Сенбі, 23 Қараша 2024
Коронавирус 3186 12 пікір 23 Сәуір, 2020 сағат 11:53

Коронавирустан кейін адамзат құндылығы қалай өзгереді?

Коронавирус дертінің дамуы шарықтау шегіне жетпей жатып індеттен кейінгі адамзат тұрмыс-салтының бет-бейнесін қандай өзгерістер күтетіндігі туралы саясаткерлердің мәлімдемелері мен шығармашыл орталардың пайымдары ақпарат ағынының құрамдас бөлігіне айналып үлгерді. Барлығы жаппай басқару тәсілдері мен әлеуметтік құрылымдардың қайта құрылымдалуы, бағалау мен құндылықтардың түрленуі, бақылау мен қауіпсіздік деңгейінің өсуі, ақыр аяғында мінез-құлық пен қарым-қатынас сипатының құбылуы адамзат дамуының негізгі көрсеткішіне айналама деген сауалдарға жауап іздегендей болады. Болжамдар мен жорамалдар жәй теория жүзінде болғандықтан келесі даму траекториясының бағытына қатысу-қатыспауы екіталай. Әйтседе олардың кез-келгені біздің ой-өрісіміз үшін сақтық шараларын күшейтіп, етек-жеңді жинақы ұстауды меңзейді.

Коронавирус эпидемиясы жайлаған елдерді құндылықтарына қарай екі лагерьге бөліп қарайтын болсақ алғашқысы индивидуализм құндылықтарына иек артқан Батыс қоғамы да ал кейінгісі ұжымдық сананы қоғамдық құрылымның негізі санайтын Шығыс мемлекеттері.

Индивидуалистік батыстық мәдениеттегі көптеген адамдар тәуелсіз «Менді» қабылдайды. Ал ұжымдық мәдениеттегілер өзара тәуелді «Менді» қолданады. Бұл қарама-қайшы идеялар әлеуметтік мінез-құлықта мәдени айырмашылыққа сәйкес келеді. Мақсатымыз кімнің бұлшық еті мығым екендігін салыстыру немесе Сүлеймен пайғамбар қиссасындағыдай «Балқис патшайымның тағын кім бірінші әкелер екен дегендей» бәсекелестікті қоздыру да емес. Шынтуайтында бұл екі өркениет ғылыми прогресс жолында басқа әлемнен көш ілгері. Десе де неліктен бірінде індеттің таралу қарқыны мен өлім-жітім көрсеткіші жоғары да екіншісінде бұл көрсеткіш әлдеқайда баяу. Индивидуалистік Батыс пен ұжымдық мәдениет орнаған Шығыс мемлекеттерінің эпидемияға қарсы бөлініп жатқан орасан зор қаржылық қолдаулары мен шектеу шаралары ұқсас болғанымен індеттің даму тенденциясы екі лагерьде әрқилы.

Мәселені мәдениетаралық ерекшеліктен іздеп отырғанымыздың өзі статистикалық көрсеткіштердің ала-пүле осы екі әлемнің арасына сына орнатып бергендігінде. Батыстық АҚШ, Италия, Испания, Англия, Германия, Франция блогі мен шығыстық Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия, Сингапур мемлекеттеріндегі жағдайды бақылау шын мәнісінде осы елдердің құндылықтарына, мінез-құлық ерекшеліктеріне үңілуге итермелейді. Осы тізімге Орта Азия мемлекеттерінде қосуға болар еді.

«Әлеуметтану негіздері» оқулығында авторлар Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортега «мәдениетті» - қоғам өмірінің негізгі проблемаларын дайын шешімдермен қамтамасыз ететін өмір сүру жобасы деп анықтама береді. Солай болғанда бір халықтың көпжылдық өмірлік тәжірибелер жинағы сол халықты қалыптастыра отырып оның болашағында айқындауы мүмкін ғой. Индивидуализм жеке адамның өзін-өзі қолға алуы мен жүзеге асыруында үлкен жетістіктерге жетті. Оны Батыс қоғамындағы жасампаздықтан айқын аңғарамыз. Бірақ әр құндылық уақыт тезіне жауап беруден қалуы да мүмкін ғой. Кезінде көшпелілердің жарты әлемді бағындырған өмір салты уақыт өте ғылым мен технологияға ілесе алмай қалғаны секілді бұл пәлсапаның жарамдылық мерзімі таяғандығы түрлі қиындықтарға сыналудан айқындала бермек. Жеке адамның қасиеті мен мәртебесі жоғары бағаланатын батыс қоғамы әр адам «индивид» деген пәлсапасын дамыта отырып «мен», «мендік» деген жеке бастың қамын күйттеуді қаттырақ қолға алған сыңайлы. Авторлары Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенж болып табылатын «Әлеуметтік психология» оқулығында баяндалатын талдау нәтижелері бойынша 2000 жылдары алдыңғы онжылдықпен салыстырғанда, Құрама Штаттарда жарияланған кітаптарда «алу» сөзі жиі, ал «беру» сөзі сирек, сонымен қатар «мен», «мені», «сен» – өте жиірек, ал «біз», «бізді» сирек қолданылған. Индивидуалисттік көзқарастың тағы бір жарқын көрінісін американдық және жапон студенттеріне жасалған эксперименттен байқаймыз. «Анимацияланған су асты көрінісінен жапондықтардың 60%-ы көріністің артқы жағындағы өсімдік жанындағы құрбақа сияқты елеусіз бейнелерді айтқан. Америкалықтар болса айналасындағы көзге түсе бермейтін кішкене заттарға қарағанда, үлкен жалғыз балық сияқты көзге түсетін ортаңғы нысанға көбірек назар аударды».

Алдыңғы буынға қарағанда көбірек корреляцияға ұшыраған американдықтардың менмендігі ненің салдары екендігін анықтау маңызды. АҚШ Президенті Д. Трамптың коронавирус індетінен қорғану шараларын қабылдаудан бұрын экономиканың құлдырауына бас ауыртуы индивидуализм рухының салдарындай болып көрінеді.

Байлық пен мансапты көбірек дәріптейтін «американдық арман» алаңдағы жалғыз батырлардың санын артып жіберген секілді. Мәселен, Батыстық индивидуализм тудырған әр индивидтің бірегейлігі тұжырымы әйел адамның отбасындағы орны туралы түсініктерге түбегейлі өзгерістер әкелді. Дүниеге ұрпақ әкелуді басты міндеті санамауды ұрандайтын феминистік қозғалыстар мен жанұяда туған баласын ата-анадан қорғауда құқық белгілеушілік секілді ғұрыптар мен нормалар ұжымдық іс-әрекетті әлсіретіп эгоизмнің өршуіне әкелуде.

Ұжымдық ұйысуды талап ететін сын-қатерлер жер бетін тығыз жайлаған саналылар үшін қоғамдық бақылау мен тыйымдар жүзеге асырылатын қауымдаса тіршілік құру тәсілдерін жетілдіруді үндейді.

Ұжымдық, қауымдастық рухы биік шығыс елдері өзін-өзі даралайтын қылықтарға қарағанда ұжымдық іс-әрекетті марапаттайтын дәстүрлерін көбірек дамытқан. Індеттің таралу қарқынына бұл елдердегі ұжымдық мәдениет тосқауыл болмады ма екен.

Жаңа бой көтеріп келе жатқан сын-қатерлер: ресурстардың түгесілуі, су қоры, экология сынды сынақтардан қайсы мәдениет сүрінбей өтер екен. Қазірдің өзінде жапондардың табиғи апаттарға қарсы ұлттық жоспары, суды үнемдеудегі жалпыхалықтық іс-қимылы күнделікті тұрмысына терең сіңген.

Батыс қоғамы түрлі технологиялық және интеллектуальдық өнімдерге арқа сүйеумен қатар, өмір-салтының негізін құрайтын индивидуалисттік көзқарасты қайта пайымдап, дүниетанымын өзгертуге алғашқы қадамдар жасауға қаншалықты дайын.

Ежелден тіршіліктің арқауы болған қауымдаса өмір сүру өзін-өзі сақтаудың басты құралы ретінде маңызын артуы таңданарлық емес. Осы жолы тек жаратылыс пен қарама-қарсы келу емес, адамзат өзі қолдан жасаған қатерлерден сақтануда қорған салуға мәжбүр. Біздің еліміз үшін тек екі өркениеттен сабақ алу ғана қалады.

Нұрғиса Көшеров,

саясаттанушы.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435