Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Талқы 5768 48 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 16:46

«Кредиттік амнистия» қажеттілік пе, әлде популизм бе?

Белгілі саясатшы, демократиялық партия құру бойынша бастамашы топ жетекшісі Жанболат Мамай біраздан бері бір реттік «кредиттік амнистия» туралы сөз қозғап жүргені белгілі. Оның бұл бастамасын 100 мыңға жуық адам қолдапты.

Қоғам белсендісі бірнеше күн бұрын 4 тамызда сол 100 мың адамның қолы қойылған талап-арызды тапсыру үшін Ақордаға баратынын хабарлаған. Ал бүгін Ақорда алдында жиын өткізген Жанболат Мамай мен оның жақтастарын полиция ұстап алып кеткені БАҚ-та белгілі болды. Полиция қызметкерлері карантин болғандықтан Ақордаға кіруге болмайтынын айтып, құжаттарды сол жерде тапсыруын, ал өздерінің үйлеріне тарауын сұраған. Алайда Жанболат Мамай құжаттарды жеке өзі Ақордаға кіріп тапсыратынын айтқан. Осыдан соң, полиция оларды қарсылық танытты деп ұстап әкеткен.

Қазір Жанболат Мамайдың «кредиттік амнистия» туралы бұл бастамасына қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылған. Қоғам өкілдерінің бір бөлігі: «Мамайдың бұл бастамасы – «популизм» десе, екіншілері: «Банктер халықтың салық ақшасынан байып отыр. Сондықтан бір рет кешірілуі керек», - дейді.

Желі қолданушыларының аталған мәселеге қатысты пікірлеріне шолу жасаған едік. Міне қараңыз:

Мұхтар Тайжан:

«2000 жылдары банктер жасырған екі қабат процентпен халықты алдады. Енді баршаның несиелерін қайта санап, адамдарға олардың ақшаларын қайтару керек.

Жанболат Мамайдың халықтың несиесін кешіру мәселесімен Астанаға кеткенін естіп отырмын. Мен бұл талапты қолдаймын. Егер мемлекет (яғни салық төлеушілер) көп мәрте банктерге миллиардтаған доллар бөліп көмектессе, мемлекет неге бір рет болса да өз халқына көмектеспейді? Бұл мәселе әрине, бірінші рет көтеріліп отырған жоқ, мұны біз 1,5 жыл бұрын айтқанбыз.

Бірақ бұл мәселе қазір коронакризис жағдайында қайтадан өзекті болып отыр. Сарапшылардың бағалауынша Қазақстанда алдағы 6 ай ішінде өзінің несиелік міндеттемелерін орындай алмайтындар саны 900 мыңнан 2,8 миллион адамға (!) өседі. Осыған байланысты әлі күнге заңдастырылмаған жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау институты өте маңызды болып отыр.

Сонымен бірге тағы бір мәселе бар. Ол – ЖАППАЙ МАСШТАБТАҒЫ БАНК АЛАЯҚТЫҒЫ, ЯҒНИ ЖАСЫРЫН ЕКІ ЕСЕЛЕНГЕН ПАЙЫЗДАР МӘСЕЛЕСІ. Егер банк кредиттері бойынша пайыздарды адал жолмен қайта есептеп шықса, халық банктерге емес, керісінше банктер халыққа қарыз болып қалады! Иә дәл солай!

Мен бұған бұрын қатты мән бермеппін, бірақ Ермек Нарымбайдың арқасында көп нәрсені түсіндім. Кезінде ол сотта банктердің екі еселенген пайыздарын дәлелдегені үшін оның көлігін өртеп жіберген еді. Мен тіпті, оны елден қуып шыққан да осы банк лоббиінің ықпалы деп ойлаймын.

Алыпсатар-банкирлердің шексіз алаяқтығы Қазақстанда ұзақ жыл жалғасты. Адамдар кредит алып, төлеп жүрді. Ал, қарызы сонда да өсе берді. Қалайша? Қаншама тағдырлар бұзылды, адамдар өздеріне қол салды, қаншама отбасы кредиттің кесірінен ажырасты!

Бір қап картоп немесе бір жәшік коньяк ұрлағандар бізде 5 жылға қамалады. Ал миллиондаған адамды екі еселенген пайыздық банк схемалары көмегімен тонағандарға еш жаза қолданылмайды. Керісінше, осындай «табысты» алып-сатарлармен біреулер мақтанып жүр.

Бұл мәселені көтеретін уақыт келді. 2001-2011 жылдар аралығындағы барлық кредиттер бойынша пайыздарды қайта санап шығу керек және банкирлерге өз қалталарынан болса да алданған халыққа ақшасын қайтарту қажет», - деп жазыпты.

 

Бейсенғали Көкей:

«Ж.М-дың «кредитті жауып бер деген ұсынысын», билік орындайтын болса... Онда билік, мемлекет бюджетімен (халықтың салығынан жиналған қаржымен ) олардың, Банк алдындағы қарызын жауып беруге тиіс қой... Сонда ұтысқа шығатын кім, Банк па? Алданатын кім? Келісілген жұмыс емес пе?», - деп жазған.

 

Ақан Жаханұлы:

«Дұрыс айтасыз. Жаппай кредитін жабу деген дұрыс емес. Мен өмір бойы кредит алып, уақытында жауып келемін. Ал, біреулер бар, өзінің кредитті алып жатқанда банкке қайтарып беремін деген ойы болмайтын (алаяқтар), шамасына қарамай... Әйтеуір бірдеңе қылып қайтарармын, дейтін жауапкершілігі жоқ адамдар бар. Олардың кредитін құрдан құр жауып бере салатын болса мұның несі әділеттілік?», - деп пікір білдіріпті.

Сырбай Қонақбаев:

«Несиені кешіру басқа елдерле де болған тәжірибе. Кешіріп жатса, несі жаман?..», - деп пікір қалдырыпты.

Болат Жүгініс:

«Халдері нашарлардың тізімін жасап, алған несиелеріне амнистия жасаса, несі дұрыс емес? Көрейік те не болатынын, алдын ала байбалам салып, Жанболат Мамайдың аяғынан шалмай...», - депті.

Haidar Alphy:

«Біздің оппозиция аспаннан жерге түссе ғой, айды сұрап әуре болып жүр. Бос әуреленеді. Мәселенің көкесі банктердің тым жоғары пайызында. Соны дұрыстау керек», - деп пікір жазыпты.

Сейілхан Мұстафа:

«Жанболат Мамайға еш қарсылығым жоқ. Партия құрсын, соңынан азаматтарды ертсін. Бірақ мына популистік қадамы оған еш абырой әпермейді-ау деп ойлаймын. Әлде, партия тіркелуі үшін осындай қадамға барып отыр ма екен?», - дейді.

Түйін. Біз бүгін Жанболат Мамайдың «кредиттік амнистия» туралы бастамасына қатысты желі қолданушыларының әртүрлі пікірлерін жиып жаздық. Жоғарыда айтқандай, пікіршілердің бір тобы Мамайдың бұл бастамасына қолдаса, екіншілері керісінше, мұны саяси жарнаманың атрибуты деп таныған. Сонымен Жанболат Мамай: «Кредит кешірілсін», - дейді. Бұл бастамаға сіз не дейсіз, құрметті оқырман?! «Кредиттік амнистия» керек пе, оны жүзеге асыру мүмкін бе?

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6076