Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2285 0 пікір 20 Қыркүйек, 2011 сағат 08:28

Жангелді Шымшықов: «Қымбатшылық - кедендік одақтың кесірі»

Соңғы кездері жанар-жағар маймен бірге жарысып азық-түлік бағасы да қымбаттап жатыр. Бұған дейін Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев елдегі бензин құнын ресейлік жанар-жағар май бағасымен теңестіруді қолға алатынын айтқаны бар. Шарықтап бара жатқан қымбатшылықтың себебі мен салдары, жай-жапсарын білмек оймен экономист, әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының директоры Жангелді Шымшықов мырзамен сұхбаттасқан едік.
- Бүгінгі таңда бас бермей бара жатқан азық-түлік бағасы «кедендік» саясаттың кесірінен емес пе?
- « Еттің бағасы 2 мың теңгеден асуда» - десек осы 2000 теңге баға қандай құрамдас бөліктерден тұрады деген сұраққа әуелі жауап берелік. Баға = шығындар ( өзіндік құн) + орта пайда. Соңғысын талдап әуре болудың қажеті жоқ, өйткені кез келген өнім өндіруші ең болмаса орташа табыс табуға тиісті. Ал шығындар немесе өзіндік құнды талдасақ : ең әуелі жем - шөп, суару, бағу шығындары ( малды асырап, жемдеуге қажетті шөп, жем сатып алуға кеткен шығындар), бақташы - малшының жалақысы, малды союға кеткен шығындар, сойылған етті тасымалдауға кеткен шығындар немесе көлік шығындары жанар жағар май бағасы көтерілсе, өзінен- өзі көлік шығындары (сойылған етті тасымалдауға керекті) өседі, алайда жем шөп әзірлеуге де, тасымалдауға да, жанар - жағар май қажет, ендеше жем-шөп те автоматты түрде қымбаттайды, суару, сою - олар да көліксіз жүзеге аспайды, бақташы- малшылар жалақысын да ЖЖМ бағасына сәйкес көтеру қажет. Сөйтіп, еттің ( кез келген өнімнің ) бағасы мен жанар - жағар май бағасы тұп - тура пропорционал байланыста болады.
Сонымен қатар, осыдан 2-3 жыл бұрын қабылданған үкімет шешімімен малды сойып, етін саудаға түсіру үшін арнаулы мал соятын, ветеринарлық талапқа сай орындарда - «бойняларда» ғана жүзеге асырылу тиісті. Сол кезде-ақ, экономистер осы « бойнялар» өз қызметі үшін еттің өзіндік құнынан екі есе артық төлем ақы сұрайтынын болжап, ет бағасы екі есе артатынын мәлімдеген болатын. Ең өкініштісі де, ең қызықтысы да етті «бойняларда » ғана сою талабы Кеден Одағына кірудегі Ресей үкіметінің талабы болатын. Қолдан сойылған мал еті екі есе арзан болса, одан Ресей малшыларының ұтылатыны анық, осындай бәсекелестікте Қазақ малшыларына ойсырата соққы беріп, бәсекеге қабілеттілігін төмендету үшін «бойня» саясаты қолданылып отыр.
- Елде азық бағасын бірқалыпты ұстайтындай ішкі резервтер бар емес пе? Үкіметтің қауқары қайда? Әлде кеден одағына кіргесін ешкімнен ешбір қайран болмай ма?
- Біздің дәуірімізге дейінгі 4-3 ғасырларда Ежелгі Қытайда «Гуаньцзы», Ежелгі Индияда «Артхашастра» ғылыми тарктаттарында : мемлекеттің ең негізгі міндеті азық -түлік бағаларын тұрақтандыру, ал ол үшін мемлекет қазынасының есебінен егін орылатын, мал сойылатын кезеңде өз қамбасына өндірілген азық- түлікті көптеп сатып алып, тұрғындар үй шаруашылық сұранысын ұлғайтып науқандық баға төмендеуін болдырмайды. Ал бірте - бірте орақ науқаны аяқталып, азық-түлік сату азайып, сұраныс артып, баға көтеріледі - ау дегенде қазына қамбасындағы азықты саудаға сала бастайды, сөйтіп ұсынысты арттырып, бағаны жүгендейді делінген.
Ендеше, 2 жарым мың жыл бұрын табылған, күнделікті мемлекеттік экономикалық саясатта қолданылған баға реттеу тетігі бар. Алайда ол үшін мемлекеттің өз қамбасы, қор жинайтын қаражаты және экономика мен халықты ойлайтын адал үкіметі болуы керек.
Элеваторлар жеке меншікке сатылып кетті, ет қорын сақтайтын Ресей Федерациясындай қор жоқ. Тым болмаса, Ресейдегідей азық-түліктің төтенше қоры да жасалған жоқ...
- Қазақстанда бағасын ұстай алмайтындай қай азық түрлері бойынша осалдық бар?
- Қазақстандағы дүкенге - сауда арқылы тұтынушының қоржынына түсетін азық- түліктің (49%) тең жартысы импорт - сырттан әкелетін тауарлар. Оның ішінде консервленген ет, сүт, көкініс сияқты өнімдердің басым көпшілігі Ресейден келеді. Олардың бағасына Қазақстан бәлендей әсер ете алмайды. Цитрус, құрма, банан, ананас алыс шет елдерден бұрын өте төмен кеден салығымен шекарадан өтсе, енді Кедендік Одақ саясатымен жоғары кедендік салықпен өтіп қымбаттайды. Сол сияқты көкөніс те Ресей қалаған салықпен өткізіледі. Ендеше, наннан, шикі ет, күріш сияқты азық түрлерінен басқаларына Қазақстан осалдық танытады, өйткені азық-түлік бағасы кеден салығының есебінен де қымбатқа түседі.
- Азық бағасы егемен елге тән болатындай ету үшін бізге қандай саясат керек?
- Біздің еліміз алдымен тәуелсіз экономикалық саясат, кедендік саясат және сыртқы саясат жүргізуі қажет. Саяси мақсаттар үшін экономикалық қауіпіздік пен тәуелсіздік ұстанымдарын қолдан беруге тиісті емес. Сонымен қатар монополияға қарсы саясат пен мемлекеттік баға реттеу саясатын ұлт экономикасының ерекшеліктері мен жергілікті ұлттың мүдделеріне сай жүргізуге тиісті.
Ұлттық идеологиясыз азық-түлік саясатын да түсіну мүмкін емес...
- Әңгімеңізге рахмет!
«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543