Ноябрь Кенжеғараев. Әдебиет пен әдебиеттану қайда барады?!
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының жай-күйі қандай? Әдебиет теориясы мен әдебиеттану методологиясы қаншалықты деңгейде креативті, модернді? Заману қалыпта дамып, бетбұрысты іргелі зерттеулер жасалып жатыр ма? Қандай инновациялық зерттеу әдістері енгізіліп, зерттеулер жүргізілуде? Айта берсек, толғандыратын сауалдар тізімі өте көп. 2011 жылдан бастап ел арасында «ескі жүйе» деп атанып кеткен, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғаулар тоқтатылып, жаңа үлгіге (Болон шарты) көшкеннен кейінгі 1 жыл тарих үшін қас қағым сәт болса да, Қазақстан ғылымының тоқырау мен тежелісте, жолайрықта тұрғандығын байқатады. Ғылым-білім саласын дендеген сыбайлас жемқорлық әлемнің бірқатар елдері мызғымастан пайдаланып отырған «ескі жүйенің» түбіне жетті. Сан жылдарғы тарихы бар, Қазақстан елін өркениеттік деңгейге жеткізген ғылымымызға «құлқынқұмарлық сана» араласып, көрге жығуына осы үдерістің ішінде бұрқырап қайнап жүрген ғалымдарымыздың өздері кінәлі! Ал соңғы бір жылда Қазақстан ғылымы «жаңа модельге» өтіп алып, «е» анда жоқ, «е» мұнда жоқ болып жүрген өлара кезеңді бастан кешуде. Магистр мен философия докторын дайындау шарттары мен олардың ғылыми диссертацияларынан қойылатын талаптар қаншалықты деңгейде ғылымды іргелі дамыта алады? Теориялық және қолдаңбалы ғылымдарда қандай теориялық жаңалықтар мен әдістер ұсынуға мүмкіндік береді?
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының жай-күйі қандай? Әдебиет теориясы мен әдебиеттану методологиясы қаншалықты деңгейде креативті, модернді? Заману қалыпта дамып, бетбұрысты іргелі зерттеулер жасалып жатыр ма? Қандай инновациялық зерттеу әдістері енгізіліп, зерттеулер жүргізілуде? Айта берсек, толғандыратын сауалдар тізімі өте көп. 2011 жылдан бастап ел арасында «ескі жүйе» деп атанып кеткен, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғаулар тоқтатылып, жаңа үлгіге (Болон шарты) көшкеннен кейінгі 1 жыл тарих үшін қас қағым сәт болса да, Қазақстан ғылымының тоқырау мен тежелісте, жолайрықта тұрғандығын байқатады. Ғылым-білім саласын дендеген сыбайлас жемқорлық әлемнің бірқатар елдері мызғымастан пайдаланып отырған «ескі жүйенің» түбіне жетті. Сан жылдарғы тарихы бар, Қазақстан елін өркениеттік деңгейге жеткізген ғылымымызға «құлқынқұмарлық сана» араласып, көрге жығуына осы үдерістің ішінде бұрқырап қайнап жүрген ғалымдарымыздың өздері кінәлі! Ал соңғы бір жылда Қазақстан ғылымы «жаңа модельге» өтіп алып, «е» анда жоқ, «е» мұнда жоқ болып жүрген өлара кезеңді бастан кешуде. Магистр мен философия докторын дайындау шарттары мен олардың ғылыми диссертацияларынан қойылатын талаптар қаншалықты деңгейде ғылымды іргелі дамыта алады? Теориялық және қолдаңбалы ғылымдарда қандай теориялық жаңалықтар мен әдістер ұсынуға мүмкіндік береді? Магистр мен философия докторын дайындау шарттары мен олардың ғылыми диссертацияларына қойылатын талаптар «ескі жүйедегі» кандидаттық және докторлық диссертациялардың теориялық, әдіснамалық деңгейіне жете алады ма? Екі жүйені салыстырушылар, теориялық-ғылыми зерттеуге келгенде, «ескі жүйенің» оқ бойы озық екендігін айтып бағуда. Ал «жаңа жүйенің» жетістігі қоғамдық салалардағы зерттеулердің кешенді, пәнаралық деңгейде өрбитіндігінде. Бір назар аударарлығы, филология саласындағы философия докторына қойылатын талап, «ескі жүйедегі» филология ғылым докторына қойылатын талаптардың сұлбасынан алына салған. Олардың арасында мазмұндық ерекшеліктер ескерілмеген. Аты PhD философия докторы болып өзгертілгенмен, мазмұны өзгертілмеген. Олай болса, бұл реформа кім үшін және не үшін жасалып отыр? PhD философия докторы дәрежесі үшін жазылған жұмыс мазмұны мен методологиясы, ғылыми теориясы тұрғысынан «ескі жүйедегі» филология ғылымы докторы дәрежесін алу үшін жазылған зерттеулерден өзгеше болу керек емес пе? PhD философия докторы дәрежесі үшін жазылған жұмыс атына сай пәнаралық зерттеу, пәнаралық зерттеу методологиясын қолданған, кешенді, синтетикалық зерттеуге арқау болуы керек. Әдебиеттанулық зерттеу болса, әдебиеттің өнер ретіндегі басқа да өнер туындыларының ортақ заңдылықтарына, ортақ табиғатына негізделе отырып, тек салалық тұрғыдан терең үңіліп, дендеп еніп кетпей, анализдік, дедуктивтік, жалпылауыш методтарды негізге алу керек сынды көрінеді. PhD философия докторы дәрежесі үшін жазылған жұмыс қоғамдық салаға тән болғандықтан, сол зерттеуден философиялық ортақ тұжырым, нәтиже жасалып және оның қазіргі заманға, өмірге не бере алады, қазіргі заманда не үшін қолданыла аламыз деген сынды прагматикалық, креативтік жақтарын ұсынумен құнды болады.
Болон шарты жүйесі қазақ ғылымына қазіргі әлемнің озық елдері қолданып отырған модернистік теорияларды алып келуі қажет. Ал дәл қазіргі филология ғылымы, оның ішінде әдебиеттану ғылымы, кеңестік-классикалық зерттеу үлгісінен шыға алмай отыр. Кеңестік-классикалық зерттеу үлгісінен Ресей әдебиеттанушылары әлдеқайда қол үзіп, жаңа инновациялық, кешендік зерттеу методологиясына көшуде. Сонда дейміз-ау, қазақ әдебиеттануы бұл өзгерісті қалай және қашан басынан өткеріп болар екен?
Қазіргі ғалымдарымыздың статистикасына үңілсек, әдебиеттану ғылымы бойынша ғылым докторларының орта жасы - 60 жас. Талай жылдар диссертациялық кеңестердің мүшесі болып, асарын асап, жасарын жасап алған аға буын өкілдері, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдағы білім беру мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің қаржылық, оқыту жүйесінде жанын қинап, ауқымды, іргелі жұмыс жасайды, еңбек береді, ғылымды дамытады дегенге сену қиын. Түптеп келгенде бұл азаматтардың жазуы әбден қажет және міндетті, себебі кейінгі буынға қарағанда аға буынның әлеуметтік жағдайы орнықты. Ғылымға деген шын адалдықтары мен сүйіспеншіліктері болса, онда ел ғылымы үшін, сүйікті әдебиет пен әдебиеттану үшін атқарар істері әлі мол. Ғылым мен білім салаларындағы реформаларының бел ортасында 45-50 мың айлықпен күн көріп жүрген ғылым кандидаты, орта буын өкілі мен бір-екі жылда ғылыми зерттеу университеттеріне айналатын, оқытушылық жылдық жүктемелері біз тамсанып үлгі алғыш, еліктегіш «европалық модельдегі» батыс университеттері оқытушылары жүктемелерімен 3-4 есе көп екендігін ескеретін болсақ, университетте дәріс беретін оқытушыдан терең де сапалы, теориялық тұрғыдан еңселі зерттеу жұмысын күту орынсыз болар. Зерттеу университеттеріне айналған университеттердің жылдық жүктемелері «батыстық, европалық стандартқа» сай болып, айлық жалақысы батысқа сай болмаса да, еселеп өссе және зерттеу университеттері құрамында ғылыми-зерттеу мекемелері шоғырланып, кешенді зерттеулер жүргізсе, ғылымның тоқырауда қалмайтындығы анық. Ал қазіргі реалды жағдай, нағыз өлара шақ болып тұрғандай. Қазақстан бойынша әдебиет пен өнерді зерттейтін жалғыз ғылым ошағы - Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институты екендігі баршаға аян. Зерттеуші ретінде Үкіметтің ғылымға, әсіресе Әдебиет пен өнер институтына деген көзқарасы көңілді көншітпейді. «Аргументы и факты Казахстан» газетінің №8 санында (22-28 ақпан 2012 жыл) жарияланған белгілі ғалым Айгүл Ісімақованың сұхбатын оқып, ғылымға қиянат жасалғалы отырғанын ұқтық. Әдебиет пен өнер институтының Әдебиет теориясы мен әдебиеттану методологиясы бөлімін басқарып отырған ғалымның айтуынша, бөлім ұсынып отырған іргелі зерттеу жобаларын Үкімет жанынан құрылған Ұлттық ғылыми Кеңес бекітпегендіктен, тиісінше мемлекеттік грант берілмеген. Мемлкеттік грантты ұтып алмағандықтан, грантсыз бөлімді ұстап отыруға Институт басшылығының мүмкіндігі мен ықыласы жоқ. Сондықтан жаңарған, жаңаруды негізгі стратегия деп қабылдап отырған Қазақстан Республикасындағы әдебиет теориясы мен әдебиеттану методологиясын зерттеп отырған жалғыз бөлімнің жабылуы алдыңда тұруы өрескел қателікті іс. Бүгінде еліміздің бірде-бір жоғары оқу орындарында әдебиет теориясы кафедрасы жоқ, тиісінше ғылыми-зерттеу институттарында да бұрыннан болмаған. Ал кез-келген ғылымның дамуының, өсуінің, алға жетілуінің, тереңдеуінің бірден-бір факторы, ғылымының флагманы, локомотиві - ол әрқашан да теория болып саналып келген. Оның үстіне қоғамдық дамудың жаңа сатысына аяқ басып отырған уақытта, еліміздің ғылымы алға қадамды нық басуы үшін, міндетті түрде әдебиет теориясы бөлімі жұмыс істеуі керек. Қазақ елі үшін «әдебиет пен әдебиеттану ғылымы» жай нәрсе емес, тарихи-тағдырлы мәні бар, мемлекет рухының айғағы, кепілі ретіндегі символдық мағынасы бар киелі дүние. Орыс халқында керемет сөз бар: «Поэт в России, больше чем поэт», -деген. Сол сияқты Үкіметіміздің «әдебиет пен әдебиеттануға» қатысты стратегиясы өте жоғары болуы қажет. Әдебиет қазірдің өзінде ойдан шығарылған көркем дүние деңгейінен өзгерді, әдебиет қазіргі таңда өмір шындығын бағалап, тұжырымдаудан туындайтын, адам өмірі мен жаратылысының сырын анықтап, құпиясын ұғынуға, мәнін бағамдауға негізделген, әлеуметтік қиын қалтарыстарға рухани-адамгершілік тұрғыдан қарау, пайымдау, қоғам жағдайындағы адамтанумен қатар, рух кемелдігін насихаттайтын бірден-бір құрал. Осындай қоғам мен адамның түрлі қасиеттерінің қосындысынан туындап отырған әдебиетті, күрделенген, заманиуланған симбиоз әдебиетті зерттеу үшін де әдебиет теориясы ғылымы мен әдебиеттану методологиясы жаңалыққа құлағы түрік болып, адам мен қоғамның даму заңдылықтарын мейлінше терең зерттеп, құпия қалтарысын ашып отыруы абзал. Ол үшін әдебиет теориясы жаңару, инновациялық, модернистік, креативтік әдіснамаларды игеру, қолдану қажет. Кешенді зерттеу әдісі, пәнаралық зерттеу әдісі арқылы ғана қазіргі әдеби шығармада суреттелген бейне, характер мен жағдайды түсіндіре аламыз. Ол деген сөз әдебиет психология, философия, дінтану, этика, эстетика, тарих, мәдениеттану, логика, әлеуметтану, лингвистика, семиотика, өнер, педагогика т.б. салалармен сабақтаса отырып дамуы қажеттігін білдіреді. Ал бұл ғылымдардың ортақ заңдылықтарын ғылым теориясы арқылы ұштастырып, байланыстыра аламыз. Қазіргі таңда Батыс Европа елдерінде әдебиеттану ғылымы жалпылама, философия ғылымдары сипатын алған, модернистік, постмодернистік, структуралистік, постструктуралистік, т.б. әдістермен дамып, түрлі кешенді тәсілдерді дамытуда. Орыс және Батыс ғылымы дискурстық поэтика, теоретикалық поэтика, лирика теориясы, диалогтық поэтика, әлеуметтік поэтика, менталды поэтика сынды синтетикалық әдіснамаларды қолдана отырып, ғылым мен шығармашылықтың табиғатын дендеп зерттеп, оның өмірге қолдаңбалы тұстарын айқындап, адамзат ақыл-ойының дамуының жаңа сатыларына қадамдар басуда.
Қазақ әдебиеттану ғылымының жолбасшы, көшбасшы серкесі боларлық жалғыз әдебиет теориясы мен әдебиеттану методологиясы бөлімі жабылатын болса, ғылымда іргелі теориялық зерттеулерге тежегіш қойылып, тоқырау мен құлдырауға бет бұрып, сапасыз, ғылыми тереңдігі саяз, инновациясы жоқ, әлемдік даму үрдісінен жырақ қалған, реалды өмірге жақындамаған, құрғақ дидактикадан басқа еш берері жоқ арзанқол, бәсекеге қабілетсіз еңбектер ғана жазылады деген сөз. Елбасының жүргізіп отырған мемлекеттік стратегиясы бәсекеге қабілетті ұлт, бәсекеге қабілетті маман дайындау болса, қазақ ғылымы әлемдік үдерістермен сәйкес болғанда ғана дами алады. Әлемдік үдерістер мен инновацияға әлемдік даму үрдістерін меңгергенде ғана қол жеткіземіз. Әлемдік ортақ заңдылықтар мен үдерістер теория ғылымы шеңберінде жасалады. Әдебиет теориясы бөлімі жабылса, әдебиеттану ғылымында деградациядан басқа ешнәрсе болмайды. Қазақ көркем өнері мен әдебиеттану ғылымының тамырына балта шауып, болашақ ұрпақтың сағын сындырғымыз келмесе, әдебиет сынды мемлекеттік маңызды стратегияларға жаңаша көзқараспен қарау керек. Әдебиет теориясы мен әдебиеттану методологиясы бөлімін қайта үлкейтіп, кеңейтуіміз керек. Поэзия, лирика теориясын зерттейтін бөлім ашылып, ата өнердің табиғатын зерттеу қолға алынуы абзал.
Жаңа замандағы жаңа адамды рухани дүниеге, оның ішінде көркем шығармаға жақын ету үшін не істеу керек? Дәстүрлі формадағы шығармалар қазір қаншалықты оқылады? Әлемдік қандай жаңалықтар мен тәжірибелер бар? Тән құмарлығы мен материалдық байлыққа ғана еліктеп, дегуманизацияға ұшырап бара жатқан адамзат қоғамын, қандай жетілген жаңа формалар арқылы руханият әлемі мен адамгершілік қасиеттерге тарта аламыз? Әдебиет, көркем шығарма тек адамгершілік тәрбие құралы ретінде ғана қызмет істеуі керек пе?Девиантты мінез-құлықты жастарға, адамдарға құрғақ ақыл ретінде көрінуі мүмкін шығармалардың баяндау түрін, мазмұнын, тәсілін өзгерту қажет пе?
Әлемдік қаржылық дағдарыс пен катаклизмдер уақытында, жаһандық рухсыздану кезеңінде, дінаралық қақтығыстар мен діни экстремизм өршіген, қауіпті өмір тұсында адамзат қалай бақытты, баянды өмір сүре алады? Бақытты, баянды өмір сүру міндетті ме? Мүмкін бе? Замана, шаруа, мінез күнде өзгеретіндігін білгендіктен, ұрпақтардың үзілмес жалғастығы циклінде, Адамға өмірдің мәні жай ғана сүйе білу мен мейірімділіктен тұратындығын түсіндіріп, мойындата білу қазір ең маңызды, көкейтесті мәселе болып тұрғандай. Ал оны синтетикалық өнер түрі - әдебиет арқылы жеткізіп бере аламыз. Өмір шындығы мен мәнін көркем шығарма арқылы жеткізу жолдарын әдебиет теориясы мен методологиясы ғана айқындап береді.
«Абай-ақпарат»