Алғашқы праймериз қалай өтті?
Өкінішке орай дәл қазіргі уақытта ТМД елдерінде тұрақсыздықтың жаңа бір кезеңіне аяқ басып отыр. Белоруссияда президент сайлауына көңілі толмағандардың наразылығы толастамай тұр. Әзербайжан мен Армения арасындағы Карабаққа байланысты ескі дау ушығып тікелей соғыс қимылдарына ұласты. Күтпеген жерден көршілес Қырғызстандағы парламент сайлауының соңы үшінші революциямен аяқталуы әбден мүмкін. Осындай жағдайда тұрақтылық аймағына айналып отырған Қазақстанға осы елдердегі болып жатқан саяси оқиғалар мүлдем әсер етпейді деп айтуға болмас.
Кез келген сайлау саяси сананы, саяси әрекеттердің белсенділігін оятатын фактор. Дегенмен келер жылы өтуге тиіс мәжіліс сайлауы мен жергілікті сайлаулар халықтың көңілінен шығу үшін оған ең қажеттісі әділ өтуі. Еліміздегі жұмыс істеп тұрған 6 партия белгілі бір деңгейде қимылдай бастады. Парламентте осы партия өкілдерінің үні жарқынырақ шыға бастады. Кейбір депуттатар таза популистік үндеулер жариялауға дейін баруда. Атың шықпаса жер өрте деген...
«Бірлік» партиясы «Ауыл» партиясына бірікпек ниетте қолқа салғандай еді. «Ауыл» бұл партияға: «белсенділіктеріңіз төмен» деп қабылдамады. «Ақжолдықтар» мен осы партиялардың ішінде әрине, ертерек қамданғаны «НұрОтандықтар». Партия төрағасы былтырдың өзінде қайта жаңару стратегиясын жариялаған болатын. Сол жаңарудың ең бір маңызды қадамдарының бірі партия ұсынатын тізім қатарын жаңалауға деген ниетпен өткізген праймериз.
Еліміздің саяси тәжірибесінде алғаш рет өткізілген праймериздің қорытындылары шығып қоғамда қызу талқылануда. Біткен іске сыншы көп дегендей, оны құптайтын және сын айтатындар да жеткілікті. Бірақ партиялар тізімін іріктеудің объективті жолын әлемде әзірше ойлап тапқан жоқ.
Кеше өткен баспасөз мәслихатында партия хатшысы Арман Қырықбаев, партиялық бақылау комитетінің жетекшісі Павел Казанцев, партия жақтастары лигасының жетекшісі Ерлан Саиров праймериздің қорытындалырымен таныстырды. Партияның негізгі қызметтернің бірі азаматтарды саясатқа тарту. Праймеризге 10 990 үміткер қатысқан. Бұл үміткерлердің 70%-ы өзін-өзі ұсынғандар. 30%-бастауыш партия ұйымдары ұсынған.
Үміткерлердің ішінде белгілі қоғам белсенділері, аймақтың бетке ұстарлары, қазіргі депутаттар, тіпті, белгілі спортшылар мен өнер жұлдыздарын да байқауымызға болады. Қатысқан үміткерлердің 36,7% – әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар.
Партиялық тізімді анықтаудың бұрынғы дәстүрлі жоғарыдан партия басшылығы айқындайтын жолы мен бәсекелестікке негізделген праймериздің арасында таңдайтын болсақ әрине соңғысы көп жақсы. Дегенмен де, алғашқы праймериз болғандықтан жетілдіруге тиіс жерлер де кездеседі. Ол алдымен техникалық мүмкіндіктерді барынша арттыру. Праймериз өткізу жөніндегі Орталық ұйымдастыру комитетінің ақпаратына сәйкес, төрт күнге созылған дауыс беруге 662 687 адам қатысқан. Бұл – ақпараттық жүйеде тіркелген партия мүшелерінің 84%-ы. Сайлаушылардың басым бөлігі, яғни 581 104 адам онлайн дауыс берді. 81 583 партиялық дәстүрлі әдісті пайдаланып, сайлау учаскелеріне келді.
Партия мүшелері дауыс беруде белсенді болған аймақтар қатарына Алматы мен Атырау облыстарын (94%), Түркістан облысын (93%) жатқызуға болады. Нұр-Сұлтан қаласында сайлаушылардың 65%-ы, Қарағанды облысында 66%-ы, Алматы қаласы 73%-ы қатысқан.
Праймеризде үміткерлер арасында бәсекелес күрестің барлық атрибуттары орын алды: үгіт-насихат шаралары мен жария пікірталастар өткізіді. Партиялық бақылау комитеті әжептеуір жұмыс жасап, тәртіп бұзушылықтарға жедел назар аударып, тиісті шаралар қабылдады. Атап айтқанда, 30-дан астам арыз бен өтініш қаралған. Праймериз өткізу ережесін бұзғаны үшін партияның 20 мүшесі жауапкершілікке тартылды, дауыстарды бұрмалау фактілері үшін 7 кандидат, праймериз өткізу ережесін сақтамағаны үшін 27 үміткер тіркеуден шығарылған.
Кез келген жарыс болғандықтан көп дауыс алғандар мен азырақ дауыс алғандар да болды. Барлық үміткерлердің әсіресе, әлеуметтік желіде барынша танымал медиа тұлғалардың жинаған дауыстары өз көңілдерінен шықпай жатқанын да байқадық. Бұны бірнеше жағынан түсіндіруге болады.
Біріншіден, медиа салада танымал болу барлық партия мүшелері арасында беделді болу дегенді білдірмейді. Бұл үміткерлер нақты өз аймағындағы сайлаушыларға емес көбінесе жалпы өз аудиториясы арасында жұмыс істеді. Ал ол аудиторияның көпшілігі қанша дауыс бергісі келсе де ол аймақта болмағандықтан дауыс бере алмайтыны белгілі.
Екіншіден, дауыс жинаудың алдында келе жатқан сол аймақтағы шынымен танымал беделді азаматтар немесе ірі кәсіпорын және мекеме басшылары. Бастауыш партия ұйымдары негізін сол кәсіпорынға қатысы бар сайлаушылар құрайтындықтан басымдылық кімде болатыны белгілі.
Үшіншіден, праймериз нәтижесі қоғамдық саяси мәдениетке тікелей байланысты. Сайлаушылардың біраз бөлігі әлі де үміткердің сайлауалды бағдарламасына емес басқа факторларға ден қоятыны белгілі. Оған өз жерлестеріне «бүйрек бұру», кәсіпорын жетекшісіне дауыс беруге «міндетті сезіну» және тағы да көптеген жайттар әсер етеді. Өткеннен қалған «бағынышты саяси мәдениет» синдромы көп жағдайда сайлаушының таңдауын анықтаса керек.
Кез келген сайлауда нақты ұстанымы бар, не үшін және кім үшін сайысқа түсетінін айқындаған, барынша лайықты үміткерлермен қатар, кездейсоқ үміткерлердің де бар екені жасырын емес. Біз олардың үгіт-насихат жұмыстарынан, жария дебаттардағы «әуесқой» бағдарламарынан байқадық. Біреулер үшін праймериз өз алдындағы, көпшілік алдындағы өз бағасын көтеру құралы болғанын да көрдік.
Дегенмен де сауатты бағдарлама ұсынып, оны таныстыру үшін жан-жақты сайлауалды науқанын ұйымдастырып, бірақ та, әртүрлі себептермен азырақ дауыс жинаған үміткерлердің сағы сынбау керек деп ойлаймын. Олардың көпшілігі сайлау шараларына алғаш рет қатысқан жастар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Олардың праймеризге қатысуы үлкен батылдық. Үйде жатып сын айтқаннан гөрі, бағдарлама ұсынып сайысқа түсу азаматтықты білдіреді.
Партия өзі уәде бергендей бұл тізімдегі қабілетті азаматтарды шеттетпейтін болар деп сенеміз. Партия қолындағы зор мүмкіндіктерін пайдаланып осы азаматтардың қабілетін қоғам игілігі үшін тиімді қолданады деп үміттенеміз.
Праймериз сайысқа түскен үміткерлерге де дауыс берген сайлаушыларға біраз тәжірибе болатыны сөзсіз. Үміткерлер бұл алғашқы партияішілік сайыста элетораттпен праймериз жағдайында нақты қалай жұмыс істеудің бағдарын айқындады. Қанша дегенмен де көбірек дауыс алған азаматтар өз аймағында беделді және іскер азаматтар деп сенеміз.
Партия өз жұмысында аймақтық көшбасшыларын қалыптастыруға жұмыс істеп жатқанын көруімізге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар партияның «Мықты лидерлер – мықты партия» ұстанымына сәйкес келеді. Аймақтағы депуттаттар құрамы жергілікті әкімшілік ресурстармен емес, кландармен, трайбализм мен коррупция жолымен емес, азаматтық қоғам арқылы қалыптасуы қажет. Әр аудан және ауыл өз мәселесін өзі, сенім артқан азаматтары арқылы шеше білу қажет. Бізге танымайтын депутаттар емес, іскер депутаттар керек.
Басында біздің жағдайға алыстау болып көрінген праймериздің одан әрі басқа партиялардың қолдануы арқасында біздің саяси тәжірибеге мықтап енетін дәстүр болады деп ойлаймын. Партиялықтардың толық көңілінен шығатын нәтижеге қол жеткізу үшін бірәз праймеризді басымыздан өткеру керек шығар. Праймериз сауатты бағдарламалардың, алдыңғы қатарлы интелектінің, сенім мен беделдің жарысына айналуына міндетті түрде келеміз.
Праймеридің алғашқы кезеңі аяқталды, аймақтардағы рейтингтер есептеліп, көшбасшылар анықталды. Енді партиялық іріктеудің келесі кезеңі аймақтық және жалпы партиялық съез өткізіліп, партиялық тізім жасақталуға тиіс. Аудандық деңгейдегі мәслихаттарға ұсынылатын партиялық тізім осы праймериздің алғашқы кезеңі нәтижесіне сәйкес анықталатын болса, облыстық, республикалық маңызы бар қала мәслихаттарына және мәжіліс сайлауына ұсынылатын партиялық тізім осы екінші кезеңде анықталатын болады.
«НұрОтан» партиясы жариялаған қайта жаңарудың қалай өтіп жатқанын бақылайтын болсақ, біріншіден, осы жыл ішінде партия қатарында «пассив» болған 200 мыңнан астам адам партиялық билеттен айырылды. Екіншіден праймериз партия үшін үлкен тәжірибе алаңы болды деп ойлаймын. Партия аймақтарда жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін игеріп жатыр. Яғни, праймериз партияластарды бір-бірімен тығыз байланыстыратын, бірлігін бекемдейтін дәнекерлік қызмет атқарды. Праймериз барысында халықтың назарына ұсынылған 216 сайлауалды бағдарламаның жобасы ой елегінен өткізіліп, 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Тыңнан ой қосылып, аталған жобалар іске асса партияның күші одан сайын артады. Праймериз ең алдымен еліміз үшін де пайдалы іс болды. Онлайн дауыс берудің үлкен тәжірибесі жинақталды. Бұл тәжірибе келесі сайлау барысында қолданылуы әбден мүмкін. Партияның цифрлық жұмыс істеу тәсілі дамып жатыр. Сонымен бірге партия қоғамдағы саяси пікірталасты дамытуға да септігін тигізуде. Болашақ депуттаттарға қоғамдық жария пікірталас болашақтағы қызметі үшін өте қажет. Халықтың мүддесін қорғауда бізге ойы ашық, батыл және іскер депуттар қажет. Өкілді органдардағы «үндемейтін» депутаттар күні бітуге жақын. Жаңа сынақтар уақыты, соның ішінде пандемия, әлемдік экономикалық дағдарыс және қоғамдық наразылықтардың күшеюі партиядан өте шешуші қадамдарды талап етеді. Қоғамның қажеттілігі осы.
Елдос Жұмағұлов , саясаттанушы
Abai.kz