Тағы да праймериз туралы бір ауыз сөз
Қазақта «Тойдың болғанынан гөрі, боладысы қызық!»-деген аталы сөз бар. «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ережесі жарияланып, тіркеу кезеңі аяқталды. 11 мың 249 азамат өтініш білдіріп, соның 10 мың 990-ы жарысқа қатысуға ресіми тіркелді. Алла қаласа, санаулы күндерден кейін үгіт-нәсихат кезеңі басталады.
Осы 10 мың 990 азаматтың ішінде өзім және менімен тағдырлас жандар да бар. Елбасы партиясының праймериз әдісін жолға қойып, біздің бақ сынауымызға мүмкіндік бергеніне мен қатты қуанып жүрмін.
2016 жылы Мәжіліс сайлауы өтті. Сол сайлаудың қарсаңында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Көші-қон саясатының қолдаушысы, алыстан оралған ағайынның өкілі ретінде мен «Мәжілісте Тәуелсіздік жылдары алыс-жақын шетелдерден оралып, Қазақстан азаматы атанған ағайындардан да бір-екі депутат болу керек!» -деген мәселе көтердім.
Естелік үшін айта кетейін, аталған мәселені өзім бірден алып шыққам жоқ. Алдымен тарих ғылымдарының докторы, прфессор, қытайтанушы Нәбижан Мұқаметханұлы ағамызға қоңырау шалып, осы мәселені өз атынан көтеруді өтіндім. Керек болса, Мәжіліс сайлауына түсуін сұрандым. Нәбең ат тонын ала қашты.
Сосын, осы мәселемен айналысып жүрген тәжірибелі маман, қоғам қайраткері Рақым Айыпұлына хабарласып, ұсыныс жасап едім, ол кісі де теріс айналды.
Бірақ, Рахаң сол жылы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Мәжіліс сайлауына түсіп, өтпей қалды.
«Ер кезегі үшке дейін» деген сөз бар ғой деп, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақтың көрнекті жазушысы Тұрсынхан Қайыркенге телефон соғып, ойымды айтып, бір ауыз сөз айтуын талап еттім.
Тұрсынхан Зәкенұлы аз-кем ойланып тұрды да келісімін берді. Ертесі «Facebook» желісіндегі өзінің жеке парақшасына «Келесі Парламентте Отанға оралған қандастардың өкілдері болуы керек!» деп, мызғымас дәлелдермен өте сауатты етіп, өз ұсынысын жазып шығарды.
Сол-ақ екен, «Abai.kz» порталында, «Dalanews.kz» ақпараттық агенттігінде және «Facebook» әлеуметтік желісінде «Елге оралған қандастарымыздан да депутат болу керек!» деген ұсыныстар мен хаттар қарша борды да кетті.
Мәселенің жұрт көңілінен шыққаны соншалық, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың аса көрнекті жазушысы Дулат Исабеков, қазақтың аса талантты ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушанов, қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Жүрсін Ерман, қазақтың көрнекті ақыны, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Серік Ақсұңқарұлы бастаған ағаларымыз ағыл-тегіл мақала жазып, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, қолдап кеп берді.
Сонымен бірге, Әміржан Қосанов, Расул Жұмалі бастаған саясаткерлер, журналистер, өнер адамдары, қоғам белсенділері аталған ұсынысты одан ары құптап, іліп әкетті. Ондаған басылымдардың басшылары, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл тұрғындары бірлесіп жазған қолдау хаттарда есеп жоқ...
Жерлестеріне мақала жаздырып, депутаттыққа осы жігіт лайық деп, өзін жарнамалатқандарды да көзіміз шалып қалды.
Сол хаттар мен ұсыныстардың ішінде үміткер ретінде менің атымды атағандар да болды. Бірақ, ол кезде менің бір шартым толмайтын еді. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Менің жылым, айым толғанмен санаулы күндер жетпейтін еді.
Айтпақшы, осы мәселені БАҚ-та көтерердің алдында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жанындағы Түркітану, Алтайтану ҒЗИ директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қаржаубай Сартқожаұлы, осы Тұрсынхан Зәкенұлы, «Асар» РҚБ-ның төрағасы, қоға қайраткері Қайрат Бодаухан, кәсіпкер Тұрсынәлі Тілеушеұлы – бесеуіміз «Нұр-Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғановтың қабылдауында болып, осы ұсынысымызды Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов мырзаға жеткізуді өтініп, қолына жазбаша хатымызды ұстатып кеткеміз.
Шеттен оралған ағайындардан Мәжілісте депутат болуы керек деген мәселе БАҚ-та қызу талқыға түскенде Партияның тағы бір хатшысы Қаныбек Жұмашев мені шақырып, аталған тақырып жөнінде ақылдасты. Өкінішке орай, бұл мәселенің дер кезінде еленбегенін, үміткерлер тізімінің бекітіліп кеткенін жеткізді. Бірақ, келесі сайлауда сөзсіз ескерілетінін айтты.
Сөйтсек, манағы «Бесеудің хаты» Фархад Шаймұратұлының тартпасында қалыпты. Хатшы мырза өтінішімізді Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Исабекұлына ұсынбақ тұрмақ, тіркетпеген де ғой.
Амал жоқ, «Мандастыз депутат» (Дәурет Қуаттың сөзі) ретінде, тағы да күйіп тұрған көші-қон мәселесін өзіміздің жалғасты жалықпай көтеруімізге, заңнамалардағы олқылықтарды жетілдіруге, кедергілерді жоғалту үшін арпалысуға тура келді. Бес жыл ішінде шама келгеннің бәрін жасадық. Соңында, «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел!» дедік. «Оралман» еді, қандас атандырдық...
Бір қызық әңгімені қыстыра кетейін, жақында біреудің «WhatsApp» желісі арқылы тарап жүрген аудио сөзін естіп, жағамды ұстадым. Әлгі таныс-бейтаныс көкеміз «...2015 жылы сайлау болды. Сайлау кезінде Оралман депутат керек деген әңгіме шықты. Оны біздің бір пысық жігіттеріміз айғайлап, алдығы шығарды. Содан, о да бір шу болды. Осының бәрі біздің билікке ұнамады-ау деп ойлаймын...»-деп, соғып жатыр.
Бұл – былжырақ әңгіме. Иә, бір кезде, нақтылап айтсам, 2013 жылы дәл осын аудиодағыдай ішкі және сыртқы күштердің арандатуымен «Халықтың көші-қоны туралы» заңының бір рет қатаңдатылғаны рас. Бірақ, жарты жылға жетпей қайта қалпына келді. Содан бері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт тоқаев та қазақ көші туралы өте-өте жақсы көзқараста. Қандастарына деген ықылас-пейілінде шек жоқ! Көштің жолын даңғыратып ашып қойды...
Аталған арандатушының айтып отырған сол «пысықайлары» Тұрсынхан Зәкенұлы екеуіміз едік.
Егер, мәселені дұрыс ниетпен, сауатты көтере білсең, билік, сөз жоқ, қаперіне алады, ойланады. Орынды болса, жұрт тілегі жолда қалмайды.
Міне, біз бастаған «Келесі Парламентте Отанға оралған қандастардың өкілдері болуы керек!» деген сол тілекті Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс деп қабылдап, өткен жылы 25 қарашада «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдарының өкілдерімен кездескенде «Әрбір мәслихаттың сайлауалды партиялық тізіміне халықтың түрлі санатының өкілдері, отанына оралған ҚАНДАСТАРЫМЫЗ, мүмкіндігі шектеулі адамдар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енгені жөн»-деп, тамаша тапсырма берді.
Көріп отырмыз, Елбасының бұл қамқорлығына алғыс айтпаған қандас жоқ. Шынын айтсақ, өзіміз тарихи оқиға ретінде бағаладық. «Алыстан оралған ағайын еліміздің саяси өміріне тіпті де тереңірек араласып, ең кемінде тәжірибе жиятын, саяси мәдениетін көтеретін болды-ау!» деп, қатты қуандық.
Елбасы берген тапсырмаға сай, «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ЕРЕЖЕСІНЕ қандастарымызды қамтыған, «-әлеуметтік топтар бойынша квота – партиялық тізімдердің сапалы құрамына қойылатын талаптар: партиялық тізімдерде кем дегенде 30% әйелдердің және 20% 35 жасқа дейінгі жастардың болуы. Көпбалалы аналардың, ҚАНДАСТАРДЫҢ, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері сайлаушылардың өңірлік құрылымына сәйкес енгізілуі мүмкін;» деген арнайы тармақ еніп отыр.
Бұл – шын мәнінде үлкен оқиға. Лондон саяси зерттеулер орталығының қызметкері және Трампты қолдаушы Ардагерлер кеңесінің тең төрағасы Джесси Джейн Даффдің сөзімен айтсақ, «"Nur Otan" партиясы бастаған осынау реформалар – Қазақстанда қалыптаса бастаған жаңа саяси мәдениеттің бір бөлшегі». Ал, «Арнайы квота бөлу – Қазақстан тәрізді Орталық Азияның дамушы мемлекеті үшін теңдессіз фактор. Бұл – барлық демократиялық реформаторлар мен белсенділер үшін монументалды және сейсмикалық сілкініс!»-депті, Джесси Джейн мырза тағы.
Шынын айтайын, Парламентте Елбасының көші-қон саясатына байланысты стратегияны терең сезінетін және қандастар мәселетін жан-жақты білетін тәжірибелі мамандар мен батыл тұлғалардың аздығы, тіпті жоқтығы – аталған саланы сан мәрте тоқырауға ұшыратты.
Алла қаласа, сол бостықтың, міне, орны толайын деп тұр!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөзінде «Қазір сапалы жаңа міндеттерді орындау үшін кадрларды іріктеу аса маңызды міндет болып отыр. Жаңа курс жаңа орындаушыларды – білімді, батыл, бастамашыл, іскерлік және адал орындаушыларды қарастырады»-деді.
Демек, Мәжіліске де білімді, батыл, бастамашыл, іскерлік және адал депутаттар керек. Қандастарымыз үміткерлерді қолдап, пікір білдіріп жатса, осы жағына баса мән бергені дұрыс!
Осы орайды пайдаланып, праймеризге қатысуға жолдама алған шетелден оралған ағайындарымды шын жүректен құттықтаймын. Және олардың бәгеден озып шығып, әр дегейдегі мәслихаттар мен Мәжіліске депутат болуын тілеймін!
Сондай-ақ, қолдаушы қауымның да өте ұстамды болғаны, саяси мәдениетін, кісілік келбетін барынша жағымды, жақсы жағынан көрсете білгені дұрыс.
Жалпы, праймеризде сыналатын біз емес, қолдаушы қауым, Сіздерсіздер!
Ауыт Мұқибек,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі
Ескерту: 2015 жылғы сол ұсыныс-тілектердің қолыма іліккен бір бөлімін сақтап қойған екенін. Ақпарат үшін, сол жазбаларды қосымша жариялай кетуді жөн көрдім.
***
Тұрсынхан Зәкенұлы,
Тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:
Келесі парламентте отанға оралған қандастардың өкілдері болуы керек
Бүгінде тарихи Отанына 1 мллионға жақын қандастарымыз қайтып оралды. Бұл жерде «қандастар» деген сөзді бекер қолданып отырған жоқпыз. Өйткені олар кешегі бір сұрқылтай замандарда амалсыздан үйірінен бөлінген өз бауырларымыз. Қазақта «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген сөз бар. Бүгінде қазақ үшін «өзінен туған ұл» кім? Ол осы елім деп, жерім деп келіп жатқан ағайын. Қазақтың қара баласы. Ал, сатып алар «құл» кім? Ол жан бағысқа келіп жүрген, тілі, ділі бөтен жат жұрттық келімсектер. Олар түбі ел болмайды. Ал сенімен ел болатын, тірлігі де, тағдыры да біте қайнасып, тұтасып кететін, ел басына күн туса ту түбінде тұрысатын сол «өзіңнен туған ұл» болмақ.
Қазір алмағайып заман басталды. Әлемдік ірі елдер дұниежүзіндегі ресурстар мен ықпал аймағын қайта бөліске салуға кірісті. Құндылықтар өзгерді. Әлемде зорлықты күшке зорлықты күшпен жауап беру әдетке айналды. Құдайға шүкір, Елбасының сындарлы саясатының арқасында, Қазақстан бейбітшілік аралы іспетті өзін өзі сақтап тұр. Дегенмен, қауіп-қатер жоқ емес. Енді ғана буыны бекіп келе жатқан мемлекетіммізді одан ары нығайту үшін, іш пен сырттағы қазақтардың бір кісідей бірлігі, мемлекетшілдігі мен ортақ күш-жігері қажет.
Бүгінгідей күрделі кезеңде, Қазақстанда өзінің геосаяси мүддесі бар кез келген ел біздің біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуімізді, қазақ халқының санының өсуін қаламайды. Олар елдегі тіл мәселесі мен демографиялық жағдайдың осы беті қалуын қалайды, т.т.
Осындай жағдайда қазаққа тек қазақтың баласы көмектесуі керек. Қазаққа тек қазақтың жаны ашуы керек. Сол себепті, шеттегі ағайынды мүмкіндігінше елге тарту Қазақ елінің стратегиялық міндеттерінің бірі болып қала беруі тиіс. Бұл ретте, Елбасы қол қойған «Көші-қон туралы заң» бұдан алдын бір сәт кідіріп қалған көші-қон үдерісіне жаңа серпін беруде. Осы келелі өзгерістер, биыл өткелі отырған Парламент сайлауына дөп келіп отырғаны да, істің әрі қарай сәтті жүруіне үлкен үміт ұялатады.
Бұл орайда, өз басым, келесі Парламентте шеттен келген қандастардың өкілдері де болуы керек деп ойлаймын. Әрине, шеттен келген қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан соң, Қазақстан азаматы болып табылады. Ал «ҚР азаматтық туралы Заңы» азаматтығы бар кез келген азаматқа сайлау және сайлану құқын береді. Дейтұрғанмен, қазіргі кезде шеттен келген ағайындар өздерінің осы құқын толық іске асыра алмай келеді. Оның көптеген объективті және субъективті себептері бар. Ең бастысы олардың бір жерде шоғырлы қоныстана алмауы. Оның үстіне, тілдік-психологиялық және кейбір мигрантофобиялық т.б кедергілерге байланысты, олар округтер бойынша сайлауға түскенде қажетті дауыс жинай алмайды. Нәтижесінде, ұлт мүддесі зардап шегеді. Бұған дейін, көші-қон үдерісінде кейбір қателіктер орын алды десек, бұл қателіктер дәл осы жоғары билік дәлізінде Отанға оралған қандастардың бірді-екілі өкілінің болмауымен тікелей байланысты. Сондықтан, бүгінде ұзын саны 1 мллионға жетіп жығылатын Отанға оралған қандас бауырларымыздың арасынан келесі Парламент сайлауында, жалпы қоғамның және сол ағайындардың өз қалауымен бір-екі депутат Мәжіліске немесе Сенатқа сайланса нұр үстіне нұр болар еді.
Бұл шындап келгенде, елге оралған ағайын мен мемлекеттің арақатынасын реттеуде белсенді рөл ойнайды. Отанға оралған қандас бауырларымыз сонда ғана өздерінің толыққанды құқын сезінетін болады. Бұл–бір. Екіншіден, мұндай шешім мемлекет тарапынан көші-қон үдерістерін жүйелі жолға қоюға, диаспора саясатын тиімді түрде үйлестіріп отыруға көмектеседі. Отанға оралған қандастарымен және диаспора өкілдерімен жұмыс жасау басқа елдердің тәжірибесінде де жиі кездеседі. Мысалы, Қытай Халық Республикасы әр кезекті Халық құрылтайы сайлауында шетелден келген қандастарына 35 мандат береді. Бұған Ганконг, Макао және Тайваньнан сайланған депутаттарды қосқанда жалпы саны 96 адам. Бұл депутаттар елдегі саяси-экономикалық, мәдени үдерістерге атсалысумен бірге, «Отанға оралған қандастар қауымдастығы» арқылы шетелдегі қытай диаспорасымен жүйелі жұмыс жасайды.
Біз– аз халықпыз. Дүниежүзінде 11 миллионнан астам қазақ бар деп күпигенімізбен, оны төңірегіміздегі қара орман елдермен салыстырып, Қазақстанның ұлан-байтақ жер аумағынна шаққанда түкке тұрмайды. Біздің жеріміз кең, халқымыз аз. Бір ғана экономикалық тұрғыдан алып қарағанда бұл кері пропорция. Тек шетелдік жалданбалы жұмыс күшіне арқа сүйеу мәселені түбегейлі шешпейтіні былай түрсын, оның соңы көптеген проблемаларды пайда қылуы мүмкін. Бұл мәселені түбегейлі шешудің екі жолы бар. Оның бірі – ішкі демографиялық жағдайды жақсарту; екінші, сырттағы ағайындарды бар күшпен тарту. Егер бұл істі жақсы жолға қоя білсек, жақын арада (шамамен 2016-2022 жылдар) тағы да 1 ммиллион қандасымыз Отан құшағына оралады. Бұл ел экономикасын дамыту, қазақ тілінің әлеуетін арттыру, елдегі демографиялық тепе-теңдікті қалыпқа келтіру үшін үлкен септігін тигізеді. Бұл үшін, үкімет пен Отанға оралған және келем деуші ағайын арасында көпір қызметін атқаратын, қолынан іс келетін білікті азаматтарды Парламент пен атқарушы билік салаларына тарту ауадай қажет.
Менің бір түсінбейтін мәселем бар: ҚР азаматтық және сайлау туралы заңдарына сәйкес, елімізде өмір сүретін барлық ұлттың өкілдеріне тең құқық берілген. Олар окруктер бойынша сайлау арқылы Парламентке келеді. Бірақ, артынан олардың өкілдері Қазақстан халықтар Ассамблеясы арқылы Парламентке тағы да келіп жайғасып жатады. Сөйтіп, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне Парламенттен орын алуға қосарланған құқық берілген. Ал, шетелден оралған қандас бауырларымыз, өздерінің қоғамды ұйыстырушы белсенді фактордың бірі екеніне қарамастан, Парламентте бірлі-жарым мандатқа да қолы жетпей келеді.
Қазір шетелден келген қандастардың проблемасын олардың өз проблемасы деп қарайтын қате түсінік қалыптасқан. Біле білсек, ол тек оралмандардың ғана проблемасы емес, жалпы Қазақстандық қоғамның, қазақтың проблемасы. Сол себептен, бұқаралық ақпарат құралдары шетелден келген ағайындарды көбінше жақсы жағынан көрсетіп, олардың арасындағы шама-шарқынша елге өз үлес қосып жатқан азаматтарды, дарынды жастарды, көп балалы отбасыларын көбірек нәсихаттаса деп ойлаймын. Сол арқылы қоғам оларды масыл санайтын түсініктен арылар еді.
Шетелден келген қандастарымыз бұған дейін республикалық деңгейдегі үлкен қоғамдық ұйымдарға біріккен емес. Көбі саяси партияларда да жоқ. Олардың бірден-бір сенетіні – Елбасы мен «Нұр-Отан» партиясы және ҚР Парламенті. Бұл басқа партияларды жамандағаным емес, айтпағым, Отанға оралған қандастардың ең әуелі Елбасы мен билік партиясынан, еліміздің заң шығарушы органы Парламенттен көп үміт күтетіндігі. Сол себепті, ҚР қарапайым азаматы ретінде, үлкен саяси науқан алдында өз ойларым мен ұсыныстарымды ортаға салдым.
Abai.kz
***
Әділ Ахметов,
филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері:
Партия басшыларына байланысты...
Мен Мәжіліс депутаттығына шеттен келген қандастардың ішінен білімді де білікті, шеттегі қазақтың да, еліміздің де жағдайымен жіті таныс азаматтардың өтуін қолдаймын. Тәуелсіздік алғалы бері Елбасы саясатының негізгі бөлігінің бірі – көші-қон саясаты. Жаңадан егемендік алған елге сырттағы қандастарын шақыруға ұран тастап, «құйылсын көшің» деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев әр жылдары шеттен келген қандастарын бауырға басып, елдің уығын бірге қадасуларын сұрап, желеп-жебеп келді. Сондықтан, бұл мәселеге біздегі тиісті органдар, партиялар енжар қарамайды деп ойлаймын.
Ең әуелі, халықтың қолдауына ие болып жүрген «Нұр Отан» партиясы өзінің үміткерлерінің тізіміне сырттан келген ағайындардың ішінен іріктеп, елдің жөнін, жұрттың жағдайын білетін азаматтарды қосады ғой деген сенімім бар. Менің білуімше, сырттан келген ағайындардың зиялыларының бірсыпырасы осы партияның құрамында. Және бізде партиялық тізім бойынша бірнеше партия депутаттық мандаттан орын алу үшін таласатынын ескерсек, онда өзге партияларда құрамына қандастардан үміткерлерді енгізуге құқылы.
Бұл жерде бір нәрсені естен шығармаған дұрыс. Қазақстан Республикасының азаматтығын алған кез келген қазақ «оралман» мәртебесінен айырылады, оның құқы барша қазақстандықтармен тең. Олар партиялық тізімге еніп, өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, депутат болуына мүмкіндік бар, ешкім кері итермейді. Тек партия тізгінін қолға алып отырған азаматтарға байланысты.
Өз басым, Тәуелсіздігіміздің еңселі, іргеміздің берік болуы үшін бар қазақтың бір-бірімен жұмыла жұмыс істеп, кез келген салада ынтымақта болуын тілеймін.
***
Дулат Исабеков,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы:
ОСК ойланар сәт туды
– Қазіргі заң бойынша жекелеген адамдардың ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауына қатыса алмайтыны белгілі. Сондықтан еліміздегі қандастардың мүддесін көздеп, ақпарат құралдарында ой-пікірін ашық айтып жүрген азаматтардың бірден сайлауға түсіп, депутаттық мандатқа ие болуы өте қиын. Иә, депутат атануға кез келген Қазақстан азаматының толық құқы бар. Осы тұрғыдан алғанда оралмандардың қоғамдық-саяси өмірімізде белсенділік таныта бастауын табиғи құбылыс деп есептеймін.
Меніңше, бұл сайлау қарсаңында көтерілген ет пен терінің арасындағы желік болмауы керек. Мұндай мақсатқа бел буып, білек сыбана кіріскен азаматтар ең алдымен еліміздегі саяси партияларға мүше болып, саяси ұйымның тұғырнамасына оралмандар мәселесін көтеретіндерін ашық көрсетуі тиіс. Бұл іспен жүйелі түрде айналысып, оң нәтижеге қол жеткізулері керек.
Сайлауда жеңіске жеткен саяси ұйымдардың тізімі бойынша ұсынған кандидаттарын Орталық сайлау комиссиясы жан-жақты қарастыратыны жасырын емес. Ал мұндай сыннан кез келген кандидаттың сүрінбей өтуі қиын. ОСК-нің өзі де ойланып, оңды шешім қабылдауы керек. Шеттен келген ағайынның мәселесін көтеріп жүрген азаматтар осы жағын да ойласып, білікті кандидаттарын дайындағандары жөн.
Сонымен қатар, бір-екі азаматты Мәжіліске өткізіп, қандастарымыздың мәселесі түбегейлі шешіледі дегенге өз басым сене алмаймын. Дегенмен де, билік басына оралмандардың тартылуы маңызды құбылыс деп бағалауымыз керек. Бұл мәселе билік басындағы азаматтарды ойлантуы тиіс. Олардың мол іс-тәжірибесін мемлекет мүддесіне тиімді пайдаланған абзал.
Бүгінде шеттен келген қандастарымыздың арасында ел мүддесіне қатысты жайттарды ашық айтып жүрген азаматтар бар. Олардың саяси көзқарасы, ой-пайымы толықтай жетілген. Мұндай азаматтарды мемлекеттік қызметке тартып, оралмандардың әлеуметтік мәселелерін оң бағытта шешуге күш салу – бүгінгі күннің талабы.
Өз басым соңғы уақыттары оралмандардың саяси белсенді әрекетке көшкенін көріп, құптап жүрмін. Сырттан келген қандастарымыз сын сағатта оралмандардың мәселесінен бөлек, ұлт мүддесіне қатысты кез келген талқылауға түскенде табандылық танытарына сенімдімін. Бұл тұрғыдан алғанда, белсенді азаматтар осыған дейін Мәжілістегі жайлы креслода отырып, билікке айбат шеккен кейбір депутаттардан артық еңбек етеді деп кесіп айта аламын. Сол себепті, сырттан келген қандастарымыздың депутаттық мандатқа қол жеткізуге талпынуын орынды іс деп есептеймін.
***
Жүрсін Ерман,
ақын, қоғам қайраткері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:
Бір ауылдан бір ауылға көшудің де машақаты көп...
– Байқап жүрмін, қазір қазақ баспасөзінде, әлеуметтік желілерде «Қазақстан Парламентіне оралмандардың өкілдерін кіргізу қажет» деген бастама қызу талқыланып жатыр.
Әрине, бұл бастаманы құп көргенімен, оның мәнін, мақсатын түсінбей жатқандар бар. «Онсызда жүз-жүзге, ру-руға бөлініп болған қазақты енді іштегі қазақ, сырттан келген қазақ деп бөлудің қажеті қанша?» дейді ондайлар. Иә, бір қарағанда, бұл да жөн шығар. Бірақ, шын мәнісінде олай емес.
Тәуелсіздік алғалы аумалы-төкпелі заманда туған жерін тастап, бөтен ел, бөгде жерге көшуге мәжбүр болған қандастарды Қазақстанға қайтару қарқынды жүрді, негізі. Көш басталғалы бері Қазақстанға 1 млн-ға жуық қазақ келген екен. Бұл 1 млн біздің жердегі халықтың кеміндегі 7-8 пайызы. Демек, оралмандардың мүддесін қорғап, олардың мәселесін Мәжіліс мінберінен көтеретін адам, былайша айтқанда, өкіл керек. Себебі, қандастарымызға қатысты қордаланған, әлі күнге шешімін таппаған проблемалар шашетектен.
Қазіргі күні бір ауылдан бір ауылға көшсең де белгілі бір мәселелермен бетпе-бет келесің. Ал бір елден бір елге көшкен адамның жайы бұдан да ауыр. Отаның болса да алдымен орнығу, ортаға сіңісу, жұмыс табу қажет. Азаматтық алу, баспана алудың машақаты өз алдына. Бұлар басқа уақытта емес, дәл осы уақытта шешілуі керек. Бірақ, осы мәселелер жоғарыға жетпесе, мұны жоғарыдан айтатын адам болмаса, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалады. Бұлардың шешілмей жатқанын халық көріп-біліп отыр...
Меніңше, қандастарымызға Мәжілістен бір емес, бірнеше орын берілуі керек. Жалғыздың үні шықпайды, себебі. Сырттан келген ағайындардың арасында білікті мамандар, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдары бар. Кәсіпкерлер де келіп жатыр. Бұлар – елге сөзін өткізе алатын беделді азаматтар. Өз басым осы ұсынысты қолдаймын.
***
Есенғали Раушанов,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Қауымдастық араласуы керек
– Қоғамдық өмірімізде оралмандарға деген көзқарас өзгеруі керек. Оны өзгертудің жолдары көп. Бұл ретте сырттан келген ағайындардың Парламентте және биліктің түрлі салаларында қызмет етуінің маңызы зор. Саналы ғұмырының жартысын атамекеннен жырақта өткізген адам елге келгеннен кейін түрлі жайттарға тап болып, мұндағы жағдайға тосырқай қарауы заңды. Сондықтан қоғамдық өмірімізде оралмандарға қатысты орын алған мәселелерді олардың өздерін араластырып шешуді орынды деп есептеймін. Дәл қазір қазақ қоғамында оралмандарға қатысты оң шешімін таппаған көптеген мәселелер бар. Сондықтан бұл мәселелерді сырттан келген ағайынның күшімен шешетін кез келді.
Біз күнделікті араласып жүрген ағайындардың мәселесін толық білмейміз. Өз басым оралмандар мәселесін толық білемін деп айтпас едім. Ал қоғамдық өмірімізде қандастардың әлеуметтік мәселесі, квота алуына қатысты түйткілді дүниелер бар екені жасырын емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда оралмандардың әлеуметтік мәселесін реттеуді атқарушы билікке қадап тұрып тапсырды. Алдағы уақытта өзекті дүниелер оң шешімін табатынына сенімдімін.
Енді оралмандардың өкілі депутат болуы тиіс пе деген мәселеге келсек, өз басым бұны қолдаймын.
Бүгінде арамызда оралмандар мәселесін көтеріп, көпшілікке танылған азаматтар бар. Солардың бірі – Ауыт Мұқибек. Еліміздегі саяси жағдайға қанық басқа да азаматтар баршылық. Алдағы Парламент сайлауында осындай белсенді азаматтар еліміздегі саяси партиялар атынан депутаттық мандатқа ие болуы тиіс.
Жалпы, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде оралмандардың сойылын соғатын партия құрудың қажеті жоқ. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы еліміздегі халық мүддесін көздейтін үлкен саяси ұйымға айналғаны баршаға мәлім. Партияның көтеріп, қозғап жүрген мәселелері ауқымды. Сондықтан еліміздегі белсенді оралмандар «Нұр Отанның» маңайына топтасып, өздерінің мақсаттарына қол жеткізуі керек.
Меніңше, бұл іске оралмандардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бастамашы болуы тиіс. Тәуелсіздік жылдары қауымдастықты марқұм Қалдарбек Найманбаев басқарып тұрғанда белсенді түрде жұмыс істеді. Ал кейіннен Талғат Мамашев келгеннен кейін ұйым жұмысын саябырсытып алғаны жасырын емес. Сондықтан Талғат мырза қауымдастықтың жұмысын жастарға тапсыруы қажет. Керек десеңіз, қауымдастықтың басшылық жұмысына оралмандар арасынан белсенді бір азаматты тартуға болады. Осылайша, қандастарымыз қауымдастықтың жұмысын жандандырып, «Нұр Отан» партиясымен арадағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, заң шығарушы органға өтудің жолдарын қарастыруы керек. Тіпті, еліміздегі саяси партиялардың арасында белсенді жұмыс істеп жүрген қандастарымыз да болуы мүмкін ғой. Партия басшылары алдағы уақытта солардың халықтың алдына шығуына мән берсе игі.
Біз оралмандардың депутаттық мандатқа ие болуын бірлігімізді нығайтудың бір көрінісі деп қабылдауымыз керек. Тәуелсіздік жылдары ондаған мың қандасымызды елге шақырдық. Олардың арасында өз ісін жетік білетін түрлі саланың білікті мамандары жетіп артылады. Билік оларды статистикалық көрсеткішті жақсарту үшін елге шақырғаны анық. Бүгінде олардың білімі мен білігін тәуелсіз еліміздің саяси-экономикалық хал-ахуалын нығайтуға барынша пайдаланатын кез жетті деп есептеймін. Сондықтан ел мүддесі үшін жан аямай күресіп жүрген азаматтардың Мәжіліске өткенін қалаймын.
***
Әміржан Қосанов,
саясаткер
Қандастарымыздың даусы Парламент мінбесінен естілуі тиіс
Әрине, шетелдегі және өз Отанына оралған қандастарымыздың даусы парламент мінбесінен де естілуі тиіс! Бірақ біз бұл мәселенің екі аспектін ескеруіміз керек.
Біріншіден, бізде Парламент тек қана партиялық негізде құралады, яғни баяғыдай, бір мандаттық округтерден дербес депутаттарды сайлау деген атымен жоқ. Сондықтан да елге оралған отандастардың мұң-мұқтажын Парламентте жүріп айтқысы келетін кез келген үміткер белгілі бір саяси партияның тізімінде болуы шарт.
Екінші мәселе, қазіргі Қазақстанда қалыптасқан нақты саяси ахуалға келіп тіреледі. Бізде отандастардың нақты проблемаларын көтеру, оларға тиісті құқықтық мәртебе беру, жағдай жасау, олардың алуан түрлі мәселелерін мейлінше жария ету ісі атқарушы билік тарапынан қолдауға ие болып отырған жоқ! Сондықтан да дәл осы жайт болашақ Парламент құрамында отандастар туралы ашық айта алатын депутаттар бола ма, болмай ма деген сауалды анықтап отырады...
***
Расул Жұмалы,
саясаттанушы:
Құлшынысқа қарай іс-әрекет керек
Жалпы, «оралмандар» деп айтпау керек. Айқындамасы дұрыс емес. «Қандастар» дейік. Бірінші, осы түсінікті өзгертсек. Қандастардың қаншама мәселесі шешілмей жатқанын көріп-біліп жүрміз. Қайталамай-ақ қояйын.
Қытайдан, Моңғолиядан, Түркиядан қоныс аударып келген қандастарымыздың саны 1 млн-ға жетіпті. Бірақ, әлі күнге дейін билік оларды «екінші сортты» санайтын сияқты ма, қалай? Иә, көпшілігі орыс тілін білмейді. Білмеуі де керек еді. Бірақ, Қазақстан – айыртілді ел. Амал жоқ... Осының кесірінен жұмысқа тұра алмайды. Ресми қызметке алмайды, оларды. Ұят па? Ұят. Осының өзі биліктің қандастардың мәселесіне атүсті қарайтындығын көрсетеді.
Қандастардың арасынан шыққан бірде-бір облыс әкімі, бірде-бір министр болмаса бірде-бір Парламент депутаты жоқ. Шындығында, мұның өзі жеткіліксіз. Бірақ, бір нәрседен бастау керек. Өйтпесе, болмайды. Бұл бастаманы қолдаймын.
Бастама жүзеге асса, болашақта тікелей қандастардың мәселесін шешетін, үйлестіретін министрлік құру керек. Мұны бұрын да айтқанмын. Бұл да – қажеттілік. Мұндай министрлік халқы репрессиядан жәбір көрген көптеген елдерде бар.
Жарайды, қандастардың бірнеше өкілі Парламентке өтті екен. Бірақ, бұдан оларға деген ресми көзқарас өзгере ме?
Сосын сайлау саяси партиялардың арасында өтеді. Жеке дара ешкім сайлауға түсе алмайды. Бұл үшін не істемек керек? Демек, Парламентке өткісі келген қандастарымыздың өкілі алдымен сол сайлауға қатысатын партияның мүшелігіне енуі қажет.
Бұл жағынан қандастарымыздың белсенділігі қандай? Құлшынысқа қарай іс-әрекет керек сияқты.
Өз басым Парламентке шын мәнісінде халықтың қамын ойлайтын азаматтар өтсе деймін. Себебі, қандастардың арасында, жалпы қазақ ұлтының мәселесіне бей-жай қарамайтын ұлтжанды азаматтар өте көп. Олар қазақты бөлмейді. Іштегі қазақ та, сырттан келген қазақ та бірдей олар үшін. Мұндай азаматтар Мәжіліске өтсе, ұтылмаймыз.
«Қала мен Дала» республикалық қоғамдық, әлеуметтік-саяси басылымы
***
Серік Ақсұңқарұлы,
ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі:
«Біріңді, қазақ, бірің--дос көрмесең істің бәрі – бос!» -деп еді-ау Абай. Парламенттің кезектен тыс сайлауы сол сөзді бүгін тағы алдымызға көлденең тартып отыр.Мына дүниеде дәл біздің қазақтай жатқа есесі кеткен ел ілу де шалу. Азамат соғысы, репрессия, аштық, тың көтеру сынды саяси науқандардан тығырыққа тірелген ұлт --қазақ. Келесі парламентте сол ұлттың сөзін сөйлейтін азаматтар отыруы керек! Қазаққа --қазақтың ғана жаны ашыйтынын тарих дәлелдеді ғой! Ол азаматтар қиыр жайлап келген келген қазақ өкілі болса, нұр үстіне нұр болар ма еді, қайтер еді?!
«Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан.
***
Думан Рамазан,
жазушы-драматург, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты:
Өзім деп келген бауырға төріңнен орын беріңдер!..
Ел-жұртым деп еміреніп, қазағым деп елжіреп келген ағайындардан Мәжіліс депутаттығына бір-екі адамның сайланғанын мен де қос қолдап қолдаймын. Олардың тыныс-тіршілігін, хал-жағдайын, проблемасын олардың өздерінен артық ешкім де білмейді. Білсек те, білмегенсіген сыңай танытамыз! Неге осы біз келімсектерге жалпақшешейлік танытамыз да, өзімізге келгенде тарылып қалып жатамыз. Сондықтан, шеттен келген ағайындардың арасынан өкілдер Парламентте міндетті түрде болуы керек! Осыны биліктен табанды түрде талап етейік, ағайын! Журналистер қауымы осы мәселені көтеру керек! Айтатын жерде айтып, жазатын жерде жазу керек! Бұл тек шеттен келген қандастарымызға ғана қажет нәрсе емес, бүкіл қазаққа ортақ, бүкіл қазақ алаңдайтын мәселе... Өйткені, қазаққа қазақтан басқа ешкімнің де жаны ашымайды... Әлемдегі бүкіл қазақтың жүрегі бір, тілегі бір, Отаны бір, атамекені бір, арман-аңсары бір!.. Ендеше бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, шеттен келген бір-екі қандасымызды Парламентке өткізуге күш салайық, ағайын!
«Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан.
***
ҚР Президенті Аппаратының жетекшісі
Н.З.Нығматуллинге!
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары А.И.Мырзахметовке!
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті Асқар Исабекұлы!
Кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтеді деген ақпарат ел құлағына жеткелі бері дүйім жұрт осы бастаманы қос қолдап қуаттап, түрлі ұсыныстарын айта бастады. Басқа-басқа биыл біздің – «шеттен келген қандастарыңыз» саналатын қауымның талап-тілегі күштірек естіліп жатқаны да байқалады.
Әрине, осы жолдарды жазып отырған мен де сол топтың өкілімін. Қытай территориясында қалған қазақ даласының бір пұшпағында туыппын. Кезінде аспан асты еліндегі жетекші 10 ЖОО-ның бірі саналатын Нанжің университетін бітіріп, ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия иниститутында Қазақстан экономикасы бағытында зерттеуші болып, қызмет атқардым. Тәуелсіздік таңы атысымен ұл - қызымызды жетелеп, жұбайымыз екеуміз Алматыға оралдық.
Келген бетте нарық толқынына бір кісідей-ақ, араластық. Бұл жолға тұскен жалғыз мен емес едім. Біз – сол тұста Қытайдағы ең жоғарғы оқу ордаларын тәмәмдап, әрқайсымыз өз саламыздың білікті маманы болып қалыптасып елге оралған бір буын қомақты топ едік. Солардың ішінде Атажұртқа оралғандарының 90 пайызы мүмкіндіктерін өз деңгейінде көрсете алмады. Бір қарағанда тым өкінішті жағдай, әрине! Бірақ, екінші жағынан Қазақстан нарығының қалыптасуына біздің буын көп тер төкті. Бұл да Отанымызға қосқан біздің үлесіміз деп білеміз!
Ең басты байлығым – балапандарым. Сол балапандарым Тәуелсіз елдің азаматы болып қалыптасып келеді. Ұлым Сүлеймен Демирел атындағы Халықаралық университетінде IT мамандығын игеруде. Қызым Президент атындағы зияткерлік метебінде білім алуда. 2004 жыл жақын туыс-туғандарымнан 16 отбасын көшіріп әкеп, Алматы облысына қоныстандырдым, бүгіндері өсіп-өніп 40 шақты түтін болды. Елбасы тапсырмасымен қайта қаралған Көші-қон заңына жаңа, тиімді баптар еніп, біраз түйткіл шешілгелі бері, арттағы ел жетіп топанымыз молаятын болды деп қуануда. Бар алғыс, баталары Елбасыға!
Қызығы мен шыжығы көп сол жылдар артта қалып міне, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына да жеттік. Қазақстан етек-жеңін жиып, серпіліп алды. Десе де, ел экономикасын түбірінен түлетудің шығар жолы ішкі сұранысты ұлғайту, яғни жан санын арттыру. Ал мұның ұтымды тетігі шеттегі қандастарды тарту екендігін Елбасы дәріптеп келеді. Елбасының осы саясатының тиімділігін арттыру үшін елдің заң шығарушы органына еліміздің және келген елінің жағдайын жеттік білетін азаматтардың енуі аса пайдалы деп пайымдаймын.
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Асқар Исабекұлы!
Президентіміз кеше ғана депутаттардың тиісті бастамаларын қуаттайтындығын білдіріп, келесі мәжіліс сайлауын наурыз айына белгіледі. Шеттен елге оралған азаматтарымыздың да додаға қатысып, бағы мен бабын сынап Ел игілігіне қызмет еткілері келетіні шындық. Олардың осы ниет-тілектеріне мән- маңыз берулеріңізді өтінер едім.
Құрмет Қабылғазыұлы.
Abai.kz