Сенбі, 23 Қараша 2024
Тұлға 5983 9 пікір 4 Қыркүйек, 2020 сағат 11:57

Әбіш Кекілбайұлы: Ұстаз ұлағаты

(Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференциядағы Әбіш Кекілбайұлының сөзі)

Таңданатынымыз: бұл жолы бұрынғыдай қиқулап атқа мініп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен мән шықпайтынын, ұрымтал кезде жан-жақты қамдастырылған жүйелі күрес-пен қарсы тұру керектігін түсінетін кемел тұлғалардың кенеттен қалай табылғаны? Ұлттық төл элита әлі қалыптасып үлгермеген еді. Оқығандар шашыранды жұрттан ыққандықтан бас қосып, күш біріктіруге құлықты емес еді. Мұндай жағдайда әлгіндей тәуекелге бел байламақ түгілі, ол жайында ойланудың өзі ақылға симас батылдық еді. Соған айдаладағы ауыл мұғалімінің қалай жүрегі тұрғанына қанша таңғалсаң да көптік етпейді.

Бұл жағынан келгенде, Ахмет Байтұрсынов – ұлттық тарихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға.

Бәлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада Фараби, Яссауи, Қорқыт, Асанқайғы, Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер.

Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынов оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сәйкес келмей кенде қалып, көрер көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді.

Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынов ондай жол Қорқыт пен Асанқайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен Яссауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мәселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да Ахмет Байтұрсыновтың рухани қалыптасуына тікелей әсер етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен Яссауидің заты түгілі атына қанық емес еді.

Шоқан Уалихановтың атына қанық қазақ оқығандары еңбектерімен соншалықты таныс емес еді. Ал, Абайдың атына да, затына да Байтұрсынов тым беріде, өз таңдауын жасап, сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған кезде қанығыпты. Ал бала жасынан жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа кезең жағдайында жеткіліксіз екендігіне бастапқы жылдары-ақ көзін жеткізіп үлгерген-ді.

Байтұрсынұлы ықыласы ауған қай салада да ең үлкен беделге ие болды. Әдеби мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы шығыс танушыларымен қатар тұрады. Өнер мен мәдениет теориясын жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең бірінші боп батыл қадамдарға бара алды. Оның «Әдебиет танытқышы» енді тұра бастаған кебең әдебиет түгілі әлем мойындаған кемел әдебиеттің өзіне де көрік қоса алатын сүбелі еңбек еді. «Маса» мен «Қырық мысал» өткелекте тұрған

ұлт өмірінің ең зәру мәселелеріне ең зәру жауаптар іздеді. Ол бұрын ұтқыр да өткір шешен сөзге ғана құлақ асып қалған жұртшылыққа енді істің байыбына барып, мәселенің мәйегін аршып, еліктіре сөйлеудің орнына ежіктей сөйлейтін шынайы көсем сөздің үлгісін көрсетіп берді. Ағарту ісінде көп мәселеде әлемдік тәжірибеден алға оза әрекеттенді. Көп халықтарда енді талқылана бастаған жәйттерге ол сонау ғасыр басында-ақ өз тұжырымын айтты. Кейінгі тәжірибе оларды дұрысқа шығарды. Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсыновтың бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті Темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан

келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын жәйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мәртебеге енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың. Бұл мәселедегі, бір кездегі өзі айтқан, «торғайға атып, шырғайға тигізіп, шырғайды атып, торғайға тигізіп» жатқан талай олқылықтарымызды күйзелсе де, түзетіп, күйінсе де, үйретіп берер еді-ау деп армандайсың. Бір ғана «ш» дыбысы мен «ш» әрпіне қанықтыру үшін: «мынау сорлы шал, бойына назар сал, сақал-шашы ақ; қайраты шақ, баладан ада, қарадан таза, ауқаты-шабақ, сусыны шалап, аяқта шарық, қатқан аш, арық, шабақтан, шалаптан болсын ба қарық?» – деп, әлеуметтік тұрмыстың күллі бір эпопеясын көз алдыңа көлденең тартатын, тіл таныта отырып, тіршілік танытатын әліппелері, «бақ-бақ еткен текені қыс келгенде көрерміз, батырсынған жігітті іс келгенде көрерміз», «кісі бір көргенде бұлан, екі көргенде құлан, үш көргенде адам», «ексең егін, ішерсің тегін», «түбі бірге түтіспейді», «ойнаңдар, ойлаңдар» деп жататын тіл ашарлар, шіркін, салт өзгеріп, сана өзгеріп жатқан қазіргі заманда да көптеп шықса ғой. Ахаңдар қазір арамызда жүрсе баяғы «Қызыл әскер тіл ашары» сияқты «Кәсіпшінің тіл ашары», «Іскерлік тілашары», «Тәуелсіздік тіл ашары», «Демократия тіл ашары», «Әділет тілашары», «Кеңсе тіл ашары», «Билік тіл жұмсары», «Құқ әліппесі» қосылмасына, тіл тану құралдары, тіршілік тану, заң тану, адам тану, қоғам тану құралдарына айналмасына кім кепіл? Сондай мемлекеттік тілдің жолындағы талай психологиялық тосқауылдың өз-өзінен аласталмасына кім кепіл? Ал, осы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов та от басында омалып қалған ана тіліміздің жоқ-жітігін айтып, күні-түні зарлап, қол қусырып қарап отырып алса, қазақ тілі мен ол туралы ғылымның әлі күнге кіндігі кесілмей, шырылдаған шарана халде жатпасына кім кепіл? Егер Ахмет Байтұрсынов осының бәрін сол кезде дүниеге келмек түгіл, әлі ешкімнің қиялына да келе қоймаған ұлттың мемлекет орнап, сол жасап берсін деп, отырып алса, ұлттық мектеп, ұлттық баспасөз, ұлттық тіл тану, ел тану, өнер тану, өзін-өзі тану бүгінге дейін болар-болмасына кім кепіл?

Иә, Ахмет Байтұрсынов – ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершігін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес. Неліктен ол мұншалықты жанкештілікке барып жүр? Бұның жауабын оның арман мен арпалысқа толы өмірінің ең шынайы шежіресі – өлеңдерінен ізделікші.

Мақтағандықтан ба? Онда: «Әзірге қолдан келген осы барым, қомсынып, қоңырайма, құрбыларым, бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық, күн қайда үздік шығар топты жарып, бар болса сондай жүйрік қызар деймін, естілсе құлағына дүбір барып: әйтпесе, арық шауып оңдыра ма, жүргенде қамыт басып, қажып-талып»,– деп қайғыра қаймығар ма еді?

Масаттанғандықтан ба? Өйтсе: «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ, жел соқса, құйын қуса жылжи беру, болғандай табан тіреу ешнәрсе жоқ; бұл күнге бүгін емес, көптен кірдік, алды-артын аңдамаған бетпен кірдік, жат жақты жаратқанға күзеттіріп, жақынмен ырылдастық, иттей үрдік... білдірдік елдің сырын, ердің құнын, еліріп ерегіске екі-үш күндік... кіреді тентек есі түстен кейін, мүшкілін халіміздің енді білдік...»,– деп күйзелер ме еді.

Даңқ құмарлықтан дейін десең: «Жанға көңіл қалып тұр, жан бұл күйге салып тұр: тәнге көңіл қалып тұр, тән шыдамай арып тұр; жұртқа көңіл қалып тұр, жұрт жалғанға нанып тұр, өтірік өрлеп, күшейіп, шын жеңіліп, талып тұр; жала деген төбеті балтырыңды қауып тұр; табалаған жаманның шаян тілі шағып тұр; жаны ашыған жақынның жасы көзден ағып тұр...», – деп айтқаны рас болса, кімге сеніп атақ іздейді, кімнен даңқ дәметеді.

Сонда мұншама сарп болып сарсылуда не мән бар? Сөйтсе, мән бар екен: «Адамдық диханшысы қырға шықтым, көлі жоқ, көгалы жоқ – құрға шықтым; тұқымын адалдықтың шаштым, ектім, көңілін көтеруге құл халықтың»..., «рахатсыз өтсе де өмір-жасым, бұл жөнімнен құдайым айырмасын... шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар, ...шыққызбайтын жолында өрлер де бар... ел бұнымды білемін ұқпайтынын, көтермеге қалғанда шықпайтынын, шалыс басып аяқты жығылғанда, «жатқаныңнан тұрма» деп мықтайтынын ... мен өлсем де, өлемін жөнімменен, тәннен басқа немді алар өлім менен,... тән көмілер, көмілмес еткен ісім,... ойлайтын да мен емес бір күнгі ісін, жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін...»

Міне, гәп қайда?! Шын азаматты пендешілікке, шын ерді есерлікке жібермейтін де осы: ертеңге деген сенім; келешек алдындағы жауапкершілік.

Ендеше, әңгіме әлі келе қоймаған бостандық, орнай қоймаған тәуелсіздік жайында болып отыр. Өйткені, басқа бір өлеңінде: «Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр? Кім шыдап жолдастыққа төзіп жатыр. Кешегі кеңшілікте керек қылған бостандық болмаған соң безіп жатыр»,– дейді. Осыған қарап-ақ, оның көп қырлы қызметінің қай саласына басым маңыз бергенін аңғарамыз.

Олай болса, Ахмет Байтұрсынов бірінші кезекте халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі мен ұлттың мемлекеттілігі жөнінде жан аямаған күрескер.

(«Ұлттық рухтың ұлы тіні» жинағынан қысқартылып алынды)

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371