Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 7456 3 пікір 20 Шілде, 2020 сағат 12:59

Цитокин дауылы және ауыр науқастарды емдеу

ЦИТОКИН (cytokine) 

Цитокин (СК) – Бұл көп түрлі ткан (тін) клеткаларында (негізінен иммундық клеткаларда) өндірілетін және бөлінетін кішкене молекулалы полипептид немесе гликопротеин. Цитокиндерді негізінен иммундық клеткалар өндіргенімен, солардың ішінде бастысы лейкоциттер өндіреді (синтездейді) және лейкоциттердің өзара сәйкесіп, селбесіп әрекеттесуіне әсер етеді, сондықтан Цитокиндерді интерлейкин (IL) деп те атайды. Бір сөзбен айтқанда цитокиндер жасушалардың (иммундық жасушалардың) өзара үйлесіп, селбесіп әрекеттесуіне делдалдық қызмет атқарады.  

1, Цитокиндерді синтездейтін (өндіретін) және бөліп шығаратын (секреция) иммундық жасушалар - моноциттер, макрофагтар, T жасушалары, NK жасушалары және т.б.) 

2, Цитокиндерді өндіретін иммундық емес жасушалар - эндотелий жасушалары, эпидермалдық жасушалар, фибробласттар және т.б.

Цитокиндердің биологиялық әсер ету белсенділігі жоғары, аумағы кең. Цитокиндер - ұсақ молекулалы, молекулалық салмағы төмен (жеңіл), суда ерігіш ақуыздар болып табылады. Цитокиндер әдетте, жасушаның сыртқы бетіндегі тиісті рецепторлармен байланысу, рецепторларға  жабысу арқылы жасушалардың (өсуі, гематогенез, дифференцирование, зақымдалған тіндерді қалпына келтіру т.б.) қызметін реттейді, иммундық реакцияларды да реттейді. 

1957 жылы Лссак интерферонды зерттеп тапқаннан бері, осы уақытқа дейін 200-ден астам түрлі цитокиндер табылды. Ғалымдар (интерферондарды, ісік некрозының факторларын, гемопоэтикалық факторларды, өсу факторларын, химокиндерді және т.б.) бәрін біртұтас цитокиндер деп атайды.

Цитокиндерге қатысты зерттеу нәтижелері – клиникада аурудың алдын-алуда, диагностикалауда және емдеуде, бәрін де ғылыми негізбен қамтамасыз етуде. Әсіресе цитокиндерді қолдана отырып ісіктерді, инфекцияларды, аутоиммундық ауруларды және т.б. ауруларды емдеудің болашағы зор. 

ЦИТОКИН ДАУЫЛЫ (cytokine storm)

Цитокин дауылы (cytokine storm) – вирус сияқты микроорганизмдер адам организмде қабыну тудырғанда дене сұйықтығына (мысалы, қанға) тез әрі көп мөлшерде цитокиндерді бөлу (өндіру) құбылысы. Цитокин жедел респираторлық дистресс синдромының (Acute respiratory distress syndrome, ARDS) және көптеген мүшелер қызметінің жетіспеушілігін тудыратын маңызды себебі болып табылады. 

Қан сарысуына (сывороткаға) жасалған талдаулар, коронавирус пневмониясының ауыр түрде өтуі, жиі өлімге алып келуі цитокин дауылының реакциясымен тығыз байланысты екенін көрсетті. Цитокин дауылы - вирустық инфекциядан туындаған тұтас организмді қамтитын қабыну реакциясы

Адамға вирус жұғып, вирус тыныс жолдары, өкпе сияқты ағзаларда қабыну тудырып, зақымдай бастаған кезде иммундық жасушалар оған қарсы тез әрекеттерге көшеді. Патогендердің (ауру қоздырғыштардың) көзін жояды, организм патогендерден тазарып, қабыну басылады. Әдеттегі жағдайда осылайша ауру жазылып, қалпына келеді. Адам ағзасы әрдайым осындай кері байланыс циклін өзі бақылап, өзі реттеп отырады.

Кей жағдайда шамадан тыс мөлшердегі цитокиндер бөлініп, иммундық жасушалар шамадан тыс активтенеді, әсілі өкпе қатарлы ағзаларды вирустардан тазалап ғана қою керек еді, бірақ, цитокиндер шамадан тыс көп бөлінгендіктен, иммундық клеткалар тым қатты активтеніп, бақылаудан шығып, асыра сілтеп, тіпті «жойғыш мықты қаруларды» да іске қосып оранизмнің өзін зақымдай бастайды. Иммундық жүйенің мұндай адамның ағзасын да зақымдайтын «кері төңкеріс» нәтижесінде, бастысы қан тамырлардың бүлінуіне, жыртылуына, қанның ұюына, қан қысымының төмендеуіне, ең қиыны өкпе, бүйрек, бауыр т.б. ағзалар қызметінің жетіспеушілігіне (әлсіреуіне) алып келеді. Осылайша денсаулықты сақтау періштесі (иммундық клеткалар) керісінше вирустың көмекшісіне айналып, жан алғыш нағыз жендетке айналады.

Цитокин дауылы азот оксидінің жаппай босатылып, қанға өтуіне себеп болады. Қанға түскен азот оксиді қан тамырларды одан ары бүлдіреді. Барлық осы факторлардың қосылып әсер етуі қан қысымын төмендетіп қауіпті деңгейге жеткізді. Сондықтан Covid-19 инфекциясымен ауырған науқастың дені қан жоғалтудан емес, ауыр септикалық шокқа ұқсас проблемадан өледі.

Интенсивті терапия бөлімінде (Intensive Care Unit,ICU) цитокин дауылы -  сепсиспен ауыратын науқастардың жиі өліміне әкелетін негізгі механизм. Сондықтан цитокин дауылының пайда болатынын қалай алдын-ала қалай болжауға болады? Және пайда болуының алдын қалай алуға болады? бұл әрдайым маңызды әрі өте күрделі мәселе болып табылады. 

ЦИТОКИН ДАУЫЛЫНЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ

Коронавирус (Covid-19) пневмониясын мысал ретінде ала отырып, цитокин дауылының пайда болу себептері төмендегі жолдармен туындауы мүмкін:

1, Ағзадағы коронавирустардың кенеттен көбейіп, күш алуы. 

2, Вирустық инфекция бактериялық қабынуды қатар тудырып, ал иммундық жасушалар бактерияларға қарсы әрекеттену процесінде шамадан тыс белсендіріліп, бақылаудан шығып кетуі.

3, вирус өкпеге, бүйрекке, бауырға және басқа да тіндерге зақым келтіргеннен кейін цитокиндердің көп мөлшерде өндірілуі иммундық жасушаларды белсендіріп, цитокин дауылына әкеп соғуы. 

ЕМДЕУ ӘДІСТЕРІ

COVID-19 инфекциясы бар науқастарды емдеу кезінде ұлттық ДСМ тарабынан ресми түрде жариялаған вирусқа қарсы емдеу жоспарлары бойынша емдеуден басқа, дәрігерлер ауыр науқастарды емдеуге цитокин дауылының орасан зор зақымдау әсерінің қашан туылатынына баса назар аударулары керек. Ослай істеу жағдайы ауыр науқастарды емдеуде, науқастардың өлім-жітім мөлшерін мейлінше азайту үшін ерекше маңызға ие. Алғашқы қадамдағы клиникалық бақылаулар нәтижесінде, COVID-19 инфекциясымен ауырған жағдайы ауыр науқастарда «IL-6, TNF-a және IFN-γ» сияқты цитокиндердің деңгейі айқын  көтерілетіні байқалды. Яғни, цитокин дауылының ерекшелігі байқалуда. Егер науқаста цитокин дауылы және тұтас ағзалардың жүйелі қабыну реакциясының синдромы (Systemic inflammatory response syndrome ,SIRS) анықталған жағдайда тиісті емдеу шараларын қабылдау керек.

Төмендегі емдеу әдістерін әр науқастың өзіндік денсаулық және ауру жағдайына қарай отырып дәрігерлер таңдап пайдалануға болады:

1, Шокке қарсы емдеу (бірінші кезекте өмірді сақтап қалу): қан көлемін қорғау үшін инфузия, қан қысымын көтеру немесе төмендету мақсатында вазоактивті препараттарды қолдану, маңызды органдардың функцияларын қорғау, қажет болған кезде ИВЛ апаратын қолданып жасанды жолмен өкпеде ауа алмастыру;

2, Сүйемелдеу терапиясы және симптоматикалық емдеу, дене қуатын қалпына келтіру: система қою арқылы организмге қажетті  су мен минералдардың қажеттілігін өтеу, қышқыл-негіздік баланысты сақтау, организмді қажетті қоректікпен қамтамасыз ету және т.б.

3, Иммундық жасушалардың шамадан тыс активтенуін тежеу және цитокиннің өндірілуін азайту (яғни, аурудың себебін емдеу, сауықтыру): қалыпты дозадағы гормонмен емдеу курсын алып бару (мысалы дексаметазон немесе басқасы), стероидті емес қабынуға қарсы препараттарды (НПВП) қолдану және С дәрумені, Е дәрумені т.б.

4, Цитокин дауылын антиденелермен бейтараптандыру: Моноклоналды антиденелерді (monoclonal antibodies, mAb) қолданып цитокиндерді бейтараптандыру – аурудың өршуі мен өлімнің алдын алу үшін маңызды.

Кенжебек Құдысұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502