Алтай Көлгінов: Кітапханалар қысқартылмайды!
10 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қалалық субъектілерді оңтайландыру жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда мәсілихат депутаты Мирас Шекенов кітапханаларды қысқартуды ұсыныпты. Осы арқылы Президент Тоқаев биылғы жолдауында айтқан мемлекеттік штатты қысқарту туралы тапсырмасын орындау керектігін алға тартқан.
Мәсілихат дептатының ойынша, кітапханаларды қысқартса, білім саласындағы мемлекеттік қызметкерлердің санын жыл соңына дейін 10 пайызға қысқартуға мүмкіндік бар көрінеді.
Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Көпшілік кітапханаларды қысқартуға қарсылық білдірді. Президенттің мемлекеттік қызметкерлердің санын азайту туралы тапсырмасы үкіметтегі бас артық кадрларға қаратылғанын елорда шенділерінің есіне салуға тырысқан. «Көлгіновтің жарнамасы көрші елдің тілінде ғана жасала ма?» атты жазбамызда біз де өз ойымызды айттық.
Осы мәселеге байланысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те өз ойын білдірді. 24.kz телеарнасының эфирінде әкім кітапханалардың қысқартылмайтынын айтты.
- Биылғы карантин көп дүниеге басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Карантин ушығып тұрған жазғы айларда 80% қашықтан жұмыс істедік. Сол кезде мемлекеттік қызметкерлерді қысқартуға болатынына көз жеткіздік. Президентіміз жолдауда жыл соңына дейін мемлекеттік қызметкерлерді 10 пайызға азайту туралы айтты.
Бірақ кітапханаларды қысқарту туралы әңгіменің қайдан шыққанын білмеймін. Мен де желіден көрдім, оны кім ойлап тапқанын білмедім. Ол қате ұғым. Біріншіден кітапханаларға тисуге болмайды. Кітап - білім қазынасы. Кітапханаларды жапқанша, адамдарды тартуымыз керек. Электронды кітап болсын, онлайн оқысын, кітапхана келіп оқысын, адамдар кітап оқуы керек. Сондықтан кітапханалар қысқартылмайды. Кітапханаларға тиіспейміз, - деді Көлгінов.
Abai.kz