Бақыт ТҮМЕНОВА: «Шенеуніктеріміздің тек шетелдерде емделуінен-ақ еліміздің медицинасының жайын ұғуға болады»
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:
- Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау (БҰДС) жүйесінің қолданысқа енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Алайда қоғамда «іс жүзінде аталмыш жүйе жұмыс істеген жоқ, тұрғындардың емдеу орнын таңдау мүмкіндігі шектелді» деген пікір басым. Осы орайда сіз БҰДС жүйесі өз міндетін орындай алды деп ойлайсыз ба?
- Жоқ, БҰДС жүйесі көздеген мақсатына жетіп жұмыс істеді деп айта алмаймын. БҰДС жүйесі енгізілгенімен, іс жүзінде жұмыс толық атқарылған жоқ. Негізі, науқастың республика бойынша емдеу орнын өзі таңдауы өте жақсы нәрсе. Тек біз бұл жүйені толығымен жақсы жұмыс істете алмай отырмыз. Негізі, мемлекет тарапынан жыл сайын еліміздегі әрбір тұрғынның емделуі үшін, ауруының алдын алу үшін арнайы қаржы бөлінеді. Бұл - салық арқылы жиналған халықтың өз ақшасы. Яғни мемлекет тарапынан бөлінген бұл қаржы әр науқастың игілігіне сай жұмсалып, науқасты айықтыруға бағытталып, тиісті жеріне жұмсалуы қажет. Аталмыш қаржы аурухана мен емханалар арқылы халықты сауықтыруға бағытталады. Айта кетерлік жайт, бізде ауруханаларға көбірек көңіл бөлініп, тиісінше қаржы да көп аударылады. Осыған сай емханада аурудың алдын алуға аз көңіл бөлініп, ал науқастар ауруы асқынып кеткен соң ғана баратын ауруханаларға көп қаржы бөлінеді. Негізі, бізге асқынып кеткен аурумен күрескеннен гөрі, ауру асқынбай тұрып алдын алған оңайырақ еді. Біз осыны түсінбедік. Қазір осы қателіктен қорытынды шығарып, аурудың алдын алуға көбірек көңіл бөлуге ұмтылудамыз. Сондықтан науқастарға ауруының алдын алып, емделуі үшін емдеу орнын өзі таңдау мүмкіндігі берілуі және мемлекет тарапынан бөлінген қаржының таңдаған емдеу орнына науқастың өзімен бірге баруы өте жақсы нәрсе. Оның үстіне бұл жүйе науқас сеніміне, таңдауына сай болуға ұмтылған емдеу мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті де арттырар еді. Емханаға қаражат жергілікті басқарушы орыннан бөлінсе, ауруханаға қаражат орталық бюджеттен бөлінеді. Осы жүйені өзгертуіміз қажет.
Ауруханадан гөрі емхананың рөлін арттыру мәселесі 1978 жылы Алматы қаласында өткен декларацияда айтылған болатын. Артынша бұл көптеген елдерде ең озық жүйе ретінде қолданыла бастады. Ал біздің еліміз мұны өткен жылдан бастап қана қолданысқа енгізе бастады. Кеш те болса қабылданған бұл жүйенің маңызы өте зор. Тек жүйені өз дәрежесінде жұмыс істете алуымыз қажет. Сондықтан ең алдымен емханаға көбірек қаржы бөліп, оның функционалдық қызметін арттыруға күш салған жөн. Егер емханамыз мықты болса, ауруханаға барар науқастардың да саны азаяр еді. Бізге аурумен күресіп, асқынған ауруды ауруханада емдегеннен гөрі, емханада аурудың алдын алған оңайырақ, әрі арзанға түседі. Осыны ұғуымыз қажет. Ал жүйені жұмыс істете алмауымыздың басты себебі - оны енгізуге қоғамымыз дайын болған жоқ.
- Ал жүйені енгізбес бұрын қандай дайындық шараларын жасап алуымыз керек еді?
- Біз алдымен отбасылық амбулаториялардың қатарын көбейтіп алуымыз қажет еді. Егер отбасылық амбулатория жеткілікті болған жағдайда жұрт үйінің қасындағы сол амбулаторияға қаралушы еді. Тіпті жедел жәрдемді көп қажет етпейді де. Бізде осы отбасылық амбулаториялардың жеткіліксіздігі, әр шағын аудандарда көптеп ашылмауы салдарынан таңдау еркіндігі берілген кезде қала тұрғындарының барлығы қаладағы санаулы емханаларға қарай шұбырды. Тұрғындар отбасылық амбулаторияларға бұрыннан тексеріліп жүргендіктен, науқас сырын да жақсы білер еді. Және ауыра қалса үйінің жанынан тез арада көмекке келіп, науқас та кез келген уақытта ұзын сонар кезексіз дәрігеріне кіре алады. Ал қазір науқастардың таңдау мүмкіндігі енгізілгенімен, ауыра қалған жағдайда таңдаған емханаңыздан дәрігер келіп қарамайды. Ендеше, дер кезінде көмекке келе алмаған, таңдаған емханаңыздан не пайда?! Сондықтан бұл жерде емхана таңдау еркіндігі тек қана қағаз бетінде ғана қалып тұр. Шындығында, бұл жүйе отбасылық амбулаторияларға арналған. Сондықтан жүйе жұмыс істей алмай, БҰДС жүйесінің басты қағидасы саналатын таңдау еркіндігі шектеліп тұр. 1995 жылдың аяғында отбасылық амбулаторияны көбейту қолға алынып, 2000 жылдары қалада 1600-дей амбулатория құрылған еді. Соның бәрі уақыт өте жойылып, бүгінде 20 шақтысы ғана қалды. Біз сол амбулаторияны жоймай сақтап, науқастардың таңдау мүмкіндігін енгізгенімізде ұтатын едік, жүйе де жұмыс істер еді. Бір жаман жері біз жақсы жүйелерді қолға алғанымызбен әрі қарай жалғастырмаймыз. Министрлердің ауысуымен жүйелер жойылып, оған бөлінген қаржы желге ұшып, бәрі аяқсыз қалады. Бүгінгі күні осының салдарынан медицина саласындағы мәселелер азаймай отыр. Жаңа министрлердің бәрін басынан бастауы қазақ медицинасының түбіне жетті. Осының салдарынан медицина саласында реформа деген сөз қорқынышты нәрсеге айналды.
- Соңғы кездері портал мәселесі ушығып тұр. Қала тұрғындары ауыра қалған жағдайда жедел жәрдем келіп, жедел медициналық көмек көрсеткенімен, портал арқылы барып емделіңіз деп тастап кетеді екен. Ал порталға күні бұрын тапсырыс беріп, дайындап қою керек. Осы орайда шұғыл жағдайда портал мәселесін қалай шешуге болады?
- Негізі, аяқ астынан сырқаттанып, жедел медициналық жәрдем көрсету қажет болған жағдайда жедел жәрдем дәрігері науқасты жедел жәрдем көлігімен ала келіп, ауруханаға жатқызу мәселесін қолма-қол шешуі керек. Ол үшін ешқандай портал керегі жоқ. Портал арқылы тек кезекпен емделетін науқастар ғана тіркелуі тиіс.
- Емханаға барған кезде қандай дәрі-дәрмектер мен медициналық қызмет түрлерінің тегін екенін науқастар білмейді. Емханаға жүрегіңді көрсетуге барсаң, жүрекке қатысты емес басқа да анализдер тапсыруға мәжбүр боласың. Ал жекеменшік клиникаларда мұндай емес. Сондықтан тұрғындар емханаларға қарағанда жекеменшік клиникаларды жағалауға әуес. Осы орайда емханада жүйелі жүйе орнатуға не кедергі?
- Мемлекет тарапынан халқымыздың әрқайсысына денсаулығын сақтау үшін арнайы қаржы бөлінгенімен оның рақатын кейбір жағдайларда тұрғындар көріп отырған жоқ. Бізде қазір орталықтанған бюджетке қоса жергілікті бюджет бар. Жергілікті бюджет арқылы негізінен емханалар қаржыландырылса, ауруханалар орталықтанған бюджетке қарайды. Осы орайда айтарым - біз қаржының басым бөлігін ауруханалардан гөрі емханаларға бағыттауымыз керек. Өйткені науқастың ауруы асқынбауы және ауруханаға жатып қалмауы үшін емхананың дәрігерлері бар күш- жігерін жұмсауы тиіс. Ал емханада науқастың ауруы одан әрі асқынбасы үшін барлық жағдай жеткілікті түрде жасалынуы керек. Негізінен, емхана дәрігерлерінің арасында бәсекелестік туғызуға тырысқан жөн. Жаңа жүйеге сай науқастың ізінен мемлекет тарапынан бөлінген қаржы еріп жүретін болғандықтан, алдағы уақытта науқастар өзі қалаған емханасына тіркелуге тырысады. Егер емхананың тұрғындарға көрсетер медициналық қызметі жоғары болса, алдағы уақытта ол емханаға тіркелетін науқастар саны да арта түседі. Тіркелген науқас санына қоса мемлекет тарапынан бөлінген қаржының да елеулі бөлігі сол емханаға аударылады. Ал емхана басшысы бөлінген қаржыға жаңа заманға сай медициналық қондырғыларының санын арттыра түсіп, тұрғындарға одан әрі қолайлы жағдай туғызуға тырысып бағады. Сондай-ақ егер науқастың ауруы асқынып, ауруханаға жатып қалатындай болса, онымен келген қаржының бірге кететінін білгендіктен емхана дәрігерлері науқасты өз емханаларында емдеп шығуға тырысады. Осылайша, емдеу мекемелерінің арасында бәсекелестіктің әсерінен де кәсіби деңгейлері де арта түседі. Бүгінде емханаға болмашы қаржы жергілікті жерден бөлінетін болғандықтан, емхананың дәрігерлері жұмыс істеуге құлықсыз. Ауруды емдеуге де құлықсыздық танытып, «ауырсаң - ауруханаға бар» деп жібере салады. Аурухана дәрігері де жасаған операциясының санына қарай үстеме ақы алып, жұмысын жасап жүре береді. Сондықтан біз аурухана мен емхана дәрігерінің арасында бәсекелестік тудыруды үйренуіміз қажет. Біз бүгінде дәрігерлердің өз мамандығына салғырт қарауға жағдай туғызып отырмыз.
- Жыл сайын халық денсаулығын жақсартуға миллиондаған қаржы аударылуда. Оның сыртында халық денсаулығын нығайтуға арналған бағдарламалар арқылы да мемлекет тарапынан қыруар ақша бөлінуде. Осы орайда осынша қаржы аударып, қабылданып жатқан бағдарламалардың әсері болып жатыр деп ойлайсыз ба?
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша, халық денсаулығын жақсартуға бөлінген қаржы ІЖӨ-нің 7-8 пайызын құрауы тиіс. Ал бізде бұл әлі де 3-4 пайыздан аспайды. Алайда осы 3-4 пайыздың өзінің қызығын, пайдасын көріп жатқан жоқпыз. Алдымен мемлекеттік міндетті сақтандыру жүйесін енгізуіміз керек. Немесе халық денсаулығын жақсарту үшін мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны әрбір адамның есепшотына салып беретіндей жүйе орнатуымыз керек. Және ол қаржы міндетті түрде әрбір халықтың денсаулығын жақсартуға ғана жұмсалуы тиіс. Басқа мақсатқа жұмсауға рұқсат жоқ. Егер ауырмаса ол қаржыны жұмсамай, жыл сайынғы мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны жинап көбейтуге де болады. Бұл адамдардың өз денсаулығын сақтауға деген қызығушылығын да тудырады. Ауырмаған жағдайда мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға ең болмаса жыл сайын тісін жөндетіп тұруға болады. Сондай-ақ егер жақын жуығы немесе танысы сырқаттанып, шетелде емделетіндей жағдайда өз денсаулығына арналған қаржыны жақынына аударуға да мүмкіндік тудыру керек. Өйткені бүгінде кішкентай балалар сырқаттанып, жедел арада шетел медицинасына жүгіну қажет болған жағдайда ақша таппай қиналып жатады. Ал әлгіндей жүйе енгізсек оларға қаржы жинау қиын болмас еді. Ол үшін алдымен денсаулықты мемлекеттік міндетті сақтандыру жүйесін енгізу керек. Мемлекет тек жұмыспен қамтылмаған азаматтарды сақтандырса, жұмыс істейтін азаматтарды жұмыс істейтін мекемесі жалақысынан ұстап отыру арқылы сақтандырылуы тиіс. Айта кетер жайт, тегін нәрсенің қадірі болмайтыны секілді, адамдар өз денсаулығының қадіріне жете бермейді. Сондықтан болашақта міндетті медициналық сақтандыру жүйесін іске қосу қажет. Оның ішінде қоғамдағы әрбір адамның мүмкіншілігіне қарай денсаулығын сақтандыруға жағдай туғызуымыз қажет. Сонда әрбір адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі күшейеді. Егер қалтасынан қаржы шығарып, жыл сайын өз денсаулығын сақтандырып отыратын болса, адамдар денсаулығын күтуге де айрықша көңіл бөлер еді.
- Сіздердің жедел желі жүйелеріңіз арқылы медицина саласының кемшін тұсын дөп басып табуға болатын секілді. Сіздерге ең көп түсетін арыз-шағым түрлері қандай?
- Дәл қазіргі таңда порталға қолы жетпеген науқастардың арызы көп. Сондай-ақ портал алып болғаннан кейін ауруханаға жете алмай, ауруын асқындырып алып жатқандар мен емханада невропатолог, эндокринолог мамандардың жетіспеушілігін айтып, шағымданатындар көп. Жекеменшік клиникалардың қателігін айтып шағымданатындар да баршылық. Тағы бір жиі түсетін арыз - дәрігерлердің науқастан орынсыз ақша талап етуі. Диагнозды дұрыс қоя алмаған дәрігерлердің үстінен арыз түсіретін науқастар көп кездеседі. Және дәрігердің қателігі салдарынан жақын-жуығы қайтыс болғандар жиі арыз жазады. Айта кетер жайт, бізде осындай арыздарды қарау кезінде тәуелсіз сарапшылар жетісе бермейді. Бізде «тәуелсіз сарапшы» деген аты ғана. Тәуелсіз сарапшы тағайындалды деп айтады, шын мәнінде ол сарапшының өзі бір ауруханада дәрігерлік қызмет атқарады. Айналып келгенде, «қарға қарғаның көзін шұқымай», бәрі сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Ал дәрігердің қателігін сол мамандықтағы адам ғана таба алады. Басқа ешқандай маманға дәрігердің қателігін тауып алу мүмкін емес. Сондықтан науқастар тарапынан түскен арызға медициналық сараптама жасау кезінде міндетті түрде қоғамдық сарапшы да тағайындалғаны жөн дер едім. Біздің «Аман-саулық» қоғамдық қорымызға үш жарым жылдың ішінде 14 мыңнан астам шағым келіп түсті. Науқастар мен медицина қызметкерлері арасындағы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында алдағы уақытта да жедел желі жүйесі жұмыс істей бермек. Медицина саласына қатысты арыз-шағымдары бар азаматтар біздің жедел желі жүйесінің (8(7272)320851, 8(7272)320852 телефондарына хабарласуына болады.
- Қалтасында қаржысы барлар реті келсе шетел асып емделуге әуес. Осы орайда дәрігерлеріміздің біліктілігіне қандай баға берер едіңіз?
- Дұрыс айтасыз. Қалтасында ақшасы барлар да, шенеуніктеріміз де емді тек шетелде алады. Еліміздің медицинасының қандай күйде екенін осыдан-ақ білуге болады. Мен бұдан артық баға бере алмаймын. Қалтасында ақшасы бар азаматтар елімізде емделмейді. Бұл жағдай еліміздегі медициналық көмек көрсетудің нақты көрсеткіші деуге де болады. Яғни қазақ медицинасының талапқа сай еместігінің айғағы. Елімізде тек шетелге шығуға шамасы жоқтар ғана емделеді. Бүгінде халқымыздың орташа өмір сүру жасын ұзарту туралы әңгіме қозғалуда. Жапондар неге ұзақ өмір сүреді? Өйткені олар дер кезінде дәрігерге көрініп отыруды әдетке айналдырған. Рас, басқа да факторлар бар шығар, бірақ қай ауру болмасын, бірінші сатысында анықтап, емдеп, сауықтырып алудың маңызы зор. Бізде ауру әбден асқынып, үшінші, төртінші сатысына барғанда ғана дәрігерге жүгіреді. Ал асқынған ауруды емдеп жазудың үміті аз. Біз Кеңес заманынан қалған «ауырсам дәрігер кінәлі», «балам жаман оқыса ұстазы кінәлі» деген психологиядан әлі арыла алмай жүрміз. Дәрігер аурудан арашалап қалмайды, тек аурудан айығуға көмектеседі. Осыны ұмытпау керек. Әркім өз денсаулығына өзі жауапты.
- Соңғы кездері еліміздегі аурулардың түрі «жасарып» барады. Біз аурудың алдын алуға қауқарсыздық танытып отырмыз ба, әлде басқа да себептері бар ма?
- Денсаулық тек қана медицина саласына қатысты дүние емес. Ең алдымен, адамның өзіне, денсаулығын күтуіне, жеген тамағына тікелей қатысты. Сондықтан дені сау болып ұзақ өмір сүргісі келген адам өз денсаулығын өзі күтуі керек. Медицина тек сол денсаулық сыр бере бастаған кезде аттар табалдырық саналуы тиіс. Ал оған дейінгі жағдайдың барлығы әр адамның өзіне байланысты. Аурулардың жасаруына экологиялық ахуал секілді басқа да дүниелер әсер етеді. Алайда адамдардың өз денсаулығын сақтай білуі көп нәрсеге әсер етері сөзсіз.
Алашқа айтар датым бар...
Елімізде жағдайы бар адамдар балаларын шетелге оқуға жіберуге әуес. Ал шетелге оқуға барған балалар ебін тауып, сіңісіп сонда қауға тырысады. Яғни олар біздің еліміздің болашағына сенбей отырғандай. Елімізде халық саны онсыз да аз. Рас, Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай бір миллиондай оралманды елімізге көшіріп алып келдік. Алайда елімізге, атажұртына қайтып келгісі келетін қазақтардың саны тым аз. Алыс шетелдегі қазақтар елімізге көшіп келуге құлықсыз. Осы уақыт ішінде Моңғолиядан, Өзбекстаннан қандастарымыз қайтып келді. Ал Еуропадан қайтып келген қазақтар жоқтың қасы. Мұның өзі біздің еліміздің көрсеткіші бола алады. Талантты, дарынды жастарды шетелдіктер өздері сатып алып, грантымен оқытып жатса, қалғандары өз күштерімен шетелге кетіп жатыр. Бүгінде еліміздің болашағына сенетіндерден гөрі сенбейтіндердің қатары басым секілді... Мені осы бір құбылыс қатты қорқытып, толғандырады.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті