Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5430 0 пікір 20 Қыркүйек, 2011 сағат 06:42

Швейцария ҚАЗАҚСТАН ШЫҒЫСЫНЫҢ ШЫНАШАҒЫ ҒАНА ЕКЕН

«Шығыстың Швейцариясы» деген жаттанды сөзді айтқымыз келмеп-ақ еді. Осы сапарымыз кезінде жолыққан ондаған адамдардан жиі естіген сөзіміздің бірі осы болды. Және де бұлар - ауылдан ұзап шықпаған адамдар емес, сонау Батыстағы Ақтаудан ем алуға, демалуға келген кәсіпкер әйел Зейнеш  секілді «Түркияға сан рет барған, Кавказдың оң-терісін он айналып шыққан», немесе Түркиядан келіп атақты Мұзтау көрінер танымал Тасшоқының етегіндегі Ойқарағайда демалып жатқан энергетик-инженер Өзгір Ақпай секілді ондаған адамдар.

«Ол Швейцария - бұл Швейцарияның садағасы! Ол - жарқырауын-жарқырап тұрған, бірақ жасанды көрінер Швейцария. Бұл - табиғаты сөзбен жеткізуі қиын таңғажайып өлке!» деген олар.

Бірден айта кетейік, бұл сапарымыздағы басты әріптесіміз де, серіктесіміз де осы Катонқарағай өңіріндегі туризмді алға бастырып отырған «Екі дос» фирмасының қос құрылтайшысының бірі - Тельман Жаментиков еді. Осы фирманың Өскемен қаласындағы өкілдігінің бас менеджер-үйлестірушісі Гүлнар Катчибаева біздің журналистік зерттеу жасамақ ниетімізге бірден оң қабақ білдірді. Ол үшін Тельман мырза мен Гүлнар ханымға жеке рақмет айтамыз.

«Шығыстың Швейцариясы» деген жаттанды сөзді айтқымыз келмеп-ақ еді. Осы сапарымыз кезінде жолыққан ондаған адамдардан жиі естіген сөзіміздің бірі осы болды. Және де бұлар - ауылдан ұзап шықпаған адамдар емес, сонау Батыстағы Ақтаудан ем алуға, демалуға келген кәсіпкер әйел Зейнеш  секілді «Түркияға сан рет барған, Кавказдың оң-терісін он айналып шыққан», немесе Түркиядан келіп атақты Мұзтау көрінер танымал Тасшоқының етегіндегі Ойқарағайда демалып жатқан энергетик-инженер Өзгір Ақпай секілді ондаған адамдар.

«Ол Швейцария - бұл Швейцарияның садағасы! Ол - жарқырауын-жарқырап тұрған, бірақ жасанды көрінер Швейцария. Бұл - табиғаты сөзбен жеткізуі қиын таңғажайып өлке!» деген олар.

Бірден айта кетейік, бұл сапарымыздағы басты әріптесіміз де, серіктесіміз де осы Катонқарағай өңіріндегі туризмді алға бастырып отырған «Екі дос» фирмасының қос құрылтайшысының бірі - Тельман Жаментиков еді. Осы фирманың Өскемен қаласындағы өкілдігінің бас менеджер-үйлестірушісі Гүлнар Катчибаева біздің журналистік зерттеу жасамақ ниетімізге бірден оң қабақ білдірді. Ол үшін Тельман мырза мен Гүлнар ханымға жеке рақмет айтамыз.

Жер жаннаты - Катонқарағайға автокөлікпен Өскемен арқылы екі жолмен баруға болады. Бірі таулы Зырян ауданы арқылы иір-иір серпантинмен жүретін жол. Екіншісі - Өскеменнен оңтүстікке қарай 150 шақырым жердегі Самар ауылын басып, Бұқтырма арқылы өтетін пароммен аудан орталығы Үлкен-Нарын ауылы арқылы барар жол. Катонқарағайға дейін екі жолмен де ара- қашықтық шамамен 300-350 шақырымдай. Бір тәуірі, екі жол да асфальтты.

Біз екінші жолды таңдадық. Өйткені, алдыңғы жылғы сапарымызда Зырянмен жүргенбіз. Өзің тұратын облыстың ой-шұңқырын көзіңмен көрген дұрыс. Дегенмен, білмейтін кісіге, паром дегеніңіздің өз әуресі бар. Мысалы, тып-тымық күнде аяқ астынан жел тұрса, Бұқтырманың толқыны паромды ары-бері жүргізбей, әрі-бері асыққан автокөліктерді жасанды теңіздің жағалауына еріксіз жіпке байлап тастайтыны бар.

Бұқтырманың арғы жағына шығысымен тағы тоқсан шақырым асфальт жолмен жүргесін, бара жатқан бағытыңнан солға қарай тауға қарай сарытап тас жол басталады. Әлгідегі алып-ұшқан қарқыныңды бәсеңдетесің. Теңіз деңгейінен бір жарым мың метр қиядағы Ақсу ауылына, Алтайдың қоңыр самалымен тербетіле отырып, елу бес шақырымды артқа тастап, жер бауырлай жетерсің. Біз де түннің бір уағында Ақсудағы «Екі дос» фирмасының пантымен емдеу шипайжайы орналасқан ғимаратының есігін қақтық...

 

Ағайынды Шараповтар алғаш...

Бесенеден белгілі бір жәйт: марал шаруашылығы, омарта мен туризм - осы үш салаға арқа сүйеп қана Катонқарағай экономикалық жағынан алға баспақ. Мұны облыстың қазіргі басшылығы да қайта-қайта баса көрсетіп айтып келеді.

Марал шаруашылығындағы қиындықтар қоғамдық формация ауысқан атышулы 90-шы жылдары басталған. Қас қылғанда бұрын бұлжымас Оңтүстік Кореядағы әріптестер де марал мүйізінен алынатын бағалы өнім - панты сатып алу мөлшерін пышақкесті тыймаса да, әлдеқайда азайтып жіберді. Өнім өткізу қиынға соққан соң, марал басы да күрт кеміді. «Верх-Катон» марал өсіру кеңшары деп дүрілдеп тұрған кезінде 7 мың бас марал өсірген шаруашылықтың тізгінұстар жалғасы «Ақсу» серіктестігіндегі марал басы екі жарым-үш есеге азайып кетті. Алдыға ұзап айта кетелік, кеңшардың орталығы болған Ақсу ауылында орналасқан марал мүйізінің негізінде, аса бағалы бал, сандаған емдік шөп араластыра отырып жасалған фармакологиялық дәрі-дәрмек шығаратын цех кезінде бірлескен қазақ-корей «Ақсу-ДЭЕН» кәсіпорны болып құрыла қалмаса, саланың болашағы не болар еді, ол бір Аллаға ғана аян.

Сол шақта марал шаруашылығының басына қара бұлт қатты үйірілді. Төнген қауіптің сейілуі қиынға соқты. Осы қауіпті сейілткен екі ғажайыпты айтпасқа болмайды. Біріншісі: облыстың бүгінгі Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ саланы күрт көтеруге ұстанған бұлжымас бағыты. Өткен жылы саланы дамытуға субсидия ретінде 23,5 миллион теңгенің бөлінуі сол бағыттың айғағы. Екіншісі: осы саланы дамытудың басына «Екі дос» деп аталатын фирманың келе қалуы. Тегі - өзіміздің ақсуаттық, өрісі - алматылық Тельман Жаментиков пен сонау Маңғыстаудағы мұнайшы-кәсіпкер Нұржан Жұмағұлов деген азаматтар негізін қалаған «Екі дос» тамыры әлсіреп, үзілуге айналған марал шаруашылығына жан бітірді. Міне, біз алдағы сериялы топтама мақалаларымызда мәселені осы тұрғыдан сөз етпекпіз.

Тегінде Катон өңірінде тағы аңдарды алғаш қолға үйреткен ағайынды Шарыповтар екен. Бұл 1792 жыл. Есептей беріңіз, екі жүз жылдан аса уақыт марал осы өңірдің адамдарына қызмет жасап келеді. Ал біз, былайғы жұрт маралдың мүйізінен тұяғына дейін ем екенін әлі күнге жете біле алмай келеміз...

Шарыповтар алдыменен бұғыларды бұғаулап, оларды қамап ұстаған. Жыл бойы өз тұяғымен жайылып, ағзасы тілеген аса құнарлы шөппен қоректенбеген маралдың мүйізі мен етінің сапасы төмендеп кететінін тез аңғарған Шарыповтар ұлан-ғайыр жердегі құнарлы шөп, мөлдір бұлақты жайылымдарды ағашпен қоршаған. XIX ғасырдың аяғына қарай бүкіл Алтай өңірінде осындай марал қоршаулардың саны 200-ге жетіпті. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары кеңестік тәсілмен ірі шаруашылықтар ірге қалай бастаған.

Сөйтіп бүгінгі Катонқарағай жерінде де 1929-шы жылы таза марал өсірумен шұғылданатын «Верх-Катон» кеңшары құрылады. Және де ол кеңшар 1957-ші жылға дейін анау айдаладағы орыс жеріндегі «Бийск бұғы тресіне» бағынып келген. Тек сол 57-ден бастап қана Қазақ ССР-і деп аталатын тәуелді «мемлекеттің» Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауына өтеді.

Пантының пайдасын

халқың көрсін

Ресей демекші, осы іргелес елдің Алтай Республикасында бүгінде 54 мың марал, 4 мыңдай теңбіл бұғы өсіріліп жатыр. Жылына жүз тонна панты алынады. Бүкіл Ресей бойынша осындай жүз шақты шаруашылық жұмыс істейді деген дерек бар. Солтүстік Кавказда, Новосібірде, Калининградта, Примор өлкесінде, Кемеров облысында. Бірақ олардың ешқайсысы да сапасы жағынан Алтай маралына жетпейді. Білетіндер Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев Таулы Алтайда 3,5-4 мың бас марал бақтырады дейді. Оның қызығын өзі емес, Кемеровтың шахтерлері көреді дейді. Одан кейін орыс шахтерлері қазақ губернаторының бауырына қалай-
ша «Батя» деп тығылмасын?!

Қазіргі кезде Алтай пантысының негізгі басым бөлігін корей мен қытай фирмалары ұқсатып жатыр. Алтай Республикасы 2005 жылы 10 миллион доллардың панты өнімін сатқан. Енді қараңыз: бұл осы таулы республикадағы барлық ауыл шаруашылығы тауарларын сатудан түсетін ақшаның 38 пайызын, экспорттық табыстың 58 пайызын құраған.

Ал осы Алтай пантысын пайдаланушы ең алдымен - қытайлар. Қазір Қытайда халықтың өмір жасын ұзарту бағдарламасына сай дәстүрлі қытай дәрі-дәрмегімен бірге марал пантысын қолдану қарастырылып жатыр. Оның негізгі қасиеті - адам организміндегі энергетикалық процестерді неғұрлым ұтымдылауға деген қабілеті.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін әлемдік нарыққа панты шығаратын негізгі елдер Кеңес Одағы, Қытай мен Оңтүстік Корея болған. Сексенінші жылдарға қарай панты беретін бұғы шаруашылығына Жаңа Зеландия, Австралия мен Канада көңіл бөле бастады. Қытайда, Кореяда панты өнімі аса бағаланады. Кореяда жас жұбайлар үйленер алдында панты өнімін жей бас-тайды. Ресейде ғалымдар марал зерттеуге ерекше ден қойған. Бірнеше институттар жұмыс істейді.

Сол кезде маралға деген қамқорлық қатты еді. Қар жауғаннан кейін қораға қоятын. Қыс бойы монокорм, сүрлем, арпа беріп шығады. Мүйіздер 8-9 келі болатын. Рекорды 22 келіге жеткен кез есімде. 5000 марал болды. Ол кезде бәріміз Мәскеуге қараймыз. Қиыр Шығыстан тауартанушы келеді. Марал мүйізін осы жерден таңдап алады. Килограмы 1200 доллардан бағаланатын. Өнімдердің сұрыпсызы, бүлінгені арзан бағамен Мәскеуге жіберіледі. Сингапурда бұрыш секілді үгітіп асты дәмдегіш ретінде пайдаланады, корейлер жаңа үйленген жастарға панты үгіндісін сыйға тартады екен дегенді естіп жүруші едік.

Маралда күйек маусымы күз келе басталады. Бұғы мен марал жазда бірге жүрмейді. Күзде қосылады. Бұрынғы кезде еркегінің мүйізді жақсы беретінін таңдап алатын. Бұғының мықтылары 50-60 маралды еншілеп алса да, оларды шығара алмайды. Сондықтан күйек кезінде еркегіне «күштеп» 15 маралдан ғана қалдырады.

«Екі дос» фирмасы бүгінде Ақсу ауылында би алаңын, футбол алаңын салып жатыр. Осы фирманың басшылары Тельман Жаментиков пен Нұржан Жұмағұлов бауырларымыз келешекті ойласа, астық салу керек. Бұғыларға ең болмаса 10 келі жем берілуі қажет. Ал осы жемді сатып алатын болса, қалтаға қатты тиеді.

Туристердің ағыны арылмас үшін марал мүйізі молынан қорлануы тиіс. Ресей жағында бізбен шекаралас «Абай» совхозы бар. Галкин деген ғылым докторы болды. Бізге де келіп жүрді. Бұрын Ресейдің Барнауылынан ғалымдар жанұясымен келіп тұрып, жұмыс жасайтын. Бізге зерттеулердің нәтижесі мен ұсыныстарын беріп отыратын. Жол айнадай еді. Бір жақсысы, Ақсудың жолы былтырдан бастап қайта жасалып жатыр. Қысқасы, Алтайдың брэнді - туризмді дамыту үшін марал, ара, жылқы шаруашылығын қатар қолға алу керек.

Түрік кәсіпкері Өзгір Ақпаймен осы Ойқарағайда жолыққанбыз. Оқиғадан оза әңгімелей кетсек, Ойқарағай атауын ойға оралтқан Қалағаң - қазақтың танымал жазушысы Қалихан Ысқақов еді. Біз тоқтаған Ақсу ауылынан әлдеқайда төменде - ойда жатқан, айнадай асфальттың бойындағы Топқайың ауылында алты ай жазын көк түтін буған Алматыдан қашып келіп, аунап-қунап өткізуді соңғы бес-алты жылдың бедерінде бұлжымас әдетке айналдырған Қалағаңа іс-сапардан қайтарда арнайылап ат басын бұрып, сәлем бере барғанбыз. Космос энергиясын алуға ең жақын нүкте - Тасшоқының етегінде орналасқан нағыз жайлаудың төресі Кондрашка деген бейпілорыстау атаудың сырын сұрағанбыз. Кейбір азаматтар оны Нұр-алқа деп атасақ деп белсеніп жүргендігін де еске салып өткенбіз. «Оттапты! Ол жердің атауы ежелден - Ойқарағай!» деп шорт кескен тік мінезді Қалихан ағам.

Осы Ойқарағайыңызда жаңағы Өзгір Ақпай былтыр алғаш келгенде автокөліктен түсе сала жерге бес-алты рет аунап-аунап алып, жат та кеп топырағын сүйіпті. Ертеңінде таңсәріден анау-а-у алыстан мұнартып көрінер Тасшоқыны бетке алып жаяу жүріп кетіпті. Алайда, қасына бірге ілесіп келген көп қазақтың біреуі ғана Щебенюха-Тасшоқының басына өрмелеп шығуға бейіл білдіріпті.

Ойқарағайдан оралысымен «Екі дос» фирмасының құрамындағы «Ақсу-ДЭЕН» бірлескен кәсіпорны» серіктестігінің директоры Асан Жуасов мырзамен кездескенбіз. Байсал мінезді Асекең мән-жайды байыппен әңгімелеп берді.

- 98-ші жылғы Оңтүстік Азия дағдарысының әсерін өзіміз айрықша сездік. Корея біздің әріптесіміз еді ғой. Содан марал мүйізінің бағасы төмендеп кетті. Марал шаруашылығы құлдырап, бұрынғы 6 мың бас маралдан 2 мың ғана бас қалды. Ендігі мақсат - марал басын көбейту. Соңғы жылдары «Екі дос» фирмасы бұл салаға қомақты инвестиция салып жатыр. Келешекте Ресейден марал аламыз. Марал да мал, оның қанын ауыстырып отырмаса болмайды. Асылдандыру және көбейту мақсатында. Марал қос-қостан қозылай беретін қой емес, жылына ары кеткенде 40 төл әкеледі. Сондықтан оны көбейтудің бір жолы - сырттан сатып алу.

Бұрынғы қоршаулар әбден тозған. Маралдар қайта-қайта қашып шыға береді. Сонымен қабат құрылыс жүріп жатыр. Семейден, Зыряннан құрылысшылар келіп жұмыс істеуде. Екі, төрт адамға арнап коттедждер салынып жатыр.

Қазіргі проблема - ең алдымен жол салу керек. Ресей жағындағы Қатын су өңірі біздің Бұқтырма секілді. Оның жолы сайрап жатыр. Асфальт. Сондай асфальт 55 шақырымдық қиыс жолы қайрақ тасты Ақсуға дейін түссе деген арман бар. Қазір Ақсуға дейін тас жолды Зырянның жолшылары жаңалап жатыр.

Бұрын совхоз кезінде бірер гектар жерге ғана картоп салынған. Биыл отыз гектар жерге картоп ектік. Жалпы, картоп аумағын 100 гектарға дейін өсірмекпіз. Катонның дәмді картобы кейін Маңғыстау жаққа да барып қалар. «Екі достың» құрылтайшылары культиватор, басқа да техника алып берді. Көктемнен бастап қайыңның шырынын жинаймыз. Барлығы бес түрлі жидек аламыз. Ауылдағы балаларға да жұмыс қолы. Бір бала күніне екі мың теңге табады. Алдағы кезде тосап шығаратын цех ашайық деп жатырмыз.

Бұрын Кеңес кезінде панты шетелдерге кететін. 1996 жылы Мәскеудегі эндокрин, Хабаровтағы фармацевтика зауыты бар, соларға барып панты өндіру технологиясын бекіттік. Осы зауытты кезінде Алматыға, не Өскеменге көшірмейміз бе деген сөздер, ойсыз әрекеттер болған. Құдай оңдап, осында қалдырылды.

25 мың гектар қоршаулы жеріміз бар. Бердібек САПАРБАЕВ келгелі Шығыстың брэнді марал мен ара шаруашылығына жыл сайын он миллиондап субсидия бөлініп отыр. Елбасы анада «Дэлойд» аудитор президентіне біздің фирманың өнімін сыйлапты. Президент біліп отыр, пантының қаншалықты пайдалы екендігін. Қайбір жылы бізді күздігүні Астанаға шақырды. Елбасы тапсырмасымен тоқсан сайын есеп беріп отырамыз. Көрме кезінде Елбасы жанымыздан өтіп бара жатып бізге қайта қайырылды. Біздің әрқилы панты өнімдеріміз Президентке бұрыннан да таныс қой, ол осы өнімдерге тағы бір рет көз жүгіртіп: «Дұрыс! Қазақтардың денсаулығын түзеу керек!» деді көтеріңкі дауыспен.

Асекеңнің осы айтқандарына қосып-аларымыз мынау: Ақсуда марал басын 10 мың басқа жеткізуге әбден болады. Ар жағындағы Риддер, Марқакөл, Күршім аудандарында да марал өсіруге қолайлы жерлер аз емес.

Егер пантогематогенді қолданса, қанның құрамы он күннің ішінде қалпына келеді. Өкпе ауруын емдеу кезінде пантокрин ішсе, емнің тиімділігі 30 пайызға өседі.

Біздің облыста қазір жылына бес тонна панты өндіріледі. Ақсудағы фармацевтикалық зауыт осыншама пантыны оп-оңай емдік дәріге айналдыра алады. Зауыттағы қондырғының бүкіл Қазақстанда баламасы жоқ деседі. Пантының бір келісін 300-400 долларда сатып алуды субсидиялау үшін екі миллион доллардай қаржы қажет. Солай дейік. Енді мына есепке көз жүгіртіңіз. Осы панты дәрі-дәрмегін елдің денсаулық сақтау саласында ағынға қосатын болса, халықтың денсаулығын күшейту жолында үнемделген мемлекет қаржысы миллиардтаған доллармен есептелер ме еді, қайтер еді?!

Осы жерде әңгімеміздің орайы «Ақсу-ДЭЕН» бірлескен кәсіпорны» серіктестігі фармацевтикалық зауытының өндіріс меңгерушісі Ағзия Мағзұмоваға сөз тізгінін ұстатуға келгендей.

- Пантыдан жасалған өнімдердің ағзаға пайдасы ерекше. Ағза шаршаған кезде күш-қуатты күшейтеді. Жыл он екі ай шағыл тастарда өсетін марал тамыр (левзея сафлоровидная), алтын тамыр (радиола розовая), қызыл тамырды тұяғымен тереңнен қазып жейтін марал пантысының құрамында кейбір дереккөздер бойынша 26-ға дейін амин қышқылы бар. Осындай құнарлы шөпті жеген маралдың мүйізі екі айда ғана сапалы болып өседі. Панты өнімін әсіресе еліміздің Батыс жағынан көп келіп, қалап алып жатады.

Мемлекеттік фармакологиялық стандарт деген бар. Сол стандартқа сай бес түрлі бальзам шығарамыз. Олардың құрамына 21 түрлі шөп кіреді. Мыңда бір ауруға ем. Бір ғана қараандыздың (девясил - орысша аты айтып тұрғандай ағзаға тоғыз түрлі күш береді) өзін айтсақ та жеткілікті.

Қайыңның «чага» деп аталатын жемісін қолданып шығаратын бальзам асқазан жарасын емдеуге, «Сабыр» қан қысымы жоғарыларға, «Итмұрын тұнбасы» авитаминозға, «Азамат» бальзамы аты айтып тұрғандай, ер-азаматтарға арналған. Балқарағайдан жасалған бальзамда эфир майы көп. «Щетка алтайская» тұнбасы тек Алтай тауларында ғана кездесетін шөткілшөптен жасалады. Лимфа жолдары бездері ауруына, жүрек ауруларына таптырмайтын ем.

 

«Нұр-Бұлақтың»

болашағы - нұрлы

Айттық қой, Алтайда бұғы мен маралдың пантысын, еті мен терісі секілді бағалы өнімдерін алумен бәлен жүз айналысып келеді деп. Рас, пантының қадірін қазақ әлі білмейді. Айналып келіп аз-кем дерек бергеніміз сондықтан артық болмас.

Панты дегеніміз - бұғының сырты нәзік, жұқа терімен «қапталған», іші қанға толы, қатпаған мүйізі. Мамыр-маусым айларында пісіп-жетіледі. Панты өскен кезде маралдың организмі 25 келіге дейін сүйек тінін (ткань) бөледі. Бірде-бір жануар мұндай өсім бермейді.

Марал мүйізінің күші жайлы орыстар ХVІІІ ғасыр-дың аяғында қытайлардан білген. Қытайлардың марал пантысын өте қымбатқа сатып алып жатқанына орыстар қатты таңданады екен. Қытайда марал мүйізінен жасалатын дәрі-дәрмектің рецепті туралы алғашқы жазба б.э.д. 168 жылдары жазылған. Көне қытай мифологиясында теңбіл бұғылар денсаулық бойтұмары ретінде бағаланған. Сол көне заманнан бізге көптеген жазбалар жеткен. Қазіргі Қытайда маралдың мүйізі мен басқа да бөліктері кіретін дәрінің 76 түрі жасалатын көрінеді.

Бірақ Алтайдың маралынан алынған пантының тиімділігі американ, корей, қытай немесе жаңазеландиялық марал пантысынан кемі екі есе қымбатқа, ал солтүстікте өсетін бұғыдан 10-12 есеге қымбат бағаланған. Маралдар табиғи жағдайда 15 жылдай, паркте, яғни, қолға ұсталған жағдайда 25-30 жыл өмір сүреді.

Аз-кем дерек осылай дейді. Ақсуға оралайық.

- Былтыр тек біздің шипажайда ғана 163 адам ем алды. Биыл да 200-ге тақау болады, - дейді Ақсу шипажайының меңгерушісі Райхан Нұрғалиева. Биыл маусым айында жөндеу болды. Күзде қалғанын бітіреміз. Негізі 25 орындық, бірақ бір ауысымда 36 адамды қабылдай аламыз. 7 ванна бар. Ем алушылардың 50 пайызы жылда келеді. Негізі, ваннаны үш жыл қатарынан алу қажет. Үш жылдан кейін үзіліс жасау керек. Иммунитетті көтереді. Анау-мынау жұқпалы ауруға жол бермейді. Қан қысымы өте жоғары адамдар ғана емге жіберілмейді. Бірінші жылы жеті ванна, екінші-үшінші жылы жиырма ваннадан алады. Бір жарым айдай суық суға түсуге болмайды.

«Ақсу» емдеу-сауықтыру демалыс орнының екі қабатты ғимараты биылғы маусымға толықтай күрделі жөндеуден өткен. Тұсқағазына дейін жаңартылып, жиһазы, төсеніш-кілемдері түгелдей жаңадан жеткізілген. Емдеу-сауықтыру орталығының администраторы Райхан Нұрғалиева бастаған Рәзия Рамазанова, Эрика Қайырханова, Гүлсім Дүзбаева, Назгүл Әзілбекова, Сайран Жұмаханов секілді қызметкерлер келушілерді күтіп алуға әзір. Төрт мезгіл құнарлы тамақ беріледі. Күніге алатын екі мәрте булау жайына ерекше тоқталайық.

Бұлау - марал мүйізінің сорпасына түсу. +40 градустық температурадағы сорпалы ваннада 15 минуттай тершіп жату. Ваннадан шығып, тыныс алар сәтте сізді бал қосылған фитошәй тосып тұрады. Тек Катонқарағайдың тау-тау, сай-саласында ғана өсетін 14 түрлі шөптен дайындалатын фитошәй сораптаған соң, жаңағы тер-тер ме, бойыңызға қайбір кезде байқатпай еніп кеткен жел-құз, кенет киліккен суық, ағзада «қаңғып» жүрген басқа қалдықтар моншақтап сорғалаған терменен шығып бара жатқанын жүйкеменен сезесіз. Сонымен бір мезетте түрлі емдік шөптердің де қоспасы бар марал мүйізінің сорпасымен ағзаңызға пайдалы заттар да еніп жатады...

Ақсу - асфальт жолдан 55 шақырым қиыста, тауға қарай өрлей барып жететін жерде дедік. Осы Ақсудан тағы да төрге қарай отыз шақырым жүрсеңіз Кондрашкаға келесіз. Бұл жаңағы атақты Тасшоқының түбіндегі елдімекен. Біреу - Беловодье, біреу Кондрашка дейді. Біз Қалағаң - Қалихан Ысқақовтың «Ойқарағайына» тоқтадық.

Осы Ойқарағайда отыз жыл маралшы болып істейтін Оралханның да ортаға салары аз емес.

- Жұмыс ауыр. Оның ебін, ыңғайын білу керек. Марал мүйізін қай уақытта кесу керек, оны қапысыз сақтаған жөн. Бір жұп мүйізді екі сағат қайнатады. Бүгін бір, ертеңінде тағы бір қайнайды. Қайнауы біткен соң «Жаровойда» 80-90 градус ыстықта ұстаймыз. Одан кейін салқын ағаш сарайдың ішінде кептіреміз. Ваннада пайдаланылатын сорпасы остеохондроз, полиартрит, радикулитке бірден-бір ем. 15-20 минут қана сорпаға отыру керек. Ал «Жаровойда» 80-90 градустағы ыстықта он бес-жиырма минут отырған адам мүйіз булаумен ағзасындағы бүкіл шлагын шығарады. Ыстықта ұсталған мүйіздің ауасын жұтқан адам тұмау секілді анау-мынау жұқпалы ауруларды елемейді. Әрі тыныс жолдарыңды тазалап, гайморитті емдеуге көмектеседі. Марал мүйізін қайнатқанда тек терек қана жағылады. Ол да тегін емес.

Мүйіз баптаудың қыр-сырын осы Ойқарағайға өзінің ескі «Уазигімен» ойқастата жеткізген «Ақсу-ДЭЕН» ЖШС директорының орынбасары Сайранхан Одинов одан әрі тереңдете түсті:

Бір мүйіз кем дегенде үш реттен қайнатылып, 90 градустық ыстықта 5-6 рет ұсталады. Ауыр мүйіздерді 7-8 рет ыстықта ұстауға тура келеді. Бабына келгенше кептіріп алмасаң, мүйіз иістеніп кетуі мүмкін. Керісінше, ыстықта мөлшерден артық ұстасаң немесе қатты қайнатсаң мүйіздің жарылып кететіні бар. Мүйіз әбден бабына жетті-ау дегенде фармацевт зауытына өткіземіз. Жалпы, мүйіз сұрпына қарай іріктеледі. Биыл ең ауыр тартқан мүйіздің салмағы 13 келіге жетті. Былтыр 10 келісі кездескен. Қайбір жылдары рекордтық көрсеткіші 23 келіге дейін барған.

Сайранханды ауылдағылар Сая дейді. Өзі атқұмар қазақтың дәл өзі. Бәйге аттар да ұстайды. Ермек деген бала күнгі досы екеуі бір үйір бие де байлап отыр. Қайбір жылы қасқырдың арланын қыс айында шалмамен ұстап, ат құйрығына сүйретіп жылқы ауылға алып келген Сая бұл.

Сүйреп алып келген арланның жаны соншама берік болар ма, тірі жатса керек. Ат үстінде тұрып: «Шалмадағы шала-жансар қасқырды ұрып өлтіріңдер» десе, тұрғандардың ешқайсысы жақындамайды. Аттан түсіп, айырдың темір жақ түбін екпінмен соғатындай болып көзіне жақындатса, бөрі бөрілігін істеп көзін қақпайды-ау. Жақындатып тұрып, бір ұрғанда екі көзі ағып кеткені.

- Тағы бірде қойлы ауылдан қайтып келе жатырмын, - дейді Сая кезекті әңгімесінің шетін шығарып. - Ақпан айы. Түнгі он екі. Жанымда итім болатын. Лайка, бес-алты итке бой бермейтін. Ай сүттей жарық. Бір заманда бір нәрсе қарайды. Адасып жүрген елік пе деймін. Үш қасқыр. Ұйығып жүр екен. Екеуі отыр. Басым шымыр ете түсті. Ит аттың астына кіріп алған, шықпайды. Жылқы ауылға кері кетем бе, артқа кетем бе деп, ойланып келемін. Артқа жүрейін десем, жаңа жылқы ауылдағы жігіттердің «Жата кет» дегеніне көнбей кеткенмін. Кері қайтуға намысым жібермейді. Бір мықты жылқышы болыпты, мына Күршім жағында, Свинчатка деген ауылда. Өзінің жарау жүйрік атымен түнделетіп келе жатса, артынан он алты қасқыр қуады. Шауып келе жатып қыл арқанды түйнектеп тастай салған екен, көп қасқыр сол арқаннан озбапты, содан ауылдың ішіне бірақ кірген, сөйтіп аман қалыпты. Осы естіген жай есіме түсіп, арқанның ұшын жерге тастап жандарынан өте бердім. Ақырын сайға түстім де, аттың басын бірақ жібердім. Таңертең жылқышылардан естідім, үш қасқыр жылқыны қуып, бір жылқыны жеп кетіпті.

Тағы бірде қаңтар айында жылқыға барсам, бір семіз бие құйрығымен отыр. Қарасам, бір қасқыр құйрығынан басып алыпты. Сөйтсем, ұстап отырып, жіберіп қалады ғой, сол кезде бие омақасады да, қасқыр жануарды тамағынан орып жібереді екен.

Осы Ойқарағайда Шығыс Қазақстан облыстық экология басқармасының бастығы болып істеген Рашид Адамовты кездестірдік. Былай деп ой бөліскен:

- Бұл жерге бесінші жыл үзбей келемін. Табиғаты, ауасы тамаша-ақ! Бұндай әсем жер әлемде жоқ! Сұлу, асқақ Мұзтау, Тасшоқыңыз әне тұр! Нағыз энергетикалық орталық. Таңғажайып!

Сауықтыру кешені иммундық жүйеңді нығайтады. Мен, мысалы, осы жаққа келетін кезден бері қыста тұмауды білмеймін. Екіншіден, өмірлік тонусым жоғары, өз-өзіме деген сенімім нық. Бұл жердің тартылыс күші керемет! Жылда келгің келеді. Ішетін асың - таза, экологиясы - таза. Тәжірибемнен білемін, 15 жыл бұрын бұл жаққа тек өзіміздің жақтың адамдары ғана келетін. Қазір Мәскеуден, Санкт-Петербургтен, тіпті мынау өз Алтайлары өздеріне жақын Барнауылдан, Новосібірден келетін кісі қарасы өте көп.

Талай жердің топырағын бастым. Әлем мақтайтын Швейцарияда болдым. Әрине, өте тамаша. Бірақ онда барлығы әсіре-жасанды, әсіре-ұқыпты. Катонқарағай табиғатының табиғилығы жағынан Швейцарияны басып озады. Бұл турасында талай-талай әдебиет оқып тауыс-тым. Табиғаттың үйлесімі мен марал мүйізінің сорпасы таптырмас ем екеніне әбден көзім жетті. Бұндай сенімнен мені ешкім айыра алмайды. Мен сияқты мұнда үзбей келетін достарым, туыстарымның қарасы да жыл сайын көбейіп, туризмнің қызмет көрсету деңгейі дамып келеді. Осы деңгейді әлемдік шамаға шығарса, бұл аймақтың келешегі ересен екеніне дау жоқ.

 

Тоқаң омартасын ойлайды

 

Ақсу ауылының ежелгі тұрғыны Тоқтархан Биғазановтың жасы 66-да. Ара шаруашылығымен отыз жылдан бері шұғылданады. Тоқаң былай деп әңгіме айтқан:

- Біздің ауданда «Коробиха» деген совхоз болды. Печиден ары қарай 18 шақырым. Бір жылы осы совхоз мемлекетке 250 тонна бал тапсырды. 250 тонна бал! Тағы бір жылы біздің кеңшар Кеңестер Одағы бойынша екінші орын алды. Ол кезде ара кәсібіне деген көзқарас басқаша еді.

Тоқсаныншы жылдары ара шаруашылығы құлдырай бастады да, кейіннен аяғынан тұрғандай болды. Қазір қайсыбір омарташыларда 100-ге дейін ара ұясы бар. Өкімет бүгінде ақша, дотация бөліп жатыр. Осының бәрі өз нәтижесін береді деп ойлаймын.

Жалпы, біздің өңірге бал арасы 1800-ші жылдары келген. Ана Жазобаға дейін 18 омарта тұрған. Сексенінші жылдарға дейін араның ауруы болмаған. Араның іші өтетін ауруы ғана болған. Бір кісіге 136 ұядан келетін. Жазда бір көмекші береді. Мына аурудан кейін 100-ге, одан 70-ке түсірді.

Вароатоз, остоартроз дейтін аурулар кейін шықты ғой. 1980-ші жылдары, бір жазда ұшақпен Алматыдан Өскеменнің жанындағы «Ушанов» кеңшарына ара әкелді. Ара ауруы содан тарады.

Одан кейінгі проблема - балды өткізу. Бұрын «Заготконтора» деген мекеме болды. Балды қайда өткіземін деп басыңды қатырмайтынсың. Бүгінде бір тонна бал шайқап алсаң, оны өткізіп көр. «Бәлен жерде бағасы қымбат» дейді. Барсаң - бақыр да жоқ. Өткізу қиын. Қазір осы ауылда, осы маңайда 20 шақты омарташы бар. Бір омартадан 18 келі алынады. 100 шелек болса, 1 тонна болады. Менде 20 ғана қалды. Бұрын 96 болатын.

- Қазір облыс басшылығы бал-ара шаруашылығына көңіл бөліп жатыр. Нені ескеру керек? - деп сұрақ қойдық Тоқаңа.

Ара шаруашылығына қажетті балауыз, унитары, т.б. шығаратын цехтар жақын болуы керек. Ең ұзағанда ауданның орталығында орналасса. Бал өнімін қиналмай өткізетін, бұрынғының «Заготконторасы» секілді қазіргі нарық жағдайына бейімделген мекеме қажет.

Баяғыда біздің балдың басым бөлігі Қарағандының кондитер фабрикасына баратын. Бұрын ең нашар отбасы жоқ дегенде бір бидон бал сатып алатын. Соғыстан кейінгі біздің ұрпақ араның арасында өстік. Картоптың арасына балды салып жеп жүре беретінбіз. Қантта - глюкоза, балда - фруктоза басым. Сондықтан бал тез қорытылады.

Мына Верх-Катонның балы қыста қатпай тұра береді. Оны біз әйнек-бал дейміз. Мөлдір, өзі сұйық болып тұрады. Қазір, бірақ бұрынғыдай егіс жоқ. Бұрын, сов-хоз жоңышқаның әр түрін (эспарцет, клевер, люцерна) қарақұмық, т.б. салатын. Жазда гүлдің барлығы гүл бермейді. Біздің аралар «Средне-темная лесная» деген топтың ішінде. Өзі ызақор. Таң атқаннан түн батқанша тыным таппайды.

Үкімет марал мен ара шаруашылығына субсидия бермей, саланың алға басуы қиын. Мысалы, асыл тұқымды ірі қараға субсидия қарастырылған. Ал елдегі маралдың басым бөлігі осы Катонқарағай ауданында ғана ғой. Өзіміздің экономикалық потенциалымызды ары қарай дамытуда осы салаларды өз деңгейінде көтере алсақ игі. Шығыс Қазақстанның жалпы, экспорттық потенциалы да үлкен. Шығыстың басқа облыстардан бір ерекшелігі, табиғаты бөлек. Қыста 50 градусқа жететін аязы, жазда аптап ыстығы бар.

«Екі дос» фирмасына қарайтын «Нұр-Бұлақ» демалыс орнын алайық. Былтырдан бастап жолға қойылыпты. Қаншама адамға жұмыс орнын беріп отыр. Қаншама адамдар демалып, ем алып жатыр.

Шағын және орта бизнесті дамытамын дегендерге мемлекет, суы бар, жолы бар, электр жарығы бар, міндетті түрде қолдау көрсетуі тиіс. Үкімет шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерге инфраструктура жағдайын шешіп беруі керек. Жол ма - жол салып беруі, жарық па - жарық тартуы, суы ма - суын жеткізіп беруі керек. Жеке кәсіпкердің ақшасы оған жете ме?!

Шығыстағы ең үлкен мәселе - жол мәселесі. Мысалы, Алакөлді алсақ та сол. Алакөлге жету үшін мың шақырым жол жүруің керек. Біреу жол жүргенді ұнатады, біреу жолды көтермейді. Сондықтан ұшақпен қатынауды қолға алу қажет.

Облыс жоба жасап, қаржыландыруды қолға алуы тиіс. Ол өз-өзін ақтайды. Жақсы жол жасап қойса, туристер қарасы қатты көбейетініне дау жоқ. Шығыс Қазақстанның табиғатының қай жері кем басқа шетелдерден?!

Табиғат байлығын игеру, жұмыс орнын шешу, демалысты ұйымдастыру үшін «Нұр-Бұлақ» секілді он бес-жиырма шақты демалыс орындары қажет. Демалыс орындары неғұрлым көп болса, олардың инфрақұрылымдары да жылдам жөнделе бастайды. Атқарушы орган мен үкіметтің бірлескен жұмысы бұл. Инвестициялық жобаны үкімет сараптан өткізеді. Орта бизнес дегенде біз көбіне сауда-саттықпен айналысатындарды меңзеп жатамыз. Бұл жерде мал өсірумен, егіншілікпен айналысатындар, қосалқы жұмыстармен айналысып жатқандар сырт қалады.

- Осы мәселені неғұрлым білікті көтерудің жолы қандай?

- Ресей жағындағы Алтайда 30 мың марал бар, жылына 4 миллион демалушы келеді деген деректі естіп отырмыз. Өйткені, оларда туризм қатты дамыған. Германия кезінде Түркияда туризмді дамытуға үлкен қаржы құйған. Бірте-бірте Түрік азаматтары сол демалыс орындарын өз меншігіне алған. Сол секілді мемлекет мұндай үлкен нысандарды өз ақшасына салуы керек. Мысалы, бізде ірі «ҚазМұнайГаз» компаниясы бар. Сол компания бірнеше инвестиция салса, кейін ақша түскеннен соң ол жоба қайтарым жасайды ғой.

«Қазақтардың денсаулығын түзеу керек!» деген Елбасы сөзінен үлкен қорытынды шығарғанымыз жөн ғой. Жоғарыда айттық, бізде кесек қаржылық құрылымдар аз емес. Солардың өзі бір-бірден демалыс орындарын салса, бұл олар үшін бастапқыда үлкен пайда әкелмес те. Бірақ Елбасының жоғарыдағы сөзінен бір нәтиже шығарайық, деп қаржы салуымыз керек қой. Бұл бизнестің артықшылығына қолында ақшасы бар азаматтардың көзін жеткізуге тиіспіз. Екіншіден, маралдың басын көбейтуге күш салуымыз керек.

Әрине, облыс басшылығы марал шаруашылығын қолға алып жатыр, жолды жөндеп жатыр, аурухана, мектептер салып жатыр. Бұқтырма арқылы өтетін паром қызметінде бұрын субсидия болмаған.

Қысқасы, жыл он екі айда бір келетін демалысты өте оңды пайдалануды қазақ үйренуі қажет. Алтайымыздың керемет қасиетін сезінуі керек.

 

Тельман туризмді түлетпек

 

«Екі дос» фирмасының бас директоры Тельман Жаментиковпен сапар соңында кездескенбіз. Сабырлы, салмақты, сарабдал ойлы азамат екендігі бірден байқалады. Бас директордың сөзінен де аңғарғанымыз, өзіміздің де көзіміз жеткені - анау төржайлаудағы Беловодье-Ойқарағайдағы демалыс орны да жақын келешекте «Нұр-Бұлақтағыдай» жарқырап шыға келмек. Мынау Маралдыда тамыздың оныншы жұлдызында тағы сондай бір кешен ашылмақ.

Осы демалыс орындарының барлығында Катондағы ем алудың басты көзірі - мүйіз сорпасына түсу, бойдағы қырыққұрсау «шіләкті» айдап шығатын құрғақ буға қыздырыну, фитобөшке қарастырылмақ. Демалушылардың таудағы марал мүйізін кесуді көзімен көріп, мүйіз қанын ішуіне жағдай жасалмақ. Келешекте «Нұр-Бұлақтың» іргесіне де марал жайылымын ашу жоспарланып отыр. Ол үшін жанында 10 гектар жайылымдық жер бар.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда 400-дей шығысқазақстандықты еңбекпен қамтып отырған «Екі дос» алдағы уақытта аудан орталығынан фанера шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Бұл да қосымша жұмыс көзі болмақ.

- Досым Нұржан Жұмағұлов мұнаймен шұғылдана-ды. Екеуіміз 2-3 жыл бұрын осы жақта болып, туризм бизнесімен айналыссақ деген тоқтамға келдік. Ауданның сол кездегі әкімі Серік Зайнулдиннің қабылдауында болдық. Аудандағы ірі марал шаруашылығын, «Ақсу-ДЭЕН» зауытын сатып алдық. Марал мүйізі қазір арзандап кеткендіктен өңдеу арқылы құнын көтереміз, - деді Тельман Қабыкенұлы Жаментиков.

«Екі дос» фирмасының Катонқарағай жеріне қадамдары сәтті басталып, Шығыс Қазақстан туризмінің түрленуіне, жаңаша түлеуіне екпін қосты. Бүгінгі таңда «Екі дос» қарамағында «Ақсу» ЖШС марал шаруашылығы, «Ақсу-ДЭЕН» дәрі-дәрмек зауыты және бес бірдей емдеу-сауықтыру кешені бар. «Екі дос» еншісіндегі «Катонқарағай» емдеу-сауықтыру корпорациясына қарасты демалыс орындары «Ақсу», «Беловодье», «Жазоба», «Маралды», «Нұрбұлақ» деп аталады.

Бүгінде екі мыңның үстінде марал бар. Олардың қанын ауыстыру үшін Ресейден бұғы сатып алмақ. Егін салуды, мал бордақылауды, жылқы басын көбейтуді қолға алмақ. Биыл біраз жерге картоп салынды. Қазір ет, сүт, қымызды ауыл тұрғындарынан сатып алып отыр. Ауыл тұрғындарына бұл бірталай кіріс.

- Аудан әкімімен арада меморандумға қол қойыл-ған. Соның негізінде ауыл ішінде футбол алаңы, соғыс ардагерлеріне ескерткіш, жастардың би алаңы, балалар орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр, таяуда ашылу рәсімі жасалады. Алматыда спорт кешеніміз бар. Болашақта ауыл спортын дамытып, ауыл балаларын тәрбиелеу ойымызда бар. Қысқы спортты да қолға алмақшымыз, - дейді ҚазПТИ-дің мұнай факультетін бітірген, жас кезінде спортпен де ден қойып айналысқан Тельман Қабыкенұлы. Ауылдардан мамандарға үй сатып ала бастадық. Ол да үйлердің бағасын көтере түсті. Мысалы, Маралды ауылынан өткенде 70 мыңға сатып алған үйлер қазір 300 мыңға көтеріліп кетті. Қазіргі уақытта 400-дей адамды жұмыспен қамтып отырмыз.

 

P.S. Иә, мұқым түркі жұртының Отыкені - Катонқарағайда туризмді дамытуға барлық жағдай бар. Анау аспан астындағы ашық мұражай - Берел қорғандары, атақты Рахман қайнары, айбынды Мұзтау... Санап тауыса алмайсың.

Біз тек қазақтың қос іскер азаматы Тельман мен Нұржанның Алтайдағы туризмді дамыту бағытындағы ғана емес, басты брэнд - марал мен ара шаруашылығын өркендету орайында қолға алып жатқан істерін ашып көрсетуге тырыстық.

Қайтарымызда «Нұр-Бұлақтан» екі-ақ шақырым жердегі Топқайың ауылындағы қарағайдан салған қараша үйінде жатқан қазақтың дара қаламгері Қалихан Ысқақовқа амандаса кірдік. «Қатынқарағайды жаппай туристер басатын күн алда. Маңдайы жарқырап әлемге танымал болады әлі!» деді Қалағаң.

Солай боларына сенім мол.

 

Сайлау Төлеуов

 

Катонқарағай ауданы,

Шығыс Қазақстан облысы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512