Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әттең... 7973 6 пікір 14 Сәуір, 2020 сағат 13:00

Қытай ертегісі және қазақ шындығы

Төртінші сыныпта оқып жүргенде ағайынды Ли мен Лю туралы бір қытай ертегісін оқығаным есімде. Жалқау Лю көлеңкеде ұйықтап жата береді, ал еңбекқор Ли маңдайынан тер тамшылап жер жыртып жүргенде соқа түреніне бір құмыра алтын ілінеді. Сөйтіп жұмысқа жанын салатын Ли байып шыға келеді.

Ал қазақ ертегілерінен есімде қалғаны алма ағашының түбінде жатып алып «алма піс, ауызыма түс» деп айтуға да ерінетін үш жалқау туралы ертегі. Тегі білім министрлегіндегілер «Үш жалқаудың» тәрбиелік мәні ерекше зор деп санайтын болар, бұл ертегі бүлдіршіндерге арналған balakai.kz сайтында да, мектепке дейінгі тәрбие беретін білім жоспарында да тұр. 

Бұдан басқа бала кезімде орыстың жалқау Емельян туралы ертегісін оқығанмын. Жылы пештің үстінде басын көтермей жата беретін маубас Емельян ойда жоқта жолы болып, шортан балық ұстап алады да, барлық жұмыс өзінен өзі істеліп жүре береді. Ал оның ерте тұрып базарға баратын, сауда жасап табыс табатын екі ағасы ақымақ болып қалады. 

Орыс ағайындарымыздың «жұмыс қасқыр емес, орманға қашып кетпейді» деген мәтелін қайталауды ұнататын қазақ «асықпаған арбамен қоянға жетеді» деп өзінің самарқаулығын да ақтап ала қояды. Осы жайбасарлық көркем әдебиетте де шегеленіп қалған сияқты. Ауыл өмірінің тіршілігін суреттейтін қай әңгімені оқысаң да үйреншікті жолдармен басталады: «Дүйсен қарт күн арқан бойында көтерілгенде оянып, әр нәрсені ойлап ұзақ жатты. Сонан соң асықпай киініп, сылбыр басып далаға шығып келді де, кемпірі құйған күрең шайды маңдайы тершіп асықпай ұзақ сімірді...»    

Тегі әр халықтың әдебиетінде де, ертегі желісінде де сол халықтың көзқарасы мен ой-санасы айнадағыдай көрінетін сияқты. Қытайлар шынында да еңбекқор. Алдыңғы жылы қытай жұмысшылары он екі сағатта арасы тоқсан шақырымдық екі қаланы жалғастыратын темір жол салып тастап дүниені таңырқатқан еді. Енді Ухань қаласында коронавирус жұқтырғандарды емдейтін мың орындық Лейшеңшень ауруханасын он күнде аяқтап тағы да таңырқатты.

Бұл ғажайыптың сыры қытайларға тән жанқиярлықта ғана емес, жұмыс алгоритмін мұқият ойластырып  жоспарлауда сияқты. China Daily газетіндегі хронологиялық деректерге көз салсақ осындай ой түйеміз:

-23 қаңтар: аурухана құрылысының жобасы талқыланды, соңғы шешім қабылданды

-24 қаңтарға қараған түні: жүзден астам экскаваторлар мен бульдозерлер, таңғы сағат үште 160 құрылыс жұмысының жетекшілері, 240 жұмысшы құрылыс алаңына аттандырылды. Барлық техника таңғы сағат төрт пен бестің аралығында дайын болды.

-25 қаңтар: екі жүзден аса жұмысшы жұмысты бастап кетті

-27 қаңтар: алаң тегістеліп, алғашқы алдын ала дайындалған құрылыс контейнерлері тұрғызылды

-28  қаңтар: қос қабатты ғимараттың болат құрамдары орнатылды   

-29 қаңтар: 300 ден аса алдын ала дайындалған контейнерлер тұрғызылды

-30 қаңтар: ғимараттың суағар және санитарлық торабының құрылысы аяқталды

-31 қаңтар: 90 текше тонналық алдын ала дайындалған ғимарат бөліктері толық құрастырылды

-1 ақпан: ғимаратқа электр қуатын беру жүйесін және палаталарға медициналық жабдықтарды орнату жұмысы аяқталды

-2 ақпан: аурухана ресми түрде пайдалануға берілді   

Бұл жұмысқа бір орталықтан басқарылатын Қытайдың ірі өндіріс орындары қатысты. Фуньян провинциясындағы бір компания 7000 құрылыс панельдерін дайындады, Қытайдың Чан Ле кәсіпорыны 1000 палатаны құрастырды, Ченду провинциясындағы тағы бір компания 150 дана ауаны залалсыздандыратын қондырғылар жасап шығарды. Аурухана ашылысымен 1400 әскери дәрігер ауруларды қабылдауға кірісті. 

Қазіргі саяси-экономикалық жағдайда біз Қытайдан төнетін қауіп туралы көп айтамыз Оның негізі де бар. Бірақ жұмысты ұйымдастыру, уақытты ұтымды пайдалану, қажырлылыққа келгенде біздің олардан үйренеріміз де көп. 

Қытайда жұмыс күші көп екені рас. Бірақ, Қазақстанның тепсе темір үзетін жастағы азаматтар екі қолға күрек таппай жүргені де шындық қой. Оларға мамандық беру, қайта даярлау сияқты бұдан бірнеше жыл бұрын дүркірете жарнамаланған «серпінді» жобалар туралы қазір ештеңе айтылмауы неліктен? Тоқсаныншы жылдардың басында Қызылжардағы ауыр машина жасау зауытында халық тұтынатын заттар шығару туралы сөз болып еді, ол да ұмытылды. Бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауытында канадалықтармен бірлесіп ауыл шаруашылығы техникасын шығару жобасы да жанбай жатып сөніп қалды. 

Осындай шала бықсыған өндірістік жобалар Қазақстанның әр өңірінде болды. Ал нәтиже қайда? Қазір еліміздің нарығында шетелдің тауарлары. Көлік те, компьютер де, жихаз да жалтырап, жұтынып тұр. Бірақ орыс ағайындар айтатындай, «Маша сұлу, керемет, біздікі емес не керек...» Бәрі шет елдікі, өзгенің қолымен жасалған. Ал отыз жылда өзімізге қажеттіні өзіміз жасай алмауымыздың себебі не? Жалқаулықтан ба, берекесіздіктен бе?

Марат Ермұқанов 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543