Айдос Сарым: Болашақта митинг ұйымдастыру үйреншікті нәрсеге айналады
Алматыда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, шеру, пикеттер, демонстрациялық жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібі туралы» жаңа заң жобасы қоғамдық кеңесте талқыланды.
Отырысқа қатысқан сарапшылар жаңа заң жобасы туралы ойларын білдірді.
Саясаттанушы Айдос Сарым бұған дейінгі ескі заңды өзгерту қажеттігі туғандығын айтты.
«Осы кезге дейінгі 1995 жылғы заңда акциялар, бейбіт шерулер дегеннің ешбір түрі, түсі деген болмайтын. Пикетке шықса да, басқаға шықса да 100 адам, 5000 адам шықса да барлығы бірдей сипатталатын. Осы орайда заң шығару органдарына берген ұсыныста осы мәселені әдейі тіздік. Екінші мәселе, қазіргі жаңа заңда 250 адам қатысатын дүниелерге арнайы рұқсат сұрау қажет жоқ. Біздің қазіргі қоғамдық дискуссия, дау-дамайдың бәрі сол 1-2 сөздің айналасында тұр. Рұқсат беру деген сияқты. Негізі бұл заңдық дау емес, саяси дау сияқты», - деді ол.
Саясаттанушы жаңа заңда бейбіт шерулерге қатысты ұйымдастырушылардың, қатысушылардың міндеттері мен құқықтары айқындала түскенін айтты.
«Заңды талқылаған кезде ҚР ІІМ, жергілікті маслихаттардың тағы басқа органдардың жұмысы реттелуі тиіс. Болашақта митинг ұйымдастыру үйреншікті нәрсеге айналады. «Ойбай, анау митинг өткізіпті» деп таң қалмайтын боламыз, өйткені оны екінің бірі өткізетін болады», - деді ол.
Abai.kz