Домалай
("Мен – жындымын – 2" романынан тарау)
Иә, иә, Алматының әр көшесі, әр пұшпағында менің жастық шағым шалықтап жүр. Көз жасым да талай тамған, өксігім де жаңғырып тұр. Қия алар емеспін. Ойбай-ау, басқасын қисаң да, Алматының гауһар моншақтай жарқыраған мына көшесін қалай қиярсың! Фур... тіфу, үйреніп қалған ауыз қисаңдауын қоймайды екен ғой, қайдағы Фурманов, кетсінші әрі қып-қызыл коммунист албасты, айналайын өзіміздің Нұрекең атындағы ше, Назарбаев даңғылы! Бұрын бәлшебек-комиссардың тозған шинеліндей сұрқай, сүреңсіз көшелердің бірі еді. Қазір қандай? Алматының кір шапанын орай буған гауһар көзді алтын кісенің нақ өзі. Айналасынан айдыны асып асқақтап тұр. Аллам-ау, осы көшенің атын өзгертеді дегенде, жетім күшіктей шабалаңдап қарсы шыққанның бірі мен емес пе едім. Құдай жынды ғып қойған соң не шара. Әйтпесе маған не жоқ десеңші. Әй, соңғы уақытта әнеу "Дат" деген қазитке тым көп шұқшиып кетіп ем, жүдә помайды екән дә! Бар кесел содан жұқты. Ленин бапам "Религия – апиын" деп тегін гәп қымаған ғой. Мына "Датың" дәп религия екен, өзі шала миымды шайқап, нұқыл шалап қып жіберді түге. Тылипоныма "ойбай, жетіңдер, көшенің атын ана кісінің атына өзгерткелі жатыр, одан да Алтынбектің не Заманбектің атын берсін. Талап етеміз, жинал, жұртым!" деген сәбщение келген соң, кезекшілігімді Өмірзаққа тастай сап, барахолканың аузы-мұрынынан шыққан көк автобусына жарты табанымды жабыстырып құстай ұшайын. Екі бұтым екі жаққа талтаңдап, ентігімді баса алмай айтылған жерге едіреңдеп жетіп келсем, жол жөндеушілерден басқа бейсауыт жан адам жоқ. Не істерімді білмей ербиіп ары тұрдым, бері тұрдым. Арылдап-дарылдаған тыхника. Ұзын мойын эксковатор жынданған жирафтай арсиған тісімен асфальтті қарш-қарш шайнап қопарып жатыр. Шынжыр табан бульдозер қирандыны ізінен сыпыра күреп, Камаздің қорабына серпе лақтырады. Қос жиек тып-типыл. Жуан-жуан емендер мен терек-қайыңдарды тісі сақылдаған пилорама қырқай қырқып, баудай түсіріп барады. Жарты-ақ жыл бұрын жұнттай ғып жөндеген жол. Ой-шұңқырынан машинаның көтенішегі үзілер қотыр көшелер толып жатқанда, дұп-дұрыс жерді бүлдіріп, бұлардікі не қастандық. Өзі бұзық қаным бұрқ етіп басыма тепті. Он жетінші жылы Кетрампорда бронепоездің төбесінде тұрып ап ұрандаған Ленин бапам секілді, жол жиегіндегі қиыршық тастың үйіндісіне қарғып шықтым да, тас түйілген жұдырығымды көкке сермеп, айғай салдым:
– Ей, вредители, кончай беспредел! Бұл не сұмдық, тоқтат кәне!
Менің аш күшіктей шәңкілдеген шәуілімді ұлы сүрен у-шудың арасынан кім естісін. Тек эксковаторшы тісі ақсия маған қарап, самайын сұқ саусағымен бұрғылады.
Көп өтпей қарсылық акциясы белсенділерінің алды да жетті сүрініп-қабынып. Кірден жылтыраған қоңыр плащының бір етегін беліндегі кендір жіпке қыстырып, бір етегі салбырап, шойнаңдай басқан қысық көз, сары жігіт ентелей кеп тоқтады. Төбесіне тұтқан қос көк шар көкке ұшам деп желмен жағаласа жұлқынады. Бүйіріне қызыл маркермен "НЭТ!!!" деп жазып алыпты сойдақтатып. Ентіккенде екі езуіндегі екі-екіден едірейген сарғыш қыл жапырыла құлап желп-желп етеді.
– Немене, кетіп қалған ба бәрі нұқыл?
– Басқа ешкім келген жоқ.
– Шыли осы. Айтып алады да, өздері бұғып қалады... Тоқта, – деді қалтасынан телефонын алып. – Сәбшение келді. – Мә-ә-ә! – Аузы жұдырық кіріп кететіндей ашылып қалды. – Бекер кінәлаппын ғой. Әктібистердің бәрін палиса түнде барып үйінен ұстап әкетіпті. Бәсе десем... Осы палиса ертең соғыс боса, жаумен өстіп айқаса ма екен ей?.. Мен қорықпаймын, сары билетім бар, маған по хой мороз!
Ол да мен секілді жынды екен. Братанымды көргендей қуанып кеттім. Қол алысып амандастық.
– Мұнда не үшін келдің? – дедім братаныма.
– Не үшін болушы еді? Балық үлестіріп жатыр ма екен? Әділдік үшін! Әйтпесе тірі адамға көше беру деген нұқыл масқара емес пе? Одан да Алтынбектің атын берсін!
Ой, Алла, жындылардың бәрі бірдей ойлайды екен ғой. Братанды тағы да құшақтап, арқасынан қақтым. Біз шүңкілдесіп тұрғанда, тағы екі пикетчик келді бір-бірімен соқтығыса шайқала басып. Түте-түте үрпиген қауға сақалдың арасынан көздері мен мұрыннның ұшы жылтырап әзер көрінеді. Төбелеріне ызың- ызың үйірілген көк шыбыннан қолшатыр көтеріп, сасып-мүңкіп жел жағымызға тұра қалды. Бомжылар екен. Фурмановтің бас жағындағы су ақпайтын шлюзді көптен бері баспана ғып жүрсе керек. Соны бұзып тастағанға наразлық білдіре келіпті.
– Міне, аз-замат! – деді братан екеуінің қолын кезек қысып. – Елімізде демократияны қорғайтын төрт күрескер бар екен. Үш адам – коллектив. Біз – төртеуміз! Әйдә, не тұрыс!
Асай-мүсейін сайлап келген екен, мойнындағы кенеп дорбадан үшбұрышты көк жалауша алып әрқайсымызға үлестірді. Төртеуміз дереу қол ұстасып, жалаушаларымызды желбіретіп, "НЭТ!" деп жазылған шарды төбемізге көтеріп көшені көлденең кесіп тұра қалдық. Жұдырығымызды түйе көкке бұлғап айғай салдық:
– Біз қарсымыз! Долой коррупция! Жасасын демократия!
Бомжының біреуі қарсы үйдің қабырғасындағы жазуды көріп:
– Аттан, Амантай каже! – деп жіберді.
Алғашқыда дауысымыз шашырап бей-берекет шығып еді, братан жалау ұстаған қолын дирижер боп оңды-солды ербеңдеткен соң жорғамыз түзеліп, бірте-бірте Америкадағы пикетке шыққан негрлердей бір ырғақпен әуендете ұрандаттық:
– Біз қарсымыз... қарсымыз! Жасасын демократия, жасасын!.. Жасасын!
Көшедегі андағайлап жыбыр-жыбыр өрген машина пружинадай сығылып бір-бірінің құйрығын иіскей баж-баж етіп тоқтайды. Клаксонын қаңқылдатып, терезеге шапталған ауыздар қисаңдап, көздер ежіреңдеп біздің қос қапталымыздан жырыла қашып зу-зу етеді. Өкінішке орай, пикетіміз ұзаққа созылмады. Бойындағы мәңгілік қозғаушы күш – барматуханың қызуына ұранның желігі қосылды ма, еліріп алған бомжының біреуі унитаздың шұңқырындай мүңкіген аузын арандай ашып айғай салғаны:
– Аллаһ-аһбар!!!
Сол-ақ екен рация саңқылдап қоя берді:
– Террористер! Қоршаңдар! Ұстаңдар!
Әр бұтаның түбінен, әр үйдің қалқасынан топ-топ әскер сау етіп өріп-өріп шыға келді. Айналадағы қалың ағаш қалың солдат боп қаптап келе жатқандай зәрем ұшты. Автомат асынып, каска, бронежилет құрсанған, мультфильмдегі нинзадай, кемі бес жүз омон жан-жағымыздан тап берді.
– Шухер! – деді бомжының бірі жан дауысы шыға шыңғырып. Таңертеңгі "утренникте" "Айгөлек" билеген детсадтың бүлдіршініндей қол ұстасқан төртеуіміз шошыған шілдей шар етіп төрт жаққа шашырадық. Қашқанмен құтқарсын ба, әр қайсымыздың үстімізге бір-бір мәшин көмір төге салғандай, төрт жерде төрт қара төбе үйілді де қалды. Басқаларды білмеймін, өз басым асфальттің бұжыр бетін шексіз махаббатпен шөп еткізіп бір сүйіп алғаннан кейінгісі өлтірсең де есімде жоқ, көлкіген көк тұман. Тек миымның бір қиырында жай оғындай жарқ еткен жалғыз сәуле: "Алла-ай, біздің қарулы күштеріміз неткен айбынды еді, егер сырттан жау шабуылдай қалса, мынандай құрсанған қаһарымен бір-ақ сәтте тас-талқанын шығарады екен-ау! Әй, қандай жауыз болса да, жүрегі дауалай қоймас!" деген мерейлі сезім ғана... Бір кезде кірпігімді қимылдатсам, қараңғы түнде, ақ бесіктің үстінде тербетіліп жатырмын. Нұқыл сәби боп кеткендеймін бе тегі, қалай өзі? Әне-міне ақ мамашым елжіреген мейірімді әуезімен: "Әлди-әлди, ақ бөпем. Ақ бесікке жат, бөпем. Құнан қойды соя ғой. Құйрығына тоя ғой!.." деп әндететіндей жүрегім лүпілдеп, көзіме жас үйірілді. "Ма-ма!" дедім күбірлей кемсеңдеп. Әлдебір аялы алақан екі төсімді сипалады, онда көп тұрақтамай қос бүйірімді жыбыр-жыбыр түрткіледі. Саяхатын жалғастырып, барған сайын төмен сырғып барады. Құлдилаған қол сумаңдап келесі сәтте құйрығыма жабыса кетсін. Бойым дір етіп тіксініп қалдым. Енді болмаса, әтпішімнен шап беретіндей екі бұтымды қыса қойғамын жалма-жан.
– Ештеңе жоқ қой, әт-таңа нәлет! – деді ұртын толтырып қомпылдаған өкінішті даус.
– Темекі де жоқ па? – Шіңкілдеген дауыс өзеуреп үміт үзгісі келер емес.
– Жоқ!
– Тылипоны да жоқ па?
– Екі ғасыр бұрынғы "Nokia".
– Құрсын, қол былғап қайтеміз... Мұндай жерге бойлай қайыршылар жиналады емес пе!
Сөйтсем, қалта ақтарған қолдар екен "махаббат" массажын жасаған. "Автозак" төріне төсек сап, "әлди-әлди, бөпем-ай" деп тербетіп келеді.
Погребтегі көктеген кәртөшкенің сабағындай ақборық, іркілдеген тергеуші аты-жөнімді сұрап, қолындағы қаламы қағаздың жарты бетіне дейін жорғалап барып тоқтады да, үстелдің шетінде бір қырын отырған маған сүзетін бұқадай бығыр мойынын бұрды:
– Пикетке өзің шықтың ба, әлде біреу үгіттеді ме?
– Өзім.
– ДВК-ның мүшесісің бе?
– Ол не? Детский волейбольный клуб па?
– Білмей қалғаның! – Ақборықтың осқырнғанда, делдиген кеңсірігінен "жорғатайы" ақ құрттай бір жылт етіп қайтты. – Өйтіп бұлтаққа салма!
– Өллә-біллә, шын айтам?
– Ол – ана шетте жүрген қашқынның террористік ұйымы! Оған қатысың болса, өз обалың өзіңе. Бізде бәрінің тізімі бар. Байқа, бәрібір анықтаймыз.
– Құрсын, оған мүше болғанша, Нұр-Отанға кірмеймін бе!
– Оған сендейлерді алады деп кім айтты?
– Пішту, алмаса қойсын. Маған керек еді соның!
– Әй-әй, байқап сөйле! Саяси жағынан бұзылған адамсың ғой өзі? Пикетке не мақсат көздеп шықтың?
– Әділет іздеп.
– Таптың ба?
– Табамын. Тапқанша іздей беремін!
– Демек, митингке бара берем дейсің ғой?
– Бара беремін.
– Баруға заңмен тиым салынғанын білемісің.
– Мен қарсымын!
– Сен қарсы болғаннан ештеңе өзгермейді. Сен – халық емессің!
– Халық деген мен. Менің келісімімсіз ондай заңды кім шығарды?
– Депутаттар. Халық сайлаған депутаттар.
– Оларды халық сайлаған жоқ. Жоғарыдағы көке отырғыза салғандар. Қолдарын көтеріп-түсіруді ғана біледі...
– Доғар сөзді! – Ақборық жігіт жұп-жұмсақ жұдырығымен үстелдің бетін былқ еткізіп түйіп қалды. – Не сандырақтап отырғаныңды білемісің?
– Білемін. Шындықты айтып отырмын!
Ақборық салбыраған бұғағы бүлк-бүлк етіп түкірігіне шашалды:
– Сен өзі ешектің миын жегенбісің, әлде жарымеспісің сөз ұқпайтын?
– Ешектің миы тәтті болады дейді ғой, жемегеніме өкініп жүрмін, – дедім ыржиып. – Кешіріңіз, саудың сөзін жынды ұқпайды деген рас екен, жүдә! – Қалтамнан алып "сары билетімді" көрсетіп ем, "қап, бағанадан бергі босқа оттап қор болған есіл сөзім-ай" деді ме, тергеушім болбыраған аппақ беті лап қызарып, есік аузында тұрған сержантқа қолын ашулана сілтеді:
– Он екі сөткеге!
Түрмеге кіргізерде тұлабойымды түгел тінткіледі. Консерві мен сыраның қақпағын ашатын он екі басты аңшы бәкім бар еді, соған қоса белбеу мен бәтіңкемнің бауына дейін шешіп алды. Кірден жылтыраған кенеп дорбамда алтыншы романымның өзім түптеген қолжазбасы жүретін.
– Бұл не қағаз? – деді ашаң жүзді, қушық иық сержант.
– Өз жазғандарым.
– Кітап кіргізуге болмайды. Саяси бірдеңе болуы мүмкін.
Бір жақсысы, бәрін тіркейді екен. "Белбеу, екі шнур..." деп алған заттарын түгел тізіп қолхат берді.
Сонымен, хош, ауы тіземе түскен шалбардың ышқырын бір қолыммен ұстап, бауы жоқ, екі размер үлкен бәтіңкемді қорп-қорп басып казармаға кіріп барғанмын. Қырық жыл жуынбай теке сасыған бомж құшақтай алғандай болды. Тер, шуаш, темекі иісі ию-қию араласқан ащы қолаңса көзімді ұстарадай тіліп түсті. Салтанатыма сүйсінген аборигендер гу етіп хош көңілмен қарсы алды:
– Оһо, қатарымыз тағы бір қыранмен толықты!
Қаз-қатар тізілген қос қабат темір кереуеттер дәлізінің көз ұшында бұлаңытқан тұйығына тас сүйреткендей талтаңдап жеткенше, жымия, жымсия қадалған көздердің сұр жебесі оңымнан да, солымнан да осқылады. Біріне де қыңғам жоқ, хас батырдай қасқайып, салтанатты маршпен орыныма келдім де, қыран екенімді дәлелдеп, торы жерге тиген астыңғы төсекке жалп етіп қонақтай кеттім.
Екінші күні әлгі таныс сержант қасыма келді. Езуінде жұқалап жаққан жылы күлкі бар сияқты. Үні жұмсақ:
– Заттарыңызды алып жүріңіз.
Жеке камераға жайғастырды. Екі кісілік орында жалғыз өзім. Бір қапталы қабырғаға бекіген шағын жайма үстелге қарсы қарап отырдық. Менің қолжазбамды әдемі целлофан мұқабамен қаптап алған екен, алдыма қарай жылжытты:
– Оқып шықтым.
– Шын ба? – дедім айран-асырым шығып.
– Шын!
– Бас киіміңді шешші! – дедім әй-шәй жоқ. Жігіт бетіме бажырая бір қарап, картузын қолына алды. – Ой, Алла, басың бар екен ғой! – Таңырқап таңдайымды тақылдаттым. Бас болғанда қандай! Нағыз Сократқа біткен бас: шалқақ, сом шұйде, қос шекесі бұлтиған кең маңдай. Қысқа шашын шекеклігінен жарып тараған. Жігіт мырс етіп күліп жіберді:
– Ой, аға, сіз де айтасыз-ау. Басы жоқ адам бола ма?
– Қайдан білейін, менттерде бас болмайды, картузды мойынның жалғасына кигізіп қояды екен дейді ғой. Өзім де солай болса, солай шығар деп ойлайтынмын.
– Түу, әбден сүмірейттіңіз ғой! Ел не демейді?
– Басы болса, неге ойланбайды, неге көрмейді, неге жүрегі селт етпейді, неге біреу айтақтап "һайт!" десе, ит сияқты тарпа бас салады?..
– Бәрі бірдей емес шығар.
– Әй, қайдам?.. Жарайды, әзіл сөз ғой. Бірақ өз құлағыма өзім сенбей тұрмын. Шынымен оқыдың ба?
– Оқығанда қандай. Екі күн бойы бас аламай оқып шықтым. Во! – Сержант езуі жайылып, басбармағын қайқайтты.
– Ой, Алла, менттің де кітап оқитыны болады екен-ау! – дедім шынымен таңғалып.
– Неге олай дейсіз? Кітап оқитын бір кісі мендей-ақ болсын!
– Онда неге мент болып жүрсің?
– Жан бағу керек қой, аға.
– Білімің бар ма?
– Философия ғылымының кандидатымын. Далада қалдық. Осының өзіне таныстықпен кірдім.
Мен көріпкелдік жасап, басымды шайқадым:
– Әй, бауырым, бұл жерде де көп тұрақтатпас!
Сержант көзі жыпылықтап шошып кетті:
– Қойыңызшы, аға! Құдай сақтасын!
– Білімдісің, оқисың, жаның жұмсақ. Міне, мен сияқтыларға аяушылық білдіріп отырсың... Оларға ондай адам керек емес.
– Сонда не істуім керек?
– Олардың өзі сияқты бол.
– Ол қолдан келсе... Жарайды, аға, бір жөні болар... Кітабіңіз керемет енді! Қалай қисындырып жазғансыз?
– Мен қисындырғам жоқ, өмірдің қисыны сол.
– Өмір сондай болғанмен, бәрі сондай қиыстырып жаза алмайды ғой. Бір күліп, бір жылап, өмірдің ішінде жүргендей болдым! Жалғасын жазасыз ба?
– Міне, осы отырғанда екеуміз болашақ кітаптің беттерін жазып отырған жоқпыз ба!
Жігіт мені бір әулие көріп табынып отыр.
– Сіз шығармаларыңызды қалай жазасыз, шабыт қысқанда ма, әлде машық па?
– Мен ештеңе ойламаймын, тек жаза беремін.
– Қалай?
– Абай атам анда-санда қасыма кеп, құлағыма сыбырлап тұрады. Мен тек соны жазамын.
– Қойыңызшы, ондай бола ма екен?
– Басқаны білмеймін, өзімде сондай.
Сержант сенер-сенбесін білмеді. Әзілдеп тұр ма әлде мәжінсүрей біреу ме дегендей екі ойлы кейіппен бетіме қараған. Іле дәлізден: "Сержант Дауылбаев!" деген әмірлі дауыс естіліп, орнынан апыл-ғұпыл ата жөнелді.
Жігіттің аты Ақылбек екен. Көрген жерде ілтифат білдіріп, қолдан келген көмегін жасап жүрді. Кейде "Егемен", "Казправда", "Литер" секілді газеттерді әкеп береді. "Мұндайларды оқымаймын. Маған "Дат" пен "Жас Алашты" әкеп бер" десем, "Ойбай, аға, ондайларды бізге ұстауға болмайды!" дейді.
Таңертең бәрімізді аулаға шығарып сапқа тұрғызады да, он-жиырмадан бөліп әр жаққа жұмысқа әкетеді. Біреулер әкиматтың нұсқауымен арық аршып, көше сыпырады. Енді біреулер бастықтың дачасына барып, огородының шөбін жұлады, туалетін қазады. Мен екі күн цемент тиеп белім шойырылып тұра алмай қалғам. Ақылбек ол азаптан құтқарып, түрменің өз ішіне алып қалды. Аула сыпырам, туалет жуам, қағаз, қоқыс жиып күні бойы түртіншектеп жүремін. Үш уақыт тамақ ішемін. Маған мұндайды кім беріпті: азанда – бір қалайы күрешке қара шай, екі тілім арпа наны, бір жағым маргарин; түсте – тары ботқа, кильканың көзі ғана дөңгеленген балық сорпасы, не қасығыңмен қуып жүріп бес талын әзер ұстайтын бұршақ сорпасы; кешке – тағы да ботқа... Кейбір кепиет атқандар: "әкет жуындыны!" деп мұрынын тыржитып итеріп тастайды. Ондайда маған жақсы, сыпырып-сиырып соғып алам. Вот дорақтар ә, ботқа, бұршақ деген қайта асқазанға жеңіл, пайдалы емес пе, дәрігерлер осыларды жеу керек деп әдейі диетаға отырғызбай ма. Бұрын қалай білмей жүргенмін, түрме дегенің курорт екен ғой әншейін! Терезесі сығырайған қара-көлеңке камерада жалғыз өзім. Шардай шермиген қарынымды сипап қойып, бор-бор кекіріп, зеңбірегімнен дар-дар залп беріп торы шиқылдаған темір кереуетте керіліп жатқаным. Аз күнде ет жиып бұлтиып, торалып алдым, бір қолыммен ұстап жүрмесем түсіп кететін шалбарымның ышқыры енді тырсиып мықыныма әзер жетіп тұр. Кейде унитаздағы суға не тауалеттің қабырғасындағы жылтыр, қара кафельге үңілсем, Гончаров сипаттаған мещан-буржуй Обломов секілді екі беті шиқандай күйлі біреу күлімдей қарайды.
Қырсыққанда, он екі күн орыстың ракетсындай зу етіп өте шықпасы бар ма қас-қағымда. Дәл он екі күн, нөл-нөл минут соққанда, кезекші полицей темір есікті салдыр-күлдір шалқасынан ашып:
– Арестант Шеғиров, қамақ мерзіміңіз бітті. Заттарыңызды жинап шығыңыз! – деді. Төбемнен төмен қарай мұздай су құйып жібергендей шошынып орынымнан атып тұрдым:
– Шықпаймын! – дедім тұлабойым дір-дір етіп.
– Шықпағаны несі? – Полицейдің жылтыраған бітік көзі табиғат берген мүмкіндік шегіне дейін бақырайды. – Босағанына қуанбайтын ба?
– Мен қуанбаймын! – дедім жыламсырай үнім бұзылып.
– Ауышсың ба, немене? Былжырамай шық кәне! – Полицей желкемнен шап беріп сыртқа қарай сүйреледі. Мен:
– Нэт, нэт, нинәді, нинәді! – деп шошығанда не қуанғанда орысша сөйлейтін әдетіммен жалма-жан босағаға жармасып жатып алып едім, батальонканың қышырлы, сом табаны құйрығымнан ышқынта тепкенде, жерден бір метрдей шарықтап барып апатқа ұшыраған ұшақтай бетон дәлізді тұмсығыммен сүзе шарқ еттім. Айғай-шуды естіп бір жақтан Ақылбек жетіп келсін. Құтқарушым келгендей қуанып кеттім.
– Не болды? – деді ефрейторге алая қарап.
– Мынауың мәжүн ғой деймін. Кетпеймін дейді!
– Оныңыз қалай, аға?
Мұрынымның қанын жеңімммен сүртіп, Ақылбекке жалынышпен кемсеңдедім:
– Кеткім келмейді.
– Неге?
– Мына жер жақсы екен. Мені осында алып қалшы. Бастықтарға айтып көрші. Кез-келген жұмысты істеп жүре беремін.
– Не айтып тұрсыз? – Ақылбек түсін суытып, бірінші рет маған зекіп сөйледі. – Бұл – түрме, қылмыскерлер жазасын өтейтін жер. Кесімді мерзіміңіз бітті ме, кетуіңіз керек.
– Осы жерде қазір төбелес шығарайын, тәртіп бұзды деп қайта қамай салыңдаршы? – дедім әлі де үмітімді үзбей жаутаңдап.
– Қамау-қамамау мәселесін сот шешеді. Біз тек тәртіпті орындаймыз. Болмайды, барыңыз!
Ақылбектен де көңілім қалып, теріс айналдым. Кенеп дорбамды амалсыз мойыныма асып, танауымды қорс-қорс тарта кемсеңдеп сыртқа беттедім. Бетіне қалқан, қылыштың суреті салынған ауыр темір қақпаның алдында көзімнің жасын бір сығып алдым. Биік бетон дуалдың ішіндегі терезесі темір тор, сұрқай үй қимасымдай қалып барады. Он екі күн тамағын беріп, төсегін жайып бауырына басқан осынау үйдің жанында мен үшін Иран бағың, пейішің пішту еді. Кенеп дорбам мойынымда салаңдап ұзаған сайын соңыма жаутаң-жаутаң қараймын.
Енді тек қай жерде митингі болады екен деп құлағымды локатордай төбемде қайшылатып елеңдеумен болдым. Құдай оңдағанда, көп сарылып күткем жоқ. Шүйінші хабарды естіп, әкиматтың алдына құстай ұшып жетейін айтқан уақытта. Көпбалалы аналардың наразылық пикеті екен. Өңшең қарыны салбырап, балпаң басқан қатындар, бес бала, он бала тапқан. Ұзын-қарасы елу-шақты. Иық тірестіре сірескен полиция кордонынан өту қиямет. Анандайда дубинкаларын білеп қалың ОМОН қара ормандай қаптап тұр. Өңмеңдеп жетіп барып едім, күжірейген капитан жуан білегін шлагбаумдай көлденең созып кеудемнен итерді:
– Саған не жоқ, көпбалалы қатын ба едің?
– Көпбалалы әкемін! – дедім ежірейіп. – Баланы қатындар күлге аунап таба ма біз болмасақ? Жібер, қатыным он бірінші балаға буаз еді, талтаңдап жүріп түсіріп алар, аман-сауында алып қайтайын.
Бірдеңе дейім дегенше, еңкейе беріп алшайған бұттың арасынан өте шықтым.
Қатын деген халық еркектей емес батыл, өжет екен. Байбаламдап, у-шу айғайға басты.
– Бізге әкім шықсын!
– Өзімен ауызба-ауыз сөйлесеміз!
– Әкім! Әкім!..
– Үкіметтің уәдесі қайда, әлі бір рет пособия алғам жоқ!
– Он бір жылдан бері пәтерде жүрмін. Кезегім қашан келеді?..
Іштен бір жас бала шығып, басу айтып:
– Арыз-армандарыңызды маған беріңіздер, қарап шешімін хабарлаймыз, –деп еді, қатындар өре тұрып, одан ары шулады:
– Сендерің жауаптарың белгілі, естімейміз сөзіңді!
– Әкім өзі қайда, толғатып отыр ма! Елден әулие ме екен, неге шықпайды?
– Өзі шықсын, әйтпесе біз кіреміз!
– Мәселеміз шешілмейінше осы арадан кетпейміз!
– Әйда, қатындар, не тұрыс, кірдік ішке!
Додыраған қара шаш, жалпылдаған ақ жаулықтың ала-шұбар нөпірі әлгі өкіл жігітті таптай-маптай лап қойды.
– Жарайсыңдар, қатындар. Осы беттеріңнен таймаңдар, алға! – деп арасында мен де қиқу сап дем беріп қоямын.
– Қайтыңдар! Доғар бассыздықты! – Есікті қамалап тұрып алған полицейлер айғайлап бері итереді, біз айғайымызды олардан асырып, еліріп ары итереміз. Қатындардың қолы жеткендері полицейлерге жармасып, жұлқылап төбелесті бастап кеп жіберді.
– Қапта, қапта, қатындар! Аянба! – деп бір қатын шыңғыра бақырып атой салды.
– Қайт кейін! Қайт! – деп полицейдің жан дауысы шықты.
– Басып кір! Қират есікті!..
– Жібермеңдер! Итер!..
У-шу, ала-топыр болды да кетті. Енді осы кезге дейін шыдамдылық танытып сіресіп тұрған ОМОН-ның сайып-қырандары андағайлап бір шеттен түре тиісті. Өңкей террорист, вахабит, моджаһидтермен атысып-шабысып машықтанған бәһадүрлер дұшманмен шайқасудың һайла-тәсілін бик әйбәт мастер білер-дүр. Екі-екіден бір-бір қатынды шап береді де, дырылдата сүйрей жөнеледі. Он бала тауып, он рет өліп көрген қатын бейбақ та оңай жау ма, өліспей жан берісетін емес. Тепкілейді, қолымен ұрады, тістейді, тырнайды, болмаса қарғап-сілеп беттеріне түкіреді...
Мен де бір шетте өзімше қайрат танытып, қатты қарсыластым. Екі жұдырығымды тас түйіп, қысық көзімді барынша ежірейтіп, тісімді шықырлатып, дірілдеп-қалшылдап ОМОН-ыңа да, полицияңа дап тап-тап беремін. Қазақшаны ұқпай қалар деп орысша боқтаймын, ан-а-ау дөкейлердің атын атап небір жағымсыз сөздер айтам... Өйтпесем бола ма: "қатындардың арасында қызтекедей сен нағып жүрген немесің, кет, әйда!" деп қушиған көтенімнен бір теуіп, қуып жіберуі мүмкін ғой! О, Алла, тілегімді бере гөр! Өзім шаптығып тисе берген соң, шыдамай кетіп, тілеуіңді бергір, екі сарбаз тап берді. Қос жұдырығымды түйіп, сүзісетін теке сияқты келсең-кел деп едірейіп тұра қалып едім, біреуі желкемнен бір періп етпетімнен түсірді. Сүйсініп кеттім, тағы да ұра түссіші дедім сөйлеуге тілім келмей есеңгіреп бара жатып. Аяқ-қолым тыпырлап қарсылық танытып жатыр, аузым жалпылдап небір құлақ қыршитын саяси матершинаны боратып жатыр.
– Жүр, кәне, тыртыспай! – дейді екеуі анандайдағы самсаған машиналарға қарай екі жағымнан сүйрелеп.
– Жоқ, бармаймын, жіберіңдер! – деймін өтірік қарсыласқан болып. Еркелеген баладай шалқайып жатып алып едім, еркіме қояр емес. Екі жігітке сол сәт әлемдегі жақсылық жасаушы ең қамқор адамдай шексіз махаббатпен сүйсіне қарадым. Әттең, баса киген касканың әйнегі беттерін бүркеп алған, әйтпегенде кезек-кезек шөп еткізіп сүйіп алар едім-ау! Біреуі аяғымнан, біреуі қолымнан кере ұстап, ырғап-ырғап автозактің төріне атты да жіберді. Омыртқам опырылардай оңбай түссем де, "уһ, жеттім-ау!" деп сүйсінгеннен көзіме жас үйіріліп, өксіп жібердім. Аздан соң ақ бесікте әлдиленген ақ бөпедей, пейіштің жолында тербетіліп келе жаттым.
Сол баяғы СИЗО-ға әкелді. Көзіме оттай басылып, туған үйіме келгендей қуанып кеттім. Енді бұл жерден өлсем де кетпеуім керек. Барынша көбірек жатудың һайласын жасайын. Неше түрлі комбинацияларды сапырылыстырып шала миым компьютердей сартылдай жөнелді. Конвоймен айғайласып, жағаласып нағыз бұзақының кейпімен тергеушіге кірдік. Өткендегі ақборық жігіт тағы да алдымнан шықты.
– Тағы келдің бе? – деді түсі бұзылып.
– Тағы келдім! – Барынша қитығып қиқарлана тіл қаттым.
– Басыңа тиген жоқ па? Он бес сөткі аз болды ма?
– Аз!
– Неге?
– Мен қарсымын!
– Кімге?
– Бәріне!
Ақборық жігіт беті көгеріп айғайлап жіберді:
– Құры, жоғал, нещастный дорақ!
– Жоқ, кетпеймін! – Шошынғаннан шар ете түстім.
– Неге кетпейсің?
– Қылмыскер түрмеде отыруға тиіс! – дедім әлдебір ақылды кітаптан оқыған офоризм тіл ұшына оралып.
– О неғылған қылмыс?
Вот топас, ә! Мына сауатсыз тергеушіге заңның әліп-биін үйреткім келді:
– Қылмысы болмаса, кісіні мына жерге әкеле ме? Екіншіден, рұхсат етілмеген митингке қатысу қылмыс емес пе сіздіңше? Соны да түсінбейсіз бе? Қазақстан Респуликасының Қылмыстық кодесін жақсылап тағы бір оқыңыз! Жо-жоқ, кетпеймін. Мен қылмыс жасадым. Соттауға тиіссіздер. Сіздердікі шыли осы былық пен шылық. Кісіні алалап, бойлай тек өз адамдарыңызды ғана соттайсыздар блат алып! Мен әділдікті талап етем. Соттамасаңыздар Жоғары сотқа дейін ғарза жазам!..
Әне ақборықтың бет-аузы он жеріне он шыбын қонғандай жыбырлап барады. Әй, бәлем, қатырдым-ау өзім де. Осыдан кейін он бес күнің не, он бес айға айдайтын шығар тұп-тура? Әлде екі жыл? Бес жыл болса, тіптен жақсы. Әлде... әлде он бес жылға бір-ақ тықса ғой, ше-еркін!.. Тергеушінің жүзі түтеп түнерген сайын қиялым шарықтап қуана түстім. Бірақ қуанышым ұзаққа жеткен жоқ. Ақборық төбесіндегі шашыраған шашы сапқа тұрған солдаттай тікірейіп орнынан ұшып тұрды түкірігін шаша:
– Жоғал, кәне, оттамай! Сенің орының – түрме емес, жындыхана! Қазір кетпесең, наряд шақырып жындыханаға айдатам!
Жындыхананы айтқанда жым болдым. Дәмін татқан жерім ғой, зәрем ұшып кетті. Күл-талқан болған арманымды ақборықтың алдында қалдырып, ләм-мим деместен томпаңдап айдауылдың алдына түстім. Артыма жалтақ-жалтақ қарағыштап, темір дарбазадан тезірек шығып кетуге асықтым.
Ырың-жырыңмен араға жиырма-шақты күн салып жәй ғана әуестікпен су жаңа Нұрекең көшесіне барғам. Көрген бойда көзім жыпылықтап, ерінім салпиып, ашылған аузыма баланың басы сыйып кетердей аңқайды да қалды. Міне, ғажап! Өз көзіме өзім сенер емеспін. Көше емес, қала салу мәдениетіндегі адамзат ақы-ойының бүгінгі таңдағы жеткен ең даналық үлгісі дерсің. Кешегі сұрқай көріністің бірі де жоқ. Бәрі жаңа. Жол табаны жалтыраған жылт қара асфальт, кенері қызыл гранит. Сылдыр қаққан кәуср бұлақтан еңкейіп ішкің келеді, ағып жатқан "Боржоми" дерсің. Қос жиегі қанатын қағып желбіреген көк желек. Мен атын білмек түгілі кітап-телевизордан суретін де көрмеген тұқымы бөлек ағаштар. Аялап әрқайсының діңін қамыспен орап қойған. Көше-көшенің қиылысынан күтім көрмеген, су ішпей, дәрі себілмей құрттап-биттеп жүдеп тұрған өзіміздің көк терек, үйеңкі, ақ қайыңдар "қандай бақытты едіңдер" дегендей мойындарын қылқита күрсініп қарайды. Жаяужолдың айналасы көк шыммен шымқай шегенделген. Хрущев заманынан бергі ескі үйлердің өзі кісі танымастай. Сырты ою-өрнекпен қапталып, көз қуантардай боялған. Париждің сән салонынан шыққан кемпірдей қас қағып жымың қағады. Өз басым Қапшағайдан арыға барып көрмеген адаммын. Бірақ әлемде Мон-матр, Уолл стрит, Бульвар сенсет, Риджент стрит, Нева прспектісі сияқты жан біткеннің көзайымына айналған әйгілі көшелер бар деп естимін. Әй, қанша елестетсем де солардың қай-қайсы біздің мына Нұрекеңнің көшесінің жанында пішту болмай қалар-ау! Сол сәттен бастап күніне бір рет 2-ші не 86-шы автобуысқа отырам да, Назарбаев авенюінің басына бір, аяғына бір шығып, арлы-берлі жүрем де қоям. Қарған сайын көзім тоймайды, тамсанып, ғажаптанып құмарым қанбайды. Құдай берген шексіз қиялдың қанатында қалықтап, біресе Бродвейді бойлай өрлеп, Оксворд стритті құлдай жүйткіп, одан 5- авенюін шарлап, енді бірде Арбаттың сұлу көркін көзіммен шөп-шөп сүйіп зулап келе жатқандай боламын. Просто кайф!
Міне, бір күнде бір көше қалай өзгерген. Өзгеру деген, өзгерту деген осы емес пе! Түк қиындығы жоқ. Осындай жолмен бүтін қаланы, тіпті бүкіл елді өзгертуге, жаңартып жайнатып жіберуге болады екен ғой! Ақымақ басым соны қалай білмегенмін? Әй, әй, жындымын ғой, жәй ғана жынды емес, нағыз дорақтың өзімін. Жә, мені қойшы, милары басына сыймай құлақ-мұрынынан шығып тұратын оппозицияның қасқалары мен қарайған халық нежөлі соны білмейді? Ана кісі "андай-мұндай, жәмән-жәмән... шал, кет, шал, кет!" деп бес-алтауы митингке ербиіп шығып бет-ауызы ит талағандай таяқ жеп жүргеннен не пайда? Мен, міне, жынды болсам да, туған қаламды гүл-гүл жайнатып жіберудің төте жолын таптым! Ура! Нұрекеңе тағы бір көшенің атын беріп жіберсе қайтеді, "Назарбаев проспектісі – 2" деп!.. Тоқата, тоқта, көшең не, Алматының атын өзгерте салу керек, "Нұр шаһар", "Нұрсұлтан кент" дейсің бе. (Алматы өзгертуге болмайтындай атасының аты емес қой, бұрын орыстар "Верный" деп те атаған). Сонда чиновник біткеннің бәрі Нұр-шаһарды әлемдегі ең әдемі, ең мәдениетті... қалаға айналдырамыз деп жанын салмай ма. Сөйтіп қаламыздың барлық көшесі Назарбаев проспектісіндей жайнап шыға келеді аз уақытта!.. Қой, ойбай, не сандалып отырмын, өйтсе бүкіл қазақ осында ағылмай ма біз де бақытты өмір сүргіміз келеді деп. Онсыз да аузы-мұрынынан асып-төгіліп тау басына шығандап кеткен қаланың қай жеріне сияды? Бәрінен бұрын қаңырап қалған жеріміздің бір жағынан – қытай, бір жағынан орыс кіріп кетсе кәйтеміз? Жоқ, орталық қой, Астананың атын берген дұрыс. Анау-мынау дейміз, осы халық депутаттары бар ғой, шынымен ел қамын жеп еңіреген едігелер-ау, бас қаланың көркеюін ойлап қаншама рет "Нұрсұлтан" деп атау жөнінде ұсыныс жасады. Оларға енді өкпе жоқ. Тек ана кісі, өлә, сондай бетмоншағы төгілген ұялшақ екен тегі, елден ұят болады деп ат-тонын алақашқан жоқ па! Демек, бұл вариант дохлый, отпадает. Оның үстіне, депутаттар айта-айта жауыр болған ұсыныс. Мен жаңа бірдеңе ойлап табуым керек. Бәрінен асып түсуім керек! Үш күн, үш түн толғаттым. Үшінші күн таң алдында шала миым шала түйіскен токтің сымындай шатыр-шұтыр от шашыратып, басыма ғажайып бір ой сарт ете түсті.
– Ура! – деп ұшып тұрдым.
– Не болды-ей, қояншық? – Қорылдап жатқан Өмірзақ ары аунап түсіп арқасын қасынды. – Тауық боп кеттің бе таң атпай шақырып!
– Таптым! – дедім қуаныштан есім шыға.
– Нені таптың?
Әрине, мұны әзірге ешкімге тісжаруға болмайды, әсіресе Өмкең секілді биік материаның иісі мұрынына бармайтын топастарға.
– Айтпаймын! – дедім теріс қарап.
– Айтпасаң, Айтбайдың қатыны бол!..
Көңілім лепіріп жер-көкке сияр емеспін. "Ойбай-ау, өлтірдің ғой, айтсаңшы!" деп сіз тағатыңыз таусылып өліп бара жатқан шығарсыз. Жарайды, айтайын. Мен таптым. Тапқанда қандай! Қазақстанды тұтасымен Нұрсұлтанстан немесе Нұрсұлтанландия дей салу керек. Сонда Нұрекеңді жанындай жақсы көретін, қадырлейтін, жанын беретін, қорқатын, жарамсақтанатын... тағы-тағы тамаша кейіпкерлерді ойнайтын күллі чиновник, әкім-қара, ұры-қары, алаяқ, қорқақ, жағымпаздар... "отанымыз, еліміз Үлкен кісінің атына лайықты болсыншы тегі деп бірімен бірі жарысып, бірінен-бірі асырып жанын салмасқа әддісі қайсы? Ұрылар ұрламаған соң, әкім-қаралар бармақ басты, көз қыстыны ұмытып өз ісін диірмендей дөңгелеткен соң, Менделеев таблицасындағы элементтің бәрі бар, асты-үсті ағыл-тегіл байлық Нұрсұлтанландия қарыштамағанда кім қарыштайды? Аз жылда Кувейт, Эмират, Сингапур, Швейцарияларың адырам қалмаса, арғы қолыңды бері әкел!
Шірке-ен, осы ұсынысым анау жоғарыдағылардың құлағына жеткенде қандай болар екен? Қолдарын ду-шапалақтап, қуанып кететін шығар. Әлде қарсы бола ма екен? Бас тартып көрсін. "Мен – халықтың өкілімін. Нәрод прөсит, нәрод требутайть!" деп орысша өкіртіп жазамын!
Обшым, Нұрекеңнің ерекше қасиет қонған әулие адам екеніне баяғыда-ақ көзім жеткен. Сіз сенбесеңіз өзіңіз біліңіз, менің шәгім жоқ. Әйтпесе, о кісінің атымен аталған жердің бәрі аяқастынан бекерден-бекер гүл жайнап шыға келе ме? Оны қойшы, о кісіге жария мадақ айтып, шашбауын көтергендердің шетінен бағы жанып, тасы өрге домалай жөнелетінін айтсаңшы! Құдірет емей немене? Әне бір күшеншек жазарман шынайы сүйіспеншілікпен Құдайға теңеп роман жазып, Мемсыйлықты қалпақпен қағып алды; анау ақын әйел қазақ халқының Мұхаммед пайғамбарысыз деп өмір бойы депутат болды. Шалапаев деген жылпыңдаған жалпақ бет: Астанадағы халықаралық әуежайға Назарбаевтің атын берейік деп ұсыныс жасап, ертеңінде министрдің креслосына қонжия кетті. Институттың қатардағы мұғалімі, бақ көтерейін десе оп-оңай екен, президентті референдум арқылы-ақ мәңгілік қып сайлай салайық деп аяқастынан бастама көтеріп, онысынан ештеңе шықпаса да, үш айдан соң ректордың тағына дік ете түсті... Осыдан кейін шүбә келтіріп көр!
Шынымды айтсам, үйсіз-күйзсіз қаңғыған берекесіз иттірліктен соңғы кезде шаршай бастадым. Үйге қайтқым келеді. Балаларымды сағындым әбден. Жақсы бір қызметке орналасып, нәрмәлні ақша тапсам, нежөлі Жәния үйге кіргізбейді? Анау ақылды азаматтар секілді мен де бір һайла тауып, ұсыныс не бастама көтеріп жіберсем деймін. Бірақ мен жарымеспін ғой, ондай ақыл оңайшылықпен қалай келе қойсын басыма. Сонда да ойлана бердім, ойлана бердім күндіз-түні. Әнеукүні Фурманның атын алып тастағанда, Құдай оңдап, басыма бір тамаша ой сарт ете қалғаны. Көшенің атын ғана жаңаламай, мазмұнын да байыта түсуіміз керек қой! Дереу игі-жақсыларға: "Нұрекеңе көше беру аз, оған сол көшеде алтыннан һайкал – ескерткіш соғу керек. Дәл Абаймен қиылсқан жердегі скверде Ленин бапамыз секілді қолын созып қасқайып тұрсын!" деп нақты ұсыныспен хат жазып, конверттің аузын тіліммен жалап жапсыра бергенде, өйбүу, сорлы басым-ай, жолың бір болмайын десе, болмайды екен ғой, интернет шу ете түсті: бір жүгірмек алдымды орап кетіпті. "Ақыл – жастан" деген осы, менің ойымды қалай дөп басқан десеңші. Бір университет, бір академия бітірсе де, жұмыс таба алмай екі жылдан бері базарда көтенішегі айналып арба сүйреп жүрген қарасирақ екен, міне, қасына "Жас-Отанның" мың қыранын ертіп: " Біз, Қазақстан жастары, Назарбаев проспектісіне Назарбаевтің алтын ескерткішін орнатуды талап етеміз!" деп мың транспорант көтеріп шерулетіп шыға келді. Жайшылықта бес кемпір пикетке шықса, елу полицей тап беруші еді, бұл жолы қырағы сақшылар қаздай тізіліп хошаметпен қол соғып тұрды. Екі аптадан кейін әлгі қарақожалақ баланың беті аппақ боп албырап, галстук тағып, аудандық әкиматтан шығып келе жатқан суреті facebook-те өріп жүрді.
Бұл жолы өзіме сенімім нық. Ешкім алдымды орай қоймас. Мұндай данышпандық ой кімнің миына қона қояр дейсің. Өйткені екінің бірі мен сияқты жынды емес қой. Үш күн ойланып, ұсынысымды үш бетке жаздым да, үш дана ғып Мәжіліс, Сенат, "Нұр-Отанға" факспен ұрдым да жібердім.
Өз қиялыма өзім маспын. Көз алдыма құлпырып гүл жайнаған қазақ даласы келеді: өріс толы мал, жайқалған көк-жасыл егіс, мұржасы будақтап, маторы гүрілдеген завод, фабрика; санасы, ой-пиғылы мүлдем өзгерген жандар: ұры ұрлық қылмайды, полиция, дәрігер, кеденші... пара деген сөзді естіп көрмеген, чиновниктен бастап аула сыпырушыға дейін халқым үшін қызмет етейін, мемлекетіміз ана кісінің абыройына сай болсын деп мұрынынан тік шаншылады... Бұл, әлбеттә, Нұрсұлтанландияның болашақ көрінісі. Бір сәт оны былай қоя тұрып, үшбу ұсыныс-хатымды оқыған бойда дөкейлердің не істейтінін ойлап, кеудемнің ішінде дүбірлетіп ат шауып жүргендей, жүрегім лүпіл қақты. "Өй, мынау бір өзіміздің бала екен ғой. Үлкен кісіні қандай сүйеді, ә! Мұндай жігіттерді қолдау керек, барынша жағдай жасау керек!" дейтіні гәміл. Министр, депутат, компания мененджері... ең болмағанда депортамент бастығы қылатын шығар?.. Қой, ойбай, дәмесін қара, жынды деген атың бар емес пе, завсклад қойса да тәуба дерсің!.. Жоқ, ондай майда-шүйде қызметке келіспеймін. Жоғарыдағылардың қайсысы жынды емес? Жынды болмаса, министр, депутат, компания президенті... болып отырып ұрлық қыла ма? Әне, қаншасы сотталып жатыр? Осыған дейін жәй ұсыныс жасағандардың өзі қалай өсті? Оның жанында менің бастамам қандай, бәрінен асып түстім! Жоқ, помайды, министрден кем жұмысқа бармаймын! Надоело қайыршы болу, коттеджде тұрғым келеді, Жәнияға норковый шуба әперем, балаларыма машина керек!.. Бір ойым мен бір ойым шәлкем-шалыс дауласып қызылкеңірдек. Баяғыда отырып қалған бір кәрі қыз: "Шіркін, байға шықсам ғой, – деп армандапты. – Одан бала тапсам, баламның атын Домалай қойсам. Домалай домалай-домалай бір күні суға түсіп кетсе қайтем?" деп жылайды екен. Мен де сол Домалай болдым. Әне-міне бір жақсылық жақындап қалғандай, көз алдымнан қызыл-жасыл елес көшеді.
– Өмке! – Солқ еткізіп будканың есігін теуіп кірдім.
– Не болды-ей ентігіп? – Өмкең текекөзденіп қабақ астынан сүзе қарады.
Балаларыма деп шыжымдап жиып жүрген бес мың теңгені ышқырымнан шығарып, үстелдің үстіне сарт еткізіп тастадым:
– Бір жарты мен иттің колбасасын әкелші. Бір гүжілдетейік шешеңді!..
– Байып тұрсың ғой, түге? – Әрі таңырқап, әрі ақаңның атын естігенде қуанып кеткен Өмкең қасын қарғытып, жымың ете түсті.
– Байымағанда! Бүгіннен бастап кедейлікке гудбай дейміз!
– Қой-ей, батыр, екпінің қатты ғой. Іштіңдер деп, бастықтар жұмыстан қуып жүрмей ме?
– Ұрғаным бар ма! Қорықпа, күніміз осыған қарап қалған жоқ. Ертең өзіммен бірге ала кетем!
– Қайда бармақсың?
– Ана жаққа! – дедім бес тал қылы бес жаққа шашыраған иегімді жоғарыға әуелете сермеп.
– Байқа, министр боп кетіп жүрме!
– Болсақ несі бар екен!
"Әй, қыртымбай жындым-ай!" дегендей Өмірзақ бір жымың етіп, есікке қарай беттеді.
Сол күні екеуміз түн ортасына дейін "Аулың сенің іргелі..." деп әндетіп отырдық.
Ертеңінде басым жазылған соң, қисайған бәтіңкемнің өкшесін етікшіге жөндеттіріп, креммен жылтыратып майлаттым. Иығына газет жауып, шегеге іліп қойған ескі көк пенжағымның жылтыраған жағасын сабындап жуып, қағып – сіліктім. Баяғы студент кездегідей, түнде жатқанда шалбарыма су бүркіп, матрацтың астына салып қырыс-тырысын жамбасыммен "үтіктедім". Дайындық – бес! Қызметке тағайындаймыз деп аяқастынан шақырып қалса, ерте-бастан қам жасамай бола ма? Жақсылық дәметіп алаңдағанда, уақыты құрғыр табанына тас байлағандай жылжыса кәне. Бір күн... үш... бес... "Жә, маңызды мәселені бірден шеше салу оңай ма. Көп болып кеңеседі, ойланады, толғанады. Сап, сап, көңілім!" Уһ, сарылтқан күн де жетті-ау! Бір апта өткенде, қара "Джип" мінген курьер жігіт көк конверт ұстатқызып, қол қойдырып әкетті. Конвертті кеудеме басып біраз тұрдым. Қуанышты хабардан жүрегім тоқтап қалардай біртүрлі қорқасоқтаймын. Сонда да батылданып конвертті аштым. Парламенттен келіпті. Құрметті Пәленшеке! Сіздің Мәжіліс пен Сенат депутаттарына жазған хатыңызды алдық. Үлкен кісіге деген құрмет-ниетіңізге, шексіз сүйіспеншілігіңізге зор алғысымызды білдіреміз. Бірақ Сіз айтқан ұсыныс әлі толғағы жетпеген мәселе. Бүкіл мемлекетті жеке адамның атымен атау әлемдік практикада жоқ. Сондықтан бұл мәселені күн тәртібіне қоя алмаймыз. Тағы да Сізге рахмет айтамыз! Деніңізге сау...
Рахмет айтпай қал! Көзім лайланып, бет-аузым жыбырлап, қисайып кетті. Бар біткені осы. Шолтаң еткен бес сөйлем! "Өй, әкеңді!.. Өй, шешеңді!.." Төбеме тас түскендей есеңгіреп қалдым. Бәрі бітті, күл-талқан. Көз алдымдағы әдемі-әдемі елестер тақтадағы жазуды су шүберекпен сүрткендей жоқ болды. "Ух, собаки... Бұлар өзгерісті қаламайды! Депутаттар лоббистер дейтіні рас. Сол жерде отырып ап белгілі бір топтардың, саяси-экономкалық кландардың мүддесін қорғайды, соларға ыңғайлап заң шығарады. "Мемлекетті жеке адамның атымен атау әлемдік практикада жоқ" дейді. Жоқ болса, біз неге бар қылмаймыз? Әлемде бірінші боп неге бастамаймыз? Вот кертартпа балбестер, а! Жо-жоқ, бұлар өлсе де өзгермейді, өзгелерді де өзгертпейді. Елді Нұрекеңнің атымен атасақ, күллі әкім-қара, чиновник біткен сол кісінің абыройын ойлап тек Нұрсұлтанландияның өсіп-өркендеуі үшін бар жанын салмай ма. Сонда парақорлар, жемқорлар, қарақшылар несін ұрлайды, кімнен жымқырады? Бүкіл бизнес, байлығанан жұрдай болмай ма? Міне, бұлар соны ойлады. Өсіп-өркендеуге, халқымыздың бақытты болуына нұқыл қарсы. Дұшман, дұшман!!!"
Тамырлары көгеріп тастүйіліген жұдырығымды төбеме үйіріп, өзіммен-өзім еліре сөйлеп кеш батқанша будканың алдында жүрдім де қойдым. Әбден езуім көпіріп, сілем қатқанда, ішке кіріп төсегіме сылқ ете түскем. Сыртымнан айызы қанып жымың қаққан Өмірзақ:
– Ку-ку! – деді ойнақыланып. – Министра мырза, Астанаға қашан аттанатын болдың? Кәстөміңді кір басып қалды ғой!
– Кетші-ей, әкеңді!.. – деп теріс қарай аунап түстім.
Әйтсе де көп өтпей жабырқаған көңілімді жарқ еткізіп, тәңірі жарылқағыр, Нұр-Отан бір көтеріп тастады. Алматыдағы филиалына шақырып, лимонад қойып дастархан жайды. Партия қатарына қабылдады. Кеудеме значок қадап, көк билет тапсырды. Ел ду қолшапалақтап, бір әдемі қыз майысып кеп үш тал қызыл раушан сыйлағанда, сонау комсомолға өткеннен бері мұндай салтанат көрмеген басым толқып кеттім.
– Отаныма қызмет етем! – деп айғайлап жібергенде, дауысым қалтырап, көзіме жас үйірілді.
Ертеңінде Өмірзақ "базардың бастығы шақырып жатыр" деп бір пәлені сезгендей қылмың-қылмың еткенге ішім қылп ете қалды. Өткенде он екі күн түрмеге түсіп, біраз абыройсыздыққа ұшырағаннан бері, шығарып жіберейін десе, Тәукебайдан имене ме, әйтеуір жақтырмай қыржиып жүрген. Имене кірсем, қабағы жадыраңқы.
– Оу, Тәке, партияға өтіпсің ғой! – Орнынан тұрып келіп қолын берді. – Құтты болсын!
Бөлменің қапталындағы аласа үстелде дастархан да әзір екен. Коньяк ашып, бір-бір айғыр стакннан тартып жібердік.
Бастық орнына қайтадан кеп отырды.
– Тәке, сені қалай өсірсем екен? – Бір кекіріп қойып, тісін шұқылады. – Үлкендеу должность бомай тұр. Әзірге старшый күзетші бола тұрсаң қайтеді?
Менің есім шығып кетті. Бұтымның арасына қысып алып екі алақанымды ысқылай бердім:
– Мен... мен ол қызметті атқара алар ма екем?
Басекең қарсылығыма қараған жоқ, сол жерде бұйрық шығарып, мөрді сарт еткізіп басты да жіберді.
Сол күннен бастап министр болғанда киетін көк костюмімді киіп алып, қисық табан ескі бәтіңкемді сықыр-сықыр еткізіп, "Жомарт" базарындағы ана будканың алдына бір барам, мына будканың алдына бір барам. Екі қолымды арқама айқастырып, қабағымды түйе, арлы-берлі қойтаңдап жүрем де қоям.
Бұрын төрдегі төсегімді тартып алып, әй-үй деп менсінбейтін Өмірзақ молла болды. Қашанда шай қайнатулы, қара нан мен иттің колбасасы тураулы.
– Оу, Тәуке, дастархан әзір, жүрмейсің бе? – деп жылпың қағады...
Осы оқиға есіме түсіп, өз-өзімнен тоқтай алмай ұзақ күлдім. "Ием-ау, не болды?" дегендей, Геля таңырқай қарап шәу-шәу етті.
– "Өмір деген осындай қайшылығымен қызық екен ғой!"
– "Қимай тұрсың ба?"
– "Иә."
– "Онда неге тастап кеттің?"
– "Білмеймін. Сен ше, Геля, өкінбейсің бе?"
– "Жоқ. Өйткені қасымда сен барсың! Өмір деген мен үшін сенсің."
Тірі кезімде 2 не 86 автобусқа мініп алып, күні бойы арлы-берлі қыдыратынымдай, Назарбаев авенюін мейірім қанып тағы да ұзақ тамашаладым да, таң нұрына көзін жуып жарқырап оянған аяулы Алматыммен қимай қоштастым. Шыққан күннің шұғыласымен жарысып, кеңістікке сіңіп барамын. Әке-шешем бақиға озғаннан бері ат ізін салмап едім, міне, қарсы алдымнан туған жерімнің өзен-таулары, орман-көлдері құшағын жайып жамырай ұмтылды. Такаббар басын көкке тіреп шалқалаған асқақ Алтай, тастан-тасқа секіріп бұрқырап аққан асау Күршім, кенеріне сыймай шалқыған телегей Зайсан... – бәрі-бәрі таласа құшып, тербете жөнелген. Қыр басындағы әкемнің бейітін іздедім. Көл табанынан жарты шақырымдай жерде еді, су шайып кетіпті. "Сорлы көкем-ай, – дедім тұншыға өксіп. – Жер бетінде қалқайған белгің де қалмады-ау!" Әкем мұз үстінде балық аулап жүріп аязға ұрынып, қатты құлады. Есін бір жиған сәтте: "балам, алай-бұлай боп кетсем, Ақшиге апар, әкем мен ағамның жанында жатайын. Мал аяғы аттамайтындай белуардан ақ кірпіштен төрт құлақ бейіт тұрғызсаң болды" деген әр сөзін бөліп айтып. Ол өсиетін орындай алмадым. Өзі де өлмейтін уақытта өліп бейшара шал, ұйтқыған ақ боранда итөлген Ақшиге қалай сүйретем. Селсоветтен жасырынып құран оқитын Ғазиз шал "Алланың бұйыртқан жерінің бәрібір" деген соң, жота басындағы зиратқа апарып қойғам. Ол кезде ақ силикаттан мола салу мода бола бастаған, бірақ мен бойкүйездікпен ондай кірпішті Самардан тасып жүрем бе, өлген соң бәрібір емес пе деп, қолдан құйылған қам кесекпен көтере салғам. Сөйтсем бәрібір емес екен, қайран әкем осылай боларын сезген екен ғой!
Төбедегі қоңырайған қалың зираттың жартысы жоқ, тісі ақсиып тап-тап берген долы толқын жардың кенерін дамылсыз кеміріп жатыр. Әне, көзімше, жарқабақтың шетінде құлағы едірейген ескі бейіт төңкеріле опырылып, суға күрс ете түсті. Лайлана көпіршіген су шапшып-шалқып шегіне берген. Арқан тастам жерде ирелеңдеп жүгірген толқынның арасынан бір қызыл түлкі сумаң етіп суырылып шыға келгені. Алдыңғы екі аяғымен секіре малтып жағаға шықты да, дүр сілкінді. Шаңытқан тамшылар күн көзінде ойнап, қып-қызыл жүнінен қып-қызыл от шашырағандай лап-лап етті. Өзі бір ұятсыз түлкі екен, ыстық құмның үстіне аунай кетті де, "мә, міне көр" дегендей, төрт бұтын төрт жаққа керіп, күнге қыздырынды. Сол-ақ екен, ауылдың иттері шулап қоя берді. Әсіресе байлаулы төбеттер жер тырнап, шынжырын шайнап аласұрды.
Зираттың теріскей жақ етегінде ыстық күнде елтірі тымақ киіп, ұзын барқыт шапанының белін шиырлаған атлас белбеумен шымқай буған егде кісі бүкшеңдеп қара тастың бетін жуып отыр. Жақындап келсем, баяғы Ғазиз молла!
– Ассалаумалейкум, әкей!
– Әликумсәлам... Қай баласың?
– Салихтың баласымын.
– Е, жарығым, Тауфих екенсің ғой.
– Иә. Мұнда қайдан жүрсіз? Екі-үш жыл бұрын өліп қалды деп естіп едім ғой?
– Өлгендер келмейді деп кім айтты? Онда өзің неғып жүрсің?
– Е, солай екен-ау.
– "Өлді деп ат қойыпты өңшең ақымақ" деп Абай атаң айтқандай, Жаратқан кеудесіне жан салған тіршілік иесінің ешқайсысы із-түзсіз жоғалмайды. Тек біз фәни-жалғанда жүргендерге көрінбейміз. Сондықтан өлді деп айта береді.
– Мына тасты неге жуып отырсыз?
– Ағарсын деп.
– Қара тас жуғанмен ағара ма?
– Алланың шафхатында шек бар ма? Ағартам десе бір-ақ сәтте ғой!
– Одан сізге не пайда?
– Бұл – менің үшінші атам, Байтайлақ деген кісі. Әкесіне тілі тиген екен, қарғысқа ұшырап, қара тасқа айналыпты. Жәй жатқан жоқ, тас құрсаудан шыға алмай өкіріп жатыр. Үш ұрпақ күнәсін кешіре гөр деп Аллаға мінәжат етумен келеміз. Өзің де білесің, біздің өкіметіміз Құдай жоқ деп Құдаймен алысқан өкімет қой, мен сонда да жасырынып оқып, бес уақыт намазымды қаза қылған емеспін. Иә, балам, бұ дүниеде қылған жақсылығың да, жамандығың да ізсіз кетпейді, алдыңнан шығады, бәрінің қарымтасы бар. Әне, арыда дөңкиіп-дөңкиіп жатқан қойтастарды көрдің бе, соның бәрі бір кезде не әке-шешесін ренжітіп, не ғарип-кәсірдің көз жасына қап, қарғысқа ұшыраған міскіндер.
Сол мезетте әлгіндегі қызыл түлкі құйрығын бұлғаңдатып анандайдан қиялай өтіп бара жатыр еді, Ғазекең:
– Әй, пәтшағар, Керімгүлсің бе-ей? – деді айғай сап. – Жүрмейтін жерің жоқ-ау!
– Мұныңыз кім?
– Сен танымайсың. Қаладан бертінде келген. Жезөкше қатын. Осындағы қауын еккен қытайдың біреуі пышақтап өлтірген. Бұлаң қағып жүрісін көрмейсің бе пәтшағардың!
– Құдай түлкіге айналдырып жіберген бе?
– Жүрегінде тәуба болмаған ғой сорлының.
– Әкем қайтті екен? – дедім секемденіп.
– Сенің әкең жақсы адам ғой жарықтық.
– Намаз оқып, ораза тұтқан жоқ еді...
– Оның иманы жүрегінде. Әкеңе уайымдама. Анау қырдан ассаң, мүскіннің нағыз көкесін көресің.
Ғазекеңнің иек изеген жағына барсам, анандайдан бұрқыраған шаң көрінді. Бір қолымен үстіне топырақты бұрқ-бұрқ шашып, екінші қолымен топырақты қарбыта асап қарашығы ойнақшыған біреу отыр. Жақындауға бата алмай, құрық созымнан айғайладым:
– Ей, сен кімсің?
– Жебір-жемқормын!
– Басқа жейтін нәрсе құрып қалды ма, топырақ жегенің не?
– Ой, сендер білмейсіңдер ғой. Топырақтан тәтті нәрсе бар ма екен, шіркін!
– Адамның көзі өлгенде топыраққа ғана тояды дейтіні қайда?
– Мен өлсем де тоймаймын, жей бергім келеді. Мен топырақ жегішпін!
– Сен тірі кезіңде де топырқ жедің бе?
– Жегенде қандай! Тек қана топырақ жедім. Нән әкім болып, Қытайға миллиондаған гектар жерді саттым. Ой, шіркін, тәттісін-ай!
– Ол жақта жер әлі де көп еді ғой. Мұнда неге келдің?
– Құдай шақырып алды. Жеп тауысқам жоқ, тұра тұр деп, екі жүз миллиард долларымды блат қып берсем де көнбеді. "Мә, топырағыңды жей бер" деп осында отырғызып қойды.
– Сауап болған! – дедім де, ағал-сағал кейпінен жиіркеніп, теріс айналдым...
Тұрысбек Сәукетаев
Abai.kz