Бұл - дамушы елдерге сабақ болуы тиіс
Мынау Барселонадағы вирустан көз жұмған жандарға арналған табыттар. Мыңдаған табыт. Дамыған, өркениетті Испания ешқашан мұндай жағдайға түсеміз деп ойлаған емес. Бірақ түсті.
Бұл әлсіз, дамушы елдерге сабақ болуы тиіс. Тек мемлекеттік билігіне ғана емес, халқына да.
Қуатты АҚШ-тың аяғы аспаннан келді. 600 мыңға жуық адам вирус жұқтырып, 25 мыңға жуығы көз жұмды. Әлемдегі нөмір бірінші экономика, нөмір бірінші демократия, нөмір бірінші әскери қуатқа ие ел вирустың алдында дәрменсіздік танытуда. Триллиондар бөліп жатыр, бірақ оның өзі көмектесер емес. Бірақ 320 млн халқы бар АҚШ бұл қиындықтан шығады, тіпті 20 мың емес, 20 млн шығын болса да құтылады. Қайта қуатына келеді. Өйткені держава, гегемон.
Ал біз сияқты әлсіз, әлемдік саясаттың желі қалай соқса, солай сұлап түсетін елдер қайтпек? Оларды кім құтқарады? Олар қалай шығады мына тығырықтан? Оларды өз билігі мен халқы ғана құтқарады. Басқа ешкім емес.
Бүгін бізде вирус жұқтырған 140 адам тіркелді. 18,5 млн халқы бар ел үшін үлкен сан. Оның 106-сы Алматыда. Тіпті шошытарлық. Жалпы вирус жұқтырғандардың саны 1100-ге жақындады. Ғалымдардың айтуы бойынша мыңға жеткен соң вирусты жұқтыру қарқыны артады. Математикалық қарапайым есеп қой. Сондықтан барлық сақтық шараларын күшейткен жөн сияқты. Далаға шықпау, үйде болу, жауапкершілікті сезіну, гигиена сақтауды қадағалау керек. Жауыр болған ақпарат болса да, қайталап айта беру абзал.
Көктем, далада ауа райы керемет. Адамды өзіне баурап, шақырып тұрады. Шығып, серуендегіміз келеді. Бірақ өзімізді тежеп үйде отырған жөн. Далаға себепсіз секеңдеп шығу - соңғы көктемге әкелуі мүмкін. Мына індетті жеңсек - тездетіп қалыпты жағдайға ораламыз.
Асхат Қасенғалидың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz