Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ. Қазақ тарихы һәм электронды технология
«Мәдени мұра» бағдарламасы мемлекеттiк тiлдегi гуманитарлық бiлiмнiң толыққанды қорын қалыптастыруға негiз болмақ. Сол арқылы қазақстандық iргелi ғылымның iрi жетiстiктерi ХХI ғасыр оқулықтарына енгiзiлiп, келешек ұрпақтың сана-сезiмiн қалыптастыруда әлеуметтiк-тарихи рөл атқарады. Әрi жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарының, мамандардың тiзе қосып жұмыс iстеуiне және iлкiмдi студенттер мен iзденушi жастардың осы iске тартылуына жол ашады.
Бүгiнде ежелгi және ортағасырлық дәуiрдiң бiрегей артефактiлерiне, яғни көне қолжазбалар мен жәдiгерлiктерге қол жеткiзiлiп, зерттеле бастады. Қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғалардың сырын ашатын, бұрын-соңды кеңестiк ғылым әлемiне бейтаныс болып келген жазба дереккөздерi шетел мұрағаттары мен қорларынан алынып, ғылыми айналымға енгiзiлуде. Франция, Германия, Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан мен Ұлыбританияның және өзге де елдердiң кiтап қорлары, мұрағаттары, кiтапханалары және ғылыми орталықтарынан алынған қазақ халқының тарихы, философиясы, құқығы, мәдениетi, әдебиетi, өнерi, халық ауыз әдебиетi мұраларынан түзiлген, қорытылған энциклопедиялық еңбектер мен көп томдық академиялық еңбектердiң бiрқатары «Мәдени мұра» аясында жарық көрiп жатыр.
Мәселен, «Қазақстан» баспасы қазақ тiлiндегi «Әлеуметтану» және «Саясаттану» атты 20 томдық еңбекте әлемдiк жауһарлардың әрбiр сөзi мен сөйлемi мұқият таразыланады. Баспа мамандары жоғары мектепке және жалпы көпшiлiкке арналған әлеуметтану және саясаттану саласына қатысты оқулықтар мен оқу құралдарына аса мұқият ден қойған. Себебi көне мұрағаттағы салалас, сабақтас және аралас құрмалас сөйлемдермен әдiптелген күрделi тiркестердi кез келген аудармашы тәржiмалай алмайды. Мұның үстiне, осыдан бiрнеше ғасыр бұрын жазылып, 100-150 жыл бұрын орыс тiлiне аударылған мәтiндi орыстың өзi әзер түсiнедi. Огюст Конт шығармаларының орысша аудармасын түсiну – орыстардың өзiне үлкен күш. Баспагерлердiң мақсаты – соларды мағынадан жаңсақ кетпей, қазақша жатық жеткiзу. Бұл – аса жауапты мiндет.
Қазақ тiлiнде «Әлемдiк тарихи ойдың» 10 томдық сериясы құрастырылды. Кезiнде Ұлттық кiтапханаға «Ежелгi қытай дереккөздерiндегi қазақтар туралы материалдардың» 2 томы, Ресей мемлекеттiк кiтапханасынан, Еуропа елдерiндегi кiтапханалардан сирек кiтаптардың көшiрмелерi, 478 атауды қамтыған бiрегей «Қазақ кiтабының библиографиясы» жеткiзiлдi.
«Мәдени мұра» елiмiздiң тарихи-дерекнамалық базасын кеңейтiп, толықтыруға мүмкiндiк берiп отыр. Оның елiмiздiң iшкi-сыртқы ахуалын, ал ең бастысы, Қазақстанның мемлекеттiлiгiн жандандырып, нығайтуда маңызы зор. Қазақ жерiнiң этносаяси тарихын зерттеуде Батыс және Еуропа елдерiмен қатар, көне және ортағасырлық қытай, түрiк, моңғол, иран, араб жазба ескерткiштерi құнды дереккөз болып табылады. Жаһандану құбылысы бел алып тұрған бүгiнгi таңда жас ұрпаққа тарихи процестi ақиқат таныту үшiн көнеден бүгiнге дейiнгi тарихи-мәдени байланыстарды қарастырудың мәнi зор. Бiр ғана мысал, қазақ-қытай, қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-ойрат дипломатиялық қарым-қатынастары жайлы; Бейжiңге келген қазақ ханының елшiлерi, және оларға Грамота тапсыру туралы; қазақ-қытай сауда-саттық және шекаралық мәселелер хақындағы құжаттар, қазақ дәстүрлерi, тұрмыс-салты мен шекарадағы азаматтық және қылмыстық iстер жөнiндегi дипломатиялық қарым-қатынас құжаттарының табылуының өзi неге тұрады?!
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасының аясында 300-ден астам шағатай, қытай тiлдерiнде және үш мыңнан астам мәнжүр, ойрат тiлiнде аса маңызды мұрағаттық құжаттарды, оның iшiнде көршi мемлекеттердiң билеушiлерiне қазақ хандары мен сұлтандарының, Абылай ханның, Әбiлмәмбет ханның, Әбiлпайыз, Сәнияз төре, Ханқожа, Әдiл сұлтан, Уәли сұлтан, Көгедей гүн және басқа қайраткерлер жолдаған 115-тен астам ресми хаттарды тапқан.
Бiр ғана Абылай ханның өз атынан жазылған, мазмұны бүгiнгi ғалымдардың назарын аударып отырған, жазу мәнерi сенiмдi бiрқатар хаттарды қытай мұрағатшыларының әлi күнге дейiн сақтап отырғандығын көлденең тартуға болар. Егер кейбiреулер айтып жүргендей, қазақ халқының «тарихы жоқ» болса, сонау 1758 жылы әрбiр бетi 43 жолдан тұратын, мәнжүр тiлiнде жазылған 5 парақтық бүктемелi 10 қағазда қазақтың саны, олардың көшiп-қонған аумағы, орта жүздiң батырлары мен билерi туралы деректер неге ден қойып тiзбеленген? Сондай-ақ швейцар саяхатшысы Анри Мозердiң қорын сақтап отырған Берн тарихи мұражайында Қазақстан тарихына қатысты аса құнды дерек табылды. Онда 1888 жылы А.Мозердiң Орталық Азияға сапары кезiнде қазақтардың ұзын-саны тек Қазақстанның батыс өңiрiнде 1 миллионға жуық екендiгi жайында және қазақ ауылдарынан көрген сый-сияпаты мен тарту-таралғылары сөз етiледi.
Өткен мен бүгiнгi күндi және болашақты селбестiрiп, жалғап тұратын тарих ғылымы өткендi таразылауда жаза басса, бүгiнгi тарихи-саяси және қоғамдық құбылысқа жаңсақ баға берiлуi мүмкiн. Ал ең қиыны, осындай ауытқушылықтың кесiрi ұлт пен мемлекеттiң болашағын, оның даму бағытын бұра тартып, әлемдiк тарихтағы лайықты үлесiне залал келтiредi. Сондықтан дүние жүзiнiң әр түкпiрiнен табылған мол мұраны жүйелеп, ғылыми айналымға енгiзу үшiн тарих ғылымының мәнiн көтерудi жалғастыра беру керек.
Сондай-ақ мәдениеттанушылық бағыттағы пәндердi зерттеу әдiстемесiн жетiлдiру жайы да өзектi. Мамандар барлық жоғары оқу орындары мен мектептердегi мәдениеттану бағдарламасының өз алдына дербес жүргiзiлуi керектiгiн алға тартып, студенттерге қосымша пән ретiнде қосалқы оқытылуына қарсы. Ал тiкелей мәдениеттану саласында бiлiм алатын студенттерге арнап, кәсiптiк бағдар мен болашақ мамандық иесi ретiнде олардың мәдениет саласындағы процестердi мемлекет басқару iсiне тиiмдi және сәттi пайдаланып, мәдени саясатты қалыптастыруға баулу қажеттiгi байқала бастады. Келешек мәдениеттанушыларды ғылыми-зерттеу жұмысы мен бiлiм саласы, мұражай қызметi, ұлтаралық және этносаралық қатынастар, халықаралық мәдени байланыс, туризм және мемлекеттiк құрылым салалары күтiп отыр. Оның қажеттiлiгi әкiмшiлiк-саяси орталықтан мәдени-рухани ордаға айнала бастаған Астана қаласында айқын сезiлiп отыр.
«Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру мәселесi тудырған және бiр мәселе – халықтың тарихи зердесiн қамтитын ежелгi жазбаларды әлi де iздеудi жалғастырып, қолға түскендерiне ғылыми тұрғыдан сипаттама беру, жүйелеу мен сақтау – ғалымдар мен мемлекеттiң алдында тұрған ең көкейкестi мәселе. Осы орайда Кiтаптар мен көне қолжазбаларды қалпына келтiру орталығын құру қажет. Сонымен қатар қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы инновациялық технологияларды қолдануды зерделеу күн тәртiбiне шығарылды. Мәдени мұраны келешекте жеткiзiп, сақтауда тек қана гуманитарлық ғалымдардың еңбегi жеткiлiксiз. Ақиқатында, нақты және жаратылыстану ғылымы әлемiндегi соны жаңалықтарды гуманитарлық салада қолданып, тиiсiнше тұтынбаса, оның өмiршеңдiгi мен қоғамға пайдасы аз болар едi. Мәселен, мәдени мұраға кешендi зерттеу жұмыстарын жүргiзетiн Батыс университеттерi мен мемлекеттiк емес компанияларда компьютермен жарақтандырылған арнайы орталықтар жұмыс iстейдi. Олар мұрағаттар мен жәдiгерлiктердi, көне жазбалар мен ескерткiштердi дәлме-дәл әрi терең зерттеуде аса зор қызмет етедi. Ендеше, бұл тәсiл «Мәдени мұра» бағдарламасын сәттi әрi кешендi және өркениеттi негiзде жүргiзу үшiн бiзге ауадай қажет. Отандық ғылымға жаңадан ғана енiп жатқан электронды тахеометрлер (лазерлiк теодолиттер) құрылғысынсыз Батыста сапалы құжатнаманы жинақтау процесiн түсiну мүмкiн емес. Демек мемлекеттiк бұл iске ғарыштық байланыс пен әр түрлi үлгiдегi және модификациялы электронды тахеометр, сандық бейнекамера, сондай-ақ, дүниежүзiнде кеңiнен қолданылып отырған жаһандық позицияландыру жүйесiнiң (GPS) қабылдағыштары сияқты арнайы құрал-жабдықтар аса қажет.
Мамандар «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда тарихи-мұрагерлiк, яғни, Қазақстанның мәдени байлығын мұраға қалдыру сияқты маңызды ғылыми мәселенiң iргелi теориялық және әдiснамалық iзденiсi жетiспей жатқандығын сөз ете бастады. Түркi халықтарының тарихын жазу назардан тыс қалып барады. Терминологиялық тоқтам туралы мәселе де көкейде тұр.
Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ
«Астана ақшамы» газеті