Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Ғылым-білім 5029 8 пікір 3 Қазан, 2020 сағат 18:22

Ұстаздар ғұмырын қалай ұзартуға болады?

ҚР білім және ғылым министрі
Асхат Қанатұлы Аймағамбетов мырза назарына:

Мен еш уақытта еш нәрсе үйретпеймін, тек қана олардың оқуы үшін жағдай жасаймын.
Альберт Эйнштейн

Құрметті Асхат Қанатұлы бүгінгі төл мерекемізбен еліміздегі барша ұстаздар қауымын және өзіңізді шын жүректен құттықтаймын!

Сіз жауапты жұмысқа келгелі біраз игі істер атқарылып жатыр. Оны ел-жұрт көріп, біліп отыр. Қызметіңізге табыс тілейміз. 

Сіз оқытушылардың ғұмыр жасының ұзақ болуын қалайсыз ба? Әрине қалайсыз, себебі бас мұғалімсіз. Бірақ, менің айтпағым адамдардың биологиялық ғұмыры емес, еңбегінің өміршеңдігі.

Кім қанша ғұмыр сүреді, ол Жаратқанға ғана аян. Жұмыр басты пендеге оны білгеннен, білмегенінің өзі хайырлы. Әр адам бұл ғаламға текке келмейді. Атқаратын міндеті мен орындайтын жұмысы болған соң келеді. Мұны Абай дана: 

Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар, қалан,
деп қорытқан. Оқытушылық та солай, біраз жұрттың еншісіне жазылған несібе. Қараңғы түнекке сәуле шашар адам керек. Махаббатпен жаратқан адамзатын Жаратқанның қапаста ұстамасы әу бастан белгілі дүние емес пе? Адамзат ана құрсағындағы “қараңғылықтан” шығып, жарық, бірақ білімсіз болса, одан бетер “меңіреу” дүниеге тап болғанда олардың көкірек көздерін ашып, санасына сәуле төгер, К.Д. Ушинский айтқандай: "Күннің құдіретті сәулесі сияқты зор тұлғалы" оқытушылар мейірін төгуге дайын тұрады. Жер бетінде адам баласы үшін ұлы мұратты мақсат етіп, орындайтын одан өзге ешбір маман жоқ. 

Сол ұлағатты жандардың еңбегінің арқасында азаматтардың көкіректері хикметтерге толып, әр салада адам баласының игілігіне қажетті барлық жетістіктер мен құндылықтар өмірге келеді. Олар Ғажайып дүниелердеген бір-ақ ауыз сөзге сыйып ғасырдан-ғасырға құнын жоймай кете береді. Ал олардың басында  ақ ергежейлі жұлдыздардай қалқайып ұстаздары да ғасырлап жасай береді...

"Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау" деп  Жан-Жак Руссо айтқандай, өздері алаулап жанатын әрі сол жарық, жылуымен әлемді де ізгілік пен жақсылықтың, молшылық пен бейбітшіліктің шуағына бөлейтін жұмыр жердің жұпыны ғана пенделері міне осы ұстаздар. Әңгіме сол оларды қалай тамылжытып, маздатып жандыра білуде жатыр. Ол маздап жанса, ұзақ әрі шүлен сәуле төгеді. Ал бықсып жатса, одан қолқаны қабар түтін ғана шығады. В.А.Сухомлинский: "Важнейшее условие духовного роста педагога - это прежде всего время - свободное время учителя" деп текке айтпаса керек. 

Құрметті Асхат Қанатұлы, мен 30 жылдық педагогикалық өтілі бар, әлемнің біраз елін шарлаған ұстаз ретінде түйгенім:

Ғылым мен білім формашылдықтың шегесін қадап қағатын қатаң, қасаң әкімшілдік-әміршілдік тәртіппен; Төмен жалақыға жармасқан жоғары талаппен дамымайды. Ол: 

- Тәуелсіз, еркін оймен; 

- Ұяты әрі жауапкершілігі бар махаббатпен; 

- Ұтымды әрі жүйелі басқарумен; 

- Жеткілікті жасалған техникалық-метериалдық базамен дамиды.

Сондықтан оқытушыларда, ғылыммен айналысарға артық уақыт керек;  Идеясын іске асыруға ой еркіндігі керек; Отбасының әл-ауқатынан алаңдамайтын жоғары жалақысы керек; Білім ордаларының оқыту жағдайы толық-сайлануы керек. Міне осы "керектердің" астарында жоғарыда айтылған  “Ғажайып дүниелерді” жасайтын тағдырлар жатады. 

Әлемде “Ғажайып дүниелер” көп жасалған елдер қуатты мемлекеттерге айналды. Олардың халқының бақытты шақтары да ұзақ. Оқытушылары да сан ғасырлап жасап келеді, жасай береді.... Ал керісінше болса, ондай елдің оқытушыларының ғұмыры нағыз “қамшы сабындай” ғана, педагогикалық жұмыс өтілінен арыға бармайды. Еліміз бай-қуатты болсын десеңіз, ұстаздарымыздың “ғұмырының” ғасырларға жетуіне қолыңыздан келгенше жалғасты жағдай жасай беріңіз. 

Ұстаз ғұмыры - өмірімен емес, еңбегімен өлшенер күнге жетейік. 

Қастер Сарқытқан,  

Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы 

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6069