Қасым-Жомарт Тоқаев: Отанға деген махаббат – құр ұран мен бос декларация емес
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілік – халқымыздың шынайы болмысы, салт-дәстүрі екенін айта келе, бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керектігін атап өтті.
«Волонтерлер қозғалысы азаматтық қоғамды одан ары дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік дегеніміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету. Еріктілік – халқымыздың шынайы болмысы, салт-дәстүрі. Сондықтан, бәріміз міндетті түрде бұл дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Бұл бастама – ұлтты ұйыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет», - деді Мемлекет басшысы елордадағы «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында.
Президент осы ретте ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатын естен шығармау керектігін айтып өтті.
«Сондықтан біз волонтерлікті кеңінен дәріптеуіміз керек. Береке-бірлігімізді арттыратын шараларға тұтас ұлт болып, атсалысуымыз қажет. Осында отырған волонтерлердің барлығы – сіздер еліміздің патриотысыздар. Отанға деген махаббат – құр ұран мен бос декларация емес, бұл –халық үшін атқарылатын күн сайынғы еңбегіміз. Бұл – жанның жай-күйі, ауқымды білім мен өзін ұстаудың үлгілі мәдениеті. Мен сіздерді осы үшін қатты құрметтеймін», - деді ол.
Айта кетсек, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысуда. Волонтер жылы аясында фронт-кеңсенің ашылуы барысында «QQQAZVOLUNTEER.KZ» онлайн-платформасының қызметі және волонтерліктің «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыт бойынша алаңдары таныстырылады.
Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.
Abai.kz