Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2814 0 пікір 20 Қыркүйек, 2011 сағат 08:25

Талас Омарбеков. Өзбек ордасы

Қазақ тарихының ортағасырлық кезеңі «өзбек» атауымен тығыз байланысты. Оның себебі алғаш Алаш қауымдастығын, одан соң қазақ халқын құраған ру тайпалардың біразы ілгеріде, ХІV-ХV ғасырларда «Көшпелі өзбектер» деген атаумен белгілі болды. Мұның өзі бізді «өзбек» этнонимінің тарихи тамырларын іздестіруге итермелейді. Бұл мәселеде балама пікірлер орын ала тұрса да, біз бұл тарихи атаудың Өзбек ханнан бастау алатындығы туралы пікірлерді қолдаймыз.

Қазақ тарихының ортағасырлық кезеңі «өзбек» атауымен тығыз байланысты. Оның себебі алғаш Алаш қауымдастығын, одан соң қазақ халқын құраған ру тайпалардың біразы ілгеріде, ХІV-ХV ғасырларда «Көшпелі өзбектер» деген атаумен белгілі болды. Мұның өзі бізді «өзбек» этнонимінің тарихи тамырларын іздестіруге итермелейді. Бұл мәселеде балама пікірлер орын ала тұрса да, біз бұл тарихи атаудың Өзбек ханнан бастау алатындығы туралы пікірлерді қолдаймыз.

Өзбек хан Алтын Орданы билеуші әйгілі Мөңке Темірдің немересі болатын. Алтын Орда да хандық құрған жылдарында ол, ислам дінін осы мемлекеттің мемлекеттік дініне айналдырды. Оның билігі тұсында Алтын Орда әскерлері ислам дінін рухани ту ретінде көтеріп, Хулагу тұқымдарына қарсы үздіксіз соғыстар жүргізіп, өздерінің хандарының даңқын арттырды. Сондықтан да Алтын Орда жаулаушылары енді өздерінің хандарының есімдерімен «өзбектер» аталды. Мұндай атау Алтын Ордалықтардың өздеріне де ұнағанын айтпасқа болмайды.
Бұл атаудың орныға түсуіне орыстың екі мықты князьдіктері - Мәскеудің және Тверьдің Новгородқа билік жүргізу үшін қайта-қайта өзара жауласып, Өзбектің төрелігіне жүгінулері де себеп болды. Алғаш Тверь князі Михаил Өзбек ордасына арызданып келіп, осында өзіне билік беретін жарлықты күтіп, екі жыл тұрып қалады. Ақыры оны Тверь князі лауазымына бекіткен Өзбек хан қанағат сезіміне елтіген оны еліне қайтарады. Алайда бұл князь өзінің басты қарсыласы Мәскеу князі Георгийдің іс-әрекетін даттап, шағымданғанды қоймады. Сондықтан да Өзбек Сарайға Георгийді шақыртты. Өз кезегінде Георгий де Тверь князі Михаилді үздіксіз қаралап, Өзбектің төңірегіндегі бектерді қымбат сый-сияпаттарға, алтын мен күміске бөктіріп, ақырында ұлы князь мәртебесіне қол жеткізді. Ал Михаилдің мұндай мансапқа ұмтылысына тойтарыс берілді. Бұған қатты ашуланған ол, Сарайдан Владимирге оралып келе жатқан Георгий мен оны қорғаушы Өзбектің қолбасшысы Қауғадидің алдарынан қалың әскермен шығып, оларды қоршап алды. Сандары аз болғандықтан олар амалсыз берілді. Алайда өз әрекетінің салдарынан, Өзбектің қаһарынан қауіптенген Михаил Қауғадиді мол сыйлықпен Сарайға қайтарып, одан Өзбектің алдында өзін ақтап алуды өтінді.
Мәселе аса шиленісіп кеткендіктен Өзбек хан Михаилді де, Георгийді де Сарайға шақырды және қалыптасқан жағдайды талдай келе, Михаилді өлім жазасына кесті. Текетіресте мақсатына жеткен және Өзбектің жарлығымен орыстарға ұлы князь болып тағайындалған Георгий салтанатпен Владимирге оралды. Алайда орыстардың билікке таластары мұнымен де тоқтай қоймады. Енді текетірес ұлы князь Георгий мен өлген Михаилдің балалары арасында өршіп кетті. Ақыры, 1325 жылы Михаилдің ұлы Дмитрий Георгийдің үстінен арыз айта келді. Оның дәлелдеріне сенген Өзбек хан Дмитрийді қайтадан, әкесінің орнына Тверьге князь етіп тағайындады. Мұның өзі орыстардың билікке таластарынан өршіген отқа май құйғанмен бірдей болды. Сондықтан да дәл осы жылы Өзбек қайтадан бірін-бірі жоюды көздеген екі жақты Сарайға шақырды. Дмитрийге інісі Александр ілесіп келді. Осында, Өзбек ханның тағының жанында өздерінің әкесін өлтірткен ата жаулары Георгийді көргенде Дмитрий ашуға ерік берді. Ол бүкіл елдің көзінше Георгий князьді қылышымен шауып тастады. Өзбек мұндай жүгенсіздікті кешіре алған жоқ. Дмитрийдің өзін де өлім жазасына кесті. Бірақ ол енді оның інісі Александрды Тверьге князь етіп тағайындады.
Арада екі жылдан соң, Өзбектің әдеттегі тапсырмасымен оның әкімдерінің бірі Шапқал Тверьге аттанды. Тверь князі Александр әкесі мен ағасының кегін қайтару үшін халықтың арасында Өзбек ханның христиандарды ислам дініне күшпен кіргізуді көздеп отырғаны туралы жалған сыбысты таратып, исламды қабылдамағандардың өлтірілетіндерін айтты. Бұған ашуланған тверьліктер Шапқалды шағын жасағымен қырып салды да, мұнымен де шектелмей, қаладағы барлық мұсылмандарды да қанға бөктірді. Исламды ұстанғандардан ешкім аман қалмады. Мұның байыбына жеткен Өзбек хан Сарайға Мәскеу князі Иван Калитаны шақырып алып, оған өзінің 50 мың адамнан тұратын жасағын бастатқызып, Тверьге аттандырды. Өзбектің бұйрығы бойынша жолда оған Суздаль князі Александр өзінің әскерлерімен қосылды.
Тверь халқын қырып салған олар Новгород арқылы Сарайға оралды. Алғаш Литваға қашып кеткен Тверьдің екіжүзді князі Александр ақыры Өзбектің алдына кешірім сұрап келді. Өзбек кеңдік жасап кешіргенімен, оны Иван Калита кешірмеді. Сондықтан да ол 1329 жылы Сарайда өлтірілді. Осы­дан соң Өзбек хан Мәскеу князі Иван Калитаны күллі орыс жеріне ұлы князь етіп тағайындап, шын мәнінде, бытыраңқы князьдіктерді бір орталыққа біріктіруге негіз қалап берді. Мұның өзі саясаттағы елеулі қателігі болғанын кейінгі тарих көрсетіп берді. Татар тарихшысы Ризаетдин Фахрединнің сөзімен айтар болсақ, өзара дауласып, қырқысқан және билікке үздіксіз таласқан майда орыс князьдіктерінің басын қосып, олардың ортасында Мәскеу князьдігін, оның билеушісі Иван Калитаны көтермелеп, қалғандарын осы князьдікке бағынуға еріксіз мәжбүрлеген Өзбек хан өзінің осы әрекетімен Алтын Орданың тамырына балта шауып, орыс халқының бір орталыққа негізделген мемлекетін құру ісін жеделдетіп жатқанын аңғара алмады. Бүгінгі күні Ұлы Петрді дәріптейтін орыс халқы - өздерін осылайша, шын мәнінде, ел қылған Өзбек ханға алғыс айтудың орнына оны басқыншы ретінде тарихтарында қаралап жазуды тоқтатпай отыр.
Өзбек өзі мұсылмандықты берік ұстанғандықтан кезінде Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс пен Береке ханның тұсында жанданып, кейіннен жалғасын тапқан Мысыр елімен қарым-қатынастарды нығайтуға баса көңіл бөлді. Ол алғашқы елшілікті 1314 жылы аттандырып, онда құда-жекжаттық қатынасты нығайту мақсатымен сүйек жаңғыртып, өзара құдаласуды ұсынды. Зерттеуші Батыршаұлы Бақыттының мәліметтеріне қарағанда, 1340 жылға дейін екі елдің арасында барлығы 18 елшілік қатынап, олардың 11 Өзбек ханның тарапынан аттандырылған екен. Өзбек Мысыр сұлтаны Ан-Насыр ибн Қалауынға Алтын Орданы өзінен бұрын билеген Тоқтай ханның қызына үйленуді ұсынып, арада біраз жылдан соң, 1319 жылы келін қымбат сый-сияпаттармен, 60 күңімен және 3000 мәмлүктерімен Мысырға келіп жетеді. Алайда құдаласу біржақты сипат алып, Өзбек ханның елшілерінің Мысырға 27 000 алтын динар ақшаны қалың мал ретінде алып барғандарына қарамастан, Мысыр сұлтаны өзінің қыздарының әлі жас екендігін айтып, Өзбек ханмен құдаласуға асыға қоймаған.
Сондай-ақ Өзбек ханның Ирак жеріндегі Елхан мемлекетінің сұлтаны Әбу Саидқа қарсы соғысу туралы ұсынысы да Мысыр сұлтаны Ан-Насыр ибн Қалауынның тарапынан қолдау таба қоймады. Дегенмен де Өзбек көреген мемлекет қайраткері ретінде кезінде қыпшақ даласынан кеткен Мысырды билеуші мәмлүк сұлтандарымен қарым-қатынастарды нығайта түсуге барынша күш салды. Оның осы бағытын баласы Жәнібек жалғастырып, 1342 және 1356 жылдары Сұлтан Ан-Насыр Қалауынның баласы Имад ад-Дин Исмаилға екі елшілік аттандырды. Бұл дипломатиялық дәстүрді кейіннен Алтын Орда тағына отырған Тоқтамыс хан да жалғастырды.
Мемлекеттің ішкі жағдайына тоқталар болсақ, ислам дінінің, оның ішінде жергілікті халықтың наным-сенімдеріне бейімделген Ясауи жолының ықпалының күшеюіне байланысты ел басқару ісіне әулиелер мен қожалар белсенді араласып, олардың құқығы ел билеуші төрелер құқығымен теңестіріліп, Қыпшақ даласында жаңа рулық-тайпалық құрылымдарды өмірге әкелді. Ал мұның өзі Алтын Орда аймағында араб мәдениетінің тарала түсуіне үлкен мүмкіндіктер жасады. Мұндай рухани үрдістердің Өзбек ұлысына қалай күшті ықпалдар жасағанын Өзбек ханның өзінің жеке имамы Бурхан әл-Диннің 1319 жылы Қайырға елшілік құрамымен барып, сонда Меккеге барып қажылық жасау мақсатымен қалып қоюынан да байқауға болады. Егер бұрын мемлекеттік саясатта Еділ бұлғарлары, ежелгі хазарлар ұрпақтары, славяндар мен армяндар едәуір ықпалды болса, бірте-бірте Алтын Орданың шығыс бөлігі Ақ Ордада Жошы ұрпақтарының са­яси сахнада тұлғалана түсулері және Өзбек ұлысында Қыпшақтан, Қоңыраттан, Керейден, Адайдан, Арғыннан, Уақтан, Найманнан, Қаңлыдан шыққан тарихи тұлғалардың беделін көтере түсті. Дегенмен де бұлардың бәрі саяси тұрғыдан Төрелерге, ал рухани тұрғыдан Қожаларға тәуелді жағдайда болды. Енді жаңа рулық тайпалық құрылымдарды ұйыстыру және топтастыру ісімен осы әулеттерден шыққандар белсенді түрде айналысты. Мұның өзі Өзбек ұлысында діни ұстанымды басшылыққа алған жаңа этникалық құрылымдарды өмірге келтірді.
Осылайша, қыпшақтілдес жаңа тайпалық одақтардың бірлестіктерінің нығая түсулері болашақ қазақ, өзбек, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ сияқты халықтардың қалыптасу үдерісін тездете түсті. Әртүрлі ұлт болу жолын таңдаған олар, Өзбек ханнан қалған ұлы рухани мұраны мұсылмандықтың Әбу Ханифа мазхабы аясында өздерінің ортақ сенім туыстығынан бәрібір қол үзбей, мұндай қасиетті тұтастықты сандаған ғасырлар бойы сақтап қалды.

Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

http://anatili.kz/?p=7409#more-7409

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543