапондықтар атом бомбасы зардаптары мен екiншi дүниежүзiлiк соғыста күйрей жеңiлгенiне қарамастан қысқа уақыт iшiнде экономикасы шығарған жалпы өнiмнiң мөлшерi жөнiнен әлемде үшiншi, әр адамға шаққандағы еңбек өнiмi және адам өмiрi ұзақтығы жөнiнен дүние жүзiнде бiрiншi орынға шықты.
Жапон экономикасының тiрегi автомобиль өнеркәсiбi мен электрониканың әрқайсысындағы (әлемдiк нарықтағы үлесi - 30-33 пайызы) және жаңа технологиядағы үлесi - 25 пайыз. Жапон экономикасын дамытушы негiзгi күш - оның ана тiлi. Кезiнде жапон ғалымдары латын алфавитiне көшу мәселесiн он бiр жыл бойы зерттеп, бөтен алфавиттiң ұлт психикасына терiс әсер ететiнiн түсiнгеннен кейiн және әлiпби ауыстырған жағдайда, соған дейiнгi иероглифпен жазылған мұралардан айырылмас үшiн өз әлiпбиiнде қалды. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң экономикалық және стартегиялық негiзгi құралы. Мемлекеттiң дамуы осы құралды қалай пайдалануына байланысты. Тәуелсiздiктiң 20 жылында бiз бұл жерде көп уақытты бос сөзбен өткiздiк. Ал Сингапур сияқты елдер осындай уақытта артта қалған аграрлық елден дамыған елдер қатарына дейiн көтерiлдi. Сондықтан бiз Ресейдегi негiзгi тiл орыс тiлi сияқты, Қазақстандағы негiзгi тiл қазақ тiлi екенiн түсiнуiмiз керек.
Бұл - баламасы жоқ аксиома. Бiздегi тiл саясатында әлi күнге көп мәселе шешiлмеген. Кейбiр деректер бойынша, биылғы жылдан бастап бала-бақшалары мен бастауыш сыныптардан бастап тәжiрибе ретiнде бiр уақытта үш тiлдi қатар үйрену енгiзiлмек. Мұндай тәжiрибеден үшбасты мутант-космополит шығуы мүмкiн. Педагогика ғылымы ондай тәжiрибенi бiлмейдi. Бұл - бiлiмсiздердiң ғылымға кереғар iстеп отырған тәжiрибелерi. Педагогика ғылымының тұжырымдарына сүйенсек, керiсiнше, бала алдымен 12 жасқа дейiн ана тiлiнде тәрбие алып, қалыптасқаннан кейiн ғана екi және одан да көп тiлдi үйренуге тиiс. Ағылшындарда "бала тәрбиесi ол дүниеге келгенге дейiн жүз жыл бұрын басталады" деген мақал бар. Яғни, бала тәрбиесiнiң негiзi - ана тiлi, ұлттық тарих және ұлттың мәдениетi мен дәстүрi. Қалай болғанда да, бала 12 жасқа дейiн ана тiлiнiң аясында тәрбиеленуi керек. Ал Шығыс даналығы "Балаға қандай тәрбие берiп жатқанға қарап, халықтың жүз ұрпақтан кейiн қандай болатынын анықтауға болады" дейдi. Дұрыс тәрбие - ол мәңгi мемлекет құрудың iргетасы және елдiң болашағы осыған байланысты. Сондықтан бiз болашақ ұрпақты тәрбиелеуде қателеспеуiмiз керек. Мәңгi елдiң екiншi принципi мынадай. Ол - "Бiр тiл. Бiр мораль. Бiр идеология. Бiр мемлекет".
Болашақта Қазақстанның сағаты тоқтап қалмас үшiн осы принциптi ұстануы қажет. 2008 жылы "Қазақстан 2030" стратегиясына үштiлдiлiк деген бап ендi. Бұл "жаңалықтың" авторлары ел болашағына қандай бомба тастағанын түсiнбеген сияқты. Мұндай қалаймақандық "шариковтар" мен "швондерлердiң" ойларына кiрмеген де шығар. Бiздiң мәңгүрт шенеунiктер енгiзген келесi "жаңалық" - "Қазақстан халқы" деген доктрина. Кезiнде Хрушев "кеңес халқы" дегендi ойлап тапқан-ды. Бiрақ одан ештеңе шықпады. Қазақ - қазақ болып, ұйғыр - ұйғыр болып, орыс - орыс болып барлығы өз орындарында қалды. Ендi қоғаммен осындай тәжiрибенi қайталаудың қажетi қаншалық?! Мұндай тәжiрибе кiмге керек? Сондағы мақсат не және одан қандай қорытынды шығады? Бiз, барлығымыз, мұндай iстiң қорытындысы қоғамды мәңгүрттендiру екенiн жақсы бiлемiз. Жоғарыдағы заң жобасына ешбiр үкiмет, не халықаралық құқық қорғау, не басқа ұйымдардан наразылық бiлдiрген ешқандай мәлiмдеме болған жоқ және болмайды да.
Себебi ол ешкiмнiң құқығына кедергi келтiрмейдi. Бұл - өркениетке жасалған қадам және тәуелсiз елдiң iшкi iсi. Егер үкiмет кез келген көлденең басылымдардың тапсырыспен жазылған мақалаларына сенiп, саяси жезөкшелердiң айтқанымен жүретiн болса, онда ол үкiмет емес. Үкiметтiң бүгiнгi принципсiз және берекесiз iстерi, оның қарапайым мәселелердi шешудiң орнына жоқ жерден қажетсiз мәселелердi туғызатыны бiздi қатты алаңдатады. Кен орындары мен стратегиялық нысандарды жұмыс iстетудiң орнына Қытайға сату, мұнайшылардың шешiлмеген мәселелерi, Ақтөбе облысындағы бейбiт тұрғындармен құқық қорғаушылар арасындағы қарулы қақтығыстар, тауарлардың негiзсiз қымбаттауына тосқауыл қоя алмау... Сондықтан қоғам үкiметтiң әртүрлi ертегiлерiне сенуден қалды. Бұл заң жобасы бойынша үкiмет жоқ жерден қоғамды дүрлiктiрмей, Конституциялық нормаларға сай келетiн Мәдениет министрлiгi ұсынған нұсқаны қалпына келтiрiп қабылдауы керек. Егер мұны шеше алмаса, онда отставкаға кетуi керек.
Жанұзақ ӘКIМ
http://www.zhasalash.kz/saraptama/5451.html