Алматыдағы ашық зираттардың барлығында жерлеу рәсімдері өтіп жүр.
"Күніне қанша адам жерленетінін айта алмаймыз, өйткені оны санап жату мүмкін емес. Бірақ карантинге дейінгі көрсеткішпен салыстырсақ, екі есе көбейді деп айтуға болады", - деді жерлеу рәсімдерін өткізетін компанияның өкілі.
Карантинге дейін Алматыда күніне орта есеппен 25-27 мәйіт жерленетін, бірақ қазір бір ғана Батыс зираттың өзінде тәулігіне отызға дейін жерлеу рәсімі өтіп жүр. Кеңсейда күніне 10-12 адам жерленеді. "Жұмысшылар жетіспей жатыр. Батыс зиратта көрді трактормен қазып жүрміз", –деді компания өкілі.
Бұның алдында Алматыдағы мәйтханалар алдында ұзын-сонар кезек пайда болғаны туралы хабарланған. Адамдар марқұмның денесін алып кету үшін бірнеше сағат күтуге мәжбүр болды. Мәйтхана түнде де жұмыс істеген.
Қазақстанда 63 514 адам коронавирус жұқтырғаны анықталған. 375 адам осы кеселден қайтыс болғаны хабарланды. Биліктің ресми статистикасына пневмониядан қайтыс болған туралы мәлімет енген жоқ.
Abai.kz