Мал төлдету науқаны басталып кетті
Жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін мал шаруашылығы мол еңбек пен жауапкершілікті ұнатады. Ал қара жердің арқасы сөгіліп, көк шыға бастағанда малшылар қауымының иығына түсер салмақ та еселене түсті. Ата кәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін уақытын да, күш-қайраттарын да аяп жатқан жоқ.
Алакөл ауданында да мал төлдету науқаны басталып кетті. «Мал өсірсең қой өсір, оның өнімі көл-көсір»,- демекші биыл өңірде бұл бағытта өсім байқалады. Аймақтағы саулық саны 110 мыңды құрап отыр. Ауылдағы ағайын қорасындағы қой-ешкісін қоздатып үлгерген. Шаруашылықтардағы шаруа да аяқталуға жақын. Қазіргі таңда үй-жайдағы шопан ата түлігінен 70 мыңға жуық төл алынса, шаруа қожалықтарында әзірге 20 мыңдай қозы жүгіріп жүр. Жуық арада жұмыс толықтай аяқталса, тағы да 4-5 мыңдай төл алынады деп жоспарлануда. Ал кәсіп орындарға келер болсақ, 23 мыңның шамасында қошақан өрбітуді бағыт етіп отыр.
Аталған науқанға әр шаруашылықта жан-жақты дайындық жүргізіліп, қызу жұмысқа сақадай сай отырды. Соның арқасында төл шығыны болмады. Мал төлдейтін орындарға жеткілікті көлемде жем-шөп жеткізіліп, қажетті дәрі-дәрмек те дайындалды. Аудан бойынша осы машақатты еңбекті ойдағыдай өткізуге 163 сақманшы атсалысты. Сонымен қатар 45 жылы қора, 43 қашар, 45 ветеринарлық дәрі-дәрмек қобдишасы да әзірленген.
Қызметкерлерге керекті азық-түлік, құрал-жабдықтар, арнайы киімдер де дайын. Малдың да күйі оңды. Ветеринарлық дәрі-дәрмек пен жем-шөптен қысылыс жоқ. Ендігі міндет қорадан еретін қоңырдың басын көкке аман жеткізу. Ол үшін осындағы жұмысшылар бір сәтте тыным көрмей, еңбектеніп жатыр.
Айман Асыл
Abai.kz