Ұлттық заңнама тілі немесе оның терминденуі мен терминологиялық негізін қалыптастыру хақында
Әр елдің төл сипаты мен өзіндік ерешеліктерін ескере отырып, қоғамдық қатынастарын реттейтін заңнамасы оның тәуелсіз дамуының іргетасы болып табылады. Егемен елімізде де Тәуелсіздікке қол жеткен 20 жыл ішінде Ата Заңымыздан бастап, жүздеген төл заңдарымыз жазылып, қолданысқа енгізілді.
Заңның, әлбетте, тілмен бейнелетіні, тіл арқылы азаматтардың еркі мен санасына ықпал ететіні мәлім. Алайда заңның мазмұнына тікелей әсер етпегенмен, тілдің байлығы, жетіктігі мен жатықтығы заңның айқын, ұғынықты болып шығуына әсер етпей қоймайтыны да түсінікті.
Құқық әлемі сөзбен баянды етілетіндіктен, сөз қолданудың құқық шығармашылығы үшін маңызы аса зор. Заңнама шығару қызметі жобалау-конструкторлық жұмысқа ұқсайды. Осы қырынан алғанда, құқықтану - қоғамдық өмірдің техникасы, заңгерлер - оның инженерлері, ал айтылған немесе жазылған сөз олардың құрал-жабдықтары сияқты.
Әр елдің төл сипаты мен өзіндік ерешеліктерін ескере отырып, қоғамдық қатынастарын реттейтін заңнамасы оның тәуелсіз дамуының іргетасы болып табылады. Егемен елімізде де Тәуелсіздікке қол жеткен 20 жыл ішінде Ата Заңымыздан бастап, жүздеген төл заңдарымыз жазылып, қолданысқа енгізілді.
Заңның, әлбетте, тілмен бейнелетіні, тіл арқылы азаматтардың еркі мен санасына ықпал ететіні мәлім. Алайда заңның мазмұнына тікелей әсер етпегенмен, тілдің байлығы, жетіктігі мен жатықтығы заңның айқын, ұғынықты болып шығуына әсер етпей қоймайтыны да түсінікті.
Құқық әлемі сөзбен баянды етілетіндіктен, сөз қолданудың құқық шығармашылығы үшін маңызы аса зор. Заңнама шығару қызметі жобалау-конструкторлық жұмысқа ұқсайды. Осы қырынан алғанда, құқықтану - қоғамдық өмірдің техникасы, заңгерлер - оның инженерлері, ал айтылған немесе жазылған сөз олардың құрал-жабдықтары сияқты.
Сөз қолданудың немесе ғылым тілімен айтсақ, сөздік технологияның маңызы ағылшындардың заңгерлер туралы әйгілі анекдотында жақсы айтылады. Қарапайым халықтың тілімен: «Саған мына апельсинді беремін», - деп, жай ғана айта салатын тіркесті заңгерлер былайша тәптіштейді екен: «Осы Келісім арқылы мен саған өз мүддеме, құқығыма, мәртебеме және талабыма сәйкес осы апельсинді қатты қабығымен, жұмсақ қабатымен, етімен және шырынымен қоса, сондай-ақ аталған апельсинді тістеуге, кесуге, соруға немесе өзгедей тұтынуға немесе одан құтылуға барлық құқықтарымен немесе соңынан осы Келісімге тіркелетін барлық түзетулерге сәйкес аталған апельсинді үшінші жақтың билік етуіне қатты қабығымен, жұмсақ қабатымен, етімен және шырынымен немесе қатты қабығынсыз, жұмсақ қабатынсыз, етсіз және шырынсыз беру құқығымен беремін, сыйға беремін және біреуден беріп жіберемін».
Заңгерлердің сөздік технологияны пайдалана отырып, бір-екі ауыз сөзбен жеткізуге болатын сөйлемнің нысанын қаншалықты дәрежеде өзгерте алатыны, әзіл түрінде болса да, осы мысалдан айқын көрінеді.
Нормативтік құқықтық актінің мазмұнына, соның ішінде оның жазылу тіліне қойылатын талапты орындау үшін сөздік технологияны жетік меңгеру ауадай қажет. Міне, сондықтан да ол қазақ тілінде заң әзірлеу мәселесінде алғашқы орынға шығады. Әрине, мемлекет тілінде заңнама әзірлеу ісінде бұдан басқа да толып жатқан шешілмеген мәселелер бар. Алайда олардың бәрі де заңды тікелей жазумен, яғни мемлекеттің еркі мен билік өкілеттіктерін сөздік технологияны мүлтіксіз сақтай отырып, заң тілі арқылы жеткізумен салыстырғанда екінші қатарға ысырылатын мәселелер.
Нормативтік құқықтық актіні практикада қолданудың тиімділігі де көбіне ол жазылған тілге байланысты болады. Құжат құқық қолданушыға ғана емес, кез келген азаматқа түсінікті болуға тиіс екендігі заң шығару техникасының бұлжымас ережелерінің бірі болып табылады. Ендеше мәтінде құқық нормасы ретінде жазылған нәрсенің ғана емес, оның қалай жасалғанының, яғни қандай тілдік құралдармен бейнеленіп, бекітілгенінің де орасан зор мәні бар.
Заңнама мәтінінде ең жиі қолданылатын тілдік бірлік - терминдер. Жалпы ереже бойынша, нормативтік ұғымды неғұрлым толық білдіретін термин - жақсы термин, ал ұғымның шынайы мағынасын тұмшалайтын термин - сәтсіз термин. Ұғымдық айқындық және соған сай келетін терминологиялық дәлдік құқық нормасын мәтіндік ресімдеудің аса маңызды принципі.
Терминология мәселесін қозғағанда біз терминдерді ұлттық заңнама шеңберінде қарастыратынымызды бірден айтып өтуіміз керек. Өйткені заңдар қоғам өмірінің барлық саласын реттейтін жоғары құқықтық акт болып табылады. Сондықтан заңнама терминдері қоғамның тіршілік-тынысының барлық саласын қамтиды.
Құқықтық нормалардың тілінде заң шығарушының еркін дұрыс және дәл білдіруге қажетті қандай да бір кәсіптік ұғымдарды бейнелейтін заңи терминдердің жетілген жүйесі болуға тиіс. Онда юриспруденция, басқа да гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ реттеу саласына қарай, қоғамтану мен техника терминдері қолданылады, олардың әрқайсысының азды-көпті жүйеленген терминологиялық сөздіктері болуға тиіс.
1930 жылдардан басталған интернационалдық терминдерге басымдық беру үрдісі күні кеше тәуелсіздік алған 1990 жылдарға дейін алпыс жыл бойы жалғасып келді. Соның салдарынан қазіргі заңнама мәтіндерінде өз тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдаланып жасалған терминдер емес, сырттан енген сөздер көптеп кездеседі.
Жекелеген терминдерді басқа елдің тілдерінен алуға болар, бірақ оны ұлттық тілдің грамматикасына, сөз құрылысына кіріктіріп жіберу керек. Мысалы, орыстар тілдік қорының 30 пайызына дейін латын мен гректен алған. Біздің көбіміз оның орыстың сөзі емес екенін білмейміз. Олар тіл заңдылығын сақтай отырып, өздерінің тіліне кіріктіріп жіберген. Шет тілдерінің сөздерін осылайша бейімдеуге болады. Мысалы, жетпіс жыл «трактор» деп келдік. Енді солай қалыптасып кеткеннен кейін оны қайтадан ауыстырудың мүмкін қажеті де жоқ шығар. «Машина» деп алдық. Тіпті ғұламаларымыздың еңбектерінде, Әуезовтің, Ғабиттің, Сәбиттің шығармаларында «машина» деп алынған. Оны қайтадан басқаша жазудың қажеті де жоқ. Ол тілімізде қалыптасқан.
Бірнеше ұрпақ сол сырттан енген терминдердің тілімен оқып, бұл сөздер әбден құлаққа сіңісті болып қалды. Енді кеп біз оларды жаппай аударуға көштік. Жөні келсе аударған дұрыс, әрине. Бірақ, өкінішке қарай, терминді, атау сөзді аударған кезде көпшілік жағдайда оның кез келген сөз тіркесіндегі әмбебап мағыналық принципі, яғни терминнің аудармасына деген академиялық көзқарас сақталмады. Көпшілік жұрттың оны қалай қабылдайтыны, аударма терминнің тілдік ортаға сіңісу мәселесі ескерілмеді. Содан келіп бір сөзді бірнеше нұсқада аудару проблемасы пайда болды. Академиялық көзқарас соңғы жылдары қаптап кеткен сөздіктерде де сақталмаған. Өкінішке қарай, академик Ә.Қайдаровтың сонау 90-шы жылдардың басында айтқан: «Қазақ тілінің терминологиясы әртүрлі жағдайларға байланысты бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: оның ғылыми принциптері жаңа үрдіске бағыт-бағдар беріп, алда жүріп отырудың орнына артта қалып, термин практикасы аяқасты болып бара жатыр. Осының салдарынан әркімнің өз білгенінше термин жасауы немесе оны ауыстыруы тәрізді бейберекет әрекетке (анархия) жол беріле бастады» деген сөзі бүгінгі күні күрделі проблемаға айналып, алдымыздан шығып отыр.
Қазіргі кезде құқықтық нормалар тілінде шеттен сөз алудың үш түрі байқалады. Біріншісі - толық игерілген шетелдік сөздер. Мысалы, «машина», «трактор», «комбайн» деген сөздер. Бұларды жұрттың бәрі түсінеді, сондықтан шектеусіз қолдана беруге болады. Орыстар да өз тіліндегі шеттен кірген «ветеран», «инвалид» деген сөздерді «старик», «слабосильный» деп аудармады. Өйткені, сәтсіз қолданылған термин өзі бейнелейтін объект туралы бұрмаланған ұғым туғызады.
Екінші - ұлттық құқықты халықаралық құқықтық стандарттарға сай келтіру қажеттігінен туындаған жоғары деңгейдегі терминдер. Мысалы, «юрисдикция», «референдум», «конвенция». Мұндай сөздер нормативтік құқықтық актілер тілінде болмай қоймайды және оларды құқықтық мәселелерден біршама хабары бар адам дұрыс түсінеді.
Үшінші - ғылым-білімнің әртүрлі салаларының шет тілдік терминдері. Мысалы, «концерафобий», «ипохондрия». Заң тілінде мұндай сөздерді пайдаланудан қашу керек. Өйткені олардың мағынасы, арнайы түсінік бермесе, аттөбеліндей адамдар тобына ғана түсінікті.
Ұлттық заңнама терминологиясындағы өзекті мәселе - нормативтік құқықтық актілердегі атау сөздердің, терминдердің бірізділігі проблемасы. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, Парламентке келіп түскенше осы жобалардың орыс тіліндегі мәтінінің ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, Парламенттегі жұмыс топтарында да жобамен жұмыстың негізінен орыс тілінде жүргізілуі, жалпы алғанда, ұлттық заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отыр. Тиісті сала маманының, заңгердің тезінен өтпеген ұлттық термин алды-арты, кейінгі қолданылу жағдайы болжанбай, жалғыз аудармашының ой-өресіне байланып, бір қайнауы ішінде, шала-шарпы күйінде кетіп жатады.
Мәселенің түйіні нормативтік құқықтық актілер жобаларын қазақ тілінде әзірлеуде жатыр. Сонда ғана бірнеше сатыда алуан түрлі мамандар талқысынан өткен әмбебап терминдер қалыптасар еді.
Осылайша, дұрыс қалыптасқан терминдерден терминологиялық негіз немесе тезаурус түзіледі. Белгілі бір нормативтік-құқықтық актіде пайдаланылған ұғымдар мен анықтамалардың ретке келтірілген жиынтығы оның тезаурусын немесе терминологиялық негізін құрайды. Тезаурусы қалыптасқан тіл - қандай күрделі заңнаманы болса да жазуға жарайтын тіл. Тезаурустың қалыптасқан терминдер негізінде ғана жасалатынын ескерсек, бұл тілдің жеткілікті дәрежеде терминденгені туралы да айтуға болады. Тезаурус мынадай талаптарға сай келуге тиіс.
Біріншіден, конституциялық идеалдар мен принциптерді дұрыс бейнелеуге, екіншіден, мазмұны мен мәні жағынан, базалық құқықтық ұғымдарға және конституция мен заңдық күші неғұрлым жоғары актілерде алынған терминдерге сай келуге, үшіншіден, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердегі құқықтық реттеудің сол саласында қалыптасқан біркелкі ұғымдарды қамтуға тиіс.
Дұрыс тезаурустың қарапайым үлгісі ретінде мына тіркесті алуға болады: «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты». Ал «Қазақстан Республикасы Парламентінің Аппараты» десек, ол тезаурустың бұзылғандығын көрсетеді. Өйткені еліміздің Конституциясында қос палаталы Парламент туралы норма баянды етілгендіктен, мемлекеттік орган ретіндегі Аппарат Мәжіліс пен Сенаттың құрылымында жасақталады. Сондықтан ол «Парламент Мәжілісінің Аппараты» немесе «Парламент Сенатының Аппараты» деп қана айтылады.
Осыдан келіп шығатын мәселе, жеке сөздер мен терминдер және тіркестер әртүрлі түсінілмеуі үшін қолданыстағы заңдардың терминологиялық сөздік - тезаурусын жасау керек, сонда әртүрлі құқық шығару органдары құқықтық актілер жобаларын дайындағанда қолданыстағы заңнаманың ұғымдары мен анықтамаларын ескеріп, оларды орталық және жергілікті органдарда бірдей қолданар еді.
Заңнама терминдеріне байланысты тағы бір айтылуға тиісті мәселе - сөздіктер. Бүгінгі күні термин сөздер мен атаулардағы ала-құлалықтың басты себебі бірінші кезекте, сөздіктер десек, қателеспейтін шығармыз. Әрине, бұған мерзімдік басылымдардың да қосып отырған «үлесі» аз емес. Бұл - қазір мемлекеттік тілімізді, оның ішінде ұлттық заңнама терминдерін қалыптастыруда пайдасынан зияны көп болып отырған тағы бір үлкен мәселе. Осының салдарынан жарыспалы сөздер жаппай етек алды. Бұрын қалыптасқан сөздердің жаңа баламалары пайда болып, жұртты шатастырды. Мысалы, «охрана» сөзі әуелде «күзет» деп алынған еді. Енді оны қазақ тілді басылымдар «қорғауыл», «сырттауыл», «сайдауыл» деп те алып жүр. «Семьяны» әлі күнге дейін «жанұя» деп жазады. Ол әлдеқашан «отбасы» деп қабылданған жоқ па? «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деген мәтел заңнама тіліне жүрмейді. Қазақ Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ жерді жайлап отырса да, тілінде диалектісі жоқ еді, енді сол диалектіні өзіміз қолдан жасап бергелі отырған сияқтымыз. Ал диалект сөздерді заң тілінде мүлдем қолдануға болмайды. Бұл мәселеде тәртіп болмаса, қалың жұртшылықты былай қойғанда, термин жасаушы мамандарымыздың өзі көп ұзамай әбден шатасатынын, ал уақыт өте келе оны ретке келтіру өте қиынға соғатынын қазірдің өзінде сезіп отырмыз.
Қоғам өмірінің экономика, ғылым-білім, мәдениет пен өнер сияқты секторлары өз кезегінде сала-салаға тарамдалып кететіні белгілі. Міне, осы салалардың әрқайсысында басшылыққа алынатын бір ғана сөздік болуға тиіс. Мейлі, ол «үлкен сөздік» деп атала ма, мейлі 2-3 кітаптан тұра ма, бәрібір, алайда ол бір ғана сөздік болуға тиіс. Оған сол салада шығып үлгерген барлық сөздіктердегі қамтылған сөздер екшеліп алынуы керек. Сөйтіп, ол баршамыз басшылыққа алуға тиісті міндетті басылым болуға тиіс. Бұл - үлкен жұмыс. Бір институттың жұмысы. Біліктілік пен білімді қажет ететін аса қиын әрі күрделі жұмыс. Алайда бұл - зәру қажеттілік. Онсыз қазіргі жағдайды және болашақта орын алуы ықтимал бейберекеттікті түзеу мүмкін болмайды. Ендеше, ұлттық заңнама терминдерін қалыптастыру ісі де қазіргі күйінен арыла алмайды. Сондықтан терминографиядағы осы істі, қанша қиын болса да, қолға алатын уақытты өткізіп алмау керек.
Дәуітәлі ОМАШҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі, Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі