Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Тарих 19091 68 пікір 28 Желтоқсан, 2020 сағат 12:01

Бұл біздің бұрмаланбаған тарих!

Сан ғасырлар бойы есімі тарихтан өшпей келе жатқан бір есім бар. Ол – Шыңғыз хан. Оның өмірі, тарих жолы, өмірі мен өлімі туралы қаншама кітаптар жазылды десеңізші.

Тарихтың ізін кесуші адамдар көп. Өйткені тарихи таным жыл сайын өсіп келеді.

Жақында қолымызға «Шыңғыз  хан» деген көлемді кітап тиді. Ғылыми-танымдық, жастарға арналған.

Қос авторды таныстра кетейін. Бірі -  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы. Саясат ғылымдарының докторы, Мемлекет және Қоғам  қайраткері Ержан Бекбауұлы Исақұлов та,  екіншісі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті түркітану ғылыми-зерттеу институтының аға-ғылыми қызметкері, араб, фарсы, шағатай тілдерінің маманы, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің мүшесі – Зәріпбай Жұманұлы Оразбай мырза.

Ұлттық жаңғыру кезеңінде жазылып, оқырманға жол тартқан «Шыңғыз хан» кітабын әрі қызыға, әрі не жаңалығы бар екен? – деп қарағанымды жасыра алмаймын.

Кітаптың әуелі мазмұнын қарап шықтым. Формасы, архитектоникасы бөлек екен.

Өйткені кітап тіні Рашид  ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат – тауарих» (Тарихтар жинағы) мен Шараф ад-Дин  Йаздидің «Зафар нама» (Әлемді жеңіп алушының тарихы) атты кітаптарына түсіндірме тұрғысында жазылыпты. Бұл көне замандардан келе жатқан форма. Кітап туралы – кітап.

«Шыңғыз хан» кітабы да «Жамиғ ат-тауарих» кітабындағы түркі тарихы және Шыңғыз ханның шығу тарихы, ортасы туралы біз біле бермейтін құнды деректер мен мағлұматтарға  сүйенген зерттеу екен.

Авторлар «Жамиғ ат-тауарихтың» тікелей қазақ халқының тарихымен тереңнен аттасып жатқанын зерттеп, сараптама жасайды.

Формалық жағынан ғылыми шешім тапқан. Мәселен, аталмыш кітаптан мысал алынып, оған  жан-жақты түсіндірме беріледі.

Айта кетелік, осыдан 700 жыл бұрын жазылған тарих кітабы қазақша бірде бір рет басылым көрмеген екен. Тек 2018-2019 жылдары ғана Халықаралық Түркі академиясының ғылыми жобасы ретінде  Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарихы» мен Шараф ад-Дин Али Йаздидің «Зафар намасы» тұңғыш ретінде қазақ тілінде   жарық көріпті.

«Шыңғыз хан» кітабы 124 тармақшадан тұрады. Қорытындының өзі 187 бетті құрайды. Оған жүздеген сілтемелер мен ондаған географиялық карталарды қосыңыз. Осыдан-ақ кітаптың ғылыми ақпаратының мықты екенін көруге болады.

Сөзімізді «Жамиғ ат-Тауарих» атты  кітаптың жазылу баянынан бастайық.

Рашид ат-Дин Хамани түркі деген елдің ең әуелі  тұрақ мекенін анықтаудан бастайды. Және оларды «Жейхун мен Сейхун» бастауынан Шығыс елдері  шекараларының шегіне дейін,  Дешті Қыпшақтан  Жұрша мен Қытай  уәлаяттарының шекараларына дейін еді...

... Көне жазбаларда олардың тіршілігі жайлы жеткілікті дереккөздер жоқ, ал кей кітапта олар туралы шамалы деректер ғана келтірілген...

Дегенмен, түркі мен мұғулдардың тайпалары мен руларының бәрі бір-біріне ұқсас және олардың тілдерінің  негізі (шығу тілі) де түгелдей  бір, тек мұғулдар түркілердің бір тобы ғана болып табылады...

... ғасырдан ғасырға олардың (мұғулдар мен түркілердің) шынайы тарихи болмысы анық түрде  мұғул тілінде және мұғул жазуымен жазылған».

Ұзақ мысалды осы жерден үзейік. Бүгінге дейін мұғул жазуын – көне ұйғыр жазуы деп келдік. Және солай деп жазып жүрміз. Бұған  Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай келіспейді. Олар өз пікірлерін Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих – и Рашиди» кітабынан мысал алып, дәлел ұсынады. Осыған назар аударалық; «Тоғылық Темір осы нақты тоғыз артықшылықты дәлелдейтін жарлыққа  қол қойды. Мен сол  Тоғылық Темірханның жарлығын көрген едім...

...Жарлық көктем мезгілінде , доңыз жылы Құндызда моғол тілінде  әрі моғол жазуымен жазылған еді...»

Шынында, бұл назарға аларлық дерек қой деп ойлаймын. Авторлар Шағатай мен Үгетай бітікшілер, яғни хатшылар ұстағанын және олар тарихи оқиғаларды Шыңғыз ханнан бергі кезеңді жаздырып отырған деген пікір айтады.

Сондай бітікшілердің бірі – отырарлық ұйғыр, бітікші  Шыңқай деген кісі екен. Бұл дерек «Жамиғ ат-тауарихта» бар. Осыған сүйене отырып, авторлар «... қағанның жарлықтарын және мемлекеттің құпияларын тек мұғул тілінде жазып отырған», - деп қорытынды жасайды.

Авторлар кезінде «Жамиғ ат-тауарихтың» орысша аудармасында қателер мен бұрмалаулар  кеткенін жазады. Содан «мұғул» сөзі «моңғол» деп  қате аударылған деп есептейді және «Жамиғ ат-тауарихқа» жүгінеді. Дерекке назар аударалық. Тарихшы былай деп жазады.

«Қазіргі кезде (іштей көп тармаққа бөлініп) «мұғул» деген әйгілі атпен белгілі  қауымдар,  мысалы; жалайыр, татар, ойрат, меркіт пен басқа  мұғулдарға ұқсаған (тек) әрқайсысы өзінің мемлекетін иелеген кейбір халықтар: керейт,  найман және үңгіт сияқты  тайпалар, соларға ұқсас (басқа да тайпалар): байырғы замандардан қазіргі уақытқа дейін қоңырат, қоралас ,икирас, елжіген, ұраңқай, келеңгіт деген атпен белгілі және (осыларға ұқсас) басқа да тайпалар мұғул – дүрліккен деп аталады».

Кез-келген ғылыми пікір деректер  нақтылау арқылы көрсетіледі. Осыған орай, Е.Исақұлов пен З.Оразбай  «Жамиғ ат-Тауарихтың» Л.А.Хетагуров аудармасындағы орысша нұсқа мен қазақша аударманы қатар қойып, ондағы деректерді салыстырады.

Хетагуров аудармасында:

... по рекам и горам (областях) народа найман, как например Кок-Ирдыш (Синий Иртыш), Ирдыш, [гора] Каракорум,  горы Алтая, река Орган...

...Не есть ли здесь пропуск –Кара Ирдыш,т.е.Черный Иртыш,-река,берущая начало с Алтайских гор и выпадающая в оз.Зайсан?

...Орган- «повидимому, разумеется р. Орхон, правый приток «Селенги» деп жазады.

Енді Зәріпбай Оразбай мұны: 

«...найман қауымына  тиесілі Көк Ертіс пен Ертіс сияқты дариялар (олардың екі жағалауындағы) Қарақұрым (У.Қ.) аймағы мен (ол аймақ ұштасатын) Алтай таулары, Ұрған өзені» деп аударған.

Сонымен, орысшаға аударғандар  Қарақұрым дегенді қателесіп, Қарақорым деп және оны Ертістің шығысынан мың шақырым жерге апарып қойған. Ұрған өзенін Орхон деп көрсеткен – деп жазады авторлар.

Айтуларынша, орысша аудармада аударылмай тастап кеткен жерлер де бар екен. Мысалы, Хетагуров Ұрған деген сөзден кейін «Қырғыз бен Кем-Кемжүт уәлаяттары және жайлаулары мен қыстаулары  көп Мұғулстан» деген сөйлемді тастап кеткен.

Екі автор Бұрқан Қалдұн қазіргі Шығыс Қазақстан жеріндегі  Бұқтарма өзенінің солтүстігі мен оңтүстігін алып жатқан Тарбағатай (Бұрқан), Листвяга (Қалдұн) деп  жорамалдайды. Және түркілердің тарихын бұрмалау «Жамиғ ат-Тауарихтың» кіріспе бөлімін бұрмалаудан басталған деп есептейді.Оған нақты дәләлдер келтіреді.

Ғылым болған соң оның әрқайсысының дереккөздеріне қарап,  ой түю керек. Сондықтан да әртүрлі пікірден қашпай, терең бойлап, зерделеу қажет. Өйткені түркі, оның ішінде  қазақ тарихы бұрмаланған. Мұны қазір ғана біліп жүрміз ғой.

«Жамиғ ат-Тауарихтың» орысша аудармасында  Монголия  (Мугулистан) деп қосарланып аударылған. Кейінгі жарияланымда Мугулистан деген сөз  тек Монголия деп берілген. Аудармашы мен саясаттан кеткен қателік. Ұлы Мұғулстанды  моңғол деп атап, тарихи фальсификация жасалғаны өкінішті.

Авторлар, Шыңғыз хан құрған мемлекет астанасы Ертіс өзенінің бойындағы Қарақұрым жазығы деп біледі. Және оған қажетті деректерді келтіреді.

Орыс самодержавиесі 1761 жылы Таулы Алтайды орыс  империясының құрамына  кіргізеді. Ал 1918 жылғы наурызда Колчак басқарған Сібірдің Уақытша өкіметінің шешімімен таулы Алтай Бийск уезінің құрамынан шығарылып, Қарақорым-Алтай деген округе айналады,оның құрамында Қарақорым уезі құрылады. Бірақ,1920 жылдың қаңтарында Совет үкіметі орнап,Қарақорым уезін жояды,оның орнына қайтадан Таулы Алтай уезін құрады.

Қос автор «Жамиғ ат-Тауарихтың» түп-нұсқа мәтінінің бірде-бір жерінде «моңғол» деген сөз жоқ деп жазады. Және «моңғол» жасанды сөз, парсы  тілінен орысша аударғанда  кеткен қателік деп есептейді. Өйткені  түркі сөздерінің парсы әріптері арқылы жазылған транскрипциясын жасағанда  кейбір әріптерінің жазылуы мен оқылуы кезінде кеткен қателік екенін  лингвистикалық мәлімет дәлелдейді.

Мұғулдар –түріктер деген мәселеге ұзақ талдау жасауымыздың себебіне келейік. Ол әлемде аты  өшпеген Шыңғыз ханның кім және қай ұлтқа жақын екендігін анықтау үшін қажет болды. Сонымен, «Жамиғ ат-Тауарихтағы» Шыңғыз хан дәуірінде  «мұғул» аталып кеткен түркі тайпаларына баянына назар аударалық. 

Рашид ад-Дин «олардың (түркілердің) сырт келбеті мен тілі мұғулдардың сырт келбеті мен тіліне сай, өте ұқсас келеді, себебі сол кезеңдерде мұғулдар түркі тайпасына жататын қауым еді. Қазіргі кезде олардың (басына қойған) бақтың (патшалығының) құдіреттілігі мен ұлылығының себебінен (түркіге жататын) басқа ру – тайпалардың баршасы  (мұғул деген) арнаулы атаумен аталатын болды».

Тарихшы осылай біртекті түркі мұғулдарының тарихын баяндайды. Оны жалайырлардан  бастайды.

Рашид ад-Дин жалайырлардың Шыңғыз хан дәуірінен бұрынғы тарихта бар екенін нақтылап жазады. Сондай көне дәуірлердің бірінде жалайырлар мен қытайлар шайқасқа  түседі. Сөйтіп көп жалайыр шайқаста  мерт болып, біразы қашып құтылады.

Жаудан қашып бара жатқанда жалайырлар  Дутум Манинның әйелі Нумулунды өлтіріп кетсе керек. Содан олардың біразын жалайырлардың өздері қырып тастайды, біразы  Қайду ханға құл болып, құтылғаны Шыңғыз ханды паналайды. Бірте-бірте Шыңғыз ханның сеніміне кіріп, өздерінің   қадыр-қасиетімен  Шыңғыз хан сыйлайтын дәрежеге жетеді.

Рашид ад – Дин жазады: «...олардың байырғы жұрты  (Шыңғыз ханның ата жұрты болып табылатын) Қарақұрымда болған». Мұны жалайырлардан шыққаны Ақтан сопы Құтбтың  «Біздің тарихымыз» атты қолжазбасы растайды. Ол дерек бойынша жалайырлар  Іле өзенінің оң жағалауынан  Мұзтауға  (Алтай -У.Қ.) дейтін жерлерді мекендеген.

Тарихымызға оралайық. «Бұл жалайыр руы өз алдына саны көп халыққа айналған үлкен, он тармақтан, олардың әрбірі  көптеген қауымнан тұрады. Олар келесідей бөлініп, ретпен аталады: Жат, тоқырауыт, қөнсауыт, құмсауыт, нілқан, құрқын, төлеңгіт, бөрі, шаңғұт».

Айта кетелік,  Ақтан сопы Құтбтың  «Біздің тарихымыз» қолжазбасына жүгінсек, Шыңғыз хан Жетісуда  Құрылтай   жасап, барлық балалары мен туыстарына, әскеріне енші бөліп берген. Жалайырлар  да енші алып, бүгінгі күнде он екі ата болып отыр.

«Жамиғ ат-Тауарих» кітабында былай деп жазылған. «Шыңғыз хан дәуірінде жат тармағынан шыққан, барлық жалайыр руы ішінде өте атақты да абыройлы  Мұқалы Гойон болған. 

Шыңғыз хан әскерінің сол қанатының бәрі мойындайтын еді. Оның ұрпақтарын да «гойон» лақабымен атайды, мағынасы қытай тілінде «ұлы хан» (дегенді білдіреді). Шыңғыз хан оны әскерімен бірге Қараун жидун деп аталатын жерде қалдырып кеткен кезде қытайлықтар оған осы лақап атты берген. Оның ұлы Бұғыл Гойон   Үгетай қаған дәуірінде әкесінің орынбасары болған. Оған мұндай атауды Шыңғыз хан берген».

Рашид ад-Дин жалайырдан кейін сунит тайпасын атайды. Суниттен бөлініп шыққан қабтұран тайпасы. Бұл тайпадан көп әмірлер шығыпты. Солардың ішінде Шырмағұнды ерекше атайды.

Үгедей қаған Шырмағұнды ерлігі, батырлығы мен батылдығы үшін төрт түмен (қырық мың) әскер лашкер таммасы етіп бекітеді.

Тарихта осы рудан тарайтын көптеген әскербасшылардың, әмірлердің атын атайды.

Түркі тайпасынан кіретін тағы бір үлкен тармақ бар. Ол - татарлар.

Рашид ад-Дин татарлардың аттары «ежелгі дәуірлерден әйгілі болған» деп жазады.

Тарихшы дерегінше, олар Қытай  уәлаятына жақын шекаралас жерде тұрған. «Олардың тұрақтау орны (атажұрты) Бүйір Наур аталатын жер болатын.»

Рашид ад-Дин тарихшының жазуына қарағанда олар Қытай патшаларына  мойынсұнатын және оларға салық төлеп тұрған.

Татар, дүрбен,  салжұрт, тайпалары бірігіп одақ құрады. Кемер өзені мен Аңқұра  муран өзендері бойларын жайлаған. Аңқұра муран – Енисей болса керек-ті. Ал Кемер қазіргі  Абакан өзені сияқты. Тарихшы, «ол қала қырғыздар уаялатына жататын» деп жазған.

Жазбаға қарағанда татарлар күрдтер,  шулар, франктер сияқты бір-бірімен жанжалдасқан, қырық-пышақ болған көрінеді.Бірақ керек кезде тез бірігіп,жауларына қарсы тұрған.

Рашид ад-Дин «Шыңғыз ханның және оның әулетінің  (басына қонған) бақтың себебінен басқа жалайыр, татар, ойрат, оңғұт,  керейіт, найман, таңғұт сияқты басқа түркі руларының барлығы өздерінің (ежелден) белгілі  атаулары мен өзіндік лақаптары  бола тұра, атақ-абырой үшін өздерін «мұғул» деп атайды, - деп жазыпты.

Тарихи деректерге ерекше мән берілген кітапта  татарлардың кім екені туралы нақты тұжырым бар. Татарлар бір тайпаның аты емес екен. Сөзімізді дәлелді болу үщін  «Жамих ат-Тауарих» кітабына жүгінелік. Онда төмендегіше жазылған:

«... қазірге дейін Қытай, Үнді, Синд аймақтарында , Шын мен Машында қырғыз, қилар, башқұрт елінде  Дешт Қыпшақ пен солтүстік аймақтарда, араб қауымында   Шамда, Мысырда, шығыста барша түркі тайпаларын татарлар деп атайды».

Тарих кітабына қарағанда  «атақты да даңқты татар рулары  алтау екен. Таратып айтсақ,  тұтұғыл-татаралшы-татар, терат-татарбарқы-татар. Солардың ішіндегі ең құрметтісі, сыйлысы, белгілісі тұтұғыл руы екен.

Татарлар мен мұғулдар бірде тату, бірде бату жүрсе керек. Аяғы тіпті жаугершілікке ұласады.

Оған бір ғана мысалды айтсақ та жеткілікті.

Қабыл ханның қоңыраттан шыққан әйелі  Қуақу Лұқудың тұған ағасы Сайын тегін  ауырып қалады. Оны емдеуге мұғулдар  татарлардан Жарқыл деген  емшіні алдырады. Оны «Ками» деседі екен. Ол ауруды қамшымен емдейді. Бірақ, оған ем қонбай, Сайын тегін өледі.Бірақ оның аға-інілері  кейін Жарқыл емшіні өлтіріп кетеді. «Соның себебінен мұғулдар мен татарлар арасында жаугершілк пайда болды» деп жазыпты  тарихшы.

Қанға-қан, жанға-жан. Дала  заңы осы. Татарлар Қамбағай қағанды ұстап алып, оны Қытай патшасына жібереді.

Рашид ад-Дин мұны былай деп жазады. «Қытай патшасы Қамбағай қағанды темір шегемен ағаш есекке қағып тастауға бұйырады. Сонда Қамбағай қаған былай дейді: Мені сен емес, басқалар ұстады. Менімен мұндай жиіркенішті түрде (есеп) айырысуың ешбір мақтануға лайық емес. Төмен әрі бекзаттылықтан тыс (іс болып табылады). Барлығы менің туыстарым болып келетін мұғул тайпалары (мен үшін) сенен кек қайтаруға  тырысады, сол себептен саған да, сенің мемлекетіңе де қиындықтар келеді».

Бірақ Алтан хан Қамбағай қағанды ағаш есекке қағып, қинап өлтіреді.

Бұл - басқа да тарихи деректерде де орын алған ақиқат.

Зауал көп ұзамай келді.Қабыл ханның ұлы Құтула хан Қытай әскерін жойып, елін қырғынға ұшыратады.Бар байлығын  тартып алады.

Бұдан нені ұғынуға болады?! Шыңғыз хан ұрпақтарының мұғул екендігінде. Мұны тарихи санаға құйып қоялық.

Енді Меркіт деп жүргеніміз кім? Соған тоқтайық.

Оған жауапты Рашид ад-Дин кітабынан табамыз.

Меркіттердің тағы бір аты  Удойыт екен.

Удойыт-меркіт руы төрт тармақтан тұрады. Олар – ухаз, мудан, тудаклин және жиуын.

Тарихшының жазуына қарағанда «меркіттер мұғулдардың бір бөлігі (тайпасы) еді». Олар Шыңғыз ханмен де,  Оңмен де шайқасып соғысқан.

Меркіттер қолына Шыңғыз хан ойда жоқ та түсіп қалады. Дала заңына сәйкес құнын төлеп, Шыңғыз хан қамаудан босап шығады.

Кейін Оң хан мен оның бауыры Жағамбумен бірлесіп, Шыңғыз ханның үйін тонап, бәйбішесі Бөрте Фужинді алып кетеді. Кейін Бөртені қайтарады. Шыңғыз ханның ұлы өмірге  келеді. Оған  Жошы деген ат беріледі.

Рашид ад-Дин кітабында  күрлеуіт,тарғұт, ойрат тайпалары туралы  көп деректер бар. Басқа да ру тайпалары туралы қызықты деректер баршылық. Дегенмен, керейт тайпасы туралы айта кеткен жөн болар.

«Жамиғ ат-Тауарихқа» сүйенсек, көне замандарда бір патшаның жеті ұлы болыпты. Жүздері қара торы екен. Содан керейт деп аталып кетіпті.

Кітаптағы ұйғыр, қырғыз, қарлық тайпасы туралы деректер де қызық. Енді қыпшақ тайпасы туралы біршама  шолу  жасай кетелік.

Дерекке сүйенсек, Шыңғыз хан  дәуірінде қыпшақтардың Күншақ атты әмірі болыпты.

Мұғул болған түркі  тайпалары туралы  тарихи  кітапта  кең айтылған. Соның бір сарасы төмендегідей.

«Нируун мен қият руынан әрі Алан Қуанның таза әулетінен тарайтын және дүниеге оның тікелей алтыншы ұрпағы  Қабыл ханнан тараған қийат бөржіген  аталатындар. Олардың шығу тегі келесідей. Олар Қабыл ханның немересі, Шыңғыз ханның  әкесі Жесугей баһадурден тараған», - деген дерек  қалың жұртты елеңдететін шығар.

Жалпы кітаптағы деректер мен авторлардың түсініктемелері арқылы  көне замандардың   көмбесін ашқандай боласың.

Кітап «Шыңғыз хан» деп аталатын болғандықтан, енді тікелей ол кім? Қандай ру немесе тайпаға кіреді деген сауал туындайды.

Авторлар «Жамиғ ат-Тауарихқа» сүйеніп, Шыңғыз хан шежіресін төмендегідей таратады.

-Шыңғыз ханның  әкесі Жесугей, мұғұл тілінде  оны «Ичига» дейді екен. 

-Екінші атасы – Бартан Баһадұр, мұғұл тілінде оны «Ибуга» деп атайды.

Үшінші атасы – Қабыл хан, мұғұл тілінде оны – «Илинчик» дейді.

Төртінші атасы – Түмбине қаған, мұғұл тілінде оны «Будатур» дейді.

Бесінші атасы – Байсыңқұр, мұғұл тілінде оны «Будаукур» дейді.

Алтыншы атасы – Қайду хан, мұғұл тілінде оны «Бурқай» деп атайды.

Жетінші атасы – Дутум Манин, мұғұл тілінде «Дутакун» дейді.

Сегізінші атасы – Боданжар.

Авторлар Боданжарды тоғызыншы атасы деп есептейді. Бірақ, «Жамиғ ат-тауарихта» ол сегізінші ата деп көрсетіледі.

Сонымен, Шыңғыс қағанның тоғыз атасына дейін мұғулдар екенін білдік. Сонда Шыңғыз ханның түбі түркі болмай ма?

Авторлар «Жамиғ ат-тауарихтағы» деректерді салыстыра келіп, Шыңғыз қағанды 1155 жылы туып, 1227 жылы 72 жасында дүние салған деп есептейді. Бұл басқа да Шыңғыз хан туралы жазылған деректермен сәйкес келеді.

Шыңғыз қағанның ата-бабасы туралы деректер баяндалды. Ал оның отбасылық жағдайы қандай? Енді осыған назар аударып көрелік.

Шыңғыз ханның 500-ге жақын әйелдері мен күңдері болыпты. Олар әр рудың қыздары. Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбай  олардың біразын Шыңғыз хан мұғұлдардың дәстүріне сәйкес айттырып алған деп жазады.

Ал көпшілігі жорықта түскен тұтқын әйелдер сияқты. Дегенмен, Шыңғыз ханың жанына жақын бес әйелі болған. Солар туралы да әңгімелей кетейік.

Бірінші әйеліБөрте фужин, қоңырат руы патшасы  әрі көсемі Дай Ноянның қызы.Бас бәйбіше атанған Бөртеден Шыңғыз қаған төрт ұл, бес қыз сүйеді.

Үлкені - Жошы. Одан бүкіл Дешт-Қыпшақтың барлық патшалары мен ханзадалары тарайды.

Одан кейінгі ұлы- Шағатай.

Үшінші ұлы – Үгедей қаған.

 Төртіншісі – Төле.

Төле –мұғұлша – «Айна» деген ұғымға сәйкес келеді. 

Шыңғыс қағанның екінші әйелі – Құлан хатун. Ол Ухаз –меркіт руының көсемі Қайыр Усунның қызы.

Үшінші әйелі – Есуған, татар қызы.

Төртінші әйелі – Күнжу хатун. Ол Қытай патшасы Алтан ханның қызы.

Бесінші әйелі – Есұлын, татар, төртінші әйелі Есуғанның  тұған әкпесі.

«Шыңғыз хан» кітабындағы тағы бір өте маңызды деректі аттап өтуге болмайды. Ол Шыңғыз хан мен Әмір-Темірдің аталас, туыс екендігі туралы мәлімет. 

Бұл тарихқа қаншалықты жанасымды? Мұны айғақтау үшін 1420-1425 жылдары Ширазда парсы тілінде шыққан Шараф ад-Дин Али Йаздидің «Зафар нама» (Жеңіс кітабы) кітабына жүгінген жөн.

«Зафар нама» екі бөлімнен тұрады.

Біріншісі – «Тарих-и Жаһангир» (Әлемді жеңіп алушының тарихы);

Екіншісі – Әмір-Темірдің өмірбаяны мен оның дәуірі туралы жазылған. Бұл «Зафар наманың» заңды жалғасы болып табылады.

Бірінші кітаптың мазмұны «Шыңғыз ханның» баяны мен ата тегіне арналған. Кітаптағы тарихи деректер Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабынан алынғаны шүбә келтірмейді. Ал, Йазди «Тарих и-Жахангирді» алғысөз ретінде пайдаланған.

Әмір-Темір - Қарашар  ноянның бесінші ұрпағы.

Енді Әмір-Темірдің  тегін жіктеп көрелік. Әбу Музаффар Темір гурган (көреген) бин Әмір Тарағай бин Берқұл бин Еленгір баһадұр бин Ежіл  ноян бин  Қарашар  ноян бин Суғул шешен бин Ердемжі барлас бин Қажула баһадұр бин  Тумбине хан бин  Байсыңқұр хан бин  Қайду хан бин Дутум Манин хан бин Бұқа қаған бин Боданжар хан бин Алан Қуа.

Авторлар өз кезегінде Санкт-Петербург университетінің профессоры Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов сынды тарихшының әртүрлі деректерге сілтеме жасап, Әмір-Темірді Үгетайдың  ұрпағы деген ой-пікіріне келіспей, өз деректерін қарсы қояды.

Қос автор дулат руын Тумбине ханнан таратады. Ал Тумбине хан Шыңғыз ханның төртінші атасы, мұғұлша төртінші   атаны  «будату» дегенін алға тартады.

Тумбине ханның алтыншы ұлы – Қабыл хан. 

Деректерге сүйенсек, мынаны көреміз: Боданжар мен Шыңғыз ханның үшінші атасы Қабыл хан бір әке мен бір  шешеден тұған. Қабыл ханнан Қият, Боданжардан Дулат руы тарайды.

Әмір-Темірдің тұп-тұқияннынан қайдан шыққанын табу үшін Йазди  осындай салыстырмалы тарихи өмірбаянды орынды пайдаланған.

Йиздидің таратуынша Шыңғыз хан мен Әмір-Темірдің аталары егіз болыпты.Оны таратып айтсақ төмендегідей болып шығады.

Тумбине ханның Қабыл мен Қажулы деген егіз ұлдары болыпты. Қабыл шежіре, тарихи дерек бойынша Шыңғыз ханның үшінші атасы. Ал Қажулы Әмір-Темірдің сегізінші атасы.

600 жыл бойы жасырын тарих Әмір-Темірді өзбек  деп келеді. Енді тарих көмбесі ашылды.

«Зафар намадығы» деректер бойынша Қарашар барлас руынан шыққан. Шыңғыз ханның ең сенімді он  әскер басшысы болған. Олар – Мұқалы, Бұқыршын,  Бөріғұл,  Құбылан, Шылауған,  Қарашар, Жидай, Бадай және Қишылық екен.

«Шыңғыз хан» кітабында көне тарихи деректердің көптігі сондай,  оны оқырманға жеткізудің өзі қиындық  туғызады. Сондықтан  көп адам біле бермейтін деректерге  сіздердің назарларыңызды аударып отырмын.

Ол Шыңғыз хан Отырар қаласын қиратты ма, жоқ па?-  деген сұрақ. Бұл тұрғыда күні бүгінге дейін әртүрлі көзқарастар, пікірталастар баршылық.

Осы сұраққа Ержан Исақұлов пен  Зәріпбай Оразбай  «... Отырарды Шыңғыз хан қиратып тастады деген ұғым қалыптастқаны белгілі. Ол шындыққа жатпайды» деп тұжырымдайды. Және оған  өздерінің дәйектерін келтіреді.

Сол деректерді  санамалап, сараптап,  төмендегідей ой түйеді.

«.... Шыңғыз хан Отырар қаласына хижра бойынша 616 , яғни 1220 жылы келген болатын.Одан 289 жылдан кейін келген Бұрындық хан Отырарды ала алмай кеткен. Бұған Рузбихан Исфаханидің 1509 жылы жазған «Михман нама-и Бухара» (Бухара  қонағының жазбалары) дәлел. Соған сәйкес, Шыңғыз хан Отырарды қиратпаған».

Қорыта айтқанда, Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың «Шыңғыз хан» кітабы өзінің құрылымдық жағынан қызық, деректері мол, түркі-мұғулша сөздердің түсіндірмесі бар, тағы да басқа ғылыми ақпараты бай, ешкімді бей-жай қалдырмайтын ғылыми-танымдық еңбек.

Оқып көріңіздер,

Таласып көріңіздер,

Иланып көріңіздер!

Бұл біздің бұрмаланбаған тарих!

Уәлихан Қалижан,

ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген Қайраткері

Abai.kz

68 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019