Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 12774 23 пікір 22 Қаңтар, 2021 сағат 11:13

Қандастарыма хат!

Қадірлі қандастарым!

Мен бүгін Сіздердің үнемі маған қоятын «Қазақстанға көшу үшін не істеуім керек? Көшіп барғаннан кейін қандай қарекет етсем болады? Болашақта Қытай мен Қазақстан қатынасы қалай болады? Қазақстанға көшіп барсам Қытайдағы туыстарымнан ажырап қалмаймын ба?» деген сұрауларыңызға осы хат арқылы жауап бергім келді. 

Бұл жауап Қытайдан Қазақ еліне көшіп келгісі келгендер мен елге көшіп келіп, әлі де сіңісе алмай жүргендерге арналады. 

Өзімнің Атажұртқа түбегейлі қоныс аударғаныма биыл – жетінші жыл. «Баспаған жердің ойлы-шұңқыры көп» деп, осы жеті жыл барысында талай иір-қиыр жолдарды басып өттім. Құдайға шүкір, сол иір-қиыр жолдар баса келе жәйлап даңғыл жолға айналды деуге болады. Бүгінгі күнде осы елдің елімен ел, жұртымен жұрт болып кеттік. Сарыарқаның сайын даласында кең тыныстап, бала шағамызбен бақытты өмір сүріп жатырмыз. 

Қазақ «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген. Сол айтпақшы, Қытай мен Қазақстанның өз ара ұқсамастығы толып жатыр... Қандастарымның Қазақстан қоғамына тезден сіңісіп кетуі үшін, өзімнің көрген-түйгендерімді қорытындылап, сіздер көңіл аударуға тиісті бірнеше мәселелер туралы ой бөліскенді жөн көрдім.       

Алдымен, мен «Қазақстанға көшу үшін не істеуім керек? Барғаннан кейін қандай қарекет етсем болады?» деген сұрақтан бастайын. 

Бірінші, Егер, сіз қазақстанға көшуге ниеттенсеңіз, «қытайда істеген кәсібімді қазақстанда сөзсіз жалғастырам!» деп жоспар құрмаңыз. 

Өйткені, бұл жақтың ортасы сіз ойлағаннан мүлдем басқа. Адамдардың тұрмыс әдеті, заң-тәртібі,  бәрі-бәрі ұқсамайды. Сіз бар ақшаңызға қытайдағы кәсібіңізге байланысты құрал-жабдық сатып алып қойсаңыз,  бұл жақта дәл сол жұмысыңыздың жүріп кетуі екіталай. Алда-жалда ойлаған ойыңыз жүзеге аспай қалса, үлкен күйзеліске түсесіз. Бұл өзімнің және мен сияқты көптеген қандастардың басынан өткен ащы шындық. Сондықтан, елге келем деп ниеттенсеңіз, барлық дүниеңізді сатып, нақ ақшаға айналдырып, қажетті кезде суырып алатындай  етіп банкке салып қойыңыз. Сосын, қытайда істеген кәсібіңізді істеуге болатыны не болмайтыны туралы елге келгеннен кейін, жата-жастана жатып, осы жердің жағдайына қаныққан соң барып шешім қабылдаңыз. Егер, тұрмысыңызда өте мұқтаждық болмаса, кәсіп істеуге өте асығып кетпегеніңіз жөн. Өйткені, ақша бір кәсіпке салынғаннан кейін, ол кәсіп сәтсіздікке ұшыраса, ақшаны қайтадан қалпын құратпай қайтарып алу мүмкін емес. Сол үшін, үш өлшеп, бір кесіп барып кәсіп бастау қажет.

Екінші, «Қазақстанға бару үшін, белгілі бір өнер үйреніп келейін» деп уақытыңызды босқа сарып етпеңіз. 

Үйренгіңіз келсе, алдымен орыс тілін жақсы меңгеріп келіңіз. Қытайдан келген Қазақтар үшін орыс тілін білу – үлкен өнер. Егер, орыс тілін білмесеңіз, сіздің үйренген өнеріңіз өз құнын жоғары деңгейде сәулелендіре алмайды. Қазақстан қазақтың Отаны болғанымен, орыс тілінің ықпалынан әлі арылған жоқ. Орыс тілі Қазақстанда күнделікті қызмет тілі, адамдар арасындағы қарым-қатынас тілі, экономика, ғылым тілі. Қазақстанда орыс тілін білмесеңіз, жұмыс  орайынан 50% айырыласыз. Ал қазақ тілін, қытай тілін, орыс тілін жаттық сөйлей алсаңыз, сізге кез-келген жерден жұмыс табылады. Өзіңіз жеке кәсіп істесеңіз де тасыңыз өрге домалайды.  

Үшінші, Қазақстаннан Қытайға барып сізбен  дос болып, «барсаң бар мәселеңді шешемін!» деп, кеудесін ұрғандарға бар үмітіңізді артпаңыз! 

Керісінше, өзіңіздің ішкі дайындығыңызды күшейтіп, көшіп келгеннен кейін, құжаттық мәселелерді сол жердегі арнаулы заңды түрде делдалдық қызмет көрсететін, тұрақты орны бар аударма орталықтарына дайындатып, өз қолыңызбен қатысты органдарға тапсырыңыз. Қытайға барып дос болған Қазақстандық досыңыздың ақылын естіңіз, бірақ сызған сызығы бойынша жүрмеңіз. Қазақстан – үлкен  жақтан заң салтанат құрған, мәдениетті, демократиялы, өзі жақсы кісіге мың кісілік орыны бар мемлекет. 

Сондықтан бәз біреулердің Қазақстан қоғамын кері жағынан суреттеп «бәрі байланыс, ақшамен шешіледі, ешқандай әділдік, заң жоқ!» дегеніне сенбеңіз! Кез келген қоғамның күнгей жағы да, теріскей жағы да болады. 

Төртінші, елге көшіп келмей тұрып немесе келе салып дереу үй сатып алмаңыз. Себебі, көшіп келмей тұрып немесе көшіп келе салып жұмыс орныңыздың қай жерден бұйыратынын білмейсіз. Егер де алда-жалда сатып алған үйіңіз бен болашақтағы жұмыс орныңыздың аралығы өте алыс болса, онда жұмыс барысында жыл бойы табаныңыздан тозып жүретін боласыз. 

Сол үшін, жұмыс орныңыз тұрақтанғаннан кейін ғана асықпай, аптықпай үй сатып алыңыз. Жұмыс орныңыз тұрақтанғанша, үйді жалға алып отыруыңызға болады. «Үйдің жал ақысы қымбат екен» деп ешқашан уайымдамаңыз. Бұл жақта  депозиттің жылдық сыйақысы да жоғары (банктың аманат өсімі 11-13%).  Үй алатын ақшаңызды депозитке қойып қойсаңыз, депозиттың өсімімен жалға алған үйіңіздің жалақысын жаба аласыз. Жұмысыңыздың жағдайын толықтай ойластырғаннан кейін, өзіңізге тиімді болатын ыңғайлы жерден үй сатып алыңыз. Мүмкін, сізде «алда-жалда аяқ астынан үй қымбаттап кетсе қайтем»-деген сұрақ туындайтын шығар? Ол жағын уайымдамаңыз! Бүкіл әлемдік дағдарысқа байланысты, Қазақстан үш төрт жылсыз экономикалық дағдарыстан толықтай шықпайды. Сондықтан, үйдің бағасы жақынғы мезгілде белгілі деңгейде өскенмен, аяқ астынан мүлдем шарықтай қоймайды.

Бесінші, Қазақстанға келгеннен кейін, зат сатып алғанда ақшаны юанға сындырып есептеуге дағдыланбаңыз. 

Себебі, бұлай істеу кейде сүйіндірсе, кейде күйіндіреді. Қазақстанда кейбір заттардың бағасы қытаймен салыстырғанда төмен болғанымен, кейбірі өте жоғары. Қытайда жоғары тұтынбайтын қарапайым адамдар жөнінен алғанда, азық-түліктің бағасы қытайдан көп арзан. Ал, қытайда жоғары тұтынып үйреніп қалғандар үшін, бұл жақтың тұтыну өресі қытайдан да жоғары болып есептеледі. Қазақстанда жалақы мөлшері салыстырмалы түрде қытайдан төмен. Егер, тапқан жалақыңды юанға сындырып есептесеңіз, ол мардымсыз ақша болып шығады. Ол кезде істеп отырған жұмысыңа қызығушылығың салқындайды. Егер, сіз жұмысты салғырт көңіл күймен керенау атқарсаңыз, бірте-бірте мүлдем жұмыссыз қалуыңыз мүмкін. Сонымен бірге, Қазақстан қоғамына сіңісуіңіз де қиындай түседі. 

Сондықтан, көшіп келгеннен кейін юанды бір жола ұмытып, ел қатарлы теңгемен есеп айырысыңыз.

Алтыншы, елге келгеннен кейін, Қытайдағы атақ-даңқыңызға, байлық-мансабыңызға мас болмаңыз. Оның бәрін артта қалдырып, бәрін нөлден бастаңыз. Сіздің бұрынғы мәнсабыңыз бұнда ешкімге керек емес. Тек еңбегіңізбен өзіңіздің мықты екеніңізді дәлелдей алсаңыз ғана кез-келген құрметке лайықсыз. Егер, «Мен қытайда керемет едім, мені кім жұмысқа шақырады?» деп, өткен шағыңызға мастаннып жатсаңыз, сізді ешкім жұмысқа шақырмайды. Сіз өзіңізді «қатардағы адаммын» деген көңіл күйде ұстағанда ғана бұл қоғамға тез сіңетін боласыз. Әрі Қазақстанды Қытаймен салыстырып сын-пікір айтып, бұл жердегі қалыпты тіршілік тәртібін өзгертуге тырыспаңыз! Бұл әрекетіңіз ешқандай нәтиже бермейді. Керісінше, жағаға шығып қайраңдап қаласыз. Елге келгеннен кейін, осы елдің «жақсы жағында сүйіңіз, жаман жағына да сүйініңіз!». Осылай болғанда көңіл күйіңіз көтеріңкі жүреді. Сіздің осы қоғамға тез үйлесуіңізге ерекше септігі тиеді. Қазақстан қоғамын Қытаймен салыстырып, үнемі мақтап жүріңіз. Сіздің аузыңыздан шыққан сөзді естіген ұрпағыңыз болашақта Қазақстанның патриоты (отаншылы)  болып өседі.

Жетінші, елге келгеннен кейін, мүмкіндіктің барынша жергілікті адамдармен тығыз қарым қатнас жасауға талпыныңыз. Олардың орысша сөйлегеніне түсіністікпен қарап, үйренуге тиісті артықшылықтарынан жатпай-тұрмай үлгі алыңыз. Сіздің үлкен табысқа жетуіңіз, тікелей жергілікті адамдардың қолдауына байланысты. Егер бажайлап қарасаңыз, Қытайдан келіп табысты жұмыс жасаған қандастардың барлығы жергілікті «Мықтыбектермен»  қоян-қолтық жұмыс жасай білгендер.

Сегізінші, елге келгеннен кейін, өзіңіздің орысшадан көрген қорлығыңызға бола, балаңызды орыс мектебіне бермеңіз. Балаларыңыз орыс тілін Қазақ мектебінде   жүріп-ақ емін-еркін сөйлей алатын болады. Өзіңіздің «ұрпағым қытай болып кетпесін»-деп, елге  келгеніңізді әсте естен шығармаңыз! «Бала қай тілде оқыса, сол ұлтқа қызмет етеді» деген Ахмет Байтұрсынның даналығы әлі құндылығын жоғалтқан жоқ. Ұрпағыңызды болашақта Қазақ үшін еңбек ететін азамат етіп тәрбиелеуге тырысыңыз!

Тоғызыншы, Қазақстанның көші-қон саясатына тұрақты көңіл бөліп тұрыңыз. Мәселен, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстану және зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс жасайтыны жөнінде. Ол сіздің біріншіден, Қазақстанға көшіп келгеннен кейінгі жүгіңізді жеңілдетсе; екіншіден, сіздің болашақтағы тұрмысыңыздың кепілдендірілуіне көмегін тигізеді. Емделу, оқу, кәсіптену – мұның барлығы мемлекеттің көші-қон саясаты мен тығыз байланысты. 

Енді «Болашақта Қытаймен Қазақстан қатнасы қалай болады? Қытайдағы туыстарымнан мүлдем қол үзіп қалмаймын ба?» деген сұраққа келсек, бұл екі мемлекет шекаралас көрші ел. Олардың экономикалық байланысы,  дәлірек айтсақ, қазір балықпен судай қатынаста. Осындай байланыстағы елдердің бір-бірінен дербес өмір сүруі мүмкін емес. Біздің кейбір популистеріміз айтқандай, «Қытай коммунистік партиясы құласа, Қытай Кеңес одағы секілді парша-парша болып кетеді» деуге әлі ерте. Егер, мен білсем, ҚКП аударылып, Қытайда басқа демократиялық қоғам орнағанымен де Қытай қазіргі негізгі тұлғасын сақтап қалады. Ол бәрібір әлемдегі екінші экономикалық тұлға болып қала береді. Қазақстанмен экономикалық саяси байланысын үзбейді. Ол кезде екі ел қазіргі қатынастан да жақсы деңгейге көшуі мүмкін. Екі мемлекеттің ара қатынасын дағдарысқа әкелетін бір мәселе болса, ол Қытай билігінің Шыңжаңдағы қазақтарға болған қысымы. Егер бұл мәселе өз деңгейінде дұрыс шешілсе, Қазақстанның қытайға байланысты басқа үлкен мүдде қақтығысы жоқ. Ал қытайдың да қазақстанмен жауласып өзінің Еуропаға шығатын ең үлкен құрлық портын жабуы мүмкін емес. Сондықтан, Қазақстан мен Қытай болашақта да тығыз әріптестік қатынасын сақтайды. Осындай жағдайда, Қытайдағы туысқандарыңызды мәңгілік көре алмай қалуыңызға негіз жоқ. Қазіргі бір отбасының екіге бөлініп қалуы да уақыттық мәселе. Әлі-ақ мамыражай тірлік орнайды деп сенем. 

«Қазақстан - Қазақтың бірден бір Отаны». Оны гүлдендіруге есе қосу әлемдегі иісі қазақтың борышы. Десе де бір елден, екінші елге көшіп келіп орын тебу кімге болса да оңайға соқпайды. Сондықтан, мен қандастарымның елге келгеннен кейін қиындық көрмей, қара шаңыраққа тезден бір бір уық болып шаншылуын тілеймін. Осы айтылған сөздерді ескерсеңіздер, бәрі дұрыс болды деген ойдамын. 

Алла шеттегі бар Қазақты Атажұртта бас қосуға нәсіп қылсын!

Ербосын Нұрмұхан

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052