Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Әңгіме 3346 0 пікір 18 Ақпан, 2020 сағат 11:29

Нұрхалық Абдырақын. Бейсебектің күбірі

Іші ауырған Бейсебек орнынан тұрып қолфонға үңілді, ол кезде сағат түнгі үшті көрсетті, әжетқанаға шықты, мелшиген мылқау түн, меңреу үнсіз әлем,  зілдей бірдеңе басып тұр, «қараңғы түннің емшегін ембеген, жарықтың қадіріне жетпейді» деп күбірлеген ол әр жерден өзіне қарап тұрған көздерді көргендей болды, қытырлата сүйек мүжіген даусты естіді... Күздің түнгі ызғары жалаң шыққан оның өңменінен өтті, тездетіп жұмысын бітіріп, үйге қайта кірді, сар мысығы миаулап аяғына оралды.  

-Сенің де ішің ауырып тұр ма? Мысық басын көтеріп көзін аударып-төңкерді. Түпсіз терең шыңырауға тартатын сиқырлы мысық көзінен от көрді, жүрегі тас төбесіне шықты, жаны шошып өзімен өзі күбірлеп зорға ұйқтады. Шым-шытырық түс көрді.

Күн найза бойы көтеріле сар тұлпарын тақымдап, «Бір жол, бір белдеу» деп аталатын конференцияға баруға жолға шықты, анда-мұнда ауызын ашып есінеп қояды.

Жол тосып тұрған шомбал еркектің жанына тоқтады, қалаға жеткенше бірталай жол, беретіні аяғының шаңын да ақтамайды, «сауап» үшін деп алып алды. Асыққандар зулап, бірін бірі қуалап барады, жалғыз кісілік тар жолда аз мүмкіндігін қалт жібермей оза шабады... Ауыздықпен алысқан темір тұлпарлар тарам-тарам жолдармен құйғуда.... Кімнің қандай шаруамен, қайда кетіп бара жатқаны өзінеғана мәлім.

Бейсебек жанында ортырған жігіт ағасына: «Аға, бес ағайындысыз ба?» деп,-тосыннан тіл қатты. Тіксіне қараған жігіт ағасы аз кем уақыттан соң...

- Оны қайдан білдің? 

-Шекеңіздегі сызықтардан.

-Ой Алла, сондай да бар ма!?

-Атам айтқан.

-Иә, інім, бес ағайындымын. Мен мына жолдағы «Dizzy» деген сусын шығаратын зауытта техник болып жұмыс істеймін.

-Қандай керемет dizzy-ді күнде ішіп, жырғап жүр екенсіздер де, қазір қалда жарнамасы жер жарып тұр....

- Бізге өздерің ішпеңдер белсіз боп қаласыңдар деп айтқан. 

- Менің бір досым емтиханға бірнеше күн қатты дайындалып, артынша басы мең-зең болып, шәй мен кофеге еш сергімеді. Осы сіз шығаратын сусынды бірнеше ұрттаған-ақ, оның ұйқысы шайдай ашылып, бас ауыруы жазылды. Менің де ішкім келіп жүр, аялдамаларда басыңа төгіле жаздайды. 

-Энергетикалық сусын беріп, есек сатқан саудагердің әңгімесін естімеген екенсің...ә!?

- Жоқ....мынауыңыз қызық әңгіме сияқты....Бейсебектің есіне Пу Сүңлиң түсті.... Қытай шалы көше бойынан дәмхана ашып, қызық әңгіме айтқан адамға тегін тамақ берем деп жар салыпты. Бүгінде оның 500 ден астам әңгімеден құралған «Лияу жай аңыздары» деген кітабы көне қытай әдебиетінде атақты, киноға да айналған. Әңгімені әдемі жібереді екенсіз, жол ақысын алмайын. Ал айтыңыз....

-Бір саудегер жаман, жалқау есегін азанмен энергетикалық сусынға тойдырып, базарға сатуға алып барады. 

-Қайсысын берді екен «Monster», «Rockstar», «Red Bull», «Gorilla», «Dizzy» , «Burn» «Cocaine» деп күбірледі Бейсебек.

-Арқыраған есек, құлағын қайшылап, көзінен от шашып, жер тарпып, әтпүшімен қарнын сабалап, бүкіл базарды өзіне қаратты... Алармандар көбейіп, аукцион басталады, ақшаға қызыққан байқұс тағы да қымбатқа сатсам екен деп араны ашыла береді, ашыла береді... аукцион ұзаққа созылып, түске жақындайды... есектің денесі былқылдап, алушының көз алдында талқысып жығылады.... ішкі есебі өзінде, қайтерін білмеген саудагер есегіме тіл-көз болды деп, басын төпештеп отыра кетіпті..... 

- Құдай сақтаған екен, сұр бойдақты, талмай тұрып....

-Үйленбесең де жағдайың жақсы екен, астыңда қымбат көлігің бар, соткаң анау айфон. Байдың баласысың-ау. Бірақ байдың балдары жолдан адам алмай, адамды басып кетуші еді....

-Атам мен апамның баласымын..... оларға ұзақ өмір силасың Алла.

-Менің куартирантым жақында каспи банктен көп крдит алып, дүркіретіп той жасап, камаз толы жасау беріп қызын ұзатып еді, кеше қызы қайтып келді.

-Ыстығы басылмай жатып, оған не болды екен.

-Жас келін жұмыстан келсе, енесі екі тал кәтілет қалдырыпы, көзінің жасын сығымдап, анасына екітал кәтілетті фотоға түсіріп уатсаппен жылдам жіберіпті. Қыз шешесі құдағиына менің қызыма ненеге екі тал кәтілет қалдырасың деп ашуға бірден басыпты, екі әйел ауыздықпен шайнасып, бурадайын бұрқылдап, уатсаптың ішін азан-қазан қылыпты....

Жол ережесін бұзбай өзімен-өзі келе жатқан Бейсебекке өз қалтасынан ақша төлеп, машина алып бергендей, ысқырығын шалған қасқан шапкілі жігіт көзі қып-қызыл болып зорға тұр, МАЙ қызметкерінің жанына барды, ащы суға тойып алқан ол. 

-Құ...құжатыңыз бауырым. Көзі бұлдырап тұрып бірдеңе көрген кейіп танытты. 

-Д...документің дұрыс екен, Тарбағытайдың жігіттері қалтасына пышақ салып жүреді дей ме-ей? 

-Иә, салып жүреміз, еркін, басы бос адамның қалтасында пышақ болмаса, қалай болады? 

-Пышағыңды көрейін. 

-Мә, көр деп қалтасынан қоңыр сапты қандауырды жұлып алды, сасып қалған сақшы сол сәтте сергіп, мастығы тарады.

-Жүре бер бауырым. Алдыңда Sinooil-дың жеке бағдаршамы тұр, тоқтамай жүре бер, тек қана жасыл жанады.... алып ақ шаңқан үйдей дәу-дәу  қытайлық жанармай дүңгіршектері жыпырлап тұр, зулаған көліктен дүңгіршектер біріне бірі соғылып құлап бара жатқандай артта қала берді. Алматыда күн санап көбейіп жатқан қытай жанармай бекеті Sinooil әр көшенің бас-аяғынан кездеседі.

Қалаға іліне тас бауыр без бүйрек сергек камералар, толысып піскен жүзім іспетті ұйлығысып бағаналардың басынан жүргізушілердің қалтасын қағуға қармануда, ұят-намысты қойып қайткенде де ақша табуды ойлаған олар айлана жұмыс жасап, елгезек суретке тартады, көз ілестрмей шартрлатып тұр. Ана көше қиылысында қонақтаған шау қарғадай болып жирма сегіз камера тізіліп алыпты.... қате жүріп кеткен қаңғыбас иттің иесі болғанда оған да айыппұл жазар еді, амал нешік оның иесі жоқ.... Қаладағы көлік кептелісіне шыдамы жетпеген Бейсебек көлігін тастап, кәдімгі адамдарша өз лениясы бар қоғамдық көлікке мінді.... нағыз өмір осында....  

Күз күліп, жыл жымиып тұр, жаздай сыңғырлай күлген ағаш жапырақтары «мен мықты деп» аспанға қарап, өзінің тамырын ұмытты, міне уақыты келді, төмен қарап күнәларын есіне алуда, жаздай дауыл боранмен нөсер жаңбырға шеті қисаймаған жапырақ жерге өздігінен саулауда. Бір жапырақта Алланың қалауымен жерге түседі дегенді бала кезінен көп естіген, алайда ақылы толғалы сол сөзге сенбей жүрген, бүгін сенді...

Алматы. Сейфуллин даңғылы. Жоңғар заманы болғанда жауға шабар алып денелі еңгезердей жігіттер: «Кім бізге нан береді»,- деп телміреді. Ешкім тоқтамайды, жолдың қарсы бетінде қисая қырындап отырыған тас Ленинге үміттене көз салады. Комунист аталар неге Советтік кезді аузының суы құрып әлі аңсай береді деуші едік, оның өзіндік сыры бар екен-ау. Сол кезден қалған қос қабатты қамыс үйлер ағаш арасынан мойнын соза сығалайды, жол жиегінде ұзын сары орыс, мұртын жалап қойып «караван»ды ұзын тұмсығымен оқып тұр. Тырсылдақ ақ джинси шалбар киген, саны сан, қолы қол болып, барлық жері көздің жауын алған кербез келіншек, жіп-жіңішке темекісін құмарлана сорып, түтінін аспанға үрлеп, қолын соза такси ұстады, аяғын айқастыра шалқайды. Әне, іркес-тіркес екі еркек «сен алмасаң, мен алам» деп құйрық тістесе, соғыла жаздап әзер тоқтады. Көше қиылысында шикі піскен жүгері мен ішіне үн қосқан ұсақ құрт сатып ақ жаулығын оранған апа отыр, өткен-кеткенге жапақ-жапақ қарайды. Көздері жыртық, беттері тыртық, қабақтары жарылған, аштықтан құрсағы кепкен, еркек-ұрғашысы аралас бомыждар ағаш арасынан көрінді....Олар ұйқтағанда басына көшенің семіз қаңғыбас бұралқы иттері артқы аяғын көтере сариды.

Автобустар аялдамаға шиқылдай келіп, ыңырсып тоқтады,  рөлде қалаға дипломсыз келген ауыл жігіті қарсы беттегі өзі сияқты жүргізушіге басын шығара озандай өз жаргонымен Алматыны басына көтере айқайлайды, тақтайшаға ұсақ сағаттарды тізіп алған жасамыс келіншек 7 екі минут, 34 үш минут, 18  төрт минут, 30 бес минут болды деп жүргізуші бетіне телміре қарайды, мұрнынан будақ-будақ көк түтін атқан қара жігіт божбандай қара сұр, іркілдек кеуделі, дәу бас ұрғашыға еш көз салмастан бір уыс темір тиінді алақанына төге салды. Аялдамада имақ-шимақ шетелше жазулар, ағылшын, қытай, орыс, кәрісше жарнамаға толған, плимот асынаған қос қара жігіт пен саны жалтыраған көзінен от шашқан шоқ қыз негізгі тақтаны иемденген, қоңқақ мұрын қызыл бет, шегір көзді сар жігіт «бұл мекен бұрын біздікі еді» деп өзінше ыржиады, солардың арасында жалғыз қазақша жарнама тұр, онда қазақ ата мен татар кемпір қол ұстасқан, «үйленгенімізге елу жыл, кепілсіз кредит, зейнткерге қарыз ақша, алақай!!!» - деп апаның екі езуі құлағына жете, шалының бөркін аспанға атады. Саябақта орыстың ұзын бойлы жігіті қазақттың мыртық бойлы қызын көтеріп алып бетінен шөпілдете сүйеді, қызда аяғымен оның белінен қыса құшақтап алыпты... Гүлден гүлге қонған жалғыз ара жапақтап қазақ қызбен орыс жігітіне басқаша қарайды. Қазақтың ежелгі астанасы, рухани пірлердің отаны Түркістаннан кештетіп қозғалған ұзақ жолды автбус ішіндегі көкжәшік әйелдің жалаңаш денесін қайта-қайта көрсетті, сүйістің сан түрін үйретті, аталар мен апалар да мыз бақпай үнсіз өз іштерінде мың сан ойдың иріміне батады....Оларда Алматыға асығып келеді.... 

Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ала қашардай түстері сұрланған екі жігіт сау етіп суық кіріп, билеттеріңізді деп құдды қарызы бардай әр жолаушыға шұқия қадалады. 

-Сіздің картаңызда ақша жоқ екен, төленбеген, деп әжімдері ауыр жылдар табын еске салған жүзі сынық кемпірге төне кетті. Бір адам болсада табылғанына қуанып. 

-Бар еді балам...

-Жоқ, міне көрініп тұр.... жүріңіз  шытаф төлеңіз....

-Ақашам жоқ, әлі зейнет ақым тимеді.....

-Жүріңіз, түсіңіз....түспесіне қоймай жағасына жармаса орнынан тұрғызды. Екі бетті оттай жанған апа, ұяттан өліп барады...ұятсыз өскен олар оны білмейді, тек қызмет өтегіш роббт.... амалсыз жыртық шәркейін сүйрете есіктен түсіп бара жатты бейшара.

150 теңгесін беріп неге алып қалмадым ана кейуананы деп іс біткенде кеш ойланып өкіне бастады өзімен өзі тұрған Бейсебек. 

Есік ашылысына кербез қыз-келіншек пен сері студент жігіттердің тамаша ис сулары Dior, Chanel, Dolce, Gabbana, Armani, Givenchy, Molecula, Kenzo, Montale, Tom Ford, Carolina Herrera-лардың сарайыңды ашатын, жанға жайлы таңсық истері, шал-кемпірдің күлімсіген тер исі, аюша  қозғалған әйелдердің бұрқыраған қолаңса исі, күтімі кеткен жалғыз бас еркектердің аңқыған арақ исі тағы басқада сан мың истен синтезделген истер будақ-будақ сыртқа  ұмтылды, сортаң жердің сор исін өзінен таратып көлікке қарғадай қара қыз кірді «Ықылас сүресін» қате оқи бастады.... Артынша қолын жайып қайыр тіледі... қазақтар қалтаға қолын салып ұсақ жеті тиындарын санай бастады....Алланың сөзін ақшаға сатқанға, Пайғамбарымыздың мұғжизасын аяққа басқанға, мұсылман халықтарын қорлағанына төзе алмаған Бейсебек қыздың жанына қалай жетіп барғанын білмей қалды. Мә, мына бес жүз теңгені алда түс, сен бұдан кейін қайыр тілесең Құран оқымай тілей бер........ Осы сығандар Муса(ғ.а) пайғамбардың заманындағы өзін Құдай санаған патша Перғауынның ұрпағы дегенді есітігені бар еді бір білгіштен...

Қазақтың біртуар ұлы Шамшы бойды балқытар, жүрек қылын тербер «сыған серенадасын» жазарда сығандардың арсына кіріп қонай-түней зерттепті, «күндіз әйелдері мен баласы тілемшілік жасап тапқан аз ақшасын түнде шашатын біз сияқты даңқой, әнші, биші халық екен» депті. Өрмекшінің еркегі ұрғашысы құрған торға түскен азығын тал қажау еткені сияқты бұлардың еркегі үйленген соң әйеліне не есек арба мініп темір жина, не қөшеде тілемшілік жаса деп, өзі аяқты айқастыра жатады деседі.

Алла Тағаламен тілдескен Муса(ғ.а) Перғауынның иманға келер түрі жоқ, оның көзін құртуды өтініпті. Алла Тағала сен білмейтін оның екі жақсы қасиеті бар, ол қолында бар дүниесін мұқтажға толығымен беруге даяр өте жомарт. Екінші ол кез-келген істе кеңеспей жұмыс істемейді. Алайда оның айналасындағылар жаман. Алла Тағала оның соңғы деміндегі «менде Муса(ғ.а) Құдайына сендім» деген сөзіне бола оның жалғыз өзінің өлі денесін момясыз мыңдаған жылдар Ніл бойындағы құмының жағасында шірітпей сақтады.... әскерлері суға ағып кетті....

Бейсебектің әдемі ойын автобус ішіндегі жас баланың шыңғыра жылағаны бөлді, қазақ қызы қытай жігітінің иығына басын қойып қисая отыр,  бала шешеге емес, қысық көз әкесіне ұмтылады..... 

Көліктегі барлық жұрт құлақтарын бітеп, көздерін тұмшалап, ақылды телефонын ақылын тыңдауда, бастарын еш көтермейді. Оның ішінде не жоқ, іздегенің алдыңнан іземей-ақ табылар.... Бәріне көзі үйренген адамдар ештемеге селт етпейді, бәрі самарқау, бейжәй, ұйқылы – ояу.... Қоғамды  корпоративтік соқырлық жайлаған. 

Есіктен қу қаңқасын сүйреп кірген апа жан-ажғына жапақтап қарап орын іздеді, жастар бастарын әкесі алып берген қымбат ішіктерінің жағасына  тыға түсіп, өтірік қалғиды, ұрлана көзін ашып түсетін жерін қарап, тезден көзін жұма қалады.... рухы әлсіз, жүзді сынық ана орын сұруға батылы бармай мелшиіп көлік ішінде қара терге түсіп асылып тұрды. Көненің көзі іспетті советтік замннан қалған орыс кемпір қолында көтерген күшігі бар көлікке мінді, қыңсылаған иті баж-бұж ете түскен оған екі орын босады, итін жанына отырғызып өзіде жайғасты. Анада-санда иті риза болмай қыңсылайды, аузына аузын тизіп бірдеңесін айтып, тамағынан сипалады, итіде тынши қалды. Иті тағы қыңсылады, алдына алып басына бетін тигізіп искеп қояды, ит тағы тыншыды. Қазақ апа қаздиып әлі асылып тұр....

Жол шетінде төрт-бес жігіт талтаңдай басып, «қытайлықтарда ақша бар» деп, дауыстарын көтере өз тілінде сөйлеп барады. Олардың табан ізінен Бейсебек мына жазуларды күбірлеп оқи бастады....Өзгені күшпен жеңсең, шала жеңіс. Ал, жұмсақ айламен риза етіп, сеніміне бөленіп, мәдени тәуелді етіп, өз аяғымен саған келуге қол жеткізу. Бұл жеңіс мәңгілік.

Алдымен әлсіз, елеусіз жерінен бастау соншалық күдік тудармайды. Орай келмеген кезде барынша ақкөңіл, бейшара, аңқау, сабырлы болу......Бейсебектің бүкіл денесі қалшылдап кетті.

Былайғы жұрт тәшкентски деп атайтын Алматыдағы ең ұзын көше Райымбек пен Сейфуллинға да жетті, жолдың сол бетінде басқаша нақышталған алып құрылыс, алдында аласа болсада қорған тұрғызып қойыпты... Одан өрлегенде жол бойындағы «zu go» деген жазуы бар дүкенді көріп, қытай тілінде «отан» деген сөздің оқылуына өте жақын екен деп одан бетер есі шықты Бейсебектің. 

Универгеде жетті, есіктен кіре конфуций институтының жарнамасы жер жарып тұр, коридордың екі жағында 1992-2019-ға дейінгі тірліктерінен фотоальбом жасапты, қытайдың бір қыз, бір жігіті қытайдың пипасы мен арқуын сыңсытып ойнап отыр.... 

Магистрант Бейсебек конференция өтетін жиналыс залын тапты, қазақтар әлі келмепті, қытайдан келген Сау профессор ыржия алдынан шықты... 

- Мен қазақ елі үшін алаңдаймын. Ол балаша салдырлап сөйлеп кетті. Бейсебек әуежайға түнделетіп барып осы профессор алғаш келгенде өзі күтіп алған.  Алдыңғы жолы да ағайының тапсырма бойынша Медеуге ерітіп шықты, содан бері Бейсебекке кезіккенде ішіндегісін ақтаратын әдет тапты...

-Бұл елде оқитын жігіттер қайда? Кілең қыздар, олардың басым бөлігі оқымайды, оңай сөздің өзін соткадағы сөздігінен ақтарып отырады. Ертең қалай маман болады. 

-Біздің жігіттердің көбі өздеріне лайықты мамандықта оқиды, мына тіл тағы басқа деген мамандықтар қыздардікі, олар эконом, заңгер, әскери істер, кен барлау сияқты мамандықты оқытатын жоғары оқу орнында деп қытайшасы жеткенше түсіндірді Бейсебек...

-Осы сендерде мамандықтан алыс қосымша пәндер недеген көп. 

Ана конфуций институты сияқты тек қытай тілін оқытсаңдар төрт жылда оқығысы келген студент HSK-дың 6 дәрежесін оңай алып шығар еді. Сен биыл магистрлығыңды тауыссаңда HSK-дың 6 дәрежесін ала алмайсың.  Қолыңда диполмың болғанмен білімің жоқ болса оның не пайдасы бар. 

-Бізде керісінше, білімің болып, дипломың болмаса түкке жарамайсың. Қазір бакалавр дипломы ештемеге жарамайды. Магистрлық диплом болмаса ешқандай мекеме есігін ашпайды. Мына жүрген біздің ағайлар PhD-лық оқымаса, жұмыстан өздігіне шығып қалады. Барлық осында жүрген оқытушылар Scopus-ысқа жылына бір мақала шығармаса жұмыс келісім-шартын ұзартпайды. Жазғы демалыста байқұс ағайлар мен апайлар мақала жазады, басқа уақытта қағаз толтыру, сабақ өтуден қолы тимейді. Ол мақала шетелге түкте керек емес-ау шамасы. Мүғалімдер шетелдік журналдарға жалынумен болады. Олардың аудармасы, баспа ісі, сын-пікір беруші деп ең кемі 20 беттік мақалаға 250 мыңға теңгедей ақша сұрайды, амалсыз отпуснойын береді, солай тапқанын бала-шағасына емес, мақалаға жұмсап, ақшасын ақшамен қорғап, зорға орнын сақтап, адам санатында жүр. Тың идеяны сол журналдың айналасындағылар өндіріске қосады....  

-Бізде ондай Scopus деген нәрсе талап етілмейді, ғылыми атақты да адамның жазған кітабы мен жариялаған мақаласы тағы басқа ғылыми еңбектері негізінде береді. Дипломы болып, ғылыми еңбектері болмаса, ол ғалым саналмайды.

Коференция да басталды...

Вип зал, модератор шашының қарасынан ағы көп, тапал бойлы қара сұр қазақ жігіт, оның жанында төрде ақ бас ұзын бойлы қазақ ғалымы Жайлыбай шалқайып, мамық орындықта жатыр, оң жақ қапталдың басында Түрік ғалымы Хусейін тіктеле мойнын созып, қоқиланып отыр. Одан төмен қарай қазақттың қытайды зерттеп жүрген ғалымдары жайғасқан, қарсы бетте

үстеріне костюм-шалбар, аяғында кроссовки киген қытай  ғалымдары қазыдай тізіліп алған. Артында топырлаған қазақтар, оқытушысы, магистр, докторант, студент толып отыр, синхронды аудармада екі еркек бір әйел басын тиістіріп қораптай әйнек кабинаның ішінде.

Сөз алған қытай ғалымы Жаң шаңқылдаған әйел даусымен «Бір жол - бір белдеудің тиімді тұстары өте көп, өте-мөте Жібек жолының бойындағы елдерге көп индустрия құйылуда, айтар болсақ, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікмен тағы басқа көптеген елдердің инфра-құрлымдары жөнделді, қала-құрылыстарына рең кірді, жаңа жолдары жасалып дамушы елдердің қатарына енді ілесті» - деп, аузын көпіршіте слайдтарынан қалың сан-цифрды тізбектеп көп ақшаның есебін көрсетті. Түрік ғалымы астынан су шыққандай бірнеше рет қопаңдап қозғалды. Сабаз қазақтар үнсіз жақтарын таянып ұйқысы келе бастады....

Екіншісі ескі Жібек жолында қытай өзінің жібегі мен шәйін Ши-Әннан керуендер арқылы тасымалдап, Орта Азияны басып өтіп, компас, мылтық, қара дәрісі, қағаз, баспа өнерін әлемге таратты. Ежелгі жібек жолы тек сауда байланысы емес, бүгінде дәл солай, жер шары біреу, ортақ гүлдендіру, жайлы мекен жасау, бақытты өмір сүру барлық адамзаттың мақсаты, кімнің жағдайы жетсе, сол алда жүріп жол бастайды емес пе, бүгін кеме капитаны әрине, біздің елде.... 

Жер бетін гүлдендіру барлығымыздың міндетіміз деп іштерінен қайталап отырғандар бастарын изектей бастады. Түрік қана басын шайқады...

Сөз қазақ ғалымы Жайлыбайға тиді, 2012 жылы қытай көсемі Ши Жинпиң Назарбаев университетінде жасаған баяндамасында осы «Бір жол - бір белдеу» деген тамаша жобаны ортаға қойды....Ел көркейіп, гүлдене бастады, жаңа жолдар салынып, эконмикада тың серпін байқалды, елдің жағдайы жақсарды, көрші алып еліміз болмаса, біз және Орта Азиядағы көптеген елдердің өндірісі тұралап қалар еді, қарапайым киім, балалар ойыншығы, тіпті, тіс шұқитын ұсақ затқа дейін қытайдан келеді, ол өтірік емес деп жан-жағына қораздана қарады... аудармашылар жарыса аударып жатты...

Артынша Есімбек атты қазақ ғалымы сақ, ғұн дәурінен бастап, мың жылдықтардағы қазақ-қытай достығына тоқталды, Құдайы көршінің бүгінгі жаһандану заманында әлем экономикасының дамуына тигізіп отырған пайдасын айтып тауыса алмаймыз, адам әуелде тамақ, киім, сосын театр деп  отырған қытайға басын ие, кеудесін ұстап рақметін жаудырды.... отырғандар шапалақ шалды. Тісін шықырлатқан Түрік ғалымына да сөз тиді...

Мен құрлық асып, Анадолы жерінен келдім, менің айтарым көп, сіздер қонақты сыйлайтын халықсыздар, қазақ егемендігін бірінші болып мойындаған түрік елінен сіздерге жалынды сәлем. Мен осыдан екі жыл алдын Пекинде тұрып түрік-қытай байланысы туралы ғаламторда сауалнама жүргіздім, 75 пайыз желі қолданушы түрік-қытай байланысы ұзаққа бармайды деп көрсетіпті. Бұл нені білдіреді.... Бүгінгі мына «Бір жол-бір белдеу» өткен тарихтағы қыз, жібек, чай беріп басқаларды алдаған сияқты қытай саясатының заңды жалғасы.... Малайзия неге бұл жобадан бас тартты, байланыс AA формасы бойынша тең дәрежелі болу керек, бір жақ басым болғанда екінші жақта бас иу, оған байлану пайда болады, демек мұнда «аға» бар.... 

Модератор бір үзіліс жасаңыздар, көфе - брейк– деп, ұзын бойлы, қызыл көз қызу қанды қырма сақал ғалымды зорға тоқтатты...

Қазақ баласының жер бетінде өзімен өзі тыныш күн кешуі, екі көрші үшін қылмыс екен деп кітабының атын қылмыс деп қойыпты жазушы Қажғұмар. 

«Аса құдіретті тергеушім, өтірік айтсам тас төбемнен ұрыңыз... саған өзім емес, әуелі менің дүниеге келуіме себепкер болған әкемнің қылмысын, тіпті, оның дүниеге келуіне себепкер болған атамның қылмысынан басатап айтайын» деп алты томдық романын бастайды.

Елдің алдында топшысы сынған қырандай болып тұрған Қанат Ислам Дархан деп досын шақырып, сынған рухын тіктеуге шақ қалғанда одан бұрын жанына қысық көз қара жігіт жетті. Қанаттың рухы одан бетер сынды, жүрегі жылады... Жылап тұрып, өтірік күліп онымен қатарласа суретке түсті....

Бейсебек ішінен өзіде білмейтін бірдеңелерді күбірлеп көлігін айдап кетіп барады... Аспан тұнжрап, күн жыртық бұлттың арасынан ақырын сығалап самарқау қарайды....Сеңдей соғылсқан көліктер еш тыншымайды, жол жиегі қара нөпір адамнан босамайды, суық жел жапырақтардың құлағына сбдырлайды.....әне бір жапырақ желге ұшты....тағы біреуіне кезезк келді...

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

0 пікір