Сенбі, 23 Қараша 2024
Біздің шенеунік 5764 4 пікір 22 Қыркүйек, 2020 сағат 14:40

Көлгіновтің жарнамасы көрші елдің тілінде ғана жасала ма?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі атқарған жұмыстарын блогерлерге, жарнама агенттіктеріне, ақпарат құралдарына жазғызып, жарнамалауға құмар. Сол үшін бюджеттен миллиондап қаржы бөледі.

Алтай Көлгінов басқаратын қала әкімдігі көктемде коронавирус күшіне мініп, тұтас елде карантин жарияланған кезде де өздерін жарнамалаудан жалыққан жоқ. Сол кезде әкімдіктің қоғамдық даму істері басқармасы анау-мынау емес 267 миллион теңгенің тендерін ойнатқан. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің имиджі үшін бұдан кейін де бірнеше мәрте қаржы бөлінген.

Сөйткен Көлігінов қызметін насихаттау үшін тағы да тендер жариялап жатыр екен. Алтай мырза бұл жолы қызметін тек қана орыс тілінде жарнамалағысы келген көрінеді. Әкімдіктің ішкі саясат басқармасы газет бетінде және интернет желісінде коронавируспен күрес кезінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асу барысын насихаттауға тендер жариялапты. Тендердің құны – 58 035 714 теңге. Тендер тек орыстілді газеттерге арналған. Бұл туралы malim.kz сайты жазды.

Тендерді ұтып алушы сонымен қатар, 30 секундтан 10 минутқа дейінгі бейнематериалдар дайындап, Facebook, Instagram, Youtube әлеуметтік желілерінде жариялайтын көрінеді. Талап, бұл бейнематериалдар да тек орыс тілінде болуы тиіс екен. Осы ақпараттың анық-қанығын білу үшін Нұр-сұлтан қаласы әкімнің баспасөз хатшысына хабарласып, байланыс орната алмадық. Алдағы уақытта әкімдік ақпарат берсе, жариялай жатамыз.

Бізді таңғалдырғаны, Көлгінов мырза мемлекеттік тілге неге мұнша «өшікті» екен? Біздің билік ақпарат таратуда көпшілік қауымның құқын таптап, 30 жыл бұрынғы ереже бойынша 50/50 қағидасын ұстанып келеді. Қазір елде қазақ тілді халықтың саны 70-80 пайызға жеткенін ескерсек, 50/50 жүйесі әлдеқайда ескірді. Енді ақпарат таратуда мемлекеттік тілге әлдеқайда басымдылық берілуі керек-ті.

Бірақ Көлгінов басқаратын бас қаланың атқа мінерлері бұлай ойламайтын секілді. Тіпті 50/50 жүйесінің өзін бір жаққа қайырып қойып, 100% орыс тілінде ақпарат таратқалы отыр екен. Сонда мемлекеттік тіл қайда қалды? Мемлекеттік тілде сөйлейтін 70 пайыздан асқан ел тұрғындарының құқы қайда қалды? Әлде жұмыспен қамту сынды маңызды мемлекеттік жоба қазақ тілділерге арналмаған ба?

Бұл сұрақтарға Көлгіновтің «командасы» жауап беруге міндетті. Жалпы әкім Алтайдың карантин кезінде қызметі ел көңілінен шыққан жоқ. Жоғарыда жағымды имиджі үшін пиар жасауға миллиондап қаржы бөлді дедік. Мұнысы аздай шілдеде от шашу атып, «от басқаны» тағы бар.

Президент Тоқаев биылғы жолдауында мемлекеттік штатты қысқарту туралы айтқан. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын жүзеге асыру үшін елордалық шенділер кітапханаларды қысқартуды жоспарлап отырған көрінеді. Ақын Дәулеткерей Кәпұлының айтуынш, Нұр-Сұлтан қалалық субъектілерді оңтайландыру жөніндегі комиссияның отырысында осындай мәселе қозғалған екен.

Президент штатты қысқарт дегенде кітапхананы жауып, кітапханашыларды қызметінен қу демегені сөзсіз. Әкімдіктердегі, министрліктердегі бірі кіріп, бірі шығып бос жүрген қызметкерлерді қысқартуды айтқан болар. Біздің елде бір әкімге бес орынбасар, әр орынбасарға бес көмекші көмектесетіні жасырын емес. Қысқарту керек болса, осындай бір адам істейтін жұмысты бес адам істеп жүрген қызметкерлерден бастау керек.

Әкім Көлгінов жағымды имиджін қалыптастыру үшін миллиондап қаржы бөлгенімен, ол мақсатына жете алар емес. Керісінше, бюджет қаржысын жөнсіз жұмсаған (пиарға), халықпен санаспай от шашу ататын, мемлекеттік тілге қырын қарайтын әкім ретінде ел есінде қалып отыр...

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377