Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Дода 6175 27 пікір 11 Қыркүйек, 2020 сағат 16:40

Жүрсін Ерман: Қазақтың жерден өзге байлығы қалған жоқ!

Ақын, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық Одағының төрағасы Жүрсін Ерман билік партиясы жариялаған партияішілік іріктеу – праймеризге қатысатынын мәлімдеді.

Ол «Нұр Отанның» партияішілік іріктеу додасына арналған «сайлауалды» үгіт-насихат сөзін жариялап, онда мемлекеттік тіл мен жер мәселесін, көп балала отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мәселелерін шешуге ниетті екенін жеткізген.

Жүрсін Ерман Алматы қаласының Медеу ауданының атыдан түсіп жатқан көрінеді. Өз үнеуінде «Қазақстанның титулды ұлтының мүддесін қорғаймын», - деп сөйлепті.

Менің мақсатым – Қазақстанның титулды ұлтының мүддесін қорғау!

Жүрсін Ерман:

- Еліміздегі ең іргелі партия – «Нұр Отан» биыл ел тарихында тұңғыш рет партияішілік іріктеу – праймериз өткізіп жатыр.

Оның мақсаты – партияға жаңа адамдарды тарту. Екіншіден, қоғамға жаны ашитын, позициясы берік, белсенді азаматтарды іріктеу.

Мен де осы праймеризге қатысып жатырмын. Менің пешенеме – қазақтың ұлттық өнері айтысты тірілту, жандандыру, қалпына келтіру жұмыстары бұйырған екен. Соны бұрын қатарда жүріп, ақ тер, көк тер боп атқарсақ, ендігі жерде биік мінберді пайдаланып, қазақтың ұлттық өнерін дамытуға жаңадан үлес қоссам, соған мүмкіндік жасасам деймін.

Бұл ұлттың рухын көтеретін, еңсесін биіктететін өнер. Қанын қыздыратын, басын ұйыстыратын, бірлікке, татулыққа шақыратын өнер. Міне, осы салада көптеген проблемалар бар. Мен жалғыз Медеу ауданының мүддесін қорғаймын деп айта алмаймын. Қазақ ұлтының мүддесін қазақтың жанашыр азаматы ретінде көтергім келеді. Бірнеше басты мәселелерді тоқталып айтайын:

Біріншіден, Парламент дегеніміз – Ұлы ұлттық жиналыс. Сол Парламентіміздің қазақ тілінде сөйлемейтінін айтып, байбалам салғалы неше жыл?.. Бірақ, жағдай өзгерген жоқ. Бұл әлемде үлгі мемлекет өзінің Ұлы жиналысын көрші мемлекеттің, басқа елдің тілінде өткізу деген не? Осыған орай, мынау праймериздегі іріктеу кезінде қазақ тілінде, мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын азаматтар Парламентке қарай өтпеуі керек. Соған тосқауыл керек деп есептеймін.

Екіншіден, тіл мәселесі жырлай-жырлай жауыр болды. Шешілмей-ақ қойды. «Тілі жоғалған ұлттық өзі де жоғалады» деген сөзді білесіздер. Қазақ тілін мемлекеттік тілге барлық деңгейде айналдыру үшін күрес жүруі керек. Мемлекет тарапынан, Заң шығарушы орган тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек. Осы мәселе шешімін табатын уақыт болды деп ойлаймын.

Үшінші, барлығымызды толғандыратын жер мәселесі. Қазақтың жерден басқа байлығы қалған жоқ. Оның астындағы, үстіндегі байлықтарының барлығы талан-таражға түсіп кетті. Ендігі жерде жер мәселесі шешімін табуы керек. Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жер сатылмайды», - деп мәлімдеді. Бірақ, бұл Заңдық, Конституциялық күші жоқ, пікір ғана! Нақты Заң қабылдануы керек! Қазақтың жері ешкімге сатылмауы да, жалға да берілмеуі керек!

Көп жерлеріміз латифундистердің қолында. Мыңдаған гектер жерлерді алып алған. Ол жерлерді не өздері игермейді, не шаруа бастаймын деген кәсіпкерлерге мұрша бермейді. Сондықтан жерді мемлекет иелігіне қайтару керек. Жақында ғана Солтүстік Қазақстанда 900 мың гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Бірақ, бізде әлі бос жатқан жерлер көп. Соның барлығын мемлекетке қайтарып, кәсіпкерлердің іс бастауына мүмкіндік беру керек. Жер біздің ұлттық байлығымыз, құндылығымыз!

Праймеризге қатысудағы менің мақсатым – Қазақстанның титулды ұлтының мүддесін қорғау! Өзім түсіп жатқан Медеу ауданы Алматыдағы ең шұрайлы, әлеуетті аудан ғой. Осы халықтың әл-ауқатын жақсарту. Елдің экономикасын көтеруге бағытталған шұғыл шешімдерге қол қою.

Қазір елде көп балалы аналардың проблемасы, жетім-жесір, жоқ-жітіктің проблемасы алға шығып тұр. Соны шешу үшін нақты қадамдар жасалуы керек. Сөзден іске көшетін уақыт келді. Осы мәселелерді шешуге қолымнан келгенше үлес қоссам деймін.

;fbclid=IwAR16ol5xZp7FHrqHzvqlClxLSgR8vnspIR-t0Z9cj_ndNdqNO5BIWKGyh3I

Abai.kz

27 пікір