Арман Әлменбет. «Атасы топқа кірмеген...»
Ұрпақ ауысқан кезде заманның ауаны да өзгерері анық. Ал бүгінгідей адамзат өркениеті дамыған дәуірде ұрпақ ауыспай-ақ қоғамдағы пікірлер өзгеріп барады. Әсіресе кейінгі буын, яғни балаларда бірыңғай сипат жоқ. Әртүрлі түсінікпен, неше түрлі ағымдардың жетегінде өсіп келеді. Ал әкелер болса коммунистік идеямен тәрбиеленген мықты ұстанымдарынан ажырар емес. Буындары қатып қалған, дәттері берік.
Ұрпақ ауысқан кезде заманның ауаны да өзгерері анық. Ал бүгінгідей адамзат өркениеті дамыған дәуірде ұрпақ ауыспай-ақ қоғамдағы пікірлер өзгеріп барады. Әсіресе кейінгі буын, яғни балаларда бірыңғай сипат жоқ. Әртүрлі түсінікпен, неше түрлі ағымдардың жетегінде өсіп келеді. Ал әкелер болса коммунистік идеямен тәрбиеленген мықты ұстанымдарынан ажырар емес. Буындары қатып қалған, дәттері берік.
Бүгінгі күннің балалары әкелерге ұқсамайды. Тіпті өзара бір-біріне де ұқсамаған. Жинақталған образ ретінде біреуін алу мүмкін емес. Біршамасы есірткінің етегінен ұстап кетсе, біршамасы дінге бет бұрып, сәждеге бас қойып жатыр. Қаншамасы түнгі клубтың қызығына батып жүр. Тіпті жынысын ауыстырмақ болып, жынның жетегінде кеткендер де баршылық. Бірақ сол балалардың бәріне ортақ бір нәрсе бар. Ол - көрген тәрбиелері. Бұлар сәби шақтарында неден тәлім алды? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тұс келді де, жоқшылықтың куәсі болды. Кешкісін ішіп келген әкені, әке алдында кішіреймейтін шешені көрді. Әкелердің жұмыссыз қалғанын көрді, шешелердің дорба арқалағанын көрді. Әкелер ішіп жүретін. Ал шешелер әкелерді ашса алақанында, жұмса жұмыдырығында ұстайтын. Отбасындағы осындай тәртіптің орнауын, ондай жүйенің қазаққа келуін дер кезінде тап басып айтқан Мұхтар Әуезов болса, жаппай сипат алуын Мұхтар Мағауин талдап, сырын ашып берген болатын. «Абай жолы» роман-эпопеясында Әуезов кейіпкерінің аузымен Құнанбай заманында сөз айтуға хақысы жоқ әйелдер Абай заманында дауыс білдіре бастағанын айтады. Мағауин болса «Қисық ағаш» хикаятында кесірлі әйел мен шарасыз еркек Кеңес үкіметінің қолдан жасаған өнімі екенін сөз қылады. Әйел теңдігі дегенді шығарып, әр еркекке бір-бір жендетті өз үйлерінен тауып берген. Расында да солай. Әйтпесе еркектің алдын кесіп өтпейтін қазақ әйеліне бұл долылық қайдан келеді. Не де болса, бүгінгі балалар соны көріп өсті. Бұл ешқандай да тәрбие емес еді. «Бетімен кеткен» деген ауыр сөз осы балаларға қаратып айтуға болатын сөз. Арнаулы тәрбиесіз қалған балалар ақпарат тасқынымен тәрбиелене бастады. Азғындықты көрсететін фильмдерді көре-көре, саналарын әбден улады. Сауық кештерін ұйымдастырды. Балалардың бұл қылығына әкелер қарсы болған жоқ. Өйткені өздерінің кезінде де ондай кештер болған. Содан жаман болған жоқпыз деп ойлады. Бірақ бүгінгінің балалары жасайтын бастаңғы ол кездегі бастаңғымен салыстыруға келмейтінін қайдан білсін әкелер. Балалардың ішінде өз жынысына шөккендер де бар екенін, жын құсап еліріп кеткендері бар екенін әкелер қайдан білсін. Әкелер түні бойы үйде болмаған ұл мен қызға ұрсуды ғана білді де, оларды түзеу кеш екенін түсініп жатты. Талайы аяғы ауыр келін түсіріп, оң жақта отырып екіқабат болып қалған қыздарын ұзатып жатты. Балалар болса ажырасып та жатты, ажыраспаса да ұрсысып-керісіп, әйтеуір әке-шешелерінен көргенін істеп ғұмыр кеше берді. Бұл балалардың басым бөлігінің істегені.
Ал балалардың енді бір парасы қолдарын қусырып, қыбылаға жүздерін бұрды. Намазға жығылып, иман келтірді. Бірақ бұл да әкелердің көңілдерінен шыға қойған іс болған жоқ. Жап-жас боп ап не керек деді. Жастықтары қайда қалады сонда деген уәж айтты. Өйткені жас кездегі қызық деп өз уақыттарындағы сауықты айтты тағы да. Сөйтіп ауыздарынан Құдай түспейтін әкелер сол құдайшылдыққа өздері қарсы шықты. Балалар уәж айта бастады. «Әруақты» алға тартқан әкелерге: «Әруақтың бар екені рас, бірақ олар бізге көмектесе алмайды. Олар бар болғаны қияметті күтіп жатқан рух қана. Бізге қол ұшын берер де, бізді жазалар да бір Алла», - деді. Кей әкелер бұған сонда да көндіге алмады. Балалар айтты: «Егер табынатынымыз әруақ болса, онда неге өлер алдында «Лә-илаха-иллаллаһ» деп айтамыз, неге сол сәтте әруаққа сыйынбаймыз? Сауабы әруаққа жазылсын деп оқитын Құран сүрелері не туралы екенін білмеуші ма едіңіз? Ол жерде «тек саған ғана сиынамын» деген сөз бар емес пе?», - деді. Құдайды тек тілінде ұстап, жүрекке апара алмаған әкелер бұған жауап бере алмады. Мұсылман болып, Исламның ырысына қол созған балаларын отырса опақ, тұрса сопақ қылуды жалғастыра берді. Бірақ олай болма, былай бол деп, тағы ештеңе айта алмады. Өздері естіп өскен коммунистік идеологияны насихаттауға болмайды. Тек «сабағыңды оқы», «бір жапырақ қағаз ал», «жұмыс істе» деген сияқты ұран сөзерді тізіп, үндемегеннен тәуірді жасады. Қасиетті кітаптың қайнарынан сусындаған балалар өте тар шеңберде қалып қойған әкелеріне мұсылмандықтың не екенін түсіндіруге тырысып әлек болды.
Балалардың енді бір қауымы дінге бет бұрамын деп, өзгешелеу жолмен кетіп қалып жатты. Ниеттері соншалықты түзу бола тұра, ойламсыздау бағытты таңдады. Ұлттық құндылық дегеннен бас тартты. Заңға қайшы істерге барды. Бұны көрген әкелер балаларынан мүлде безінді.
Әкелердің негізгі өмірлік ұстанымдары «Менде көз екеу, жұртта нешеу? Бәрі маған қарап тұр, досқа күлкі, дұшпанға таба болмайынның» шеңберінен шықпайды. Жұрт той жасайды екен деп қарызға белшесінен батып той жасаудан қаншалықты қуаныш табатындары өздеріне мәлім. Бұны әкелерге айтса, «сен де қияли екенсің» деп бір-ақ қайырады. «Жалғыз мен не өзгертемін» деп , «уәжін» айтады.
Әкелер еңбек етіп өсті. Қыстыңгүні бораннан кейін жабылып қалған есікті күреп ашып, екі шақырым жердегі бұлаққа суға баратын. Қолдары бос уақытта кітап оқитын. Сондықтан да сезімдері тірі, қуана да, қайғыра да алады. Соғыс көрген тәубешіл ұрпақты көрді, ол кісілердің алдында әдеп сақтауды білді.
Балалар болса табиғаттан алыстау, технологиялық жаңалықтарға жақындау болып өсті. Сабақтарын ғаламтордың көмегімен оқып, жұмыстарын да компьютерге үңіліп отырып бітірді. Бос уақыттарында компьютер алдындағы орындыққа және таңылды. Сондықтан да сезімдері солғын, сезбестің сегіз күйіне жақын, енжар болды. Коммунизмге бір жола бет алғанда онысынан айырылып қалып, не істерін білмей қалған ұрпақты көрді, оларды не үшін сыйлау керек екенін түсіне қойған жоқ.
Бір нәрсені әр қырынан көріп, сан түрлі баға беруге болады. Жүз метр қашықтыққа он үш секундта жүгіру қатардағы спортшы үшін қанағаттанарлық нәтиже болса, дарынды спортшы үшін үлкен құлдырау, тоқырау болуы мүмкін. Ал биотехнологияны зерттеп жүрген жас өрен үшін сол жүгіріс бос сандал болып көрінуі де ықтимал. Бәрі де қойылар өлшемге байланысты. Бүгінгі балалар әкелерден қаншалықты озды деген сұраққа жауап іздер болсақ та, қай қырынан қарайтынымызды айқындап алған жөн. Статистикалық мәліметтер мен экономиканың даму көрсеткішіне сенсек, жастардың білім сапасы артқан, спортқа деген құлшыныстары да жоғары. Бірақ компьютер клубтарында ауы тізеге түскен шалбарды киіп, ауыздарына келгенін оттап, ойын ойнап, қазақ жастары отырады. Жұма күндері мешітке жиналған халықтың қарасын көріп, ондағы жастардың көптігін ойлағанда бір жеңілдеп қалуға болады. Ал топ болып әңгімелесіп отырған бір жігіттердің аузынан бәтуәлы бір сөз шықпағанын көріп жылап алуға да болады.
Уақыт өтеді, әкелер де кетеді, балалар да қартаяды. Алғашқысының жүрегінен «қазақ» деген сөзді Социалистік жүйе тартып алған болса, кейінгісінің жүрегінен ақпарат тасқыны ұрлаған екен. Жүректің төрінде қамалдың туындай болып желбіреп тұратын сол сөзді барынша тез қалпына келтіре алу, келтіре алмауымыз бүгінгі күні жасап отырған, мына, бізге сын. Құдай бетін аулақ қылсын, бабалар аманат қып қалдырған жеріміз бен тілімізді біреу басынып жатса, істей алар қайранымыз болар ма екен... оны да ойлау қажет.
«Абай-ақпарат»