Қытай сыйлығы: үлкен несиенің артында үлкен саясат тұр ма?
Үстіміздегі айдың ортасында Ресейдің Екатеринбор қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері басшыларының басқосуы өтті. Бұл саммитте ШЫҰ аясындағы көптеген маңызды мәселелер қаралғаны белгілі. Бірақ та, ең басты айтатын жаңалық, Қытай басшысы Ху Жынтанын ШЫҰ елдеріне әлемдік қаржы дағдарсының салдарымен күресуі үшін 10 млрд. АҚШ доллары болатын несие беру ұсынысы. Қытай елінің басшысы бұл қаржы ШЫҰ-на мүше кейбір елдер экономикасының рецессия процесіне еніп, дағдарыс салдарымен күресуінің қиындауына байланысты, несиенің жәрдемі үлкен болады деген тұжырымда. ШЫҰ-ның 2005-ші жылы Астанада өткен саммитінде де, Қытай басшысы Орта Азия елдеріне 900 млн. АҚШ доллары көлемінде жеңілдетілген несие бөлетінін айтқан. Бұл несиенің толықтай игерілуі 2008-ші жылы аяқталды.
Үстіміздегі айдың ортасында Ресейдің Екатеринбор қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері басшыларының басқосуы өтті. Бұл саммитте ШЫҰ аясындағы көптеген маңызды мәселелер қаралғаны белгілі. Бірақ та, ең басты айтатын жаңалық, Қытай басшысы Ху Жынтанын ШЫҰ елдеріне әлемдік қаржы дағдарсының салдарымен күресуі үшін 10 млрд. АҚШ доллары болатын несие беру ұсынысы. Қытай елінің басшысы бұл қаржы ШЫҰ-на мүше кейбір елдер экономикасының рецессия процесіне еніп, дағдарыс салдарымен күресуінің қиындауына байланысты, несиенің жәрдемі үлкен болады деген тұжырымда. ШЫҰ-ның 2005-ші жылы Астанада өткен саммитінде де, Қытай басшысы Орта Азия елдеріне 900 млн. АҚШ доллары көлемінде жеңілдетілген несие бөлетінін айтқан. Бұл несиенің толықтай игерілуі 2008-ші жылы аяқталды.
Шығыс көршіміздің Орталық Азия елдеріне соңғы кездері қаржы-несиелік көмек беру үрдісі артып келеді. Алайда, бұл көмектің артында нендей мақсат, саясат жатыр, оны болжап, дәл айту оңай болмай тұр. Мысалға алатын болсақ, ШЫҰ және ұйымға мүше елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастық жұмыстары бойынша, Екатеринбордағы саммитте Қытайдың Тәжікстан үкіметіне дағдарыс салдарымен күресу үшін 8,78 млн. АҚШ доллары көлемінде несие беретіні мәлім болды. Жалпы, Тәжік елі осы жылдардың ішінде Қытай мемлекетінен 600 млн. АҚШ доллары көлемінде жеңілдетілген несие алып үлгіріпті. Тәжікстан Қытайдан сонымен қатар ауылшаруашылығы саласына және таулы аймақтарына шағын ауылшаруашылық техникаларын, шағын су электорстанцияларына агреагаттар алуға мүдделі болып отыр. Тәжіктер Рогун ГЭС-сын салуға соңғы жылдары белсенді түрде инвестиция іздеуде, бұл үлкен жобаға Қытайға да қатысуды ұсынып отыр. Өзбектерге келетін болсақ, осы жылы «Өзбекэнерго» МАҚ-ы арқылы Ташкент қаласында үш электростанция салу үшін «Қытай экспорт және импорт банкінен» 26,3 млн. АҚШ доллары көлемінде несие алды. Қытай өзбектерге осы жылдардың ішінде жалпы құны 1805,3 млрд. АҚШ доллары болатын 42 инвестициялық жобаны іске асыру үшін 955,3 млн. АҚШ долларын бөліп үлгірді. Қытайлықтар Өзбекстанда жаңа компрессорлы станциялармен, Ғазли-Нүкіс магистралды газқұбырын салу үшін, Қаған газкомпрессорлы станциясын салуға және жер асты газ сақтау станцияларын салуға 423,2 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиця құйған. Қытаймен Өзбекстан арасындағы Бұқара-Қаршы теміржол желісін салуға 45 млн. АҚШ доллары жұмсалу керек болса, бұл соманы қытайлықтар толықтай өз мойнына алып отыр. Қытай, өзбек еліндегі түрлі-түсті металл өндірісі, мұнай-газ, ауылшаруашылық, транспорттық салаларына үлкен инвестиция құюды жалғастырып келеді. Тек қана 2004-2005-ші жылдардың өзінде өзбектердің ауылшаруашылық секторын бірігіп игеруге 240 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құю жоспарланған болатын. Қырғыз экономикасында басты рөл ойнайтын мемлекеттің бірі бұл - Қытай. Бұл екі мемлекет арасындағы экономикалық қатынастың негізгі түйіні сауда-саттыққа негізделген. Қытай бұл елді орталық азияның басқа елдерінің нарығын өз тауарларымен толтыру жолындағы транзит алаңы ретінде қолданып келеді. Ал қырғыздар болса, бұл тарапта өз нарығын арзан қытай тауарларымен қамтамасыз етіп қана қоймай, тауар реэкспортынан қосымша пайда табуда. Өткен жылы бұл елге қытай тарапынан несие мен инвестицияның көлемі 177,5 млн. АҚШ долларын құраған. Қытай сонымен қатар қырғыздардың электрқуаты, тау-кен өндірісі, көмір өндірісі, транспорт салаларына қызығушылық танытуда. Қытай сонымен бірге кырғыздарға техникалық, қаржылық, грантты көмектер көрсетіп келеді, бұл көбінесе инфроқұрылымды, ауылшаруашылық саласын дамытуға, мектеп және ауруханалар салуға жұмсалуда. Аталған гранттардың жалпы көлемі қазіргі кезде 9,1 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Айта кететін бір жағдай, 2007-ші жылы Бішкекте өткен ШЫҰ саммитін ұйымдастыруға Қытай 7,4 млн. АҚШ долларын бөлген болатын. Қытай инвестициясымен, несиесінен сонымен бірге түркімендер де дәмелі. Осы жылы Түркіменстандағы Оңтүстік Илотан газ өндіру кенін дамытуға Қытай 3 млрд. АҚШ долларын бөлді. Қазіргі кездің өзінде Түркіменстаннан Қытайға бағытталған қуаты 30 млрд. шаршы метр болатын газқұбырының құрылысы жүргізілуде. Түркімендер өздерінің газын сатуды тек Ресейге ғана бағыттамай, Ресейге ғана телміріп отырмас үшін, қазіргі уақытта газқұбырларын әртараптандыру жұмыстарын арттыруды белсенді түрде жүргізіп жатыр. Газқұбырларын әртараптандыру бағытында түркімендер үшін Қытайдың, қытай инвестициясының алатын орны зор.
Біздің елімізге келетін болсақ, ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапарының нәтижесі бойынша, көршіміз біздің елге 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде несие беретін болды. Бұл несиенің негізгі мақсаты Қытай елімен бірігіп «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның акцияларын сатып алу және қазақ экономикасының дефицитті бөлігін жабуға жұмсалуы тиіс. Сонымен қатар аталған сапар барысында «Қытай мемлекеттік даму банкі» «Қазақстан даму банкіне» 100 млн. АҚШ доллары көлемінде несие беретіні жоспарланды, бұл негізінен өндіріс саласындағы инфроқұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалуға тиіс. Қазақстанмен Қытай арасындағы тауар айналымы өткен жылы 13,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің айтуынша 2015-ші жылы екі ел арасындағы тауар айналымын 15 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу мүмкіндігі жоғары дейді. Қытай, Қазақстанның тауар айналымы бойынша елдердің қатарында төртінші орынды алып отыр. Қытай тарапы Қазақстанның жалпы сыртқы сауда көлемінің 10%-ын құрайды. Екі көрші елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастың басым бөлігін шикізат экспорты алып отыр. «Қытай ұлттық мұнай корпорациясының» вице-президенті Гу И мырзаның мәліметінше, 2008-ші жылы Қазақстаннан Қытайға бағытталған шикі мұнайдың көлемі 30%-ға артқан. Оның пайымдауынша, осы жылы Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын мұнайдың көлемі 6,5 млн. тонна болады деп болжанып отыр, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 4,77 млн. тонна құраған болатын. Қазақстан аумағындағы тасымалдау құбырының Кенқияқ-Құмкөл бөлігін қосу арқылы Қытайға мұнай тасымалын 10 млн. тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Аталған көрсеткіштер екі көрші елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастың тек кішкентай бір бөлігі ғана. Сонымен қатар, екі ел арасында тауар айналымы, телекоммуникация, энергетика салаларында және инвестицияны әртараптандыру бойынша ынтымақтастық, мұнай өңдеу, транспорттық инфорқұрылымды дамыту, қайта өңдеу, химия, фармацевтика және басқа да болашағы үлкен, ауқымды жобаларды іске асыру бойынша іскерлік қарым-қатынас қарқынды түрде дамып келеді.
ШЫҰ аясында экономикалық және тауарлы-инвестициялық ынтымақтастық жылдан жалға артып келеді. Қытайдың ұйым ішіндегі бес мемлекетпен сыртқы тауар айналымы 2001-ші жылы 12,1 млрд. АҚШ долларын құраса, 2007-ші жылы бұл көрсеткіш 67,5 млрд. доллар болды. Қытай премьері Вянь Цзябаоының пікірінше, әлемнің түкпір-түкпірін шарпыған қаржы-экономикалық дағдарыспен күресу үшін, ШЫҰ-на мүше мемлекеттерінің үкіметтері, банктері және кәсіпорындары арасындағы байланысты кеңейту керек дейді. Екатеринбордағы самитте Иран басшысы Махмуд Ахмадинежад ШЫҰ аясында ұйымға ортақ банк құру идеясын ұсынды. Ресей президенті Дмитрий Медведев болса, ұйым алаңында ортақ валюта енгізу керек екендігін айтты, бұл идеяны Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевта белсенді көтеріп жүр, Иран президенті Ахмадинежад та, ортақ валюта құру бастамасын қолдайтынын жеткізді. Алайда, бұл бастама тек бастама ретінде қалып отыр. Ұйым ішінде 2005-ші жылы құрылған «Қазақстан даму банкі», «Қытай мемлекеттік даму банкі», «Ресей Внешэкономбанкі», «Тәжікстан Ұлттық банкі», «Өзбекстанның ұлттық сыртқы экономикалық істері банкі» мүше болып табылатын ШЫҰ банкаралық бірлестігі жұмыс атқарып келеді. Дағдарыс салдарымен бірігіп күресуде банк бірлестігімен «ШЫҰ іскерлік кеңесінің» алатын орны үлкен. Қытайдың жоғарыда айтылған ШЫҰ-на мүше мемлекеттеріне бөлген 10 млрд. АҚШ доллары жеңілдетілген несиесі, елдер арасындағы шекаралық қарым-қатынасты, жалпы қордаланып қалған экономикалық мәселелерді шешуге жұмсалады деп болжанып отыр. Әзірге несиенің жұмсалу, іске асу механизмі әлі айқын емес. Ресей президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Аркадий Дворкович, Ресей Қытайдың бөлген бұл несиесін қолданбайды деп мәлімдеді. Қалай алып қарасақ та, Қазақстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясы ШЫҰ-на мүше болса да, Қытай үшін үлкен шикізат ресурсы алаңы, әрі көзі болып отыр. Бұған Түркімен елін де қосыңыз.
Қорыта келгенде, қазіргі кезде ШЫҰ-ның атқаратын маңызды мәселесі, ұйым жұмысын дағдарыс салдарымен күресуге бағыттау, қаржы-экономикалық саладағы ынтымақтастықты арттыру және ұйым аясындағы біріккен ортақ инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыру. Бастысы, Қытай бөлген несиелердің көздеген мақсаты табиғи энергетикалық ресурстарды тартуға аванс ретінде емес, керісінше ШЫҰ аясындағы шынайы экономикалық қарым-қатынаспен ынтымақтастық процесіне бағытталады деп сенгіміз келеді.
Ғаділбек Әкім, экономист.
«Абай-информ»