Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Тарихтың бір күні 7130 6 пікір 6 Ақпан, 2020 сағат 11:50

Парламентте кілең тұлғалар мен тәжірбиелі мамандар отыруы керек!

Сенатор Мұрат аға Бақтиярұлымен әлеуметтік желіде дос болғаныма екі жыл болыпты. Шамасы, Мұрат ағаның әлеуметтік желіге тіркелгеніне де сол екі жыл болған болса керек. Мен үшін Мұрат аға – орны ерекше бөлек тұлға! Достығымыздың екі жылдығы орайында, ағамыз туралы бір-екі ауыз сөз айта кеткенді жөн көрдім.

2014 жылдың қыркүйек айы болса керек, менің «Жас Алаш» газетіне «Парламент Үйі - Бұрхандар мүлгіп отыратын бұтхана емес» деген көлемді мақалам шықты.

Мақалада кеше ғана өмірден озған, жатқан жері жайлы болғыр экс-депутат Кәмал Бұрхановтан бастап бүкіл Парламентті қатты сынаған болатынмын.
Себебі 2013 жылы желтоқсанда төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп қабылданып кеткен «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы Елбасымыздың жарлығымен қайта қаралғалы жатқан тұс еді – бұл!

Сол қайта қаралатын Заңның басы-қасында болу үшін бізге Мәжілістегі жұмыс тобына кіру керек болды. Соған саңлау іздеп жүргенде, марқұм Камал Низамұлы кездесе қалмасы бар ма?! Өтініш айта бастап едім, Камекең қашқалақтап, жүре жауап беріп, кетіп қалды.

Оның үстіне, қатаң заң қабылданып жатқанда, санаулы ғана ек-үш депутат болмаса, Парламеттің қос палатасының үні ішіне түсіп, тілдерін жұтып қойғаны тағы бар.

Сөйтіп, қайнап тұрған қыжылдың үстіне қыжыл қосылды. Не керек, мақала шығып, екі күн өткен соң, телефоным шыр ете түсті. Қарасам, өңкей 11111... деп келетін «крутой» номер. Телефонды көтергенім сол еді, ар жағынан, «Ауытжан, ассалаумағалайкум!»- деген күмбірлеген құлаққа жағымды қоңыр дауыс естілді. «Мен Мұрат Бақтиярұлы деген сенатор ағаңмын ғой. «Жас Алаштан» мақалаңды оқып, телефоныңды Алматыдағы кісілерден сұрап жүріп тауып алдым. Естісем, Астанада тұрады екенсіз. Мүмкіндік болса, ертең маған келіп кетесің бе, айналайын. Егер, болмаса, өзім барайын саған...», деді Мұрат аға.

Білдей Сенатор шақырып тұрса, менің кергитін не жөнім бар, «Барам, аға, барам, өзім барам...», деп жатырмын.

Бұл – көші-қон мәселесіне байланысты мені өзіне шақырған екінші шенеунік.

Оның алдында «Нағашыма хат» атты мақалама байланысты, сол кездегі Президент Кеңсесінің жетекшісі Махмұт аға Қасымбеков Ақордаға шақырып, қатаң заңның қайта қаралатынын жеткізіп, қуантып тастаған болатын.

Мұрат ағамен кездесетін уақытты келісіп алған соң, телефонды қойдық.

Сенатор Мұрат Бақтияұлының Сенат төрінен көші-қон, қандастар мәселесі туралы оқтын-оқтын сөйлеп, мәселе көтеріп келе жатқанын бұрыннан білетін едім. Ертесі, межелеген уақытта Парламент Үйіне барып, ағамыздың қабылдауында болдым. Құшақтасып амандастық. Өзім-ақ құяйын дегеніме көнбей, дәу денесімен жеңіл қозғалып шай құйып берді аға. Жөн сұрасып алған соң, асықпай отырып, көші-қон, қандастар мәселесі туралы ұзақ әңгімелестік. Мұрат аға Үрімжіге емделуге барған сапарында өзі көлік жалдап мініп, қала маңындағы қазақтар отыратын ауылдарға дейін барып, олардың хал-жағдайын біліп, көзімен көріп қайтқан екен. Қазақ балаларының ана тілінен айырылып қалғанын көріп, Елге жүрегі сыздап оралыпты. Мен де қатысты заңнамалардағы кемшіліктер мен кедергілерді жіпке тізіп айтып бердім.

Бір қызығы, Мұрат аға мақалам туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Әңгіме аяқталар тұста «Не бүйімтайың бар? Менен не көмек керек?!», деп сұрады Сенатор аға.

Мен Мәжілістегі жұмыс тобына шеттен келген қандастарымыздың өкілінен бір-екі азамат кіріп, алда қайта қаралатын заң жобасының басы-қасында болсақ, ол үшін мүмкіндік болса, бір азаматты қоғамдық кеңесші етіп алсаңыз деген өтінішімді айттым. Екі сөзге келген жоқ, Мұрат аға бірден келісімін берді.
Сенесіз бе, «Осындай да халық қалаулысы бар екен-ау!», деп қатты қуандым және ерекше таңырқадым.

Сыртқа шығып, «Жебеу» РҚБ-ның төрағасы Омарәлі Әділбекке қоңырау шалып, мән-жайды айтып, Мұрат ағаға қоғамдық көмекші болуды ұсындым. Мақсат – ағаларымды Ақорда жаққа тарту, билікке жақындата түсу. Не дегені есімде жоқ, Омыкең онша келісе қоймады. Ары қарай күтіп, езіп-қыртып тұратын уақыт жоқ, Рақым Айыпұлына телефон соғып, Омарәліге айтқан өтінішті баяндадым. Рақаң бірден келісіп, ертесі-ақ, Елордаға ұшып келді.

Мұрат аға екеумізді мейрамханаға дәмге шақырып, қонақ қылды. Ертесі-ақ,
«Рақым Айыпұлы Партамент Сенаты депутатының қоғамдық көмекшісі» деген куәлікті қолымызға ұстатты.

Айтпақшы, Рақым Айыпұлын 2011 жылы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға таныстырып, Мәжіліс депутатының қоғамдық көмекшісі жасап жіберген едім. Рақаң сол жылы Алматыдан ұшып келіп, Мәжілістегі жұмыс тобына қатысып, Бекболат Қанайұлының көмегімен аталған заңның «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» деген 26-бабына «3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға;» болатын етіп, жаңа тармақша қосып қайтқаны бар. Соның арқасында ақын Ұларбек ініміз «Байтайлақ Ұларбек Дәлейұлы» атанған еді.

Көп өтпей, Рақым екеумізді Мұрат аға Қызылордаға тойға шақырды. Барып, ағамыздың тумалары мен ел-жұртын, олардың жерлестеріне деген ыстық ықыласы мен ерекше құрметін көріп қайттық.

Сол күндерден бастап, Мұрат аға мен біздің арамызда достық, ағалы-інілік қарым-қатынас орнады. Кез-келген уақытта телефон шалып, тіпті қабылдауына кіріп, қандастарымызға қатысты ұсыныстарымызды айтып тұрамыз.

2015 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңына өзгертулер мен толықтыру енгізген кезде сол 2011 жылы еніп кеткен кедергілерді алып тастау, қалып қалған қажетті нормаларды толықтау оңайға соққан жоқ. Міне, биылға дейін соны жөнге келтіру үшін арпалысып жатырмыз.

Мұрат ағаның бас болып, Үкіметке хат жазуымен Қытайдан келетін қандастарымыздың келген елінен тіркеуден шығып келуі мәселесі нормативтік құжат арқылы реттелді. Соңы – «Соттылық туралы» анықтама – 2017 жылы Елбасының Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайындағы тапсырмасымен талап етілмейтін болып шешілді.

Мұрат Бақтиярұлы осымен екі мәрте Сенат депутаттығына сайланған тұлға. Ағамыз мемлекеттік тіл, білім саласы бойынша үнемі батыл-батыл пікірлер айтып келеді.

Нақтылап айтсақ, Мұрат Бақтиярұлының «Қазақстанда бір-ақ мектеп болу керек, ол – қазақ мектебі», «Тәуелсіздік алғалы екі-ақ заң мемлекеттік тілде даярланды», «Байқоңырдағы халық денсаулығы ғарыштан да жоғары тұруы тиіс», «Жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек», «Мемлекетте өз Мемлекеттік тіліне жанашырлық болмаса, тілге деген бетбұрыс болмайды», «Мемлекеттік тіл ең басты құндылық болуы тиіс», «Қытайлар Қазақстанды басынан бақайшығына дейін зерттеп отыр», «Заңдарды алдымен қазақ тілінде жазуы керек», әсіресе, «Қазақстан — көпұлтты мемлекет емес. Қазақ еліне иелік ететін жалғыз ұлт ол- қазақ. Ал, қалғандары әр түрлі себептермен қазақ жерінде қалып қойған этностар. Олар да Қазақстанның тең құқықты азаматтары» деген депутаттық мәлімдемелері мен сөздерін Парламентте екінің бірі айтып жүрген жоқ! Бұл бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелер. Мұрат аға өз ойларын Сенат төрінде айтып қана қоймай, баспасөзде, соның ішінде «Abai.kz» сайтында ашық жариялап жүр.

Бұл - нағыз тұлғаға тән мінез бен ұстаным!

Мұрат Бақтиярұлы – мұраты биік, принисібі қатаң және десі басым азамат! Солай бола тұра, тағы өте кішіпейіл, жүрегі кең, бауырмал кісі.

Қазір парламентте халықтан кісікиік құсап үркіп жүретіндер көп. Қолына дайындап берген ұсынысыңды қорғай алмай, қайтарып алатын
табанының бүрі жоқтарды көріп, кейде түңіліп кетесің... Демек, депутатар Мұрат ағадан үлгі алуы керек.

Егер, Парламенттің қос палатасында отырғандардың 30 пайызы Мұрат Бақтиярұлы секілді болғанда, Заң шығарушы биліктің беделі бұдан бес елі биік болар еді! Парламентте кілең тұлғалар мен тәжірбиелі мамандар отыруы керек!

Ауыт Мұқибек,

ҚР ПРезиденті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

6 пікір