Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4047 0 пікір 17 Қараша, 2011 сағат 06:22

Сәбит Байдалы. Көш көлікті болсын десек...

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағыдай емес, шет елдердегі қандастарымыздың тарихи отанына көшіп келуінің толастай бастағаны анық болып отыр. Өз елінде өгейлік көргендердің кейбірі қайтып кетіп, енді бірі екі ойда жүр. Бұл бізді қатты ойландыратын, тіпті шошындыратын жәйт. Мұның тенденцияға айналып кетпеуіне күш салу керек. Елге ел қосылмауы - жақсылық емес. Елден ел кетсе - жұт. Отандастарымыздың оралуы егемен еліміздің зор мұқтажынан туындап отырған, тарихи әділеттілікті қалпына келтіретін ұлы оқиға саналған болатын, сол ұстанымымыздан айнымауға тиіспіз.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағыдай емес, шет елдердегі қандастарымыздың тарихи отанына көшіп келуінің толастай бастағаны анық болып отыр. Өз елінде өгейлік көргендердің кейбірі қайтып кетіп, енді бірі екі ойда жүр. Бұл бізді қатты ойландыратын, тіпті шошындыратын жәйт. Мұның тенденцияға айналып кетпеуіне күш салу керек. Елге ел қосылмауы - жақсылық емес. Елден ел кетсе - жұт. Отандастарымыздың оралуы егемен еліміздің зор мұқтажынан туындап отырған, тарихи әділеттілікті қалпына келтіретін ұлы оқиға саналған болатын, сол ұстанымымыздан айнымауға тиіспіз.

Қазіргі таңда Қазақстан тұрғындарының саны 16,5 миллионнан аса бастады. Бірақ мұны жетістік санауға болмайды. Егер мемлекетті құрап отырған қазақтардың саны осыншама болып, оның сыртында басқа ұлттардың өкілдері тұрса, онда қанағаттануға болар еді. 2015 жылға дейін 20 миллионға жетеміз деген мәселе тектен-текке қойылған жоқ  деп ойлаймын. (2004 жылғы Елбасының Жолдауында айтылды) Бұл ұранды орындау үшін шетелден келетін қандастарымыздың үлес салмағының көп болуы қажет екендігі ақиқат. Оның үстіне Ресейдің әлеуметтік, демографиялық және көші-қон саясаты қазіргіден де тегеуірінді жүргізіле бастаса, орыстардың өздерінің тарихи отанына кетуі күрт артатынын болжау қиын емес. Олардың орынын сырттағы қандастарымызбен көптеп толтырудың қажеттігі туындайды. Елден жырақта жүрген қандастарымыздың атамекеніне оралуы - мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласына кіргізу әлі үлкен проблема болып отырған біздің елде тілдік ортамыздың да кеңеюінің бір шарты.

Сондықтанда қазақтың санын қазақ елінде тез өсіру үшін табиғи өсімді көбейтуге жағдайлар жасаумен қатар, көшіп келуге ниет еткен бауырларымыздың санының өсуіне де қолайлы мүмкіндіктер туғызудың өрісін кеңейте түсуіміз қажет. Қазақ ұлтын біріктіру, қазақ мемлекетшілдігін нығайтуды демография мәселесін шешумен, әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап жүрген шет елдердегі қандастарымызды тарихи Отанына оралту жұмыстарымен қабыстыра жүргізу қажет.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы еліміздің ұлы мерекесі ғана емес, өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын бетбұрыс кезең. Елбасының шетелдегі отандастарды елге қайтару жөнінде оң саясат ұстап отырғанына қарамастан, біз жүргізген талдау егер алыстағы қандастарымызды елге көшіру қарқыны осы қалпынан танбаса ХХI ғасырдың өн бойында олардың басым көпшілігі өздерінің тарихи отандарын көре алмайтындығын байқатады.  Ендеше, ұлттық саясаттың өзекті мәселелерінің бірі және бірегейі - қазақтың қазақтығын анықтайтын көші-қон мәселесіне жүрдім-бардым қарамай, әлемге шашырап кеткен қайран қазақты елге шақырып, жинап алуда жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты бұрынғыдан да күшейтіп, жаңа деңгейге көтеріп, түбегейлі өзгертетін кез жеткені көрініп тұр. Қалай? Сұрақтарға жауапты бірге іздейік.

Оралмандар Одағының құрылтайы қалай өтті?

Астана қаласының Қазақ гуманитарлық заң университетінің акт залында «Қазақстан оралмандар Одағының» екінші құрылтайы өтеді, соған қатыссаңыз деген хабарды маған кезінде өзім құрысқан «Оралған отандастардың «Жаңа өмір» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лашын Бохан жеткізді. Оралмандардың ұйымдары біздің елде жетіп артылады, енді осылардың бәрінің басын қосып отырған осындай үлкен Одақ бар екен, бұл солардың мәртебелі форумы ғой, ендеше қатысайын, тыңдайын, реті келсе пікір-ұсыныстарымды да білдірейін деген ниетпен басталуынан жарты сағат бұрын бардым. Бірден айта кетейін, мен оралман емеспін. Мен жалпы қазақты оралған, оралмаған деп бөлмей, бар қазақты бір қазаққа балап, осыдан 20 жыл бұрын Тәуелсіздігімізді алуымызбен бірге басталған шет елдердегі отандастарымыздың тарихи отанына ұлы көшін - «елге ел қосылса құт» санаған еліміздің тұрғылықты ұлтжанды азаматтарының бірімін. Біз бұл көш-керуенді қазақ елінің даму, өсіп-өркендеу жолында этнодемографиялық саясатты дұрыс жүргізуге оңды ықпалын тигізуде орасан зор маңызы бар ұлы үрдістің басы деп есептеп, мақтаныш сезімге бөленген едік...

«Бүкіл халық болып көшіп келіп жатқан ағайынға көмектесу әрбір қазақтың парызына айналуы тиіс». ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Университеттің салтанатты да зәулім залының төріне іліп қойған Ұлт көшбасшысына лайық әділ де, әдемі сөздері жүрекке жылы шуақ құйғанын да жасыра алмаймын. Шекарадан шет қалып, өгей баланың күйін кешкен отандастарымыздың қамын ойлау - алдына асқаралы мақсаттар қойған іргелі елдің азаматтарына сын.

Форум уақытында басталмады. 400-500 адам сыйып кететін залдың алдыңғы екі қатары да толған жоқ, төралқа, әрі кетсе басқарма мәжілісін өткізетіндей деңгейдегі 20 шақты адаммен де құрылтай өте ме деп қобалжи бастадық. Көші-қон мәселелерімен айналысатын ҚР Ішкі істер министрлігіне еніп кеткен комитет, басқа да осы саланың істеріне жанама түрде болса да қатысы бар мемлекеттік органдардан да біреулер келе ме деп  алаңдадық. Кейбір басылымның Құрылтайға сенат және мәжіліс депутаттары қатысты деп жазғаны өтірік. Тіпті жиналған үркердей топтың ішінен де қашанғы отырамыз, жұмыстан сұранып зорға шығып едім дегендер және шықты. Абырой болғанда, топ-топ болып, студенттер кіре бастады. Оқытушылар қаhарлы дауыспен әрбір студенттің атын атап, түсін түстеп, кімнің келіп, кімнің келмегенін сұрап, түгендеп жатты. Таңданыс білдіріп жатқандарға мұның сыры көп ұзамай белгілі болды. «Аудиторияға» ректор кірді. Қазақстан Оралмандар Одағының құрылтайы өз жұмысын бастады.

Одақтың съезін Одақ төрағасы Артықбай Үкібай ашты. Өзге де тығыз шаруаларына байланысты сөз Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры М.С. Нәрікбаевқа берілді. Әділдігін айтсақ, Мақсұт Сұлтанұлының сөзі келісті шықты. Оның ой-тұжырымдарының қисыны шымыр, мазмұны шынайы да нанымды, шын жүректен шығып, жүректерге жетті. Елбасы жүргізген оң саясатының арқасында көш көлікті болып, жалпы шет елдерден бір миллиондай қандасымыз Отан құшағына оралды. Бұл біздің жас мемлекетіміз үшін, әрине аз көрсеткіш емес. Дегенмен, 5 миллион қазақтың әлі де жат жұртта жүргенін ескерсек, осы бағыттағы атқарар жұмыстың үлкені алда екенін айтты. Оның үстіне кейінгі кезде этникалық қазақтардың Отанына оралу қарқыны бәсеңдеп қалды. Толып жатқан оралмандар ұйымдары бар, неге бірікпейсіңдер, неге нағыз одақ болмайсыңдар, сонда қазақты қазаққа қосу әлдеқайда жеңіл болар ма еді дегені де орынды болды. Азаматтық алу туралы заңның әлсіз тұстарын сынға алды. Соның салдарынан азаматтық алу тетіктері қиындап кетті. Жалпы біз неге шет елден келген, тұрғылықты жерден деп бөлінеміз дей келе саяси белсенділікке шақырды. Заңдар демократиялы болуы керек, сосын сол заңдардың орындалуына қатаң бақылау орнатылуы керек деген сөздері де ықыласпен тыңдалды. Конституцияда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаудың қажеттілігі міндеттеліп, жазылған. Сол әлі орындалған жоқ. Билікте тіл мәселесін саясиландырмау керек деген пікірлер бар. Сол саясиландырмау үшін де Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдап, оны орындау керек емес пе? Және ең бірінші қазақты міндеттеу қажет. Қазақтардың саны өсуде, ал мемлекеттік тілді өмірдің барлық салаларына енгізу қарқыны төмен. Мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік органдарға қызметке алынбауы тиіс. Сондай-ақ Мақсұт Нәрікбаев өзі басқаратын «Әділет» партиясының Мемлекеттік тіл туралы заңның жобасын да жасағанын тілге тиек етті. Ол нақты деректер мен дәйектер келтіре отырып, елде орын алып отырған оралмандарды кемсітушіліктерді айыптады. Қысқасы, нағыз абыз ақсақалдың көшелі сөзі айтылды.

Керісінше, Артықбай Үкібайдың баяндамасы жадағайлау, солғын шықты. Делегаттардың бірі шыдамай кетіп, нақтылыққа көшсеңізші, әсіресе алдағы уақытта не істейміз, соны айтсаңызшы дегені үшін баяндамашы тарапынан әжәптәуір ұрсу естіді. Жарыссөздер де тың ой-пікірлерге бай болды деп айту қиын. Олардың көбісінің сөздерінің кіріспесі тым ұзаққа созылып, негізгі айтамын-ауына жеткенше уақыттарын оздырып алып, құрылтай төрағасы енді бітіріңдер, жазғандарыңды қалдырыңдар, әр жағын өзіміз реттейміз дегесін «ұсыныстарын» президиумға өткізіп жатты. Ақтөбеден келген делегат оралмандар орыс тілін үйренбесе, Қазақстанға кірігіп кете алмайды деп айды аспанға бірақ шығарып еді, оның сөзін бөлген делегат оған қатты тойтарыс бере отырып, «өз Отаным деп келгенде өз тілімде, анамның тілінде сөйлей алмасам, онда мен мұнда неге келдім. Мемлекеттік тілде сөйлей біліп, сол тілдің өмір сүріп, тірлік кешуге жеткіліксіз болғаны не деген сұмдық, мұндай жағдай Қазақстаннан басқа ешбір елде жоқ»,- деп, құрылтайды тастап шығып кетті. Құрылтайда сөз алғандар шет елдердегі қазақтардың тарихи отанына көшуінің тоқтап қалуға жақындағанына алаңдаушылықтар білдірді. Депутаттардың қатарына оралмандардың өз өкілдері болуының қажеттілігі айтылды. Билікті діни экстремизмге қарсы күресті күшейтуге шақырған үндеу қабылданды.

Ұйымдық мәселе қаралғанда Одақ басқармасының төралқа мүшелігіне «Әділет» партиясының төрағасы М.Нәрікбаевтің, Қазақ гуманитарлық Заң университетінің тағы бір өкілінің басқарма мүшелігіне сайланғаны құптарлық. Жалпы оралмандар мүддесін қорғаймыз деп құрылған қоғамдық бірлестіктерге мүше болу үшін, міндетті түрде шет елде тұрып, содан оралу шарт емес. Отаным, елім деп аңсап келгендерді мейлінше бауырға тарту - қазақ елінің дәстүрлерінен туындайтын әрбір азаматтың борышы. Сондықтан да көш мәселесінде негізгі жауапкершілік көшіп келуші де емес, оларды шақырушы да, көшті қабылдап алушы да. Елге оралғандарды экономикалық-әлеуметтік, саяси мәселелерден хабардар етіп, рухани мәдениетін жоғарылатуға, жаңа мекен-жайға тезірек бейімделуіне, билік орындарымен тиісті байланыстар орнатуға септігін тигізіп, «көпір» болуға атсалысу - елдің байырғы тұрғындарына жеңілірек болуы заңды құбылыс. Ендеше оралмандар ұйымдарының жетекшілерінің ішінде шет елден оралмаған елімізге танымал ұлтжанды азаматтар неге жоқ? Ұлттың стратегиялық маңызы бар үлкен мәселелерінің бірі осы емес пе!?

«Оралмандар» мәселесін тек «оралмандар» ісі деп қарасақ, одан тек қана ұтыламыз. Ол біздің мемлекетшілдігіміздің көрінісі емес. Керісінше, елімізге оралған отандастардың тағдыры қазақ халқының тағдыры деп қарасақ, бұл біздің отансүйгіштігіміз бен патриоттығымыздың белгісі». «Оралман» деп аталып кеткен қандастарымыздың көш-керуенінің көлікті болуына атсалысу, қамын күйттеу мемлекеттік маңызды іс, саяси мәні зор іс, азаматтық парыз. Ендеше, шетелдегі отандастардың елге оралу және олардың жалғыз тарихи Отаны - Қазақстан Республикасына қоныстану, жаңа өмірге бейімделу процестері жайлы, әсіресе, оралған отандастардың әлеуметтік мәселелерін шешу шараларын жинақты, жүйелі жүргізу қажеттілігіне оқырмандар назарын аударып, оралған отандастардың мүддесін қорғаудың тиімділігін қалай қамтамасыз етеміз деген сұрақтарға жауапты бірге іздейік.

Оралған отандастар мүддесін қорғаудың тиімділігін қалай арттырамыз?

Оралмандардың біразы егер Парламентте өз өкілдері болса, мәселенің шешілуі жеңілдеп кететіндей көреді. Мен Мәжіліске өте алатын партиялардың партиялық тізімдерінен оралмандар орын алып, одан кейін депутаттыққа өтіп жатса қуанбасам, ренжімеймін. Бірақ мәселе тіпті де мұнда емес. Бізде ассамблеяның өз депутаттары бар, енді оралмандардың өз депутаты, тағы бір ұйымдардың өз депутаты болып кете берсе, бұдан не ұтамыз? Қазақ елін «оралман» деп, байырғы тұрғындар деп бөлгеннен не ұтамыз? Бәріміз бір қазақ, бір отандас емеспіз бе? Ең бастысы депутаттыққа ұлттық мүддені жоғары қойып, оны заңдық сауаттылықпен шешуге қабілетті адамдар сайланғаны абзал. Шет елдердегі отандастарымыздың туған Отанына көші, қазақтардың демографиялық өсуі, толғауы тоқсан - тіл, өркениет өзегі - дін, жаhандану заманына сай бейімделе отырып, ұлттық болмысымызды сақтап қалу, ел бірлігі, әлем қазақтарының рухани бірлігі тағы басқа маңызды мәселелерді ұлтын сүйетін азаматтар Парламенттің күн тәртібінен онсыз да түсірмеуі тиіс емес пе? Мәжілісте менімше партиялар арқылы сайланған қазақ елінің депутаттары болуы керек. Басқа бөліністерді түсіну қиын.

Оралмандар Одағының құрылтайынан байқағанымыз: «Әділет» партиясының оралмандар мәселесіне бей-жай қарай алмайтын партия екен. Бұл қуанарлық жәйт. Сол сияқты билік партиясы - «Нұр Отанда» бұл істе сырт қалып отыр деп айта алмаймыз. Оралмандардың өзекті мәселелеріне қатысты «Нұр-Отандық» депутаттар Үкіметке сауалдар жолдап жатты. Тіпті былтырдың өзінде 50-ге жуық Мәжіліс депутаты Үкіметке оралмандар мәселесі жөнінде нақты ұсыныстармен шыққан. Бірлі-жарым облыстарда «Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыруда қол жеткен жетістіктер де жоқ емес. Оралмандар мәселесіне орай, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында: «Қазірдің өзінде біз шет елден жұмыс күшін әкелетін елге айналып отырмыз. Ал енді өзіміздің қазақтар төмен жалақыға жұмыс істеп отыр, немесе мүлдем жұмыссыз жүр. Ал сыртта қаншама қазақ «елім» деп Қазақстанға жете алмай жүр. Көптеген ірі және орта бизнестегі компаниялар білікті мамандарға зәру. Осы ретте сыртта жүрген қандастарымызды елімізге тарту арқылы мамандар тапшылығы мәселесін шешуге болады. Еліміздегі оралмандардың да кезігіп отырған күрделі қиындықтары бар. Әрине, біз өз замандастарымызды мазалаған мәселелерге бей-жай қарай алмаймыз. «Ақ жол» партиясының назарынан оралмандар проблемасы тыс қалмайды. Олардың мәселесін шешу қазақ деп соққан жүректің әрқайсысын бей-жай қалтырмайтындығы анық»,- деп ағынан жарылыпты. «Ақ жол» партиясы өзінің бағдарламасына оралмандардың баспана (үй) мәселесін біртіндеп, түпкілікті шешудің келесі жүйесін ұсынып, тайға таңба басқандай жазып қойған:

- Тұрмыс деңгейі төменгі оралған отандастарымыз үшін - жекешелендіруге жатпайтын коммуналдық әлеуметтік тұрғын үй қорын құру;

- Табысы ортадан төмен оралған отандастарымыз үшін - элиталық тұрғын үй есебінен «арзан тұрғын үй» бағдарламасын жасау;

- Табысы орта деңгейдегілерге - ипотектік несие алу үшін жағдай жасау; Қалалар маңайынан Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін алуына атсалысу, бірыңғай жобамен коммуникациялық жүйелері қарастырылған тұрғын үйлер салуды ұйымдасқан түрде жүргізуді қолға алу.

Ынта болса, бұл ұсыныстар тым орындалмайтын арман емес. Оның үстіне «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР-ның заңына сәйкес оралған отандастар халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарына жататын азаматтардың ішіне кіріп тұрғанын білеміз. Дегенмен, ұсынып отырған жүйе бойынша атқарылатын жұмыс, әрине, елге оралған отандастардың мүмкіндіктерін терең зерттеуді, көші-қон саласын қамтитын қызметтердің де белгіленген квотаның төңірегінен әрегерек жоғары деңгейін талап ететіні анық. Бұл жұмысты облыстардың, ірі қалалардың әкімдіктері тікелей қамқорлыққа алуы тиіс.

Жұмыспен қамтылу мәселесінде еңбек рыногындағы қажеттіліктерді зерттей отырып: елге оралғандарды кәсіпке баулуды қолға алуға мұрындық болу қажет. ҚР заңнамасында мемлекет жұмыспен қамтуға жәрдемдесуі тиіс нысаналы топтардың қатарына елге оралған бауырларымызды кіргізілгендігін алға тартып, оларды тезірек жұмысқа орналасуларына қамқорлық көрсетуді өне бойы назарда ұстау керек. Шағын және орта бизнес салаларын ұйымдастыру үшін шағын және басқа да несие түрлерін алуға ықпал ету қажет.

Білім беру саласында: орта кәсіптік және жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жеңілдіктердің жүзеге асуын қадағалау және оны молайту бағытында жұмыс жасау; жоғары оқу орындары жанындағы дайындау курстарында оқытуды жолға қою; балалардың мектепке даярлығы мәселелерін қамқорлыққа алу маңызды. Әрине алынған білімнің белгіленген тиісті стандарттарға сәйкестігі қамтамасыз етілуі керек. Біз қазақ жастарын шет елдерде оқытып жатырмыз деп мақтанып жүрміз. Оған титімдей де қарсылығымыз жоқ. Шетелдегі қазақтарды елге оралтудың бір жолы - шетелдік қазақ жастарын Қазақстанда оқытып, одан кейін оларды республикамызда жұмысқа орналастырудың кешенді бағдарламасын жасау.

Адам үшін денсаулықтың ең үлкен байлық екені өзінен-өзі белгілі. Содан кейінгі адам өмірінің деңгейі мен сапасының өлшемін негізінен анықтайтын үш мәселені: Баспана (Үй) - Білім - Жұмыспен қамтылуды шешудің жолдарын өзімізше пайымдауға тырыстық.

Оралған отандастарымыздың   жаңа қонысқа - атамекеніне көшуіне байланысты тұрақты мекен-жайын шешкенше уақытша паналау мерзімін мазмұнға толтыруға бағытталған  шаралар жасалса игі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылдың 1-ші наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауында былай делінген: «Бізге оралмандарды арнаулы орталықтарда алдын-ала дайындау, қоғамымызға бейімдеу мен кіріктіру үшін жағдай тугызуға көбірек зер салуымыз керек. Басқа елдердегі сияқты кәсіпке баулып, тіл үйретсек, олар жаңа жағдайға тезірек бейімделетін болады». Оралған отандастарымыздың қазақ елінің алғаш табалдырығын аттаған кездегі уақытша паналайтын, жаңа өмірге тезірек бейімделуіне осылай жағдай туғызып, яғни көшінің қайырлы болуының алғышартын жасауға ынта-ықыластың Президент Жолдауынан кейін арта түскенін айтуға тиіспіз. Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасында да бейімдеу орталықтарын құру мәселесі көтерілген. Орталықтардың міндеті көшіп келген бауырларымызды өздері келген ортаға бейімдеуге, ҚР Үкіметі белгілеген жеңілдіктерін, заңнамаларда көрсетілген құқықтарын түсіндіруге, жұмысқа орналасуына, тиісті оқу мен білім алуына, жаңа өмірге, жаңа тұрмысқа дайындауға, тұрғындармен тезірек қауымдасуына, тұрақты мекен-жайын біртіндеп, сатылап шешіп, құжаттарын түгендеуге, азаматтық алуын жылдамдатып, жеңілдетуге, күнделікті тіршілігіне аса қажетті ақпараттар алуға, тағы басқа да көмек жасауы тиіс болатын. Республиканың жекелеген аймақтарында осыны орындау бағытында іс-шаралар атқарыла да бастады. Өкінішке қарай, бұл жұмыстардың қарқыны көңіл көншітетіндей деңгейге жеткен жоқ. Жоғарыда айтылған құрылтайда «Оралмандардың «Түгел-2030» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Ресейден келген оралман Бибігүл Балтенова: «бізде жер бар, біз соған малшаруашылығы кешендерін, жылыжайлар... салар едік. Израилдің, Беларустің үлгісімен агроқалашықтар тұрғызу керек, бізде осындай жобалар бар», - деді. Осындай кейбіреулер айтып жүргендей масылдық пиғылдың жұрнағы да жоқ, іскерлікке, бастамашылдыққа тезірек қолдау білдіріліп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Әзірге, ұлттық мәселелерге келгенде іске бел шешіп кірісудің сиырқұйымшықтанып, созыла беретін ескі әдеті, жылжытпалау сарындарының салқыны батыл қадамдар жасатпай отырған сияқты.

Жалпы сырттағы отандастарымызды Қазақстанда өмір сүруге бейімдеуді Сыртқы істер министрлігі сондағы Қазақ қоғамдарын тарта отырып, Отандастарымыз тұратын шет елдерде жүргізе бастағаны абзал. Шет елдердегі қандастарымыздың тарихи отанына оралуына және олардың Қазақстан Республикасына қоныстану үдерісіне жаңа серпін беру үшін елге оралуға ниеттенген отандастарымыздың мүмкіндіктерін қазіргі тұрғылықты жерлерінде терең зерттеп, олардың болашақтағы көшінің қайырлы, көлікті болуына қамқорлықтың деңгейін көтеруге тырысқанымыз жөн. Оралған отандастардың мемлекеттік тілді қолдану аясындағы құқықтарын қорғау, шет елде қалғандардың тілін, этникалық ерекшеліктерін сақтау шараларына қатысу негізгі міндеттердің бірі. Шет елдерде жұмыс істеп тұрған барлық қазақ мектептерін қазақ тіліндегі оқулықтармен, әдебиеттермен қамтамасыз ету мәселесін мемлекеттік деңгейге көтеру бағытында әрекеттер жасау қажет.

Қай тілді білмеген ноқайлық?

Оралған отандастардың ортаға тез бейімделіп, еркін араласа алмауының себептерінің бірі - орысшаға жетік еместігі, кейбірінің тіпті ол тілді білмеуі және жасыратыны жоқ орыс тілін жақтырмайтындар, оны үйренгісі келмейтіндер де аз емес. Әділдігіне келсек те, мемлекеттік тілді білген жерде басқа тілдерді үйрену-үйренбеу әркімнің жеке шаруасы емес пе? Жырақта жүрген бауырларымыз өз ана тілінің мәртебесін жоғары қойып, өз салт-санасы мен әдет-ғұрыптарына қатаң мән бергендігінің арқасында өз ұлтын таза да толық сақтайтындығын жақсы түсінеді және ана тіліне еш нәрсені теңгермейді. Қазақстан - қазақ мемлекеті болған соң, мұнда іс-қағаздарынан бастап, бүкіл тіршіліктің қазақ тілінде жүргізілмеуін түсінбейді. Дәл осыны айтты-айтпады, түсіну қиын-ақ. Тәуелсіздіктің 15 жылында аюдың да мемлекеттік тілді меңгеруіне мүмкіндік болғанын Мемлекет басшысының өзі де айтып қалуға мәжбүр болуы тегін емес. Бес жылдан кейін де баяғы жартас, бір жартас. Жалпы кеңестік дәуірде орын алған орысша білмеуді ноқай санайтын ғадеттен арылуымыз керек. Шала қазақ, дана қазақ деп бөліп, әйтеуір біреуінен ноқай жасағымыз келсе, онда керісінше, маған десе басқа 10 тіл білсін, нағыз ноқайлар қазақша білмейтін қазақтар болып шығады. Ұлтын сүйетін азаматтар қазақтың ешқайсысын да кемсітпейді. Тек күйінгеннен ана тіліңді үйрен, айналайын дейді. Олардың ноқайлықтарын мемлекетін сыйлап, қазақ тілін меңгеріп кеткен орыс отандастарымыз беттеріне басып, мазақ ете бастады. Мемлекеттік тілді білмейтіндердің арасында ана тілін білмегеніне қысылатын ұяты барлары бар. Оларға ішің жылиды. Ең масқарасы -  солардың ұяттан адалары көшелі көсем болуға тырысып, бірдеңелер айтып, үйретпек болады. Тарихи Отанымызда шетін қалған осы мәселенің түйінін шешуге, шетелден оралған отандастарымыздың жаңа ортаға еркін араласуына үлкен бөгет болып отырғандар да осылар.

Көптеген елге оралған бауырларымыз ана тілінде еркін сөйлеп, ана тілінде Қазақ елінде өмір сүрудің қиындығын сезінуінен артық қорлық жоқ деп санайды. Оның басты себебі ресми тіл атанып кеткен орыс тілінің - қазіргі таңда шын мәніндегі шет ел тілінің - өне бойы мемлекеттік тілдің жолын кесіп келе жатқаны деп есептейді. Сондықтан Ата заңнан, басқа да заңнамалардан орыс тілін ресми тіл еткен, оған мемлекетік тілмен қатар бірдей қолданылады деп құқық берген баптарды алып тастауға күш салуды қалайды. Онсыз мемлекеттік тілдің мәртебесін өз тұғырына бекітуге жасаған әрекеттердің бәрі құмға сіңген судай болады деп санайды.

Жалпы, елге оралған және әзір оралмаған отандастарымыздың басым көпшілігі латын харпіне көшуді қолдайды. Кезінде «кирилге» жарлықпен бір-ақ түнде көшкен қазақ әлеми ақпарат кеңістігінің төте жолы, әлеми ақпарат жетістігінің бірден-бір құралы латын жазуына өтуді кешіктіріп жатыр. Ендеше шетелдердегі отандастарымызбен қарым-қатынасты күшейте түсу үшін, Қазақ елінің ғана емес, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ әлемінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету үшін латын әліпбиіне көшу керек. Латын   харпіне өту түркі әлемінің ішкі рухани, мәдени тұтастығын қамтамасыз ету үшін де қажет. Айта кетейік, түркі тектес елдердің барлығы дерлігі латын әліпбиіне өтіп болды.

Сондай-ақ латын алфавитіне көшу қазақ санасын отарсыздандыру үшін қажет. Қазір біз орыс тілінің қазақ қоғамына қалай және қандай мақсаттармен ендірілгені жөнінде бұрын жазылып жүрген толып жатқан деректер мен дәйектерді келтірмей-ақ қояйық. Одан көзіқарақты оқырманның хабардар екені анық. Менің айтпағым: ұлттық сананы жерлеп тастауды мақсат еткен кеңес билігінің бейне бір жалғыз  мұрагері біз сияқты кирилицаға желімше жабысып айырылмауға тырысуымыз Ресейге де ерсі болуы мүмкін. Себебі тіпті сол Ресейдің өзінде латынға көшудің қажеттілігін айтып жүрген орыс тілінің маман-ғалымдары жеткілікті. Жазуын сақтаған қытай мен жапондар сияқты жекелеген елдердің өзінде ғылыми-өндірістік үдеріс латын харпі негізінде дамуда. Ақпарат пен білімнің басты көзі - интернет пен ұялы телефон болып отырған заманда, қағаздың емес, электронды оқу-құралдар мен оқулықтардың, газет-журналдардың, ғылыми еңбектердің заманында латын әліпбиіне көшу жалпы өркениет көшінен қалып қоймау үшін де қажет.

Көші-қон жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып, үйлестіріліп отыр ма?

Соңғы 10 жылда көші-қон және демография жөніндегі агенттік тарап, содан кейін де көші-қон саласымен айналысатын орган бір емес, екі рет өзгеріп үлгеріп, қазір ҚР Ішкі істер министрлігінің ішіне еніп кеткен Көші-қон комитеті мен басқа да құзіретті билік тармақтарының оралған отандастарымыздың мәселесіне байланысты қыруар жұмыстарындағы өзара қарым-қатынас бір-бірімен үйлестірілмеген.  Мысалы, квота белгілеу Көші-қон комитетінің шаруасы болса, жер телімдерін беру жергілікті әкімшіліктердің жұмысы, азаматтық беру ісі - Ішкі істер министрлігіне қарайды, квота белгілеу осы министрлікке бағынатын көші-қон комитетінің шаруасы. Виза алу үшін Сыртқы істер министрлігіне сабылады. Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында. Осыншама көп мекемелердің бір-біріне бағынбайтыны белгілі. Отандастарымыз өзге елден өз еліне қоныстануынан туындайтын шаруаларында төрешілдік шырмаулар арасында допша тебіліп, әбігерге түседі. Осыны болдырмау үшін Үкіметтің жанынан оралған отандастардың шаруасына қатысты мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін Үйлестіру Кеңесін құру қажет. Елге оралған бауырларымыз дұрыс ниеттердің орындалуына мұрындық болуға тиіс Көші-қон комитетінің республикалық деңгейдегі басшылығының жұмысында бастамашылықтың жоқтығына қынжылыс білдіре отырып, армандайтыны: Елге оралған отандастарымыздың өзекті мәселелерімен айналысып, оны бір ғана жерден тез, жинақы, оңтайлы шешу үшін жеткілікті дәрежеде өкілеттігі бар жеке бір мемлекеттік мекеме құрылып, ол тікелей Елбасының назарында болғаны. Бұл қандастарымыздың өздерін Қазақстанымыздың байырғы тұрғындарындай елінің қожасы ретіндегі жауаптылығын тезірек сезініп, мен еліме қарызымды қалай өтеймін деген абзал мақсатты алаңдамай жүзеге асыруға ұмтылуына, Қазақстаның болашағына, қазақ мемлекеттігін орнатуға өз үлестерін қосуға мүмкіндіктерін тезірек жұмсауға себін тигізер еді.

Бүгінгі көтерген мәселелерді аяқтай келе, оқырмандар назарын тағы бір жәйтке аударып, ой таразысына салғанын қалар едік.

 

Оралман ба, оралған Отандас па?

 

Қазақ елін «оралман» деп, байырғы тұрғындар деп бөлуді ұнатпайтынымызды байқатып та алдық қой деймін. Әлемдегі қазақтың жалғыз ғана Отаны - Қазақстан Республикасы. «Оралман» деген сөз біздің тілдік қорымызға зат есім болып еніп кеткен. Олар кезінде еліме ешуақытта оралман (етістік) деп кеткен жоқ. «Оралман» деген сөзді алыстан келіп жатқан қандастарымызды қазақтың халықтығынан алыстатып тұрған, олар бейне бір кінәліліктен кетіп қалып, енді сол кінәсін жуып-шайып, кішірейіп келіп жатқан бұратаналар секілді естілетін оғаш сөз санап, оның орнына елге келген бауырлар», «оралған отандастар» немесе жәй ғана отандастар деп қолданысқа енгізуге күш салып, сөйтіп бауырларымызды бауырға неге тартпаймыз деушілер аз емес. «Оралған отандастардың «Жаңа өмір» Қоғамдық бірлестігінің Кеңесі кезінде өзінің дәйектері мен уәждерін келтіре отырып, Мемлекеттік терминкомнан «оралман» деген сөзді ресми түрде қолданыстан алып тастауды да сұраған. «Оралман» сөзінің нормативтік-құқықтық актілерге еніп, әбден сіңісті болып кеткеніндіктен бұл бір күннің шаруасы емес, әрине.  Десекте, ерте ме кеш пе қатені түзеу керек болады. Елбасы өзінің «Ана тілі» (№19, мамырдың 11-і - 17-і, 2006) ұлттық газетіне берген сұхбатында ілкі кездегі терминкомның үстірттігінен бекіп кеткен сөздерді қайта қарағанды жөн көретінін айтып та қалған.

«Оралман» сөзі қазақ халқының шет елдердегі диаспоралары өкілдерінің тарихи отаны -Қазақстанға келіп, оның азаматтығын қабылдағанға дейін ғана уақытша берілетін мәртебесін анықтап тұрған сөз. Бірақ, ол сөз баспасөз, теледидар, радио арқылы үйреншікті болып кетіп, елге оралған қандасымыз үшін уақытша емес, мәңгілік жапсырылған таңба секілді алдынан оралып шығады да тұрады. Атажұртымның ұрпағының бірімін деп мойындай білген, мойындата білген қандасымыз әрі қарай «оралманмын» деп бөлінгісі келмейді. Жұртына жетіп жығылғандардың көбісі өздерінің қазақи болмысын, ділін, тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтаған, елден жырақта жүргенде атамекенім деп «аh» ұрғанда ауыздарынан жалын атқан, Отанына тек қазағым деп оралғандар екені ақиқат. Кім не десе о десін, олардың арасында ұлтымыздың шырайын кетіріп жүргендер жоқтың қасы. Барлық кең ауқымды содырлар да, обырлар да, жебірлер де негізінен тұрғылықты халықтың арасынан шыққандар. Алыстан келген бауырларымыз ел тірлігіне етене араласуға тырысып бағып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тұғырын бекітуге қолдарынан келгенше өз үлестерін қосуда.

Биылғы жылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жыл толатын болса, Қазақ еліне ұлы көштің басталғанынының да 20 жылдығының қарсаңында тұрмыз. Әлемге тарыдай шашырап кеткен қайран қазақты өркениет жолына түскен ерікті елімізге жинауда жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты бұрынғыдан да жаңа деңгейге көтеруді бірге, бірігіп іске асырайық, ағайын!

Сіз бен бізге Отандастарымыздың өздерінің тарихи Отанына оралғанына қуана беруге жазсын!

Сәбит Байдалы,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Журналист

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527