Үйір іздеген көкжал...
14 сәуірде аса көрнекті ақын, жазушы, қоғам қайраткері Ғабиден Құлахметтің туғанына 65 жыл толып отыр. Соған орай, бүгін Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысындағы ақын тұрған сәулетті үйге ескерткіш тақта ілінді. Дүниені бір тарының қауызына сыйғызған құдайдың құдіретінен аса алмаған билік ескерткіш тақтаның ресми ашылуын кейінге қалдырды.
«Көзімнің қарасы», «Ақ бастау» атты алғашқы жыр жинақтарымен-ақ қазақ поэзиясына ұлттық нақыш дарытқан талантты ақынның кейінгі шыққан «Ұрпағың үзілмесін», «Көл түбіне кеткен ел», «Ердің сыны», «Жалғыз бөлтірік», «Серінің соңғы сәлемі» атты хикаялары мен «Үйірі жоқ көкжал» романы проза саласын жанрлық тұрғыдан байтып, түрлендіргенін әдебиетшілер жақсы біледі. Шығармалары кезінде республикалық «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екі дүркін жүлдегері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанғанын да оқырмандар ұмытпаған болар деп ойлаймыз.
Әйгілі Тарбағатайдың баурайында Мыңбұлақ, Лайбұлақ, Текебұлақ, Тасбұлақ, Суықбұлақ деп кете беретін қыз бұрымындай мың сан тарау бұлықсыған бұлақтардан нәр алатын тостағандай Шолпан ауылы бар.
Сағынышпен сенделтіп мың сан ағын,
Өкініштен ішем де жыр шарабын.
Шолпан деген ауылды есіме алып,
Шолпан жұлдыз, Өзіңе мұң шағамын, - деп, Ғабиденнің университетте бірге оқыған үзеңгілес досы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет тебіреніспен жырға қосатын Шолпан! Ғабиден екеуміздің туған ауылымыз осы Шолпан.
Арқалы ақынның жастық шақтағы алаулы ғұмырынан сыр шертетін «Үйір іздеген көкжал» атты естелігімізді алдағы күндері республикалық әдеби газет пен журналдың бірінен оқып қаларсыздар. Сондай-ақ, Жазушылар Одағының қолдауымен баспада теріліп, дайын тұрған екі томдық таңдамалысының да тұсаукесері барша қаламгерлердің қатысуымен кейінірек өтеді деген ниетіміз бар.
Әзірше назарларыңызға ақынның туған інісі Зекіман Құлахмет пен баласының қатысуымен орнатылған ескерткіш тақтаның суреті мен бір өлеңін ұсынамыз.
*****
Ғабиден Құлахмет. Туған жер
Ауылдың маңы, баурайы белі,
Жамырай өскен тал-қайың еді.
Тырналар қайтқанда тыраулай ұшып,
Жапырағы түгел сарғайып еді...
Күзеудің оттары шет-шетте жанып,
Көктемнің исі көкпекте қалып.
Қоғалы көлдер қабыршықтанғанда,
Інілер жүр-ау мектепке барып...
Көңілім Арқа даласын кезді,
Тоңдырған шақта қара сыз лебі.
Көршінің қызы бой жетті дейді,
Тұлымы желбіреген бала қыз еді.
Өтіпті күндер, білместен біздер,
Өтіпті түндер, білместен біздер,
Қозы-лақ баққан балалық шағым,
Алыста қалдың, құм кешкен іздер.
Жеткізгенде аққу дауысын желдің,
Толқындай билеп, алып-ұшып едім.
Сары алтын жолда сағыммен ойнап,
Сарғайып күтті-ау сағынышым менің...
Қайым-Мұнар Табеев,
Abai.kz