Жұма, 22 Қараша 2024
3641 0 пікір 28 Ақпан, 2020 сағат 12:21

Ұлттық академиялық кітапханада «Отандастар» оқу залы ашылды

Кеше, 27 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Отандастар» оқу залы ашылды. Рухани орданың ашылуы «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен жүзеге асты. 

Шара басталмас бұрын кітапханаға келген оқырмандар мен қонақтарға сурет көрмесі ұйымдастырылды. Әлем сұлулығын қылқаламмен бейнелеген атажұртқа қытай елінен келген қандас бауырларымыз Толқын Табысбек, Зерде Бақытбек, Қайрат Жәйірбекұлы, Жалын Бауырқан шығармашылығын көрермен қауым жоғары бағалады.

«Отандастар» оқу залының ашылу салтанатына профессор, жазушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков, «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов, белгілі қаламгер Сұлтан Оразалин, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы және журналисттер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Отандастар қоры» / «Otandastar Qory» / «Фонд Отандастар» суреті.

Бас қаламызда «Отандастар» оқу залының ашылуы қазақ руханиятына сүбелі қазына болып қосылған шоқтығы биік шара болды. Алтай мен Атырау арасындағы қаламы қарымды, ойы жүйірік қазақ қаламгерлерінің кітап қорына тағы бір сарқылмас қазына қосылды. Қазақ мәдениеті мен өркениетінің дамуына қуанған оқырман қауымның қуанышында шек болмады. Арқаның қара тасты қаңбақтай жерден ұшырар боранына қарамай, еңкейген кәріден жасөспірім балаларына дейін рухани жиынға тегіс жиылды.

Әлем қазақтарының шығармалары жиылған оқу залында «Қазақ әлемі» - «Мир казахов» кітабының электрондық нұсқасының тұсаукесері өтті. Ұлттық академиялық кітапхана аясында, «Отандастар» цифрлы кітапханасы құрылғаны жөніндегі ақпарат оқырман қауым көңіліне және бір мәрте қуаныш сыйлады. Қазірше кітап қоры 2000 кітаптан асқан «Отандастар» оқу залына әлі де том-том кітаптар сыйға тартылатынына сенім мол.

«Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Отандастар» оқу залын ашу бастамасын қолдаған Ұлттық академиялық кітапхана ұжымына мың алғыс.

Жүрегі даласындай дарқан қазақ халқының әр таңы арайлы, әр күні шуақты болсын!

Мұхтар Сержан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318