Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайраткер 2544 2 пікір 7 Қыркүйек, 2020 сағат 11:21

Ұлт диқаншысы

XV ғасырдың ортасында хандық мемлекеттің құрылуымен этностану үдерісінің  бұрынғыдан да белсенді жүруі біздің халықтық салтымызды, сана сезімімізді, ортақ дүниетанымымызды, дәстүрімізді, тілімізді бұрынғыдан да ерекшелендіріп дербестендіре түсті. Тарих сахнасына шыққан әрбір халық өзінің сақталуы, күшеюі үшін күресетіні мәлім. Керей және Жәнібек сұлтандар басында тұрған Қазақ хандығы да құрылған кезеңнен бастап осындай сан күрестерді басынан кешірді.

Бұл күрес арыдан тартсақ, алғашқы хандардан бастап, әз-Тәуке заманына дейін, беріден келсек, билер институты күшейген шағынан Кенесары дәуіріне дейін  жалғасты.

ХІХ ғасырдың ортасына дейін хандықтардың Ресей империясы тарапынан күштеп таратылуы, қазақтардың өз жерінде ең шұрайлы аймақтардан ысырылуына, құқықтарының бұзылуына сөйтіп, халықтық тұрмысымызға, дәстүрімізге, санамызға тілі, діні бөтен күштің ықпал етуіне алып келгенін де білеміз. Отаршыл биліктің үстемдігін қалыптастырған 1867-68 жылғы ереже бүкіл қазақ жерінде империя билігінің толық орнағанын заңдастырды.  Дербес этнос ретінде барлық атрибуттары қалыптасқан халық оған көндіге алмады. Қазақстанның барлық аймақтарында қарулы көтерілістер болды. Бірақ біздің күшіміз патшалық Ресейдің күшімен тең емес еді. Міне, осы қайшылықтан ыза, мұң, кек қалыптасты. Қазақтың елшіл тұлғалары халықты сақтаудың әртүрлі амалдарын қарастырды.

Қазақтың арасында Ислам дінін күшейтіп, Мұсылмандық арқылы сақтанамыз деген үміт пен сенімнен діни-ағартушылық әдебиет күшейді. Орысша білім беретін мектеп ашып, солардың тілі мен мәдениетін үйреніп тең боламыз деген мақсатпен Ыбырай Алтынсариндер мектеп ашты.

Отаршылдықтың зардабы халықтың  сан ғасырлар бойы қалыптасқан еркін өмір сүру салтының, санасының, дәстүрінің бұзылып, соның нәтижесінде қазақтың ізгілікті қасиеттерінің  көмескіленіп, адамгершілік мұраттарының, кісілік мінездерінің орнына сенімсіздік, жалтақтық, көнбістік осылардан өрістеп басқа да жағымсыз мінездердің келуі еді. Міне, осы кезде Жаратқан иеміз тарих сахнасына Абайды шығарды. Абай сияқты әрі суреткер, әрі ойшыл тұлғаның тарихи миссиясы жөнінде: «Абайдың өлеңін ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері – мұнда сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ, оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлелдеп, ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар. ...Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстан бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысына болса да, Абай өз емін айтып кеткен» деп Мұхтар Әуезов аса дәл баға берді.

Отаршылдық саясаты Абайдан кейінгі дәуірде тіпті күшейді. Ендігі тұста қазақтың ұлт ретіндегі дәрмені мен пәрмені, ақылы мен қайраты, күрескерлігі, жинақтап айтқанда сақталу инстикті тарих таразысына түсті. Әлбетте осындай сындарлы шақта  халықтың ішінен қалқаны мен семсері болар тұлғалар күреске шықпақ керек. Бәрі де сол халық қуатының күштілігіне байланысты. Дәл осы ретте азаттық күресінде ынтымақ пен қайраткерлік танытқан халқымыздың ең аяулы, асыл перзенттерінің өмірі мен күресін зерделей отырып, қазақ халқының сақтану қуатының күшті болғанын ерекше айтуға тиіспіз. Сол күрес кезеңінде атап айтсақ, ХХ ғасыр басында қазақ азаматтары бас қосып тұтас дәуірді жасады.

«Алаш қозғалысы» деген атпен тарихқа енген ең ірі, ең интеллектуалды ұлт-азаттық қозғалысы қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасқанын, өзінің қадір-қасиетін сақтауға, абыройын қорғауға толық әлеуетті екенін паш етті. Ахмет Байтұрсынұлы осы қайраткер топтың рухани көсемі болды десек, одан өзімізге дарытар тағылым мол. Біз ұлттың ұстазына айналған ұлы тұлғаға тағзым ете отырып, осы тағылымның негізгі тұстарын ғана баяндамақпыз.

Біріншіден, Ахаң ұлт қайраткері. Осы ірі ұғымнан оның біз білетін барлық қырлары түгенделеді. Енді қайраткерлігіне тоқталсақ, ол ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының көсемі деңгейіне көтеріліп, ұлттың өзін-өзі сақтау идеологиясы, яғни ұлтшылдық идеологиясын қалыптастырды. Сондықтан оны біз ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтшылдығының рухани көсемі дейміз. Қазір ұлтшылдық ұғымын тар және жағымсыз мағынада түсіну байқалады. Мәселенің байыбына объективті тарихи тұрғыдан келсек, қазір ең өркениетті,  дамыған мемлекеттер делініп жүрген Ұлыбритания да, Германия да, Франция да, Италия да, Испания да, Жапония да, Корея да осындай ұлтшылдық дәуірлерді өткерген. Экономикасы мен әскери қуаты күшті мемлекеттердің отаршылдығына қарсы күрескен халықтардың тарихы да осындай үдеріске куә. Мысалы, империялардың езгісінен шыққан халықтардың тарихын қарасаңыз оған толық көзіңіз жетеді.

Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін Ақтөбе, Торғай, Қарқаралы уездерінде қарапайым мұғалімдіктен, ұлт ұстазы деңгейіне жеткен тұлға. Оның бұл еңбегіне Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллиннен бастап қазірге дейін баға беріліп келеді. Тұтас ұлттың ұстазы болу сан ғасырлық тарихымызда дәл осы адамның маңдайына бұйырыпты.

Үшіншіден, халықпен бірге жасайтын ұлттың ұлттығын сақтайтын тілі десек, Ахаң Әуезовтің сөзімен айтқанда «ана тілімізді түрледі». Бұл ұғымға ғасырлар бойы бір халық сөйлеген, өмір сүрген тілдің барлық табиғатының білім мен ғылым қалыбында көрінуін айтамыз. Ойымызды таратар болсақ, ғасырлар бойы ауызша дамып келген,  одан кейін жазба мәдениеті қалыптасқан тілдің дыбыстық, құрылымдық, жұмсалымдық жүйесін әліппеден бастап әдебиеттің көркем тіліне дейін мүшелеп, жіліктеп ойымызға қондырды, санамызға сіңірді. Дәл осы еңбегінің өзі Ахаңды тек қана тілтанушы аса ірі оқымысты болуымен бірге, оны тілдің ұлтты сақтаушылық рөлін айқындаған, тілдің философиялық һәм психологиялық қатпарларына барған ойшыл етеді. Осы реттен келгенде, ол тіл білімін жалпы философиядан өрістеткен Гердердің, Гумбольдтың, ХХ ғасырдағы лингвистиканың ең көрнекті тұлғаларының қатарында тұрмақ. Ахаңның осы саладағы еңбектеріне үңілген сайын оған көзіміз толық жетеді. Біздің ойымызша, лингвистиканың заманауи жаңа бағыттары мен салаларында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы ғылыми зерделеуді әлі де қажетсінеді.

Төртіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының үні болған, қазақтың кең даласына ел болуды, ұлттық абыройды сақтауды, азат күнге ұмтылуды насихаттаған ең жігерлі сөздің ұясы болған «Қазақ» газетін ұйымдастырушы, оның редакторы һәм авторы. Дәл осындай тәуелсіз бағыттағы, қазақтың мәселесін шындық тұрғысынан ғана көтерген газет  оғанға дейін де, одан кейін де біздің тарихымызда болған емес. «Қазақ» газетіне бүгінгі түсінікпен публицистикалық басылым ретінде ғана емес, оған қазақ саяси ойының, мәдени зердесінің, көркем сөзінің ұстаханасы ретінде баға беруіміз қажет.

Бесіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы тұтас дәуірдің ұранына айналған «Маса» мен «Қырық мысалдың» авторы. Осы жинақтары арқылы ол Абай айтқан кісілік, адамгершілік қасиеттермен бірге дәуірдің жаңаша ұрандарын көтерді.  Рухани інісі, ұлт күресіндегі сенімді серігі Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабымен бірге осы азаттық ұраны барша қазақты оятты. Оған қоса, әдебиетке азатшыл мазмұнды дарытты.  Сөйтіп, ХХ ғасыр басындағы тұтас әдеби дамуды жаңа өріске бұрды.

Алтыншыдан, өз тізгіні өзінде болмаған халықтың басты трибунасы оның әдебиеті болады десек, онда осы әдебиеттің теориялық қисындарын тарихымызда ең алғаш рет қалыптастырған Ахмет Байтұрсынұлы болды. «Әдебиет танытқыш» еңбегі әлі күнге дейін әдебиет теориясын ғана емес, ауыз әдебиетін, әдебиет тарихын түсіндіретін ұлы еңбек. Оның әдіснамалық негіздерін қазіргі ғылымға енгізуде қарқынымыз баяу екенін атап өтуге тиіспіз.

Жетіншіден, Алаш көсемі Ахаң тарихи дәуірдің мәжбүрлеуімен кеңестік төңкерістік комитетке мүше болып, большевиктермен мәмілеге барып қазақ шекарасын бекітуге, кеңестік мазмұнда болса да Қазақ автономиясының құрылуына тікелей атсалысқан тұлға. Осы тұстағы еңбегі оның басқа еңбектерінен еш кем емес. Өйткені шекарамыз большевиктік билік тұрғысынан мойындалды, ұлттық автономияға қол жеткіздік. Соның нәтижесінде 1936 жылы одақтас республика болдық. Осындай заңды одақтық құрылымның арқасында 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сондықтан тарих шындық тәуелсіздігіміздің негізінде Ахаң сияқты Алаш қайраткерлерінің тұрғанын айғақтайды. Біз бүгін Ахаңмен бірге сондай тарихи істің басында тұрған Әлихан Бөкейханның, Мұхамеджан Тынышбайұлының, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасұлының, Жанша Досмұхамедұлының, Халел Досмұхамедұлының, Уәлитхан Танашовтың, Мұстафа Шоқайдың, Әлімхан Ермековтің және тағы да басқа қаншама қайраткерлердің ұлт алдындағы зор еңбегі мен ерлігіне тағзым етіп, одан тағылым алуға тиіспіз, тіпті міндеттіміз. Ол біздің тарих алдындағы адал буын, әділетті ұрпақ екенімізді танытпақ. Бұл бізге әрі парыз, әрі серт болуға тиіс.  Өйткені қазақтың жаны әлі де жаһандану толқынында тұр, қазақтың тілі әлі де өзінің мәртебелі төріне жайғаспаған. Сондықтан бәріміз үшін қазақтың қамы, Алаштың мұраты мақсатында жұмыла атқарар жұмыс көп. Соларды сәтімен атқару үшін халқымызға Раббым Аллам амандық бергей!

Ербол Тілешов,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық

орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394