Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақ Республикасы 6238 10 пікір 20 Қараша, 2020 сағат 16:57

Қазақты – қазақ деп атауымыз керек!

Бүгін Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлау алдындағы XVI құрылтайы өтті. Онда партияның сайлауалды бағдарламасы мен Мәжіліс депутаттығына ұсынылатын азаматтардың тізімі бекітілді.

Жиын барысында партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанға «Қазақ Республикасы» атауын қайтаруды қайта ұсынды.

«Биыл Алаш автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ Республикасына 100 жыл толды. Алдымен қателесіп Қырғыз автономиялық республикасы деп аталып, бес жылдан кейін Сұлтанбек Қожанұлы, Сәкен Сейфуллин, Жалау Мыңбайұлы және басқа да тұлғалардың арқасында республикамызға ұлтымыздың төл атауы қайтарылды.

Былтыр «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметке бұл тарихи датаны ресми түрде атап өтуді және Қазақстан атымен қатар тоталитарлық Кеңес билігінің өзі мойындаған Қазақ Республикасы атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Ш. Уәлиханов атындағы тарих институты қолдады. Бірақ біздің шенеуніктер үнсіз қалды. Сонда да біз тарихи бірлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз», - депті Азат Перуашев.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев бағдарламадағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы екенін баса айтты.

«Соңғы кездегі бірқатар оқиға тізбегі былтыр ҚР Тұңғыш Президентінің мемлекет билігін өркениетті түрде жаңа басшыға тапсыруы дер кезінде болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік жүйесі ел тәуелсіздігінің бастауында, мемлекеттік институттардың қалыптасуында, түбегейлі нарықтық және қоғамдық реформаларды жүргізуде және басқа елдермен қарым-қатынас орнатуда тарихи миссиясын орындады. Келесі кезеңде Қазақстан қалыптасқан мемлекет ретінде аяқ басты. Ал ендігі мәселелерді шешу үшін жаңа тәсілдер керек. Мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласып, оны бақылауы керек. Елімізге әлеуметтік-экононмикалық салада, саяси жүйеге де түбегейлі өзгерістер қажет.

Аталған өзгерістерді тым соза берудің қауіптілігі сонда, бұл Украина, Беларусь пен Қырғыз еліндей мемлекеттік дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін. Ал Тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қару емес, өз мемлекетін сыйлайтын, бағалайтын азаматтық қоғам болуы керек. Сондықтан, қазіргі билік моделіне бір ғана балама бар. Ол – терең әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асыру қажет. «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа және әділ Қазақстанға апаратын өзгерістер бағдарламасын ұсынады. Сол бағдарламадағы басты басымдығымыз – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы.

Еліміздің Тәуелсіздігі мен ұлттық мүдделер – мемлекеттің негізгі басымдықтары. ХХ ғасырдағы «Алаш» ұлттық автономиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім» деді. Ал ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік үшін құрбандыққа аянатын ештеңе жоқ» деді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау – өзін республика азаматы санайтын кез келген адамның парызы. Тәуелсіздік – біздің еліміз, жеріміз, тіліміз бен діліміз. Тәуелсіздік – біздің өз жолымызды таңдау мүмкіндігіміз, келешек ұрпақтың болашағы үшін біздің жауапкершілігіміз», - дейді А. Перуашев.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс депутаты Азат Тұрлыбекұлының Қазақ Республикасы атауын қайтару туралы ұсынысты былтыр қаңтарда ұсынған.

Онда:

«1920 жылы тамыз айында Москвада СовНарКом шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты.

Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты. Нәтижесінде, сол жылы Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925-ші жылдан бастап оған халқымыздың төл «Қазақ» деген атауы берілді.

Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы үшін – Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - делінген.

Сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолданған депутаттық сауалда:

«Мұндай бастаманы 5 жыл бұрын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған болатын. Біздің ойымызша Елбасымыздың ұстанымын іске асыратын кез келді.

Қараны – қара, ақты – ақ, қазақты – қазақ деп атауымыз керек.

Тіпті тоталитарлық совет өкіметі мойындаған Қазақ атын Республикамызға қайтару – тек тарихи әділетті құрметтеу ғана емес, сонымен қатар, барша көпұлтты отандастарымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдіміз», - деп жазылған.

Ал былтырғы жылдың ақпанында сол кездегі Сенат Төрағасы, қазіргі Қазақстан президенті Қасым-Жомрт Тоқаев бұл ұсынысқа қарсы шыққан.

«Мемлекет атауы Қазақстан Республикасы болып қалуы тиіс. Қыруар халықаралық келісімдерді біздің президентіміз Қазақстан Республикасы атынан бақылады. Бізде мемлекет атауын өзгертуден басқа да мәселе жетерлік», - деп мәлімдеген Тоқаев.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371