Бізге Үкіметтен есеп алатын Парламент керек!
БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТТІҢ ҮКІМЕТ ПЕН ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫНАН ЕСЕП АЛАТЫН КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТІ БОЛУЫ КЕРЕК!
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Бұл — Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың формуласы.
Осындай тамаша формула жолға қойылғалы біраз жыл болғанымен, оның соңғы екі бөлігін қамтамасыз ететін тетік Конституцияда жоқ! Тек, сөз жүзінде қалып барады…
Ендеше, елімізде жүргізлетін барлық реформа осы формуланың өз деңгейінде жүзеге асуына бағытталып жасалуы керек.
Осы жерде Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының жетекшісі Е. Қарин мырзаның; Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасарлары Е. Жиенбаев пен А. Қырықбаев мырзаның және Жұмыс тобының өзге де мүшелерінің назарын қолданыстағы Конституцияның мына бір тұсына аударғанды жөн көрдім.
— Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді.
Бұл қазіргі Конституциямыздың 53-бабының 2) тармағының бірінші бөлігі.
Шын мәніндегі ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕТ құру үшін, енді құрылатын бір палаталы парламент Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітіп қана қоймауы керек.
Сонымен бірге, Парламенттің Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатадан республикалық бюджеттің атқарылуынан ЕСЕП АЛАТЫН да конституциялық құзыреті болуы керек!
Сонда ғана ПАРЛЕМЕТТІҢ ЫҚПАЛЫ артады. Нағыз ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ болады.
Айтпақшы, Ата Заңның осы аталған 53-бабының 2) тармағында «Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;» деп жазулы тұр.
Депутаттардың сөздері мен сұхбаттарына қарасақ, Асқар Мамин, Әлихан Смайылов және қазіргі Олжас Бектенов Үкіметіне Парламенттің көңілі ешқашан тоған емес!
Депутаттар үнемі, сынап, өздерінің алаңдаушылығын білдіріп жатады.
«Республикалық бюджет туралы» заңға, жаңылмасам, биыл Парламент төрт мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізді-ау деймін.
Бірақ, неге екені белгісіз, Парламент жоғарыдағы 53-баптағы норманы пайдаланып, өздерінің діттеген жерінен шықпаған сол Үкіметтерге сенімсіздік жариялауға батылдары жетпей-ақ қойды.
Мүмкін, бұл норманы енді бір палаталы парламенттің депутаттары пайдаланатын шығар.
Қалай десек те, Парламенттің Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатадан республикалық бюджеттің атқарылуынан ЕСЕП АЛАТЫН нақты конституциялық құзыреті болуы керек!
Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобы осы мәселені қаперіне алса екен деймін…
Ауыт Мұқибек
Abai.kz