Қазақстанға гуманитарлық көмек кімдерден келіп жатыр?
9 сәуірде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон соқты. Гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жібергені үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар ол Тәжікстанның азаматтарын отанына қайтаруға және Қазақстан шекарасынан жүк тасымалын тоқтаусыз өткізуге ықпал еткені үшін ризашылық білдірген.
Бүгінде бүкіл әлем COVID-19 пандемиясымен күресіп жатыр. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталған індеттің Тәжікстанда мүлде тіркелмегенін айтады.
Ал, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны күн сайын артып келеді. Осыған орай Қазақстан да басқа мемлекеттерден көмек алуға мүдделі болған.
Ресейден келген көмек
1-сәуір күні Қазақстан елде таралған індетке байланысты Ресейден гуманитарлық көмек сұрады.
«Біз барлық елдерге, соның ішінде Ресей Федерациясына да гуманитарлық көмек көрсету туралы өтініш жібердік», - деді Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігі.
Бұл туралы tsargrad.tv дейтін сайт «арқамыздан пышақ сұққан Қазақстанға көмек береміз бе, ойланамыз ба?» деп мысқылдай мақала жазды.
Сөйтіп, Қазақстаннан, қазақтан көрген «қиянатын» жіпке тізіп шығыпты. Ақыр аяғы Қазақстанның Ресейге алғыс айтуы екіталай екенін айтып, оны «ата-анасына ешқашан алғыс айтпайтын балаға» теңепті.
Қытайдан келген көмек
Ал, 2-сәуір күні Қазақстанға Қытайдан гуманитарлық көмек келді. Гуманитарлық көмекке сынақтар жиынтығына бір рет қолданылатын медициналық аяқ киім, қолғап, көзілдірік және медициналық киім кіреді.
СІМ жақын уақытта Қытайдан медициналық қорғаныс құралдарын жеткізуді күтіп отырғанын мәлімдеді. Ал,Қазақстандағы Қытай бас консулының орынбасары Мяо Хумбо бұл соңғы көмек емес екенін айтты.
Джек Ма жіберген көмек
Сондай-ақ, бүгін Хэбэй провинциясынан «Джек Ма» және «Alibaba» қорлары Алматыға 4,5 мың тонна гуманитарлық көмек жолдады. Оның ішінде 500 мың тонна түрлі медициналық маска, 5 мың қорғаныш костюм, 50 мың мед.қолғап және термометрлер бар.
Ал, ҚР Президенті Қ.Тоқаев Джек Маның көмегіне алғысын білдірді.
БАӘ жіберген көмек
Сонымен қатар, 6-сәуір күні ҚР СІМ Twitter желісінде Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктерінен 13 тонна гуманитарлық көмек келгенін жазды.
АҚШ жіберген көмек
8-сәуір күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ-тың Қазақстанға қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Түйін. Жаппай таралған коронавирус пандемиясы кез-келген елдің экономикасына үлкен соққы болғаны белгілі. Алайда, көрші Қытай аталған індеттің экономикалық зардабын жою үшін өндіріс орындарын жандандырып, қуатты кәсіпорындарды ұйымдастыруға кірісті. Өзбекстан президенті Миризиёев та елдегі өндіріс көлемі мен жұмыс орындарын сақтау, кәсіпорындардың жұмысын жалғастыру аса қажет екенін айтты.
Айтпақшы, бүгін Өзбекстанның Инновациялық даму министрлігі жанындағы Заманауи технологиялар орталығының қызметкерлері коронавирусты анықтайтын сынама жүйе жасап шығарғаны белгілі болды.
Өзбек билігі коронавирус инфекциясын анықтау бойынша бірқатар инновациялық жобаларға байқау жариялаған екен. Сөйтіп өзбек ғалымдары коронавирусты анықтайтын сынама әзірлеген. Бұдан бөлек, қол жетімді дәрілердің антивирустық нәтижелерін зерттеп жатыр екен.
Қош, бұл өзбектер. Біздегі жалқы сұрақ - қазақ ғалымдарында, Қазақстанның вирусологтар мен инфекционистерінде не жаңалық?
Abai.kz