Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 9944 0 пікір 18 Қараша, 2011 сағат 05:45

Мұқағали Мақатаев: «Қазақтың ашуымен ойнамау керек»

 

Мұқағали Мақатаев: «Қазақтың ашуымен ойнамау керек»

Есбол Өміржанов. Мұқағалидың мемлекетшілдігі

ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде орын алған репрессия, түрлі қуғын-сүргіннен соң қазақ зиялылары өз саяси-құқықтық ұстанымдарын ашық жарияламаса да мүмкіндігінше әртүрлі жолдармен оқырманға жеткізуге талпыныс жасап отырған деп айтуға батылымыз жетеді. Көптеген қазақ зиялылары кеңестік заманның жақсылығын ғана жариялайтын қатал цензураға қарамастан ұлттық мүдде тұрғысындағы өз пайымдарын қағаз бетіне түсіріп, сол кезде жариялай алмаса да болашаққа аманат етіп қалдырды. Кейбірі шығармшылықта ойды астарлап жеткізудің түрлі тәсілдерін пайдаланып шынайы пікірлері мен көзқарастарын білдіріп жатты. Ал енді біреулері ештеңеден тайсалмастан ақиқатты айта алды. Жалпы кеңестік кезеңдегі саяси-құқықтық көзқарастар жайлы сөз қозғалған кезде сол дәуірдегі ақын-жазушыларды айналып өту мүмкін емес, себебі барлық кездерде де ақын-жазушылар өз дәуірінің жаршысы бола білді, сол кезеңнің сипатын өздерінше шығармаларында бере білді. Биылғы жылы 80 жылдық мерейтойын тойлаған ақын Мұқағали Мақатаев та өзі өмір сүрген кезең жайлы, оның жеткен жетістіктері мен жіберген олқылықтары туралы өз шығармаларында тұшымды ақпар бере алды.

«Ей, Бауырым!

Неге сонша мұңайдың?

 

Мұқағали Мақатаев: «Қазақтың ашуымен ойнамау керек»

Есбол Өміржанов. Мұқағалидың мемлекетшілдігі

ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде орын алған репрессия, түрлі қуғын-сүргіннен соң қазақ зиялылары өз саяси-құқықтық ұстанымдарын ашық жарияламаса да мүмкіндігінше әртүрлі жолдармен оқырманға жеткізуге талпыныс жасап отырған деп айтуға батылымыз жетеді. Көптеген қазақ зиялылары кеңестік заманның жақсылығын ғана жариялайтын қатал цензураға қарамастан ұлттық мүдде тұрғысындағы өз пайымдарын қағаз бетіне түсіріп, сол кезде жариялай алмаса да болашаққа аманат етіп қалдырды. Кейбірі шығармшылықта ойды астарлап жеткізудің түрлі тәсілдерін пайдаланып шынайы пікірлері мен көзқарастарын білдіріп жатты. Ал енді біреулері ештеңеден тайсалмастан ақиқатты айта алды. Жалпы кеңестік кезеңдегі саяси-құқықтық көзқарастар жайлы сөз қозғалған кезде сол дәуірдегі ақын-жазушыларды айналып өту мүмкін емес, себебі барлық кездерде де ақын-жазушылар өз дәуірінің жаршысы бола білді, сол кезеңнің сипатын өздерінше шығармаларында бере білді. Биылғы жылы 80 жылдық мерейтойын тойлаған ақын Мұқағали Мақатаев та өзі өмір сүрген кезең жайлы, оның жеткен жетістіктері мен жіберген олқылықтары туралы өз шығармаларында тұшымды ақпар бере алды.

«Ей, Бауырым!

Неге сонша мұңайдың?

Мен мұңайсам, сенен бетер жылаймын.

Көп ойланып, аз күрсінген халқыма,

Қараймын да,

Қайраттанам, шыдаймын» (9,02,1976) - деп жырлаған ақынның шығармаларына қарап оның да өзін қоршаған орта мен сол кездегі мемлекеттегі саясат пен идеология жайлы дербес пікірінің болғандығын аңғаруға болады. Яғни, біз Мұқағали Мақатаевтың саяси және құқықтық көзқарастарына талдау жасау арқылы оның өзі өмір сүрген кезеңдегі мемлекеттік-құқықтық құбылыстарға қатысты дербес көзқараста болғанын алға тартқымыз келеді. Ақынның өзі де бұл турасында ойын келесідей сабақтаған еді: «Шынайы шын ақын - өз халқының шаттанса шаттығы мен қуанышы, жыласа көкірек шері мен көзінің жасы. Осыдан барып оның азаматтығы да, ақындығы да сарапқа түспек» [1, 199 б].

Біздің пікірімізше, Мұқағали Мақатаев ақын ретінде өзін қоршаған ортаның ерекшеліктері мен онда кездесетін жайларды тереңіне үңіле отырып жырлады. Ол өзі өмір сүрген қоғам өмірі мен мемлекеттілік турасында қалам тартудың жақтаушысы болды. Зейнолла Шүкіровке жазған хатында (15 март 1964 жыл) ол қазақ поэззиясындағы олқы тұстар жайлы айта келе өз ойын келесідей жалғастырған:  «Біздегі тағы бір ауру - әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарға барғанда алдымызда тұрған шың-жартасқа өрмелеп шығудан гөрі айналып өтуге тырысамыз. Оның күнгей жағынан төбесіне шығып аламыз да көкірек қағып, уралаймыз. Ал оған шығу үшін қарманған, жол-жөнекей қиыншылықтар бізге бармағын шығарып қала береді» [2, 37-38 бб.].

1956 жылы ақын ҚазМУ-дың заң факультетіне қабылданып, онда бір жыл білім алады. Ақынның заң пәндерін аса ықыласпен оқып, жақсы бағамен сессияны жапқаны жайлы оның сол кездегі курстастары да жағымды естелік қалдырған еді (Т.Қаупынбайұлы. Мұқағали заңға неге құштар болды екен? Жетісу, 20.01.1998 ж.). Біздіңше, Мұқағали заңгер мамандығы бойынша білім алу барысында мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды жете түсініп, онда кездесетін мәселелерді де көре білді деуге болатын сияқты. Содан да болар Мұқағали поэзиясында Отан тақырыбындағы өлеңдер көптеп саналады, Отанның қадіріне жете білу мен оған адал қызмет ету оның өлеңдерінің басты идеясы болды. Мұқағали отаншылдықты ту етіп көтерді, адамдарды Отанды сүюге үндеді, Отанды сүюді тек сөз жүзінде қалдырмау қажеттігін алға тарты. «Оңай сөз ғой Отанды сүйем» деген өлеңінде Отанға деген сезімді тек сөзбен емес, іспен дәлелдеу қажеттігін айтып, жалғандықтан сақтандырды.

«...Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,

Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»...

Өгей әке емес қой Отан деген,

Отанды мен Атамдай иемденем».

 

Отан жайлы ойын «Үш бақытым» өлеңінде де кеңінен тарата білді, адамның басты бақытының бірі Отаны екендігін қайтара еске салды.

 

«Бақытым бар үшінші - Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен».

Отанды сүю тұтастықты талап ететіндігін түсінгендіктен ол өз ойын келесідей сабақтайды:

«Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған Отан деп сыбырлаған.

Жаным менің,

Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол, оның шырылдаған!»

Революция, социализм мұраттары тақырыптарына ақын көптеген шығармаларын арнады. Ақынның кеңестік идеологияға қатысы жайлы түрлі пікірлер айтылып жүр (Б.Алдамжаров. «Отырсаң - опақ, тұрсаң -сопақтың» кері...Жұлдыз, №2, 2005 -.) бірақ, ақиқаты ақынның сол кезеңдегі саясаттан тыс қалмағандығы. Ақын соғыс тақырыбын, соғыс кезіндегі ауыл тіршілігін өзіндік ерекшелікпен жырлады. Ол жайлы ақынның замандастары да жоғары бағаларын берді. «Соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, ауылдың қайғы-қасыретін қазақта Мұқағалидай жеріне жеткізіп жырлаған ақын жоқ десем, мен қателеспеймін» (Т.Молдағалиев Мұқағали жайлы естелік).

«Чили - шуағым менің» поэмасын жазу арқылы ақын ғаламдық мәселелерге де өз үнін қоса білді, бұл поэма да ақынның талантына бас июшілер тарапынан жоғары бағаны иеленді. «Планета тынысын, ХХ ғасырдың дүбірі мен дүрбелеңін шынайы жырлай білу көп ақындарға тізгінін ұстата қоймайды. Мұндайда көпшілігіміз фактінің төңірегінде, плакатшыл ұранның деңгейінде қалып қоямыз. Генрих Гейне айтқандай, жүректен өткізе білу жетіспейді. Сондықтан ба халықаралық жағдайлардың өткір, зәру, көкейкесті проблмаларын жырлаған «Чили - шуағым менің» тәрізді поэмалар соңғы кезде поэззиямызда жоқтың қасы» [3, 11 б. ].

Мұқағали кеңестік дәуірдің перзенті, сондықтан да ол өз өмірінің белгілі бір кезеңіне дейін сол кеңестік идеологияны мадақтап, оның артықшылықтарын дәріптеді және ол үшін ақынды жазғырудың орны жоқ. Бұл жайлы ақынның өзінің пікірі өте орнықты болған. «Ақын да - қоғам қайраткері. Бегілі қоғамда өмір сүріп, оның белсенді мүшелерінің бірі болып отырғасын, ақын сол өзі өмір сүріп отырған ортаға алдымен қызмет етуге міндетті. Сол қоғамның биік парасаты мен сол қоғамға рух беруші, қозғаушы күші болып отырған жарқын идеяны жан сала қорғауға міндетті. Ол - біздің советтік дәуір. Ол идея - марксизм-ленинизм идеясы, коммунистік идея. Демек, біздің талантымыздың тұғыры, жырымыздың арқауы - коммунистік интернационализм, советтік болмыс пен тұрмыс. Қандай да тақырыпты жырламайық, оның тоғысар арнасы - социалистік реализм» [1, 216 б].

Мұқағали интернационалистік рухта тәрбиеленгенімен оның ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы дербес қалпында қалды. Ол интернационалистік ортада жүріп туған тілінің, ұлттық рухтың сақталуының жақтаушысы болды, жастарды өз тілін құрметтеуге шақырды. Тілді ұлттың бақыты деп жыр арнады:

 

«Ал екінші бақытым - Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де

Қасиетті тілімнен түңілмедім».

Кеңестік саясаттың басты құралдарының бірі атеизм идеясы болғаны баршаға мәлім, кеңестік заманның ұрпақтары осы атеистік ұранға елгіп өз дінінен безінді, Алланың бар екендігіне күмән келтірді. Жасынан кеңестік рухта тәрбие алғанымен Мұқағали дін, тіл, діл секілді адамның үш тұғырлы құндылықтарынан әсте бас тартқан емес. Ақын өзі мүше болған коммунистік партияның билетінен оған салғырт қарағаны үшін айырылып қалса да өзінің ата дінінен ешқашан да бас тартқан емес. «Жаны жаралы болып, дүйім жұрттың ішінде жалғызсырап, сергелдеңде жүргенде тұла бойына, табиғи болмысымен енген мұсылмандық нұрын шашпай-төкпей сақтап, ешкімге ұқсамайтын дін туралы өзінің формуласын ұсынды, ол дінді ғылымның анасы деген даналықтың үлгісі еді» [10, 90 б]

Ақынның елге барғанда зираттарға соғып аруақтарға құран бағыштайтындығын оның жары Лашын Әзімжанова да өз естеліктерінде айтып кеткен болатын. Анасы Нағиман өзінің кезекті естелігінде баласының бірде өзіне «Шеше, аман болсам, сені әлі Мекке, Мединеге апарып қайтам. Алай-бұлай боп кетсең, сол қасиетті мекенге жерлеймін. Қасиетті сапарға төтеп берсең, қайтып әкеп, өз ортаңда «Қажы апа» атандырамын» дегенін еске алған екен [8, 36 б.]. Тіпті ол Алланың ақ діні жайлы өлеңдер жазып, оларды болашаққа аманат етіп қалдырған еді, сол өлеңдердің бір тобы сегізінші ақпан 1991 жылы «Жарияланбаған жырлар» деген тақырыппен «Лениншіл жас» газетінде басылып шыққан болатын. Осы өлеңдердің ішінде ерекше назар аудартатыны 21 шілде 1970 жылы жазылған «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат» өлеңі.

«Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,

Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін!!

Құбылаға бет алып, қол қусырып,

Сәждеге бас қоятын қайда күнім?

 

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

 

Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның,

Құм менен топырақтан жаралғанмын.

Құдайдың құлымын мен - мұсылманмын,

Денемде түйірі жоқ арам қанның,

Ақиқатын аңсаймын ақ арманның.

 

Қаны аққан, қайран менің мұсылманым,

Осы ма екі ортада қысылғаның?!

Бейіштің ақ қанатты ақ құстарын

Айырып, ұясынан ұшырғаның.»

Материалистік теория шегінде білім алған ақын ол кездегі дарвинизм ілімін жоққа шығарып, оны мүлде мойындамайтындығын білдіреді. Осы өлеңі арқылы ақын өзінің ата дініне беріктігін ғана емес, бүкіл мұсылман қауымы үшін жаны ауырып, мұсылман дүниесінің болашағына алаңдайтындығын айтып кеткен болатын.

Ақынның өзі сүрген кезеңнің саясаты бойынша жадыдан шығуы тиіс ұлттық тарихты, ондағы тарихи тұлғаларды жақсы біліп қана қоймай, өз төл тарихына өлеңмен үлес қосуы оның сол кездегі биліктен тайсалмағандығы деп білеміз. 1971 жылы жазылған «Райымбек! Райымбек!» дастаны 1981 жылы «Лениншіл жас» газетінің 26-28 қараша күндеріндегі үш санында қатар жарияланады. «Райымбек! Райымбек!» поэмасында ақын тек Райымбек батырдың бейнесін ғана жасап қоймай, сол кездегі қазақтың басына төнген ауыр күндерді және оның себептерін өз бетінше баяндайды, қазақтың өзгелердің боданы болуының қасыретін сипаттап поэма соңын келесідей жолдармен аяқтайды:

«Өзіңнің тұрмағасын усыңда,

Өз жерің өзіңе жат, құрысын да!..

Жер шетімен шекараң шектелсе ғой.

Жатса ғой алып мұхит шығысында.

...Жалғанның жартысындай мынау өлкең

Кім білсін, сорың ба әлде ырысың ба?!

 

Пайдаланып былығың-шылығыңды,

Жауың кеп шырылдатты шыбыныңды.

Жау да, өзің де ластап тұнығыңды,

Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды,

Қайда босып барасың, қайда, қайда?

Ақтабан шұбырынды!

Ақтабан шұбырынды!!!

Ақтабан шұбырынды!!!

 

...Боса берген.

Артына қарамаған.

Өзіне жат өз жерін аралаған,

Тау қуысы, өзенді сағалаған.

Бірі барып құл болып Хиуаға,

Екіншісі орысты паналаған». (1971)

Көзі ашық, өз отанына деген сеніміне селкеу түспеген азамат ретінде оның коммунистік партия мен кеңестік идеалдар турасындағы шығармалары өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі. «Кеңестік заманның идеологиясының шыңы - маркизм-ленинизм болатын. Ал мұны Мұқағали сарқып оқыды. «Капиталды» бақайшағына шейін талдай білді. Сөйтіп ол «Мавр», «Ильич», «Большевиктер» аталатын дастандарын жазды. Бұл өзі бұған дейін де әркімдер жырлап, әбден қасаң тартқан тақырып болатын. Соған қарамастан Мұқағали өз соқпағымен жарқ еткізіп алып шықты» [5, 17 б.]. Мұқағалидың әкесі алғаш құрылған колхоздардың басшысы болып, кейіннен Отан соғысында қаза болса, өзі көзін ашқаннан бастап коммунистік партия ұсынған идеология нәрімен сусындаған оның социализм идеалдары жайлы жырламауы мүмкін де емес еді. Алғашқы кездегі жырларында кеңестік саясаттың ішкі мәніне үңілуден аулақ болса кейінгі жырларында социализм идеалдары мен кеңестік биліктің ұстанымдарының ара жігін ажырата алғандығына куә боламыз. Көзі ашық адам ретінде Мұқағали да кеңестік саясаттың кемшін тұстарын көре білді, өз қолынан келер ештеңе болмасын түсінгендіктен ол өз өлеңдерінде сол заманның шындығын астарлап болса да көрсетуге тырысты. «Халқыма хат» өлеңінде ол сол кездегі өмірдің шындығын нақты көрсете білді, өзінің ұлтының бояма ұрандар астында сол баяғыша езілуші бұратана қалпында қалғанын түсінгенін жеткізді.

«Ажыратсам деп едім ақ, қараны

Ылғи көрем езу мен таптағанды

Күйзеліп таң атқанша таңды күтем

Ойпырмай, таңның өзі қап-қараңғы!»

Жалпы, ақын творчествосына көз жібере отырып, оның өмірінің алғашқы кезеңдерінде, жастық кезеңінде өзгелер секілді өзін тәрбиелеген кеңестік саясатқа құлай беріліп, оның болашағына сенгендігін байқаймыз. Ал, есейіп, кемелденген шағында өзі сенген кеңестік саясатқа күмәнмен қарап, өз ұлтының болашағына алаңдағанын көруге болады. Менің мақсатым өлеңінде ақын өз басындағы екіге бөлінушілікті мойындайды, сөйтіп, өзінің алғашқы кездергі жырларындағы ұстанымдарының өзіне шын мәнінде жат екендігін жариялайды.

«Тіптен де мен емес-ті,

«Мен» дегенім,

Сендірмеймін,

Сенбеңдер сенбегенің.

Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,

Өзімді зерттегенді жөн көремін». (12, 02, 1976)

Өз күнделігінде ақын 31 қаңтар 1975 жылы өзінің өмірі жайлы ащы шындықты келесідей баяндайды: «Жетіспеушілікте туып және үнемі жетіспеушілікте өмір сүру қандай өкінішті. Егер бала, бозбала кезімді есіме алсам, сұмдық үрейленем, қатты жәбірленем. Бүкіл жастық шағым менің өзіме соқпай өтіп кеткен. Санамда титімдей бір қуаныштың ізін қалдырған, ең құрыса, бір күнімді есіме түсіре алмаймын. Мен бұл жарық дүниеге келгелі, міне, қырық төртінші жылға аяқ басып барады екен, бар өмірімнің қор, жиіркенішті болып көрінетіні соншалық, кейде бәрін де өз ырқыммен-ақ қиып кете салғым келеді...»[9, 43 б]. Егер ол бұрынғыша социализм идеалдарына берік болса өміріне бұл тұрғыдан қарамас еді, мұншалықты өмірден түңілмес те еді. Бұл жолдардан ақынның өзі өмір сүрген кезеңді толықтай терістеп, оның адамдарға жақсылық сыйлай алмағандығын түсінгендігін көруге болады.

Мұқағалидың «Қазақ әдебиет» газетінде 14. 06. 1969 жылы жарияланған жырларына қатысты Қазақстан Жазушылар Одағының Басқармасы секретариатының қаулысына сәйкес оларды осы газет бетіне жариялаған газет басшыларына газетке баратын материалдарға жауапсыз қарағандығы үшін ескерту жарияланған еді. Қаулыда «М.Мақатаевтың жарияланған өлеңдерінде күңгірт, көмескі ойлар, жұмбақ, жұтаң жолдар баршылық. Ақын өмірдің сан алуан сырын астарлап жырлаймын деп отырып, жеке адамның басында кездесетін күйректілік, күйбең сарынға бой ұрып кеткен» деген пікір берілген [6, 26 б]. Мұндай жағдайда өз ойын ашық айту ақын үшін аса ауыр болғаны айтпаса да түсінікті болар, сондықтан, біз ақынның өмірінің соңғы жылдарында жазылған шығармаларынан астарлы түрде бостандықты аңсау ауанын байқаймыз, әсіресе, ақын еркіндік символы болып саналатын қыранға арналған жырларында астарлы түрде еркіндікті армандауын ұтымды жеткізе білген. «Қырандар, қош болыңдар» поэмасының соңы келесідей баяндалады:

«О, Еркіндік!

Не деген арман едің!

Қыранның қанатына жалға мені.

Ақиық қайда кетті, қайда кетті?

Ақиық -

Еркіндіктің ардагері.

 

Еркіндікті үйреніп қырандардан,

Мен де соған жан едім құмарланған.

...Белгісіз бір төбеде қалғаным ба?

Арылмай өңшең құныс сұраулардан?» (7-9. 10. 1972)

Мұқағалидың Б.Момышұлына арналған «Мұзбалақ» поэмасы қапыда қолға қолға түскен еркіндік символы іспеттес қыран құсқа арналады, қапылыста қолға түсіп өзін тұтқындаушының қолынан ас ішкеннен гөрі аш өлгенді артық көрген қыран құстың басындағы халді суреттейді. Осы поэманы оқып отырып кейіпкері халқымыздың біртуар ұлы Б.Момышұлына арнау арқылы ақын өз халқының басындағы халді сол қапастағы қыран құстың бейнесімен жеткізуге тырысты ма екен деген ой қылаң береді. Әлдінің әлсізге көрсеткен қорлығын сипаттай келе ақын өз ойын келесідей сабақтайды:

«Мекені боп мәңгі жер,

Енді күні қараң ғой.

Әлсіздерді әлділер,

Тұтқындаған жаман ғой...»

Мұқағалидың азаттықты аңсағаны жөнінде кейбір авторлар пікірлері баспасөзде жарияланып жүр, мысалы, ақын Оразақын Асқар Мұқағалидың кейбір өлеңдерінің желтоқсаншылармен үндестігі жайлы айтса (Жас қазақ үні №29, 28.07.2011 7б.), журналист А.Исәділ Мұқағалидың өлеңдеріндегі бостандықты аңсау мен еркіндікке ұмтылыс турасында тың пікірлер білдіреді (Алаш айнасы, №132(584), 29. 07. 2011 ж. 4 б.).

Қаламгер Ж.Кәттебектің Мұқағалимен Мәскеуде өткізген күндері  жөніндегі естелігінде ақынның өзі жайлы айтқандарын келтіріледі. «Егер өлең жазбасам мен ешқашан да қазақты танымас едім. Мен кейде өз бойымнан бақсының жыны секілді адуынды дүлей күшті көрем. Бұл қазақтың рух күші. Егер сендер мені қазаққа таныта алсаңдар, бас аяғы он жылдың ішінде мен сендерге жаңа Кенесары шығарып берем. Жоқ, бұл әзіл емес. Мен бұны тұла бойымды кернеп тұрған әлгі дүлей күштің қуатынан сезініп жүрем. Ұдайы сезем де жүрем, бірақ ешкімге айта алмаймын. Қазақтың ашуымен ойнамау керек. «Жуастан жуан шығады». Біреулер бізді орысқа бейімсіңдер деп жүр. Сен одан қорықпа. Егер қазақ орыс болса, өзін орыс қылғандарды көрінде өкіртетін қылады. Сен не, әруақтармен ойнап жүрмісің? Мен қазақ поэзиясында қазіргі дәуірдегі нағыз қазақтың жанын бірінші ашқан ақынмын. Сол үшін мені ұнатпайтындар көп. Жек көреді. Қызғанады. Күндейді. Өйткені өздері бүйте алмайды. Бүйтуге қорқады. Олар менің поэзиядағы мәжнүн болып жүргенімді де ұнатпайды. Мәжнүндіктен есуастық туады дейді. Ұлы өлеңді есуастар жазады десең таңданады. Ел аман, жұрт тынышта рухқа еркіндік сұрап ереуілге кімдер шығатынын білесің бе? Жанынан безгендер шығады. Мен жанынан безген ақынмын»[4, 9 б.].

Мұқағалиды кейбір авторлар тіпті, лидер ретінде танып жүр, оның сол кезде қағажу көруін биліктің саясатымен байланыстырады. «Мұқағалидың әдеби ортадан шеттетілуі кездейсоқ жағдай немесе «ішкеніне», «еркелігіне» байланысты емес. Біз әлі күнге осының байыбына бара алмай қалатынымыз рас. Ол сол кездегі қоғам үшін «қауіпті элемент» болатын. Әсіресе, жастардың санасына ықпалы өте зор болатын. Егер Мұқағали ұран салып «лидерге» айналса, бүкіл студент жастар қауымы оның ізінен ойланбай ерер еді. Билік, міне, осыдан өлердей қорықты» [7, 24 б.].

Өзінің киіктерге арналған өлеңін ол ашық түрде басқыншылық саясатқа қарсы ұранмен аяқтайды. Бұл жолдарды оқи отырып шындығында да ақынның кемелдене келе басқыншылық саясаттың қыр-сырына үңіліп, оған ашық қарсылық білдіргендігін көре аламыз. Жырдың бас жағы киіктерге арналғанымен аяғында өзге ой жатыр:

«Киіктер, мұнда жүрмеңдер,

Бас бағып отыр сұр мерген.

Қаруын кезеп мергендер,

Қандарын талай көмген жер,

Киіктер талай өлген жер,

Кетіңдер аулақ, келмеңдер!

Жеріме жерік болғандар,

Киіктерімді қорғаңдар!

Құстарымды да атпаңдар,

Құрақтарымды ормаңдар!» (17.01.1975)

Мұқағали Мақатаевтың мемлекет, қоғам, саясат жайлы ой-пікірлері бастапқы кезде өзі өмір сүрген кезеңмен үндес болса, өмірінің соңына қарай мүлде өзгергендігін біз жоғарыда атап кеткен болатынбыз. Ақын өз халқының Одақ құрамындағы мүшкіл халін, болашағының бұлыңғырлығын түсініп, алаңдаулы болды десек қателеспейміз. Бірақ, Мұқағали да өзге ұлы ақындар сияқты өз халқының басына бақыт орнығатынын алдын-ала болжап, оптимистік жырлар жазып қалдырды. Ойымызды ақынның келесі шумағымен аяқтағымыз келеді:

Білемін, керемет бір күн келеді!

Жайнайды жасыл бағым, гүлденеді!

«Абай-ақпарат»

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. М.Мақатаев Қазақ жырының бір жылы. Жұлдыз 1972 №7
  2. Е.Зәңгіров. Жұлдыз боп жанып, жұлдыз боп қалған Зейнолла. Мұқағали журналы. №4(28) 2008ж.
  3. С.Жұмабеков. Адамға -адамзатқа. Мұқағали журналы. №8 (32) 2008.
  4. Г.Бектасова. Мұқағали Мақатаевтың бұлтты аспаны. Түркістан, 3 ақпан, 2011 жыл.
  5. Н.Қазыбек. Өртеніп кеткен өр тұлға. Мұқағали журналы. №5(29) 2008.
  6. О.Асқар. Жазықсыз жазаланған жырлар. Мұқағали журналы. №2(38) 2009.
  7. М.Бекей. Ақынның сыр сандығын ақтарғанда. Мұқағали журналы. №11(59) 2010.
  8. Н.Үркімбай. «Асар шыңдар желпиді бесігімді». Мұқағали журналы. №5(65) 2011.
  9. Мұқағали. Күнделік. Алматы, ҚазАқпарат, 2009.
  10. Ғ.Есім.Мұқағали жырының философиялық сыры// Білгің келсе алдымен зертте мені. «Сарыжайлау» қоғамдық қоры, 2010

 

P.S.

Биыл Мұқағалидың 80 жылдығына Ақтаудан бір досым жұмысынан сұранып келіп екі күн ақын туған жерде болып артынша қайтып кетті. Кетерінде осы тойға қатысқанына риза болып, қанаттанып кетті. Мамандығы заңгер болса да ол өз басындағы барлық жайға қатысты сұрақтарына жауапты Мұқағалидан табатындығын айтқан еді. Менің ойымша, Мұқағалидың оқырманының күннен күнге көбейіп келе жатқаны оның жырларының бұқаралық сипатында. Оның жырлары жүректен шыққан, сондықтан кез-келген адамның жүрегімен үндестік тауып кете алады.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510