Сейсенбі, 22 Шілде 2025
Жаһан жаңғырығы 218 0 пікір 22 Шілде, 2025 сағат 10:46

Тегеран неге тікелей келіссөзден бас тартып отыр?

Сурет: freepik сайтынан алынды.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеранның АҚШ-пен тікелей емес форматта келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

"Біз тікелей емес келіссөздерге дайынбыз", - деді Аракчи, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты сұраққа жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, егер АҚШ өзара тиімді шешімдерге ашық болса, Иран да келіссөздерге кедергі келтірмейді. Аракчи сонымен қатар Тегеранның Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастығын жалғастырып жатқанын атап өтті. Иран МАГАТЭ өкілдерінің елге қайта кіруіне болашақта рұқсат беретінін жеткізді.

Бұдан бөлек, Иран СІМ басшысы елдің зымыран бағдарламасы "жақсы күйде" екенін және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын да айтты.

Ал осыған дейін, 19 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Иран жаңа ядролық қондырғылар салатын болса, Вашингтон оларды жоюға дайын екенін ескерткен. 16 шілдеде Трамп Иранның АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастағысы келетінін айтып, бірақ Вашингтон асықпайтынын, алайда жаңа келіссөздерге қарсы еместігін жеткізген болатын.

Abai.kz
0 пікір