Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5250 0 пікір 2 Қыркүйек, 2011 сағат 17:40

Қазақстан – бейбіт бастамалар мекені

Газетіміздің өткен нөмірінде хабарланғанындай, елі­міз­дің Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Нидерланды Корольдігіне ресми сапары жалғасуда.

Егер тарихқа көз жіберсек, 1899 жылы Гаагада Бейбітшілікті жақтаушылардың конфе­рен­циясы өткізілгенін, осы бас­­қосуда алғаш рет Халық­ара­­лық төрелік сот құрылғанын білеміз. Америкалық болат маг­на­ты Эндрю Карнеги Бейбітшілік сарайын салуға сол кездің шамасымен үлкен сома - 1,5 миллион доллар қаражат шы­ға­рып, құрылыс жұмысы аяқ­тал­ғаннан бері қарай, Халық­аралық төрелік соты осы үйді мекен етеді. Арада қанша жыл­дар өтсе де Бейбітшілік сарайы өз миссиясынан еш ауытқымай жұмысын жал­ғас­тырумен келеді.

Газетіміздің өткен нөмірінде хабарланғанындай, елі­міз­дің Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Нидерланды Корольдігіне ресми сапары жалғасуда.

Егер тарихқа көз жіберсек, 1899 жылы Гаагада Бейбітшілікті жақтаушылардың конфе­рен­циясы өткізілгенін, осы бас­­қосуда алғаш рет Халық­ара­­лық төрелік сот құрылғанын білеміз. Америкалық болат маг­на­ты Эндрю Карнеги Бейбітшілік сарайын салуға сол кездің шамасымен үлкен сома - 1,5 миллион доллар қаражат шы­ға­рып, құрылыс жұмысы аяқ­тал­ғаннан бері қарай, Халық­аралық төрелік соты осы үйді мекен етеді. Арада қанша жыл­дар өтсе де Бейбітшілік сарайы өз миссиясынан еш ауытқымай жұмысын жал­ғас­тырумен келеді.

29 тамыз - халқымыз үшін зорлықпен таңылған зұлмат сордан қасірет шегудің басы мен және сол кесапаттан арыл­ған тарихи күн. Өткен ғасыр адамзат баласының дамуына ең бір қарышты серпін берген, жаңа технологиялар мен іргелі ғы­лым­дардың құлашын қарыштатқан ғасыр болғанымен, ол әкелген қасірет те аз болған жоқ. Соның ішіндегі ауыр зұлматтың бірі - 1949 жылдың 29 тамызында қазақ жерінде кеңестер жарған атом бомбасы болатын. Оның салмағын жарылыс өткен бір жылдан кейін-ақ балалар өлімі бес есеге көбейген, 1962 жылғы деректер бойынша әрбір туған 1000 cәбидің 21,2 пайызы іштен кеміс болып туған Семей өңірінің адамдары көрді. Қырық жылдан астам жердің асты мен үстінде 456 ядролық сынақ жасалып, қа­зақтың қасиетті өңірінің бірі - Дегелең маңы астан-кестен бол­ды. Қатерлі ісік аурулары жас таңдамай, балғынды да көктей жұ­лып кететін. Оған шыдау мүм­кін емес-ті. Қасіретін көтере алмай күрсінген қазақ елі «Аттан» деп жолға шықты. «Невада-Семей» қозғалысы осылайша дүниеге келді. Әрине, қоз­ғалыс егер сол кездегі Қазақстан бас­шылығынан қолдау таппаса, мұншама өрістеуі қиын бола­ты­ны аян еді. Халқының ба­сын­дағы қасіретті бар жан-тәнімен ұққан адам ғана оған қарсы болмай, қолдау көрсе­те­тін. 1989 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды сы­нау­ға мораторий жариялап, өз президенттігінің алғашқы жы­лында Семей полигонын жабу туралы Жарлығына қол қойды. Бұл шын мәнінде барша Қа­зақстан халқы қуана қабыл­даған Жарлық болды.

Бейбітшілік сарайындағы фо­токөрмеге көз салсаң, осы та­рихи оқиғалар еріксіз көз ал­дыңа келеді. Ал Семей поли­го­нының жабылуының 20 жыл­дығында ­Елбасы әлем жұрт­шы­­лығына 29 тамызды Ядролық сынақ­тар­ға қарсы іс-қимылдың ха­лықаралық күні деп жариялау туралы ұсыныс айтты. Ондай ұсынысты өз еркімен жойқын қарудан бас тартқан елдің басшысы ғана айта алар еді. Сондықтан ол ұсыныс ай­тыл­ды және ол қолдау тапты. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 29 тамыз осындай тарихи күн ретінде белгіленді.

Фотокөрмені аралап шық­қан соң Мемлекеттік хатшы Нидерланды Сыртқы істер министрі Ури Розентальмен кездесті. Мемлекеттік хат­шы: «Біз сіздердің еліңізді Еуропадағы негізгі бір эко­номикалық және саяси әр­іптесіміз ретінде танимыз, сол себептен де Нидер­лан­дымен арадағы қарым-қа­тынастардың қай салада да өрістеуін және оның екі жақ­ты да, көп тарапты да бол­ғанын қалаймыз», деген. Қарапайым оқыр­ман­дардың өзі біздің ауыл шаруа­шылығында кеңінен қол­­данылатын голландиялық әд­іс­пен картоп өсіріліп немесе сүтті сиыр­лар­ды тех­нологияларымен бірге сатып алып, елдің игілігіне жаратылып жатқа­нын біледі. Осы ретте Қанат Бекмыр­заұлы Нидер­ланды Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы және инновация министрі Максим Верхагеннің елімізге сапарлап қайтуының маңызына тоқталды. Аталған сапар екі ел арасын­да­ғы осыған дейінгі әріптестікті стратегия­лық дең­гейге көтерген болар еді, деді ол.

Өз кезегінде Нидерланды сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ури Розенталь Мемлекеттік ­хат­шы тарапынан айтылған ұсы­­ныстарға ықыласын білдіріп, екіжақты байланыстарды терең­детудің маңыздылығын баса айтты.

«Ядролық дилеммалар: бү­гіні және болашағы» тақыры­бын­дағы халықаралық конфе­рен­цияға жиналғандардың жал­пы қарасы, олардың арасында сөзіне тек Еуропа емес, әлем көз тігетін саясаткерлер де біршама көрінді. Франциядан сенатор Аймери де Монтескью келсе, Струан Стивенсон сынды Еуродепутат та көзге шалынды.

- Алдымен осы конфе­рен­ция­ны ұйымдастырушы Нидер­ланды Үкіметі мен Тобиас Ассер атындағы институтқа алғыс айтқым келеді, - деп бастады сөзін Қанат Саудабаев. - Өз­деріңіз білесіздер, Нидерланды - ядролық қаруды жоюға қа­тыс­ты және қарусыздану мәселе­сін­де бірізділікпен келе жатқан ел. Бұл мемлекет ядролық отын­ды тек бейбіт мақсатта пай­да­лануды көксейді. Ал Нидерлан­ды мен Қазақстан арасындағы осы бағыттағы тығыз әріптестік әлемдік қоғамдастыққа да оң әсер етеді деп санаймыз.

Бүгінгі конференцияның осы­дан 20 жыл бұрын сол кездегі Кеңес өкіметінің қарсылығына қарамастан, аса ірі Семей поли­гоны жабылған айтулы күн­дер­де өткізілуінің символдық мә­ні бар. Тәуелсіздік алған күн­нен бері Қазақстан және оның Президенті ядролық қаруды азай­ту, басқа да қару түрлерін тарат­паудың белсенді жақтасы болып келеді. Көпшілікке белгілі, Қа­зақстанға Кеңес Одағы құла­ғаннан кейін орасан зор, қуат­тылығы жағынан төртінші ор­ындағы ядролық қару мұраға қалған болатын. Сол қолымызға тәуелсіздік тиген алғашқы ай­ларда-ақ біздің елімізге қолы­мызда бар алапат қаруды сақтап қалу туралы кеңестерін Президет Назарбаевтан аямағандар көп еді. Осы үшін елдеріңізге қар­­жылық субсидия төгеміз, сіз­дер ядролық қаруы бар ал­ғашқы мұсылман мемлекеті бо­ласыздар, дегендер де табылып жатты. Біздің өз ішіміздегі элита арасында да осындай пи­ғылдағылар бар еді. Сон­дықтан Президент Назарбаевтың ядро­лық қарудан бас тарту туралы қабылдаған шешімі шын мәнінде әрі батыл, әрі дана ұйғарым болды.

20 жыл бойына Қазақстан аумақтық және жаһандық қауіпсіздікке өзінің үлесін қосып келеді. Елімізде ядролық қарудың инфрақұрылымы түгелдей жойылды. Семей полигоны жабылып, 20 жер ас­тын­дағы ұңғымалар мен штольнялар, әрқай­сы­ның күші мегатонналық 10 400 оқтұм­сық, СС-18 құрлықаралық баллистикалық ракета, 40 ТУ-95 Х-55 қанатты зымы­ран­дар мен 370 тактикалық ядролық зарядпен жабдықталған ауыр бомбалаушы жә­не құрлықаралық зымырандарды ұшы­ра­тын 148 шахталық ұшыру пульті жойылды.

Еліміздің ядролық қаруды таратпау­дағы ісі тек полигонды жабумен және жаппай қырып-жоятын арсеналдан ары­лу­мен шектелмейді, Қазақстан 2006 жы­лы Ядролық терроризммен күрес жаһан­дық бастамасына Ресеймен және АҚШ-пен бірлесе құрылтайшы болды. 2007 жылы оған мүше мемлекеттердің үшінші кездесуі Астанада өткізілді.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ету туралы шарт күшіне енді. Осы­лайша алғашқы ядролық қарудан азат аймақ өмірге келді. Және ол қос қапта­лында ядролық державалар орналасқан аймақ екенін де айта кетейік. Бұл - бұрын аумағында ядролық қаруы болған, қазір содан азат етілген тұңғыш аймақ. Қазақ­стан мен оның көршілері қарусыздану саясатын қаншалықты қолдайтын­дық­та­рын ісімен көрсетті, деген Қанат Бек­мыр­заұлы әрі қарай еліміздегі уранның бай қорына тоқталды. Атомды бейбіт мақсат­қа қолдану бағытындағы еліміз ұстанған бағытты айта келе, МАГАТЭ шеңберінде қазақ жерінде халықаралық ядролық отын банкін орналастыру жайындағы Қазақ­стан ұсынысының МАГАТЭ-де қаралып жатқанын жеткізді.

Әлем Ядролық қаруды таратпау ту­ралы шарттың ассиметриялық тұрғыда, яғни оның санкциясының тек ядролық қаруы жоқ елдерге ғана жүріп отырғанын мойындауы тиіс. Ал ядролық қаруды таратпау, ол жайында зерттеулер жүргізуге тыйым салуға шақыратын елдер соны өздерінен бастап, ядролық арсеналдан бас тартудың үлгісі болуы тиіс. Егер жақын маңда әлемдік қауымдастық ядролық державалар қатарының кеңеюін тоқтатпаса, ядролық қаруға қарсы тұжырымдама да өз мәнін жояды. Міне, сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтон саммитінде жалпыға ортақ жаңа әмбебап шарт жайындағы бастамамен шықты. Біз бұл жолдың қаншалықты ауыр екенін жақсы түсінеміз. Ол - әлемдегі барлық бейбітшілікті қалайтын адамдардың ниет­те­рінің тоғысуымен ғана бітетін іс. Біз сіздерді, құрметті конференцияны ұйым­дас­тырушылар, қазан айының 12-13-інде Астанада өткізілетін «Ядролық қарусыз әлем» атты форумға қатысуға шақы­ра­мыз. Планетадағы барлық ізгі ниеттегі адамдар бірлессе адамзат баласы төбесіне ілінген Дамокл селебесінен арылар еді, деп ой тұжырымдады Мемлекеттік хатшы.

Нидерланды Сыртқы істер министрі Ури Розенталь өз сөзін БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның сөзінен дәйексөз келтіре отырып, «Әлем әлі күнге ядролық қа­рудың көлеңкесінде өмір сүріп келеді», деген болатын деп бастаған. Бізге осы көлеңкеден арылуда бірлесе жұмыс жа­сауға тура келеді. Голландия бұл іске өз үлесін қосуға әзір. Мен сіздерді уақыт кемесінде кері жүзуге шақырамын. Семей полигонында болған жарылыстар қан­шама адамдардың өміріне кері әсерін тигізді. Осы өңір тұрғындары генетикалық ауруларға ұшырап, қатерлі ісіктен көз жұмып жатыр. Біз осының барлығын өткен заман мен өткен уақыттың еншісіндегі қатер деп артқа тастамауға тиіспіз. Сондықтан мен барлық мемлекеттерді ядролық қарудан арылуға шақырамын.

Ядролық қаруды таратпауда оған ба­қылау жасау да маңызды. Бұл ретте Иранға көз тігуге тура келеді. МАГАТЭ осы елде дұрыс емес жұмыстар жүргізіліп жатқанын біледі, алайда Иран басшы­лығы әлемдік қауымдастықтың сеніміне ие болғысы келеді. Сол үшін де Иран әлем алдында БҰҰ қарарларында көр­сетілген жауапкершілік аясында өз міндеттемелерін орындауға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе - ядролық қарудың терроршылар қолына түспеуі. Бұл - біздің мемлекетіміздің басты назарда ұстайтын ұстанымдарының бірі. Және бұл маңызды мәселе 2007 жылы Қазақстан бастама­сы­мен басталған болатын, ал оны жалғас­тыру әлемдік қажеттілік, деген министр ядролық зерттеулерді бейбіт бағытқа пайдалану мәселесін көтерді. Ни­дерланды өз атом стансаларын МАГАТЭ инспекторларына ашып отыр, ал оны өзге мемлекет­тер­дің де іліп алып кетуі маңызды.

Австрияның Еуроодақтағы елшісі Аксель Марчик Қазақ­стан мен Нидерланды ядролық қарусыздану мәселесінде ал­дың­ғы қатардағы елдер. Авс­трия үкіметі осы бастамаларды толығымен қуаттайды, дей келе, адамзат баласына соншалықты қауіп төндіретін ядролық қару не үшін қажет деп сауал тас­та­ған. Егер бір елде жойқын қару бар екенін білген екінші бір ел оны жасауға ұмтылатыны анық. Біз ешқандай күлбілтелемей ашы­ғын айтайықшы, жұрт әлем­нің ядролық қарудан тазаруына сене ме? Мен айтар едім, адамдар сенімінің қуаты өте аз, сондықтан онымен күреске уа­қытын да, қаражатын да жұм­сағылары келмейді. Біздегі проб­лема осы. Бұл іске сенім қажет. Мысалы, осыдан біраз бұрын Еуропа мен Африканың сол­түстігінде қазіргідей өзгерістер болады дегенге кім сенді? Бірақ уақыт оның болатынына көз жеткізді.

Ядролық қарусыздану ісінде толып жатқан конвенциялар, келісімдер жасалды. Бірақ әлем үшін де кейбір елдердің статус-кво алғандығы қолайлы тә­різді. Ядролық қару пайдала­ныл­ған 60 жыл ішінде олар басымдыққа ие болып келеді. Олар қабылдаған шешімге көп­шілік бағынады. Олар күшті. АҚШ ядролық қаруды таратуға қарсымыз дейді, алайда көзге көрінерліктей ештеңе жасамай отыр. Меніңше, ядролық қаруға қарсы күрес ота жасау әдісімен емес, тек терапиялық жолмен емделуде.

Ұлыбританияның бұрынғы қорғаныс министрі лорд Десмонд Браун мінберге көтеріліп, өз ойын былай жеткізді: Көп­шілік осы ядролық қарусыздану мәселесімен тек ядролық державалар ғана айналысуы тиіс деп ойлайды. Рас, президент Обама бірқатар жақсы қадамдар жасады, бірақ оның тереңдемей отырғаны шындық. Қауіп сейілер емес, АҚШ пен Ресей қа­руларын жетілдіруден жалығар емес. Ресей қорғаныс министрі мемлекеттің әскери бағдарламаларға 70 млрд. доллар қаражат жұмсалатынын айтты. Адамзат үшін ядролық қарусыздану мәселесінің күн тәртібінен түспеуі маңызды. Біз мына жәйтті естен шығармауға тиіспіз. Егер қару болса, ол атылмай тұрмайды. Әлемді бір сәтте жоятын қаруды жою - адамзаттық іс.

Үзілістен кейінгі конференция жалға­сында пікір айтушылар көп болды. «Қа­затомөнеркәсіп» басқармасының төрағасы Владимир Школьник Қазақстанда ядро­лық материалдарды есепке алу мен ба­қылау жасаудың жүйесі жұмыс жасайты­нын алға тартты. Соның аясында елімізде жыл сайын олардың инвентаризациясы МАГАТЭ инспекторларының қатысуымен жүргізілетінін, елде атом энергиясын қолдану жайында қосымша хаттама бар­лығын айтты.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» - Гаагадан (Нидерланды).

* * *

КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ

Хафиз МАТАЕВ, Семей қаласының құрметті азаматы:

- Семей өңірінде, әсі­ресе, Қайнар мен Сары­жал маңында ядролық жа­рылыстардың әсе­рі­нен зардап шекпеген бірде-бір отбасын таба ал­май­сыз. Іштен кемтар болып ту­ған балалардың саны кемитін түрі жоқ. Тіпті, қатерлі ісік аурулары өр­імдей жастарға, әлі ана сүті аузынан кеппеген сәбилер арасында көбейіп кетті. Ата-ана үшін іштен шыққан перзентінің айықпас дертке ұшы­рағанын біліп, оған көмектесер дәрмені жоқ­тығын білу қандай азап! Әрбір шаңырақта екіден, үштен мүгедек балалар бар. Оларға қалай көмектесу керек, жалпы, осы өңірді қалыпты тіршілікке көшіру үшін әлемдік қауымдастық не істей алар еді, деп ойлаймын кейде. 40 жыл бойына тәжірибе алаңының нысаны болған қарапайым халықтың не жазығы бар? Осы ретте полигон ашылуына байланысты күштеп таратылған аудан қалпына келсе, мемлекет тарапынан мал өсіруге қажетті кешендер салынса, осылайша халыққа жұмыс табылса, тарихи әділетсіздіктің орны толар еді.

Бүгінгі конференцияда айтылған ойларға келсем, шын мәнінде әлемде ядролық державалар саны азаймай тұр. Өзіміз мекен еткен жұмыр жерді ядролық қауіп-қатерден азат етудегі Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың ісі көпке үлгі болуға тиіс.

Хироши ХИРОЙ, Жапония өкілі:

- Мен ядролық қаруды таратпау жөніндегі Қа­зақстан рөлі маңызды деп білемін. Жапония яд­ро­лық бомбалауға ұшыра­уының зардабын тарт­қан ел болғандығынан да біз ядролық қаруды та­рат­пауды қос қолымызды көтеріп қолдаймыз. Алай­да біз атом энергиясын бейбіт мақсатқа қол­дануды жақтаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, Қа­зақстан ұстанған жолды дұрыс деп есептейміз.

Жапон жұртшылығы атом зардабын сіздің елдің де тартқанын біледі. Ауруға шалдыққан адам­дар шегетін қиындықты жапондықтар жақ­сы түсінеді. Сондықтан да Жапония ядролық қарусыздануға қарсы барлық игілікті шараларға қолдау көрсетуге әзір.

Аймери де МОНТЕСКЬЮ, Франция сенаторы:

- Сіздердің басшы­ла­рыңыз Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыз­да­ну­да пионердің рөлін ат­қар­­ды. Біздің еліміз де, оның басшысы президент Саркози де ядролық арсе­нал­ды азайту жай­ын­да­­­­­ғы ортақ үрдісті ұста­нып отыр. Бәл­кім, елу жылдан соң біз әлемді ядролық жойқын қарусыз көретін болармыз.

Ал Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы ядролық қарусыз әлем құрудағы келіс­сөз­дерде жақсы әсер етеді және сіздің еліңіз осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырады деп сенемін. Бұл - сіздердің қолыңыздағы көзірлі карта. Ал әлем Қазақстанға ядролық жары­лыс­тардан болған зардаптарды жою үшін көмектесе алады. Алдымен сол жерлерді сауықтыру мәсе­лесінде және оның салдарынан пайда болған аурулармен күресте көмек­тесуі тиіс деген ойдамын. Францияда бұл жайында жинақталған тәжірибе жеткілікті, ол жайында қазақстандық мамандармен бөлісуге әбден болады.

Струан СТИВЕНСОН, Еуродепутат, Семей қаласының құрметті азаматы:

- Сарыжал, Қайнар, Үржар, Знаменское, Қа­ра­уылға барған сайын жа­рылыстарды көзімен көріп, оның зардабын шек­к­ен халықпен кездескен сайын мен эмоциялық сәттерді бастан кешемін. Мен Семей өңіріне алғаш 2000 жылы барғанымда жергілікті халық: «Сізді біздің тауқыметімізді көруге келген кезекті турист деп ойлағымыз келмейді», деген. Маған ондағы көргендерім мен естіген сөздерім қатты әсер етті. Мен оларға көмектесуге уәде бердім және әрқашан барып тұрамын.

Өткен жолы мен ақ қан ауруына шалдыққан Үржар тұрғындары - екі жасөспірімді ата-ана­сы­ның бірімен және мұғалімімен қоса алды­рып, олар­дың Еуропарламентке келуін қаржы­лан­дырым. Бұл олардың өміріне өзгеріс әкеледі деген ойдамын және ол менің де өміріме өзгеріс әкелуі тиіс. Әлем ядролық жарылыстардың, ядролық қа­руды қолданудың ауыр әсері барлығын білуі керек. Менің оған полигон жабылса да оның салмағынан белі қайысқан жұрт­ты көргенде көзім жетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартуы әлем бас­шы­ларына үлгі болуы тиіс.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371