Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4648 9 пікір 17 Ақпан, 2020 сағат 12:42

Дәрігерсіз қалып жүрмейміз бе?

Қаладағы тіл орталықтарының бәрінде дерлік қазақ дәрігерлері ағылшын тілін жетік меңгеру үшін асқан белсенділікпен құлшына кірісіп жатыр. Сіз оған бізді емдеу үшін білімдерін жетілдіріп жатыр екен деп қуансаңыз, оныңыз тым ерте. Себебі, олар ағылшын тілін жетік меңгеріп алса, Батыс Еуропа елдеріне, АҚШ-қа кетуді жөн көреді екен. Онысын ешкім сөге де алмайды. Себебі, бізден өзге елдердің көбінде дәрігерлер өте ауқатты өмір сүреді. Білімі мен білігі жоғары болса, емдеу-сауықтыру қабілеті мықты болса, бүкіл байлықтың кілті дәрігердің шипалы алақанына өзі-ақ келіп қонады. Олай болса, жақсы өмір сүруді кім қаламайды? Еңбегіне сай ақы алуы әділеттілік.

Мысалы, АҚШ-та жедел жәрдем шақырсаңыз, келіп сіздің қан қысымыңызды өлшеп, кеңес бергені үшін оған алғыс айтып 25 доллар ұсынасыз. Ол жай бір шайлық (чаевой) яғни, рақмет айту рәсімі ғана. АҚШ-та "құр аяққа бата жүрмейді", "құрғақ қасық ауыз жыртады" деген қазақтың қағидалары іс жүзінде тәуір жолға қойылған. Алғыс айтасың ба, 2 доллар болса да, қолына ұстатып айтасың. Емдеудің басқа төлемдерін айтпай-ақ қояйын. Ал, бізде жедел жәрдем дәрігерін шақырып алып, ұрып-соғып немесе итке талатып жіберулері де кәдік. Ол аз десеңіз, ауруын асқындырып жіберіп о дүниелік болып кеткен марқұмдар үшін де дәрігерді бір жақты кінәлап сотқа сүйреу, тілдеп жәбірлеу бергі жағы.

Өкіметтің оларға беріп отырған жалақысы тіпті көңіл көншітпейді. Айтудың өзі ұят. Қысқасы, бізде тек дәрігер ғана емес, әрбір қазақ табан ет маңдай терін аямай тырбыңдаса да адал еңбегің лайықты бағасын алмайды. Керісінше, ауырдың асты жеңілдің үстімен жүрген масылдардың ұпайлары түгел. Қаржы ұрлап, тендер түгендеп жүргендер мемлекеттік қызметте шалқайып отырып-ақ миллиардер бола салады. Билік басында жүргендердің белбаласы, күйеубаласы, келіні болмай-ақ, құдасының құдасы болсаң да бай-қуатты өмір сүруге соның өзі жеткілікті. Мұндай сыбайластық пен жемқорлық жайлаған қоғамда әрине, адал еңбегің соқыр тиынға татымайды. Осындай кереғарлықтың салдарынан көзі ашық жастардың көбі шетелге кетіп жатқаны баршаға мәлім. Енді, олардың қатарына медицина қызметкерлері қосылды. Осылай кете берсек, онсыз да жетіспей жатқан медицина мамандарының ең таңдаулылары шетел асып, дәрігерсіз қалып жүрмейміз бе?

Тіпті, медбикелердің өзі мұндағы тиын-тебеннен тұратын азғана айлығы шайлығына жетпесе, тіл үйреніп алып шекара асып кетсе, өркениетті елдерде біздің ұйқышыл депутаттардың еңбекақысынан кем түспейтін жұмыс таба алады. Еңбекақы төлеудің тәртібі қайта қаралмаса, әлеуметтік әділдік орнамаса, ең бергісін айтқанда, бас ауырып балтыр сыздаса, сапалы ем жасайтын дәрігерсіз қалып жүрмейміз бе?

Қуандық Шамахайұлының әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485