Сенбі, 23 Қараша 2024
Пікір 2685 2 пікір 6 Сәуір, 2020 сағат 18:01

Мемлекеттік қолдау бизнестің жауапкершілігімен бекемделгені маңызды

31 наурыз күні президент Қ.Тоқаев азаматтарымызбен қоса бизнеске де айтарлықтай ауқымды қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Кәсіпкерлік – кез-келген экономиканың тірегі. Төтенше жағдай кезінде сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырған шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық беру – маңызды шешім.

Президент мәлімдемесінен бизнеске қолдау бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жүзеге асатынын байқаймыз.

Әуелі, салықтан босату шаралары. Шағын және орта бизнес өкілдері алты айға еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылды. Бұл қатарға қалыптасқан жағдайдан ең көп зардап шеккен секторлар: сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салалар кіреді. Тұтастай алғанда, шағын, орта бизнесің салықтың барлық түрі бойынша төлем жасауы үш айға шегерілді.

Төтенше жағдай кезінде кейбір отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып отырғанын да айтқан жөн. Себебі, Мемлекет басшысы жергілікті өнімді сатып алуға басымдық беруді тапсырды. Бұл мақсатта әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы шарт. Сондай-ақ, алынған өнімнің дүкен сөрелеріне тауар түрінде жету процесін жолға қою, жеңілдетілген кредит беру мәселесін шешу тапсырылды. Мемлекет басшысының экспорттық тауар өндіруге бағытталған өнеркәсіптерге де қолдау көрсету туралы шешімі стратегиялық тұрғыдан алдағы уақытта да өз маңызын жоймайды. Ал, бизнес болса, өз тарапынан, өндіріс көлемін қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға, жұмыспен қамту деңгейін сақтауға міндетті болмақ.

Әлемді жайлаған коронавирус індеті бірлескен, келісілген әрекетті талап ететінін көрсетіп отыр. Бұл бизнес үшін де ортақ қағида болуы шарт. Сол себепті, мемлекеттік қолдау бизнестің жауапкершілігімен бекемделгені маңызды.

Жасұланбек Майлыбай,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің

жетекші сарапшысы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435