Қайсар Әлім. Астана, Алматыға ұқсап бақ!
«Біз Алматыда тұрамыз!» Ағынан ақтарылып, шалқи шешіледі. Жүрек сөзі жалған болып па? Мақтаныш лебі еседі. Сүйсінеді. Алматысын - астанасын шексіз сүйетіні сезіледі. Сырттан барғандар осы ғажап сезімге өн-бойын жылытып, әсерленіп кететін. Ару Алматының тұрғыны болуды аңсайтын. Алатауға қарап, сұлулықтың не екенін ұғына түсетін. Жасыл-желегін жамыла көшесін қыдырыстағанда, жұмақта жүргендей масайрап, марқайып қалатын. Сылдырап аққан арық суы тынысын ашып, бұрқақтары көңіл кірін жуып, тазалап жалтыратып жатқандай ма? Мап-майда самалы ғазиз анаңның маңдайыңнан жеңіл сүйгеніндей, жайдарман желпіп өтеді. Одан сайын аңсарлы, сиқырлы ой дегбіріңді ала түседі: «Алматыда неге тұрмадым екен?»
Шіркін-ай, Алматыда тұру әр адамның ыстық ықыласын оятқан тәтті арманы болушы еді. Әлі де солай ғой. Аясынан Астана көшіп кетті екен деп, Алматының саясын ешкім сағынбайды дегенге кім сенуші еді. Ешкім сенбейді. Қайта, Алматыға деген іңкәрлігі басым кім-кімнің де. Бұрынғы тұрғынының да, ешқашан мекендеп көрмегенінің де. Аңсарға әмір жүрмейді. «Зейнетке шығысымен Алматыма тартып отырамын», дейтіндердің жолын кесесің бе, түге. Әркімнің жүрек таңдауы - көңіл хошы. Жалпақ Отанының әр түкпірін ыстық та жайлы ұя деп бағалайтын оларға не кінә тағарсың?!
«Біз Алматыда тұрамыз!» Ағынан ақтарылып, шалқи шешіледі. Жүрек сөзі жалған болып па? Мақтаныш лебі еседі. Сүйсінеді. Алматысын - астанасын шексіз сүйетіні сезіледі. Сырттан барғандар осы ғажап сезімге өн-бойын жылытып, әсерленіп кететін. Ару Алматының тұрғыны болуды аңсайтын. Алатауға қарап, сұлулықтың не екенін ұғына түсетін. Жасыл-желегін жамыла көшесін қыдырыстағанда, жұмақта жүргендей масайрап, марқайып қалатын. Сылдырап аққан арық суы тынысын ашып, бұрқақтары көңіл кірін жуып, тазалап жалтыратып жатқандай ма? Мап-майда самалы ғазиз анаңның маңдайыңнан жеңіл сүйгеніндей, жайдарман желпіп өтеді. Одан сайын аңсарлы, сиқырлы ой дегбіріңді ала түседі: «Алматыда неге тұрмадым екен?»
Шіркін-ай, Алматыда тұру әр адамның ыстық ықыласын оятқан тәтті арманы болушы еді. Әлі де солай ғой. Аясынан Астана көшіп кетті екен деп, Алматының саясын ешкім сағынбайды дегенге кім сенуші еді. Ешкім сенбейді. Қайта, Алматыға деген іңкәрлігі басым кім-кімнің де. Бұрынғы тұрғынының да, ешқашан мекендеп көрмегенінің де. Аңсарға әмір жүрмейді. «Зейнетке шығысымен Алматыма тартып отырамын», дейтіндердің жолын кесесің бе, түге. Әркімнің жүрек таңдауы - көңіл хошы. Жалпақ Отанының әр түкпірін ыстық та жайлы ұя деп бағалайтын оларға не кінә тағарсың?!
Бәрін көзбен көрдік, көңілмен сезінген едік. 1997 жылдың қысы қандай қаһарлы болды. Аязға буылған, дүлей боранды Ақмола алматылықтарды немесе еліміздің өзге өңірінен қоныс аударғандарды еркелеткен жоқ. Көрген көзде жазық жоқ. Ысқырған желден аялдама қалқанымен қоса ұшып кеткелі тұрған адамның шарасыз кейпін көргенде, жан қысылады екен. Көктемге салым биік ғимараттың жоғарғы қабатынан мидай жазық далаға бірдеңесін іздегендей телміріп қарап тұрған бозбаланың: «Алатаудың бір шоқысын әкеп қондыра салса ғой...» - деп әлдекімге шағынып жатқанының куәсі болғанбыз. Мүмкін тауда туған пенде болды ма екен? Тауда туғандар тауды түсінде де аңсайды деуші еді...
Қалай десек те Арқаға жер ұйығы Жетісудан ел астанасы салқар көшімен қоныс аударды. Ұлы оқиға. ХХ ғасырдың теңдессіз өзгерісі. Елбасының, халықтың бірегей бітімді шешімі. Тегінде, астаналар ауысуының өзі табиғилық кезегімен реттеліп, шешіліп жататындай боп та көрінеді. Мұндай бастамалар талай уәлі ауыздардан шыққан да. Алдаспан ғалым Қ.Сәтбаев, Алаш көсемі Ә. Бөкейханов, поляк революционері А.Янушкевич еңбектерінде Қазақ елінің астанасына лайықты жер ретінде дәп осы Арқа аймағы бөле-жара лайықталған еді. Ал Міржақып Дулатовтың 1929 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесінде жатып, тергеуде берген «Қазақстандағы қоғамдық-саяси қызмет және оған алашордашылардың, менің қатынасым жөнінде» деген жауап мақаласында: «Қазақ Республикасындағы қазақ жауапты қызметкерлерінің арасында жік-жікке бөліну және рулық топтар құру республика өмірге келген 1920 жылдан басталады...», - деп түйінделген. Енді Міржақыптың сол жауабына назар салайықшы: «Мәселен, Қазақстан орталығын Орынбордан көшіру мәселесі көтерілгенде Орал, Бөкей коммунистері орталық Орынборда қалсын, ең болмағанда Ақтөбе болсын деген. Өйткені, бұл екі қала олардың еліне жақын. Түркістан коммунистері Шымкент, Қызылорда болсын деген. Өйткені, бұл қалалар солардың еліне жақын. Ақмола, Семей коммунистері орталық Семейде болсын деген. Өйткені, Семей оларға жақын».
Қараңызшы, Міржақыптың қабырғасы қалай-қалай сөгіледі. Бірліктің туын көтереді. Елдікке шақырған, ұранды сөз. Жікке бөлінбеуге үндеген қырағы көз. Қазақ дертіне айнала бастаған сәл ауытқуды сылап тастауға бекінген пәрменділік. Түбі, бір төбесі көрінетін тәуелсіздікке жетудің ұлы мұратты жолындағы әлгіндей кеселдерден күні бұрын арылуға деген мәрттік қадам мен іңкәр сезім! Ұлы істе ретсіз андағайлаудың қажетсіздігін ұғындырған ақылмандық! Жасыратын несі бар, Ақмолаға бет бұрған ұлы көштің алдында да, соңында да шұбатылып неше түрлі сөз жүрді. Бірі - көшке оң болсын айтса, екіншісі - қырын қабақ танытқан. Тарих та түзу жолға түскендерді емексіп, ерік-жігеріне сәттілік тілейтіндей. Солай болды да. Тегеурінді көштің басында - Елбасы. Кейінгілері тізгінді тең ұстасып, үзеңгіге аяғын нық салып, бақытты ордаға бірлікпен баһадүрін қорғай, қолпаштай аттанған... Кейінгі нәтиже баршамыздың көз алдымызда ғой.
Сонымен, жаңа астана жайнап, жасарып жатыр. Қазақ елінің мәртебесі тіпті әлем алдында өсіп, құт қонған Қазақстанды жыға танитын мемлекеттер көбейді. Елордаға ынтыға келіп, көңіл хошын еселеп қайтады. «Қазақстан- Назарбаев» деп, риясыз шаттанып аттанады. Сырт көз осылайша сұқтанғанда, өз ішіміздегілер тақымын қысып, тамсанбағанда қайтсін? Баяғы тауды аңсайтындардың өзі жазық даланың жұпарынсыз тұра алмайтындай өзгеріп сала беріпті. Тіпті: «Іргемізде Көкшенің таулары тұр ғой», деп өзге өрекпігендердің көңілін басатын болыпты. Зейнетке шыққандарының кейбірі «сол күні-ақ кетемін» деуінен айнып, отбасымен бақуатты өмір сүріп жатыр. Арқаның аязынан қорынғандар «бой сергітер боранына» көндігіп қалғандарын жасырмай айтады.... Қысқасы, Астананың қысы-жазы ұйтқыған желіне жанын-жүрегін тосып, тазалатқысы келгендей, олар түпкілікті бақ қонысын тапқандай екен. Елбасы айтпақшы, кең-байтақ Қазақстанның қай бұрышы да ата-бабаларымыздың қанымен, арман-тілегімен қорғалып, мәңгілікке меншігімізге беріліп, маңдайымызға бұйырған жиделібайсынды, жәннат жер емес пе! Оның әр аймағы - әр қазақтың тұрағы! Әр тұрғынының аңсаулы мекені - байтағының әр пұшпағы! Бүгінде әр қазақтың бойында осындай елдік мінез қалыптасып келе жатқаны- сананың жаңғырғаны ғой! Саф алтындай тазарғаны ғой! Міржақып мұңындағы - ортақ істі шешу барысындағы ру-ру, топ-топқа бөлінудің нышаны жоғалғанының белгісі де! Тәубе делікші.
Астаналық! Сізге кім қызықпайды қазір? Бәрі де. Шалғайдағы шалың теледидар алдында шалқайып жатып: «Астанаға арбалып қалдым, көшіп кетсем қайтеді?» деп әдейі күпініп, қипақтапты. «Ауылсыз Астана бола ма, сен осында керексің», деп кемпірі кекетсе керек. Ұпайы орталанып қалған шалы сонда: «Бір арманым қалып барады, сондай әйбат қалада сенімен танысқанымда ғой...» деп сөзін жұтып қойыпты. Тойымсыз кәрі көзі кемпірін де бүйірінен түртіп жібергендей екен, бәтір-ау. Жасты да, жасамысты да ынтық еткен елорда осы екен. Ал жас тұрғындары қадірін толық біле ме! Шау тартқандары шамырқанбай, шуақты күндерін күнгейлі етіп өткізе алып жүр ме?
Тұрғындарының рухани деңгейі биік, мәдени өмірінің мәнді болуына не қажет? Тіпті әлеуметтік тіршілігінің де сапасы әркімнің әдебиет пен өнерге деген сұранысының жүйелі қанағаттандырылуына байланысты екенін баса айтсақ, несі артық? Жаттанды ойды оңына бұрыңқырап зерлесек, шаһар зиялы болмай, адамдарының да зиялы, өркениетке лайықты өмір сүруі неғайбыл секілді.
Сонда алғы кезекте Астанаға тән нендей ерекшеліктерді санамалауға болар? Алдымен зиялы тұлғалар көптік етпейді. Елорда енді еңсе тіктей бастаған жылдары көшеден көрініп қалған марқасқаларға өткіншілер ошарылып қарап, қалт тұрып қалатын. Сөйтсе, мүйізі қарағайдай болып елге танымал тұлғалар кетіп барады екен. Әр саланың талантты да өзгеше жаратылыстары: Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Еркеғали Рахмадиев... Келесі жолы көзге түсіп қалғандары: Әзірбайжан Мәмбетов, Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Қуаныш Сұлтанов, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы... Тағы бірде үлкен ғимараттың алдында Дүкенбай Досжанов, Қайрат Жұмағалиев, Несіпбек Айтұлы шоғырланып тұр екен. Бәтір-ау, бәрі де көзге ыстық, көңілге жақын бейнелер. Дәп қазір ауызға алынбай қалғандары қаншама? Осылар шынында да жас Астананың көркі, сәні, абыройы, беделі бола білді емес пе? Астана сөйтіп, әдебиет пен өнердің, мәдениет пен ғылымның шамшырақтары жиналған зиялы ордаға айналып, рухани әлемі нұрлана түскен. Кезінде аты аталған даңғайырлардың баршасы Алматының тұрғындары болған-тын. Соның көркі, рухани мақтанышы, жайдарман жайсаңдары-тын. Ұлы көшпен ілесіп, елдік мінез танытқан дарабоздар-тын! Біразы әлі де астаналықтарды зиялылық шуағына бөлеп, рухани мәйекке сусындатып келеді. Кетіп жатқандары да бар. Әркімнің өз қалауы ғой. Сөйттің екен деп, жазғырудан аулақпыз. Мысалы, Шерағаңдар қайда жүрсе де елінің панасы, рухани данасы бола алатын тұлға емес пе?
Азиада дүркіреп өтті. Хоккейден басқа қызықтарда жанкүйерлердің селдірлігі аңғарылып қалды. Мысалы, конькишілер сайысы сырт қолпаштаусыз жетімсіреп өтті. Мұнда алматылықтардай стадионға қопарылып келіп, «қиқуға» басатын көрініс әлі бойына дарымағандай. Бір өкініштісі, әлемдік деңгейдегі ғимараттардың кейде мүмкіндігіне сай жұмыс істемей, қаңтарылып тұруы ойландыруы тиіс. Бұдан астаналықтардың бұқаралық спортқа әлі де ден қоймағандығын аңғаруға болады.
Әр деңгейдегі түрлі мерекелік, мерейтойлық көрмелер өтіп жатады. Мысалы, көркемсурет, қолөнер көрмесі делік. Соларға ынтыға барып, рухани шөлін басушылар некен-саяқ. Тұрғындар зиялылығында еленбейтін сәл нәрсе болмауы тиіс қой.
Астана туралы ән көп. Отансүйгіштікке, қаланы құрметтеуге, тарихын зерделеуге үндейді. Қажет-ақ! Кейбірі сезім қылын тербемейді. Жеңіл-желпілік басым сияқты... «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған», деп бойға қан жүгіртіп, сұлулыққа табындырып тастайтын ғажап суретті қала, табиғат бейнесі қайда?! Ән арқылы махаббатын ойлап, көңілі босап, шаһар келбетіне іңкәрлана түсу - қайталанбас сезім ширығысы емес пе, бәтір-ау! Есіл суын, Есіл толқынын ғана дәріптейміз бе? Астананың мөлдір махаббаты, шаттығы мен мұңы, гүлі, ауасы, дауылы мен үскірігі неге көрініс бермейді? Осының бәрі-бәрі нәзік сезіммен әуеленсе ше?
Тұрғындары зиялы болу үшін барлық жағдай жасалсын. Қазір қалада «Букинист» кітап дүкендері қат. Ұлттық дастарқан мәзірі толық, арзан бағалы асханаларды көбейтсе. Қымызханалар ашылса.
Ұлттық пантеон (зиялылар, атақты адамдар қорымы) - әлемде бас қала өркениетінің ажырамас бір ұғымына айналғаны қашан? Бізде ашыла қалса, имандылық нұры төгілер...
Алматы әлгі жоғарыда аталған тұлғалар қоныс аударып кетті екен деп, қоңылтақсып қалмаған да болар. Бауырына басқан зиялылары әлі де жетіп артылады. Онда тек зиялылар ғана салтанат құрып па? Жайнаған рухани, мәдени, әдеби, өнер ошақтарында адам игілігі үшін жасалып жатқан алуан іс-шаралар Астанаға үлгі болса, қанеки! Сондай өнегенің жұғыстылығы қандай деңгейде екен, қазір?
Бір қарағанда, Астананың да өзіндік рухани өрлеуі байқалады. Оның басты себебі, Елбасының күнделікті қамқорлығының қайтарымы десек, мұндай ілгерілеуді қалабасы Иманғали Тасмағамбетовтің жанкешті қызметімен тығыз байланыстырғанымыз абзал. Алматыдай ірі мегаполистің тізгінін мығым ұстап, ұзақ мерзімге негізделген ойларын жүзеге асыра білген оның қолтаңбасы ұмытылмайтынына әлі күнге дейін соңынан айтылып жүретін алғыс-ризашылық ағыны кепіл. Әсіресе, рухани саладағы тындырғандары алғы жылдар еншісіндегі марапатқа ие екендігін мойындаған жөн. Зиялының кеудесі алтын сандық қой. Ал сандаған зиялыға ақылы мен сөзін өткізе білген Имекеңнің рухани сардар дәрежесіне көтерілгені ақиқат. Оған әркім тартылып тұратын. Кез келген дарын иесіне талантты, дара сөз айта білетін ол астаналықтармен де қоян-қолтық араласып, Елорданың Алматыға ұқсап бағуына барын салып келеді. Себебі, Астананың әлі де көп еліктеп, көп өсуі керектігін ол жақсы түсінеді.
Әрине, Астананың Алматыға теңеле қоюы оңай шаруа емес екендігін ол терең пайымдайды. Энциклопедиялық білім иесі шаһардың рухани мүмкіндігін безбендей келіп, зиялылар қауымымен мемлекеттік өрелі істерге ұйытқы болып жүр. Ана тілі қолданысқа жаппай енгізілуде. Тіл десек, Оразкүл Асанғазысыз әңгіменің қынуы жоқтай. Маңызды саланы ұлтжанды қазақ қызына тапсырып қоюынан әкім көп нәрсе ұтып отыр. Тілдің көсегесі көгере бастады. Оразкүл ханым бір сөйлеп бергенде, ана тілінің ұлы қасиеті өз-өзінен танылады.
Баяғыда Имекең Алматының театрларына жиі бас сұғып тұратынын сол саланың білгірлері айтып жүр. Сол әдетін осында да тастамағанын білеміз. Жуырда ғана ол Астанаға гастрольдік сапармен келген Алматы жастар театрының өнерін әдейі барып тамашалады. Сонда ойы сан-саққа жүгірмеді дейсіз бе? (Кеңес кезінде, обалы нешік, компартия хатшылары тұсаукесер көрсетілімдеріне белсене қатысатын). Астананың опера және балет, драма театрларының бүгінгі талапқа (елордалық дәрежеге) сай емес екендігі толғантатынын жасырмайды ол. Опера үйі салынып жатыр, дайын боп қалар. Ал драма ғимаратының бүгінгі халі мүшкіл-ақ. Түбі, босаған бір орынға көшіргенімен де әртістері мен көрермендеріне олқы соғып тұратын шығар. Сондықтан ештен кеш жақсы. Сайлы етіп, жеке ғимарат тұрғызылса, Алматының «әкемтеатрындағыдай» кірген бетте-ақ көңіл сергіп, сезім балқып, өнер тылсымы алпыс екі тамырға леки жөнелер еді-ау! Қазіргісі не, қуықтай тартылған бірдеңе. Еңсе басылып, апшыны қуырып жібереді.
Бас қалаға Алматы театрлары арнайы гастрольге келіп тұрады. Сондайда ұяттан бетті басатын кездер де туындап қалады...
Бәрі-бәрі есте, жадта қашалған. Алматы өз қонағын қалай күтуші еді? Ол да бір дәурен екен ғой. Жолаушы-жүрек сонау жылдары Алматыға сапар шеккенде атқақтап соға жөнелетін. Алматыны көру бір арман! Мейманды күту жоралғысын айтсайшы. Дастарқан жайғаны, сондағы сөйлеу мәнері, Медеуге қыдыртқаны, театрға апарғаны, паркке бауыр бастырғаны, аттанардағы кәде-сый жасауы, бәрі-бәрі көңілден өшірілмес. Вокзалдан ән-жыр төкпелеп, шығарып салғаны жан семіртетін. Астана вокзалы сондай қызық қоштасуларды біле ме екен?
Алматылықтардың көшеде қыдырыстауының өзі сәнге бөгіп тұратын. Қолтықтасып, әсем жүріспен көз арбайды. Жүздерін төмен салмайды. Асқақ, арманшыл, ертеңіне еліткіш. Киім киісінің өзінен-ақ «мен астаналықпын - алматылықпын ғой» дейтіндей мақтаныш лебі еседі. Жақсыға жан үйір емес пе? Ауылдағылар, аудандағылар, облыстағылар алматылықтардай болғысы келіп, ләззаттанатын, шексіз құмартатын. Қысқасы, Алматыға келген әр адам өзінің көптен күткен бір тойына жиналғандай мәз-мейрам күй кешетін. Кетерінде қимастық жасын моншақтай үзіп тастайтын...
Дәл әлгіндей қонақтар күтімі, олардың аңсар-үміті елордамызда нешік? Әй, қайдам! Қарапайым нәрсенің бәрін жаңа ежіктеп үйреніп жатқандаймыз... Сабасына түсер, түбі. Ілгерілеу басым. Сол көңілге медет. Ауызды қу шөппен, әрине, сүрте алмаймыз... Тазалыққа мән беріледі. Есіл бойы - көз құмары. Тоқтаңыз! Алматыдан айбынын сәл-пәл асыратын осы су көркі ғой! Әртүрлі деңгейдегі оқу орындарына зиялылар пейілденіп бара бастапты. Кітапханалары білімге тартады. Кітап дүкендерінің тарлығы - талғамның түсіңкірегені ме? Әралуан кештерге жалынып-жалпайтып әрең жиналатындар ойласатын шығар, бәлкім.
Мұндағы халық мың құрамды оркестр секілді. Әлі бір ізге, бір әуенге түсе қоймағандай. Еліміздің түкпір-түкпірінен қысылтаяң шақта ағылып келіп, құр «арманмен», дабырамен, кейде тіпті кеуілсіз күн кешіп жатқандары да кездесіп қалады. Олар бас шаһардың намысын жыртысуға еріншек, енжар, немқұрайды. «Мен астаналықпын!» деп марқаю былай тұрсын, қара басын әрең алып жүріп, сұлбасын сүйреткендерді көргенде мысың басылады. Әрине, жараспайтын қылық, қарадүрсін мінез. Ал осылардың бәрін әкім үйретіп, бір шыбықпен айдауы тиіс пе? Өздері неге талпынбайды? Астаналық болуға бейімделмейтіні несі?
Қазақ елінің астанасы уақытпен жарысып, сәулетіне дәулеті сай болып, келер күндерге алтын айдарлы, күміс қанатты күйде аттанып, жанарын намысқа жанып, әлемге түр-тұрпатын сұқтандырып, өркештеніп барады, әне! Құрылысы қырланды, тұрмысы түзуленді. Ендеше не тұрыс бар? Адамдары оянуы керек қой! Зиялыларға жанасса, жараспай ма? Өмірі гүлденіп, мінезі сүйікті бола түссе ше... Көркем құбылыс, рухани өрлеу деп, соны айтар едік...
... Астана, әсіресе рухани тағылым жағынан Алматыға қарап бой түзесе, келіскен сән-салтанатымен қоса, сапалы тіршілік тынысы кеңіп, мейірімденіп, мархабаттанып, бүгінгіден де мағыналы өмір сүрер еді-ау!.. Рухани кемелділік кеңістігінсіз қай астанаға да бірдеңе жетіспей тұратындай. Сіз боп, біз боп соның орнын толтыруға талпынайықшы.
«Егемен Қазақстан» газеті