«Сен ғана халықтың сеніміне ие болдың»
Барлыбек Сыртанов: төрт құжаттың тағылымы
ХІХ ғасырдың аяғында Санкт-Петербург университетінде оқыған қазақ зияларының бірі, бірегейі – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Барлыбек Сыртанов туралы жарияланған «Барлыбек Сыртанов» атты зерттеу жұмысымызда сөз еткен болатынбыз. Аталған университеттің архив қорынан табылған нақтылы құжаттар негізінде жазылған еңбек кейін «Алаш ардақтылары: Санкт-Петербург іздері» атты кітабыма енді (Алматы: «Таймас» баспасы, 2013 ж.,160-185 бб.). Кітапқа Барлыбек Сыртанов дайындаған «Қазақ елінің Уставы» (үзінді) қосымша ретінде берілді. Бұл мақалаға кезінде осы саламен тұрақты шұғылданып жүрген зерттеуші ғалымдар, түрлі мамандық иелері ықылас танытып, игі тілектерін білдірді. Зерттеу жұмысын әлі де жалғастыру керек екенін алға тартты. Осы талап-тілекті есте сақтай отырып, тағы да біраз тың құжаттар тапқан едік. Бүгін соларды оқырман назарына ұсынбақпыз.
Б.Сыртанов 1866 жылы Жетісу облысы Қапал уезі Арасан болысында дүниеге келген. Әкесі ауыл-аймаққа белгілі, беделді, батыл, ақыл-парасаты мол, әділ адам болған.
Сөз басында Барлыбектің тегіне қатысты мәселенің басын ашып алған жөн секілді. Өз қолымен толтырылған тарихи құжаттарда фамилиясы «Сыртанов» деп жазылған, ал әкесіне қатысты құжаттарда «Сырттан» деп берілген. Біз де осы күйінде қалдыруды, қолдануды лайық көрдік және бұл айырмашылықты айтарлықтай қате деудің реті жоқ деп білеміз.
Бала Барлыбектің алғаш әліп танып, ілім-білімге бет бұруына Қапал қаласында 1874 жылы қазақ балалары үшін ашылған әзірлік пансионы мекемесінің өзіндік ықпалы болады. Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік мұрағатта осы пансион туралы бірқатар құжаттар сақталған. Соның бірі Жетісу облысының жоғары мәртебелі ұлықтарының атына 1875 жылы (№941, 21 наурыз) және 1876 жылы (№189, 19 қаңтар) жазылған рапорт (Алматы, ОММ 44-қор, 1-тізбе, 37226-қатар). Онда қазақ балалары үшін ашылған пансион шын мәнінде 1874 жылғы 8 қарашадан жұмыс істейтіндігі және шәкірттерге қазақ және орыс тілдерін жетік білетін Жанғозы Тоғжановтың, әйелі екеуі, сабақ беретіндігі жазылған.
Жоғарыда айтылған 1875 жылғы рапортта мынадай деректер бар: «В октябре 1874 г. киргиз Арасанской волости Сырттан Бокин привел в уездное управление двух детей 11-ти и 9-ти летних мальчиков и просил принять их в училище с тем условием, чтобы от него не требовали ни на учебу, ни на их содержание, а также, чтобы при них находилась их мать, его старшая жена.
Дети были приняты и розмещены в юрту, данной Сырттаном на первое время пока неизучтен средства для найма другой юрты».
Арасан болысының қазағы Сырттан Бокиннің мектепке әкеп тапсырған екі ұлының бірі – Барлыбек те, екіншісі оның ағасы – Тұрлыбек еді. Жоғарыда келтірілген мұрағат құжатында 1868 жылға дейін қазақтар балаларын оқуға беруге қарсы болып, содан әр болысты бір баладан оқуға жіберуге міндеттегендігі, солай болса да болыстар міндеттен құтылу амалымен мектепке алғашқыда панасыз, ата-анасыз, ағайын-туыстары сырт берген әлжуаз, ауру-сырқаулы бозбалаларды жөнелткендігі айтылады.
Деректерге қарағанда, 1875 жылдың наурыз айына дейін аталмыш мектепте Сырттанның екі ұлы ғана білім алған және олардың орыс тілінде бір ауыз сөз білмеуі көп қиындықтар туғызған сыңайлы. Ол туралы рапортта мынадай жолдар бар:
«Балалар орыс тілінде бірде-бір сөз білмейтін еді, ал училищенің оқу әдістемесі бойынша сабақ түсіндіру түрінде өткізілетіндіктен қазақ балаларына мұның пайдасы болмады. Олардың оқуға деген ынтасы тұншықпас үшін, сонымен қатар училищедегі лекцияларды тыңдауға үйренуі үшін мен оларға қарапайым дауыс ырғағы және қолмен көрсету әдісі бойынша жазуды және оқуды, мысалы бас, қол, аяқ деген сияқты сөздерді үйрететін, сонымен қатар сан санауға жаттықтыратын тегін мұғалима тауып бердім. Сырттанның балалары қабілетті әрі ыждағатты болып шықты. Мұғалима өткізетін сабақ аяқталған соң, олар уездік басқармаға келеді және мұнда қызметтегі өз істерімен айналысатын қазақтардың қатысуымен балалар күнделікті жинақтаған таным-білімдерінен емтихан тапсыратын еді».
Жоғарыда келтірілген есеп-рапорттың соңында мынадай жолдар кездеседі: «1874 года в здании Капальского училища с 4 до 6 часов поъ полу дни открыт класс два казахских детей под руководством учителем Буратова. К 1 числу январья настоячего года учащихся было уже 16.
Моего старшего помощника Штабсь капитана Изразцова 1876 г.»
Сөйтіп, Барлыбек Қапал қаласындағы пансионнан сауат ашқан соң, 10 жасында Верный қаласындағы ер балалар гимназиясына оқуға түседі. Сондай-ақ Барлыбекпен бірге Тұрлыбек те Верный қаласында білім алған. Барлыбек 1886 жылы Верный қаласындағы ер балалар гимназиясындағы оқуын үздік аяқтап шығады. Тұрмыстық қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға қарамастан, жас шәкірт білімін әрі қарай жетілдіруді өз алдына мақсат етіп қояды. Әрі гимназия директоры Д.Новак оның ерекше қарым-қабілеті мен талап-тілегін байқайды да, Жетісу облысының әскери губернаторының атына Б.Сыртановты Санкт-Петербург университетіне оқуға жіберу үшін қаражат бөлу жөнінде қатынас хат жазады.
Соның нәтижесінде 1886 жылы Барлыбек Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Онымен бірге Қазақстанның басқа да облыстарынан келген жас жігіттер оқиды. Олардың арасында: Бақытжан Қаратаев, Жанша (Жиһанша) Сейдалин, Мәмбеталы Сердалин, Абдолла Теміров, т.б. болды. Б.Сыртанов студенттік жылдары сондағы оқу орындарында оқып жүрген есті-басты, ұлт болашағына жаны алаң жастармен бірігіп, «Жерлестер» атты ұйымды құруға белсене ат салысты. Ұйымның жиналыстарында қазақ жастары қараңғылық пен бодандық бұғауынан шыға алмай отырған халқымыздың өмір-тұрмысындағы көптеген күлбілтелі, қордалы мәселелерді көтеріп, талқыға салатын болған. Ғылымның түрлі салаларында білім алған олар қазақ жерінің нақтылы бостандығы және оны өркениет жолымен дамытудағы өздерінің атқарар рөлі туралы армандайтын. Сонымен қатар жас жігіттер орыс халқының озық ойлы тұлғалары Н. Чернышевский, В. Белинский, Н. Добролюбов және А. Герценнің шығармашылығы және қайраткерлік өрісімен жақын танысады.
Санкт-Петербург университетінің мұрағатында Б.Сыртановтың осы оқу орнында қандай үлгеріммен білім алғанын айғақтайтын аттестат пен бітіргендігі жөніндегі куәлік сақталған. Аттестатта Б.Сыртановтың тәртібі өте жақсы, сабаққа қатысы және дайындығы, сондай-ақ жазба жұмыстарды орындауы өте жақсы, барлық пәндерге деген қызушылығы, ынта-ықыласы өте жақсы екені айшықталған. Пәндер бойынша мынадай үлгерім көрсеткен:
Құдай заңы бойынша –
Орыс тілі мен жазудан – 4 (жақсы)
Логикадан – 4 (жақсы)
Латын тілінен – 4 (жақсы)
Грек тілінен – оқудан босатылған
Математикадан – 5 (өте жақсы)
Физика. Математикалық жағрапиядан – 5 (өте жақсы)
Қысқаша табиғаттанудан – 4 (жақсы)
Тарихтан –5 (өте жақсы)
Географиядан – 5 (жақсы)
Неміс тілінен – 5 (жақсы)
Көріп отырғанымыздай, студент Б.Сыртанов негізгі пәндерді жақсы үлгеріммен оқыған.
Ал куәлікте Б.Сыртановтың Императорлық Санкт-Петербург университетіне 1886 жылдың тамызында қабылданып, Шығыс тілдері факультетінің Араб-Парсы-Түрік-Татар тілдері бөліміне тіркелгені жазылған. Онда ол мынадай курстарды: Араб тілі, Араб әдебиетінің тарихы, Парсы тілі, Парсы әдебиетінің тарихы, Түрік-Татар тілі, Түрік тайпаларының тарихы, Осман тілі, Осман тілінің тарихы, орыс мемлекеттік құқығы тарихы, халықаралық құқық, полиция құқығы, қаржы құқығы, т.б. тыңдаған.
Б.Сыртановтың Санкт-Петербург университетіндегі студенттік кезеңіне қатысты мына бір деректі де келтіре кетсек пе дейміз. Атақты Сәдуақас Шормановтың Григорий Потанинге жазған бір хатында: “Біздің қазақ жастарынан жоғары оқу орындарында 30 бала оқиды. Оның ішінде Барлыбек Сыртанов деген бала Петербургте жүр. Көзіңіздің қырын салсаңыз”, – деген жолдар бар. 1887 жылы жазылған осы хат баянауылдық ардақты ағаның жетісулық жас жеткіншекке қалай қамқорлықпен қарағанын көрсетеді.
1887 жылы А.Ульянов пен бір топ революционерлердің ІІ Александарға жасаған қастандығы Б.Сыртановтың әлеуметтік-саяси көзқарасының қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Жалпы алғанда, Петербург университетінің демократиялық, революциялық және ғылыми дәстүрлері оның қоғамдық-саяси таным-түсінігінің өсуіне алғышарт болып, өміріне өшпес өрнегін қалдырды.
1890 жылы Б.Сыртанов Санк-Петербург университетінің шығыстану факультетін ойдағыдай аяқтап, араб-парыс және түрік-татар тілдері мамандықтары бойынша үздік диплом алып шығады. Ол Жетісу өңірінен шығып, жоғарғы, университеттік білім алған алғашқы қазақтардың бірі болып табылады.
1903-1907 жылдары Б.Сыртанов Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Патша өкіметінің орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. Өз заманының озық ойлы, алдыңғы қатарлы азаматы ретінде П.А. Столыпиннің реакцияшыл саясатына қарсы шықты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады.
Жалпықазақ сиезінде талқыға түсуге тиіс негізгі мәселелер ретінде Б.Сыртанов мыналарды ұсынды: 1) қазақ халқына бір кездері одан зорлықпен тартып алынған жерлерді қайтару; 2) Мемлекеттік Думаға қазақ халқының өкілдерін сайлау; 3) жергілікті жерлерде қажеттілікке орай діни мүфтилер сайлау; 4) жергілікті тұрғындардың құқықтарын Ресей империясы орыстарының құқықтарымен теңестіру. Бұл проблемалар сол уақыттағы аса маңызды мәселелер болатын.
Б. Сыртанов Жетісу өлкесінде жерді келімсектердің талан-таражға салып жатқан қимыл-әрекеттерін тоқтату үшін 1910 жылы қазан айының 21 жұлдызында Ұзынағашта облыс қазақтарын жинап, арнайы кеңес өткізеді. Онда өзі баяндама жасап, қазақ халқының жер тарлығын көріп отырған зардаптарын батыл түрде ортаға салады. Міне, біздің қолымызға түскен соңғы құжаттар осы Ұзынағаш жиналысының жай-жапсарын, онда алға тартылған талаптардың жоғары тұрған патша үкіметіне қалай әсер еткенін баян етеді.
391-қор, №4 тізбе, 929-істе сақталған төрт қатынас хаттың біріншісі 1911 жылдың 24 наурызында жолданған. Ішкі істер министрлігінің жоғары мәртебелі А.В.Кривошейннің атына жазылған хатын барынша толық келтіріп отырмыз:
«Мәртебелі тақсыр Александр Васильевич!
Ішкі істер министрлігінде Жетісу облысын мекендейтін қырғыз (қазақ – Н.О.) тұрғындарының соңғы 6 ай ішіндегі көңіл ауаны туралы мәліметтер бар. Сол мәліметтерге сәйкес, Жетісу өңіріне орыс елінен қоныс аударушыларды орналастыру және барлық түземдік тұрғындарды әскери қызметке алу жөніндегі сыбыстар қырғыздарды қатты алаңдатып отыр, болыс сиездерінде (мәслихаттарда) қызу пікірталас туғызды, соңғы сиезде қалыптасқан ахуалды талқылау үшін жалпы облыстық сиезд шақыру және тиісті іс-шаралар қабылдау туралы ой айтылды. Белгіленген сиезд осы жылдың 21 қазанында Ұзынағаш елді мекенінде болып өтті. Оған қатысқан болыс өкілдері мынадай қаулы қабылдады:
1) қазақтарды жерге орналастыруға жағдай жасалсын және облысқа одан әрі қоныс аударушыларды орналастыруды тоқтатылсын; 2) университет бітірген Барлыбек Сыртановқа осы үшін депутация ұйымдастыру міндеттелсін; 3) осы шараға кететін шығындарды өтеу үшін болыстар ақшалай жарна төлесін және мешіттерде ақша жинау жүргізілсін; 4) осы депутация Бұқар әміріне барып, мәртебелі ИМПЕРАТОРДЫҢ қабылдауына жазылуға ықпал етуді сұрасын.
Сыртанов сиездің өкілеттігін қабылдап алған соң Верный қаласына келді. Мұнда ол бірқатар ықпалды түземдіктермен кеңескен соң, қабылданған қаулылар барынша нақтылана түсті, атап айтқанда: жерге орналастыру Орынбор губерниясы казактарының жерді пайдалану үлгісі бойынша белгіленген және мұндай шешімнің Мемлекеттік Думаға мұсылман фракциясы арқылы енгізілуі сұралады.
26 желтоқсанда Барлыбек Сыртанов жергілікті жандармдық офицерге өзі келді, мұсылмандардың, оның ішінде Жетісу облысы қазақтарының кезек күттірмейтін мұқтаждықтары, оларды қанағаттандырудың тәсілдері мен құралдары туралы баян етті. Өзінің түземдік мұсылмандардың атынан келіп отырғанын, барлық мәселелер бойынша табанды түрде ашықтық, жариялылық жағында екенін мәлімдеді.
Содан соң Сыртанов 21 қазанда Верный, Пішпек және жартылай Копал, Пржевальск уездері қырғыздарының сиезі өткенін растады. Аталған сиезд Мемлекеттік Думаны қоса есептегенде барлық инстанцияларда олардың атынан талап-тілек білдіруге Сыртановқа өкілеттік беру жөнінде қаулы қабылдаған. Егер мүмкіндік болса, ЖОҒАРЫ МӘРТЕБЕЛІ ИМПЕРАТОРДАН қазақтарды жерге орналастыру және отырықшы өмір үшін қолайлы жерлерді қоныс аударушылардың тартып, басып алуларын тоқтату сұралады; қазіргі уақытта Жетісу мұсылмандардың талап-тілектері келесі төрт басты тармаққа тоғысады: 1) жерге орналастыру; 2) жалпы білім беру; 3 соттық және 4) рухани істер. Бұл ретте халыққа қандай да бір панисламистік тенденциялар мүлде жат сияқты, Сыртанов үшін ақша жиналмаған, бірақ Әскери Губернатор тарапынан қарсылық болмаса, мұндай шаралар атқарылуы мүмкін.
Жоғарыда айтылғандарды мәлім ете отырып, Жоғары мәртебелі мырза Сізден тиісті шаралар қабылдауды өтініп сұраймын».
Арада апта өтпестен, сол жылдың 31 наурызында Кривошейн аталмыш хатты Қоныс аударушылар жөніндегі басқарманың жерге орналастыру және жерді игеру бас басқарушысы Самсоновқа жолдаған. Ол өз қатынас хатында Ішкі істер министрі жолдас Штальмайстер Курловтың мәлімдемесін алға тарта отырып, жоғарыда аталған хаттың мазмұнын толықтай келтіреді де, сөз соңында: «Жоғары мәртебелі мырза, Жетісу қазақтары өміріндегі қазіргі қауіпті жағдайда Жетісу әкімшілігінің өзіңізге бағынышты шенеуніктеріне қоныс аударушылар партияларының қиындықты істеріне ықпал етуді тапсырсаңыз, сондай-ақ олардың қазақтарға қоныс аудару учаскелерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар қатаң түрде заңға сәйкес жүргізіліп жатқанын, жұмыстар қандай жағдайда да тоқтатылмайтынын, отырықшы құрылымды қалайтын қазақтар қандай да бір ерекше негізде емес, өлкеге орналасып жатқан орыс қоныс аударушыларымен тең дәреже жер ала алатындықтарын түсіндіруін сұрасаңыз» деп жазады.
Б.Сырттановтың есімі осы мәселеге қатысты тағы басқа да мәлімдемелерде ұшырасады. Айталық, 1912 жылдың 24 қарашасында Ішкі істер министрі В.А.Сухомлиновтың атына жазылған, Н.Золотарев деген шенеунік қол қойған, Бас штабтың Азия бөлігінің іс жүргізушісі растаған хатта мынадай жолдар бар:
«Татар көпесі Абдулқұдыс Ғабдулвалиевтің үйін тінту бойынша алынған хат алмасулар қазақ Сыртановтың Жетісу қазақтарының сенімді өкілі ретіндегі Петербургке сапары тек жерге мұқтаждықты білдіру ғана емес, сондай-ақ басқа да мақсаттарды көздегенін білдіреді. Дегенмен Думалық мұсылман фракцияларының көмегімен басқа облыстардың мұсылмандарымен жоғарыда сөз болған ортақ мақсаттар бойынша бірігу жөніндегі талабы іске аспаған».
Түркістан Генерал-Губернаторы Н.П. Михневичке жоғарыда аты аталған А.Самсонов 1913 жылдың 30 мамырында жолдаған хатта да негізінен жерге қоныстандыру, осыған қатысты жергілікті халық тарапынан болып жатқан қарсылықтар, арандатушылықтар кеңінен сөз болады. Мұнда да осы істің басы-қасында жүрген, «Қара шекпенділер күннен күнге біздің жерімізге қоныстануда, халіміз ауырлап барады, күн көру қиынға соғып тұр, жақсы жердің бәрі қоныс аударушылардың меншігіне өтті, ата жұртынан айырылған байғұс қазақ тақыр жерге қуылды. Келімсектерді тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет» деп көпке түрткі, ұйытқы болып жүрген Б.Сыртанов есімі аталады.
Ел іші наразылыққа толы. Жұрт жаппай бас көтеріп жатыр. Осыны анық сезінген орыс өкіметі ендігі жерде бұрынғыдай бәрін белден баса бермей, жергілікті халықпен де есептесу керек екеніне де назар аудара бастаған. Орыс шенеуніктерінің осындай көңіл күйі біз келтіріп отырған төрт құжаттан да байқалады.
Бір өкініштісі, Б.Сыртанов қапастағы қалың елінің Алаш ұранын көтеріп, ұлт болып күрес жолына түскенін толық көріп үлгермей, 1914 жылдың 26 қарашасында мезгілсіз қайтыс болады. Өлімі жұмбақ... Қапал қаласының маңына жерленеді.
Б. Сыртановтың елі үшін сіңірген еңбегі көзінің тірісінде-ақ өз бағасын алып үлгерген. Сол орайда біз де Б.Сыртанов жайындағы бүгінгі қысқа толғамды замандасы Бақытжан Қаратаевтың оған жазған бір хатындағы мына бір сөзбен түйіндегіміз келеді: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың. Жалғыз сенің ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуға қақың бар!»
Нұрлан Дулатбеков
Abai.kz