Жұма, 2 Қазан 2026
46 - сөз 682 0 пікір 1 Қазан, 2026 сағат 13:51

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Суреттер: rbc.ua сайтынан алынды.

Кеше Ресей тағы да Киевті соққылады. Тағы да әскери сектор емес. Украинаның Ұлттық ғылым академиясы соққы жеді.

Ғылым ордасы лапылдап жанды. Ал бұл қаңырап тұрған ғимарат емес еді. Соққы тиген сәтте ішінде академиктер, кіші ғылыми қызметкерлер болған. Екі адам қаза тапты. Жиырмадан астамы жараланды…

Зеленский: «Бұл сұмдықтың жауабын көп күттірмейміз. Жауабы айна қатесіз болады», - деді ашынып.

Онан соң: «Әлем мына зұлымдықты көруі керек және білуі керек: Егер терроршыларды қазір, Украинада тоқтатпасақ, ол әрі қарай сіздердің жерлеріңізде осындай ойран жасайтын болады, Еуропа! Бұл - терроризм. Оның жолын жабылып кеспесек, ертең өздеріңіз бармақтарыңызды тістейтін боласыздар. Сондықтан дәл қазір шешімгерліктеріңізді көрсетіңіздер», - деді.

Ал мынау сурет кешелі-бүгін әлемдік БАҚ-та жаппай таралып жатыр:

Бұл суреттегі адам - Украина ҰҒА академигі Игорь Мальчевский. 69-да. Соққы тиген сәтте ғимаратта болған. Жұмыс бөлмесін өрт жалмап, қою қара түтін басқанда терезеден шығып, аман қалған.

«Сол сәтте өлдім деп ойладым. Іштен шығар жолды өрт жалмады. Терезеден секірсем де аман қалмасым анық. Сол сәтте бар ойым отбасымда болды, соларды ойладым. Ресей ғылымға қару кезенуде. Украинаның бұл күресі – әділетті күрес және оған қолдау керек», - дейді академик.

Бұл зұлым соққыдан Украина ҰҒА ғимаратының 2 қабаты толықтай қираған. Ал бұл сонау 1918 жылдан бері бар тарихи ғимарат болған. Негізін әйдік ойшыл, ғалым Вернадский қалаған.

Бұл ғимарат 1918-21 жылдары Украина революциясынан, кейін азаматтық соғыстан аман шыққан. 1918-ші жылы большевиктер де дәл осы ғимаратқа шабуылдаған. Терезелері сынғанымен, ғимарат сау қалған. Ал 30-шы жылдары 250-ге жуық ғалымды Совет билігі репрессиялаған. Онда да ҰҒА қирап қалмаған. Онан соң 1939-45 жылдары екінші жаһан соғысынан сау шыққан. Алғаш ашылғаннан қазірге дейін ұзын-саны 720-ға жуық ғалымға қара шаңырақ болған ғылымның ордасы еді. Оны да ойрандаған Ресей басқыншылығы болып тарихқа қатталды…

Жалпы Украина ҰҒА-ға қарасты 160-қа жуық ғылыми орталықтар бар екен. Ресейдің басқыншылық соғысы басталғаннан бері сол 160-қа жуық ғылым шаңырақтары түгелдей дерлік соққылар көрген екен.

ЕО-дағы Урсула фон-дер Ляен: «Бүгінгі таңда Ресей ғылымға қару кезенуде», - деп әдөп айтты. Расы сол, жүз жыл бойы импершіл Мәскеу Украинаның ғылымын жоюға деген талпынысын тоқтатқан емес. Украина ҰҒА ғимараты қираса, қайта салынады. Бірақ, Украина ғылымын тып-типыл жойып жіберу мүмкін емес!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 437
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 682