Үкімет қант шаруаларын «лақтырып» кетті ме?
Кезінде Үкімет бағдарлама бекітіп, қант қызылшасын дамытамыз деп халықты шаруаға жұмылдырды. Меркі қант зауытын іске қосты. Кейін қант зауытын Рахат Әлиев басқа құрылтайшыға сатты. Одан кейін басқа біреу оған қожалық жасады. Кейіннен тағы өзге қожайындар иеленді. Ешқайсысы зауытты дамытуға қаражат салмай, керісінше тапқан пайданы қалтаға басты. Ал бүгінгі күні Үкімет шаруаларға “өздерің шешіңдер”, - деп айтып, мәселеге араласқылары келмей отыр, ат тонын ала қашты.
Меркі қант зауытының акционерлері жиі ауысады, бір қолдан екінші қолға өткендіктен, бизнесті дамыту мақсатына жете алмай отыр. Жалғыз ғана мақсаттары - пайданы қалтаға басу. Сол себепті, Меркі қант зауыты жыл сайын өндіріс көлемін төмендетіп жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, көрші Қырғызстандағы қант зауыттары фермерлерден қант қызылшасын салыстырмалы түрде бізден 20%-ға көп қаражатқа сатып алып отыр, сонымен қатар, жыл сайын өнім көлемін көбейтуде. Ал біздегі жағдай керісінше болып тұр.
Құрметті Бердібек мырза, Меркі қант зауытының ендігі жағдайы қалай болады? Меркі қант зауыты қант қызылшасын өндіруші фермерлерге 800 млн теңге қарызын қашан төлейді?
Фермерлердің маған жазған хатының мазмұны мынадай: "Азаматхан, ассаламагалейкум. Бізге Меркі қант заводы әлі күнге дейін толық ақшаларды бермеді. 918 миллион қарыздан 80 миллион ғана төленді. Осынша уақытқа дейін күттік. Президент Тоқаевтың сайтына жазсақ қалай болады? Облыс әкімінен қаражатымызды алып беруді сұранғанмыз. Одан бері біраз уақыт өтті. Ақшалардың шаңы да көрінбейді. Не ақыл айтасыз?".
Сонымен қатар, фермерлердің жеке үйлері банктерде кепілдікте тұрғанын ескерулеріңізді сұраймын. Кеше фермерлер мәселе шешілмесе, митингке шығатынын айтып, маған хабарласты.
Бұл мәселенің жылдам әрі әділ шешімін күтеміз.
Азаматхан Әміртайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz