Дулат және Дін (жалғасы)
ДУЛАТТЫҢ ДАУЫЛ ЖЫРЛАРЫ
(Басы: Дулаттың дауыл жырлары)
Дулат поэзиясы оның мұсылманша сауаты мол, сол кезде Ташкент, Қазан, Уфа жақтағы баспалардан шығып, қазақ арасына тарай бастаған діни әдебиет пен сопылық поэзия өкілдерінің шығармашылығымен жақсы таныс болғандығын көрсетеді.
Сопылық поэзия – Абай да тағылым алған, сұлу сезім мен құпия сыры қатар өрілген үлкен философиялық мектеп. Данышпан ақынның жырында есімі аталатын Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз – түгелдей дерлік сопылық поэзияның классиктері. Діни дәстүрлердің қатал заманында өмір сүрген оларды азат ойлары мен еркін көзқарастары үшін ислам жолынан ауытқыған еретиктер ретінде кінәлағандар да аз болмаған.
Сопылық мектептің қазақ ақын-жазушыларына жақындығы – Алланың хақтығын, Мұхаммедтің расулдығын мойындап, дін-исламға деген адалдықты сақтай отырып, ойға, пікірге, көзқарасқа ерік беруі болды. Бұл Дулаттың таным-түсінігі мен өмірлік ұстанымына өте жақын еді.
Сопылық поэзия өкілдері Ұлы Жаратушы алдында өзін күнәһар санап, өмірде біліп-білмей жасаған жаза басушылықтары үшін кешірім сұрап, Алладан медет тілейді. Мұндай үрдістерді «мінажат жырлар» деуге болады, ал Қожа Ахмет Яссауиде бұл жанр «хикмет» түрінде көрініс тапқан. Дулат сопылық поэзиямен, оның мазмұнымен, жанрлық ерекшеліктерімен, басты қағидаттарымен, Яссауи хикметтерімен таныс болған. Бар ғұмырын қырда өткізіп, сопылық дәстүрді ұстана алмаған Дулат: «Адал сопы мен емес, Пірдің сөзін тұтынған», – деп анық жазады. Осы жолдар Дулаттың сопылық дәстүрдегі пір мен шәкірттің, яғни мүршид пен мүридтің арасында болатын дәстүрлік иерархиядан да хабары бар екендігін аңғартады.
Дулаттың сопылық поэзия мен діни кітаптармен жете таныстығы оның: «Софы аллия кітаптар, Сұрап көрсең сорымды. Кітап сөзін тұтпасақ, Тәңірім ісі қиын-ды», – деген жыр жолдарынан да байқалады. Жыраудың мұндағы айтып отырғаны – есімі қазақтар мен татарлар арасына кең тараған сопылық поэзияның көрнекті өкілі, мистик ақын Софы Аллаяр. Оның аты данышпан Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде кездеседі. Дулат шығармашылығы өте күрделі Софы Аллаяр сияқты философ ақынның қыр-сырын ұққан, өмірбаянынан да хабардар болған. Софы Аллаяр өз шәкірттері үшін 11 бөлмелі құжыра және олардың бәрінің басын қосып дәріс өткізетін ортақ ханака салдырған. Мұны да білген Дулат: «Он екі хат шалғыны, Қияда сұңқар таратты», – деп жазады.
Дулат – ислам тарихынан, мұсылмандық ілімнің негізгі постулаттарынан хабары мол жырау. Оның шығармаларында «Алла», «шариғат», «иман», «обал», «сауап», «қайыр», «дұға», «күнә», «нәпсі», «пейіш», «тозақ», «бәтуа», «шарафат», «медет», «рахым», «сабыр», «ақирет», «тәуба», «таупиқ» сияқты исламдағы аса күрделі философиялық категориялардың жиі ұшырасуы және оған деген ақын көзқарасының қазақи ұғымға сай жыраулық поэзия тілімен берілуі оның діни сауатының молдығын дәлелдесе керек.
Кезінде хәкім Абайдың «Құранды молда теріс оқырын» «ғылыми тұрғыдан» талдап, оны атеист ақын ретінде зерттеу жазғандар да болған. Дулаттың «Ишанға» атты өлеңінен оны дінге қарсы шыққан ақын деушілер де табылды. Бұл – әрине, қисынға келмейтін, ақиқатқа жанаспайтын әрекет. Дулат шығармашылығымен толық таныс адам мұндай қиянатқа бармауға тиіс. «Ишанға» жыры, керісінше, ислам мен оның құндылықтарын аяр молдадан қорғауға арналған. Дулат нәпсіні тыйып, шариғат жолын ұстануға, иманның тазалығына шақырады. Ол: «Ақылы жоқ молдалар, Иман алмақ тиынға. Оңайлықпен келмейді, Иман деген қиын да», – деп нәпсісін тия алмаған арамза молданы ащы сынға алады.
Софы Аллаярды білген Дулат, әрине, Қожа Ахмет Яссауиді де терең таныған. Оның «Әуелгі қазақ деген жұрт» атты толғауының: «Мәдине мен Меккеде, Әулие зада мол екен. Әзірет қонған Қаратау, Аса алмаған онан жау», – деген жолдарындағы ишара арқылы ел арасында «Әзірет сұлтан» атанған Қожа Ахмет Яссауи меңзеліп отырғаны даусыз.
Яссауидің пайғамбар жасына келген соң: «Ендігі тірлікте маған күннің көзін көрудің өзі артық», – деп, қылуетке түсіп, бар ғұмырын бір Аллаға мінәжат етумен өткізгені әмбеге аян. Сондықтан оның шығармашылығындағы негізгі мотив адам бойындағы нәпсіқұмарлық, тойымсыздықпен күрес болды. Оны жеңудің басты жолы – күнәні мойындау, тәубеге келу. Нәпсі менмендіктен туады, сондықтан ол – адамның «альтер эгосы».
Нәпсі – «Құранда» жиі айтылатын, сопылар тарапынан жиі тәпсірленген өте күрделі философиялық категория. Нәпсіқұмарлық адам бойындағы көрсеқызарлық, қанағатсыздық сияқты теріс пиғылдарды тудырады. Нәпсі, күнә мен тәубе – Яссауи хикметтерінің басты тақырыбы. Ол: «Көңілім қатты, тілім ащы, өзім залым. ...Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл», – деп өзін-өзі қатты шенейді. Дулат та өзін үнемі оңдырмай сынайды.
Яссауи – дүниеқоңыздық пен нәпсіқұмарлықтың қас жауы. Ол өз хикметінде: «Дүние – нәжіс, талап етіп итше жүрдім, Ұстап оны арқасынан күн-түн қудым. ...Нәпсі шайтан тұтқын қылды адам ұлын, Түйедей ғып байлап алды екі қолын», – деп жазады. Дәл осы идея өзін жойқын сынға алатын Дулат шығармашылығының алтын қазығы деуге болады. Ол «Дүние – жемтік, мен – төбетінде»: «Күнәм – жойқын, тәубем – аз, Тіршіліктен не таптым?» – деп назаланса, тағы бір өлеңінде: «Заманақыр болғанда, Нәфсі жақын баладан», – деген тұжырым жасайды. Адам өз бойындағы теріс пиғылдарды жеңуі үшін: «Молдадан сабақ алыңыз, Иманды жақсы біліңіз, Мен есіттім кітаптан, Ғақыл, иман нұрмен тең. ...Мал – дүниенің опасы, Иман – жанның сапасы, Ауыздағы иманың, Раушан болған нұрмен тең», – деп оқу-білім меңгеруге, нұрға теңдес ақыл мен иманды қатар ұстануға шақырады. Дулаттың «нұрмен тең» иманы: «Бихамдиллах «нұр-и-иман» аштым міне», – деген Яссауи негіздеген «нұр-и-иман», яғни «иман нұры» ілімімен ұштасып жатыр.
Яссауиден басталып, Дулатпен жалғасқан «иман нұры» ілімі Абайда кемелдікпен толығады. Ол отыз алтыншы сөзінде: «Ұят кімде болса – иман сонда», – десе, отыз сегізінші сөзде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ», – деп түйіндейді. Ұят пен ар, ынсап пен таупиқ – Абай мен Дулат поэзиясындағы имандылыққа бастар баспалдақтар. Абай имандылықты Алланы сүю, адамзатты сүю, Хақ жолын сүюмен қабыстырып, «иман нұрын» үш сүюден құралған «имани гүлге» ұластырады.
Жалпы, Дулат пен сопылық поэзия, Дулат пен Яссауидің үндесуі және оның Абай шығармашылығында кемелдік деңгейге көтерілуі арнайы зерттеуді қажет етеді. Қазір діни сауаты мол, ұлт әдебиеті тұнығынан қанып ішкен сауатты жастарымыз көп. Солар «Құран Кәрімді» түсініп оқып, Мұхаммед пайғамбарымызды қадыр тұтып, «тоқсан тоғыз машайық пен отыз үш мың сахабаның» (Дулаттың сөзі) өмірін үлгі тұтқан Дулат ақынның шығармашылығына тереңірек үңіліп, зерделі зерттеулерді дүниеге әкеледі деп сенеміз.
ДУЛАТ ЖӘНЕ АБАЙ
Дулат туралы әңгіме айтыла қалған жерде данышпан Абайға соқпай кету мүмкін емес. Және ол Абайдың бәрімізге мектеп оқушысы кезімізден жақсы таныс: «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» атты өлеңінен басталады.
Шындығында, Абай айтқан үш ақын – қазақ поэзиясының үш үлкен биігі. Оларсыз ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін елестету қиын, тіпті мүмкін емес. Бұқарекең – жырау ғана емес, хан Абылайдың ақылман кеңесшісі, айтқан сөзіне ел де, хан да тоқтаған әрі би, әрі абыз, өз заманының қабырғалы мемлекет қайраткері. Хандық дәуірдегі қазақ әдебиетін зерттеген ғалымдардың бәрі бірдей жыраулық поэзияның классигі ретінде мойындаған тұлға.
Шортанбай да қара жаяу жан емес. Дулаттың «Өсиетнамасынан» көп бұрын шыққан оның «Бала зары» атты кітабы төңкеріске дейін қатарынан бірнеше рет басылып, қазақ арасына кеңінен тарады. Ең бастысы, сынға ұшырап отырған әдебиеттің үш тірегінің үшеуі де – Абай елімен ауылы аралас, қойы қоралас жерде өсіп-өніп, атақ-даңқы әлдеқашан Алаш жұртын шарлап кеткен алыптар. Сондықтан Абай үшеуінің есімін ғана емес, шығармашылығын да бала күнінен-ақ құлағына сіңіріп өскен. Мұны жақсы білетін Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы жарық көрген «Абай» романының «Қайтқанда» атты тарауында әжесі Зеренің қыстауындағы он үш жасар Абайдың екі шешесінің айтуынан Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек хикаяларын, Күдеріқожа, Шортанбай, Шөже жырларын ынтыға тыңдайтыны суреттеледі. Күндердің күнінде бұл үйге қос қонақ – Дулат ақын мен Байкөкше жыршы (өмірде болған адам) келіп, бала Абайға кезектесе «Қобыланды батыр» мен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» келістіре жырлайды. «Ел айығып, оңаша қалғанда Дулат өз жырларын, өзі құрбы – Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын жырларын термелеп кетеді». Кейін амалдың жоқтығынан есімі Барлас деп өзгертілген Дулаттың ныспысы алғашқы басылымда өз атымен аталып, оның жырлары «Өсиетнамада» жарияланған төл нұсқасында беріледі. Мұхаңның жазуынша, қос ақын Зере ауылында бір айдай жатып, бала Абайға бұрын естімеген өлең, жыр, айтыс, дастандар әлемін армансыз аралатқан.
Ұлы Мұхаң романда суреттеп отырған кездесудің өмірде болуы да әбден мүмкін. Абай 13-ке 1858 жылы келген. Бұл кезде Дулат – әлі тірі, жасы 56-ға шығып, сол заман ұғымынша мосқал тартқан қарт жырау. Мекені де Абай ауылынан арыса бір көш жерде. Сондықтан мұндай кездесу орын алған да шығар, өтпеген күннің өзінде Абай Дулат жырларын бала күнінен-ақ естігені анық. Ал бертінде, 1880 жылы шыққан «Өсиетнаманы» онсыз да сирек жарық көретін қазақ кітаптарының біреуін де қалт жібермейтін Абайдың оқығаны еш күмән келтірмейді. Ендеше, неге Абай оларға осыншама қатқыл баға берген?
Абайдың үш ақынға арналған бұл сөзі оның 1888 жылы жазылған «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» атты өлеңінде айтылады. Бұл – Абайдың кемеліне келген кезі. Өзі жас күнінде қызыға, құмарта оқыған шығыс ақындарын тауысып, орыс, батыс поэзиясына ден қойған, Пушкинді аудара бастаған тұсы. Өлеңге, әдебиет атаулыға қоятын талабы жоғарылап, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасының» жазылған шағы. Тұжырымдап айтсақ, Абайдың әлемдік поэзия мен ақыл-ой биігіне еркін көтерілген кезі. Абайтанушылардың бірыңғай мойындауынша, 1988 жыл – оның поэзиядағы ең өнімді еңбек етіп, «Күз», «Қыс», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» сияқты классикалық туындыларды дүниеге әкелген жылы.
Әрине, ақыл-ой мен поэзияның шырқау шыңында тұрған данышпан Абайдың бұл кезде өзі үшін «кемшілігі әр жерден көрініп тұрған» ақын-жыраулар жайлы басқаша жазуы мүмкін емес еді. Оның бұл бағасы – үш ақын шығармашылығын тұқырту, төмендету емес, оларды өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің үш белесі, үш биігі ретінде мойындауы. Абайдай ұлттың әділ ұстазына, кемеңгер данасына не десе де жарасады. Өйткені ол өзінің данышпандық биігінде тұрып айтады. Ал біз хәкім сөзінің астарын аңдап, ишарасын шамалап, жұмбағына бойлап барып қорытынды жасауымыз керек. Ендеше, Абайдың Дулатқа берген бағасын сын емес, оның поэзиясын өзіне дейінгі әдебиеттің биік белесі ретінде бағалауы ретінде қабылдауымыз керек.
Дулат дүние салған 1871 жылы алғашқы балаң жырларын жазғаны болмаса, Абай әлі үлкен әдебиетке келе қоймаған. Сондықтан Дулат пен Абай поэзиясындағы үйлесімді «алдыңғы толқын ағаның – кейінгі толқын ініге» тигізген тәлім-тағылымы, жыр дәстүрінің үлгі-үндестігі ретінде қарастырған жөн.
Дулат пен Абай поэзиясынан ұқсастық іздеушілер ұлы ақынның өмірінің соңына қарай жазылған «Көлеңке басын ұзартып» атты өлеңіндегі «Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой» атты ғажайып образдың төркінін Дулаттың «Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай», – деген жолдардан іздейді. Дұрыс-ақ. Түп-төркіні Дулаттан басталып, Абайда қайталанбас деңгейде түрленген ұқсастық мұнымен ғана шектелмесе керек. Дулат: «Әуелгі қазақ деген қалың жұрт, Миығыңды көрсетпей, Ұстарасыз өскен мұрт. Ұйқы басып сезбедік», – деп уайымдаса, Абай: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың», – деп күңіренеді. Дулат: «Орыстың заңын қуаттап, Жол ашып елді суаттап, ...Шен-шекпенге сатылып, Батпаққа елін батырып», – десе, Абай: «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға», – деп толғайды. Дулат: «Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын, Ел пысығы жортады-ай», – деп мінесе, Абай: «Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап», – деп шенейді. Тіпті Абайдың «Жаз» атты хрестоматиялық өлеңіндегі бәріміз бала күннен жаттап өскен белгілі жыр жолдары Дулаттың: «Маңғаз байың балпаңдап, Мақтангөйің талтаңдап, Жас өспірім жар таңдап, Бәйбішелер былқылдап, Ақпейіл шалдар аңқылдап, Ақкөңілдер жарқылдап», – деген ұйқастарымен үйлесіп-ақ тұрған жоқ па?!
Абай сыны дегеннен шығады, ол «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырауды» ғана қаламына іліктірген жоқ. Ол «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты шығармашылық кредосын айқындаған әйгілі жырында есімдерін айтпаса да өзінің ақындық мектебінен шыққан үш ақынды да шарпып өтеді. Абай осы өлеңінде: «Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз», Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз». Кәрілікті жамандап, өлім тілеп, Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз», – деген жолдарда шәкірті Көкбай ақынды, қиссашыл ақын Әріп Тәңірбергенов пен атақты Шәкәрімнің өзін сынға алған.
Абайдың ақын ұлы Тұрағұл әкесі туралы естелігінде осы өлеңнің тарихы туралы айта келіп, оның кезінде Әзірет Әлінің айдаһармен алысқаны жайында жыр жазған Көкбайды, суреттеген қыздың дене мүшелерін алуан түрлі асыл тастарға теңеп, жер-көкке сыйғызбай мақтайтын Әріп Тәңірбергеновті және Шәкәрім қажының жас күнінде кәрілікті жамандаған өлеңдерін тұспалдап тұрғанын ашып көрсеткен.
Көкбай Жанатайұлы – Абайдың өзі тәрбиелеген, оқытқан, жанына жақын тұтқан шәкірттерінің бірі. Абай «Жаз», «Күлембайға» атты өлеңдерін алғашқыда Көкбайдың атынан жариялап, «Дала уәлаятының газетінде» бастырған. Көкбай молда әуелде қиссашыл ақындарға еліктеп айдаһармен алысатын Әзірет Әлі туралы дастан жазса керек. Абай осыны ишаралап тұр.
Әріп Тәңірбергенов – орысша, қазақша білім алған, араб, парсы, қытай тілдерін меңгерген, бүгінде есімі қазақ әдебиетінде еркін мойындалған тұлға. Оның «Зияда-Шаһмұрат», «Қожа-Ғаффан», «Таһир», «Бахрам» атты дастандары бірнеше рет қатарынан басылып, төңкеріске дейін қазақ арасында кеңінен таралған. Пушкин мен Лермонтовты да аударған. Міне, осындай мүмкіндігі зор талант иесінің «Зияда-Шаһмұратта» Хорлы, Ғайын атты қос ханшаны бейнелегенде «Ақ маңдай, қас зүбәржат, көзі гауһар», «Інжуден отыз тісі, ерні лағыл», «Ақ тамақ, алтын иек мойындары», «Ханшаның отыз тісі меруерттен», «Мүшесі, кеудесі алтын, зүбәржаттан», – деп шығыстық үлгідегі ғашықтық дастандарда жиі кездесетін жеңіл-желпі теңеулерді қуып кеткенін Абай орынды сынайды. Тұрағұл: «Ол өлеңге Әріп кектеніп: «Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты» деп өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды. Біржанның арғын емес, Керей екендігін білмейді», – деп баяндайды. «Біржан-Сара» тақырыбын қаузасақ, алысқа кетіп қалатындықтан Әріп туралы әңгімені осы жерден доғарайық.
Абай екі ақын туралы ойын екі-ақ жолмен астарлап айтса, өлең тұтастай алғанда, кәрілікті жамандаған Шәкәрімге арналғандай әсер қалдырады. Ондағы «қызшыл», «қызықшыл», «сәнқой», «даңғой», «кербез-керім» деген сынның бәрі «өлеңі бар өнерлі» інісіне арналған. Абай бұл өлеңінде «улы сия, ащы тілге» ерік берген. Неге? Енді осыған келейік.
Шәкәрім 21 жасында «Сегіз аяқтың» үлгісімен «Жастық туралы» өлеңін жазады. Бұл – Шәкәрім поэзиясындағы ең көркем, ең сұлу жырдың бірі. Кейін жастыққа қарама-қарсы етіп, қарттыққа жеткен адамның жүрегіне шаншудай қадалатын тұстары көп «Кәрілікті» ұсынады. Жиырмадан енді ғана асқан Шәкәрім: «Кәріде ақыл, күш болмас», «Қадірің кетіп, заманың өтіп», «Жан жуымас қасыңа», «Сүйегің қалып, ет кетсе, – Далаға барып сие алмай, Киімін жөндеп кие алмай», «Тұра алмай жатып, Былшылдап, шатып», «Оны да сезбей, Үмітін үзбей, Келмейді шалдың өлгісі», – деген сияқты зілмауыр сөздерді қолданады. Екеуінің арасы бір-ақ мүшел болса да, бұл оған да, ақын інісінің әбестігін бетіне басып хәкімге шағымданған егде тартқан ел ағаларына да ұнамайды. Сондықтан Абай жаңылыс басқан інісі үшін «есіл өнер қор болып кетер түзге», «Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге», – деп елжірей, егіле толғайды.
Мұның бәрін тізбелеп отырғанымыз: осы өлеңде сын бар ма? Болғанда қандай. Бірақ Абай мұны ақын інілерін мінеу үшін емес, «жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп ақындық өнерді ұстанған шәкірттеріне жөн сілтеп, жоба көрсету үшін жазған.
Шәкәрімнің данышпандығы сонда – ол кейбіреулер сияқты ұстазының сөзін кек тұтқан жоқ. Қателігін түсінудің белгісі ретінде: «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық. ...Жалыналық Абайға, жүр, баралық! Қой, ойлалық, шатылып, шатаспастан, Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?» – деген ұзақ өлеңін жазады. Ұлылар осылай үндесіп, осылай табысқан.
Абайдың Көкбай, Әріп, Шәкәрімді сынаған өлеңі туралы пікіріміз оның Дулатқа қарата айтқан сөздерінен басталды. Дулат туралы жазғанда Абай сөзбен бірге тыңдаушысы да түзелген жаңа әдебиетке қойылатын талаптың да биіктегенін меңзеу үшін айтты деп ұққанымыз жөн.
Дулат пен Абай үйлесімін тұжырымдап айтар болсақ, Абай өзіне дейінгі қазақ поэзиясының озық дәстүрлерін бала күнінен құлағына сіңіріп, көкірегіне құйып өскен. Кем-кетіктерін де білген. Оларды өзі қазақ топырағына бейімдей дамытқан әлемдік поэзия үлгілерімен салыстыра, шендестіре отырып баға берген. Міне, сондықтан Мұхтар Әуезов әлем әдебиетіндегі ХХ ғасырдың ұлы романы саналатын «Абай жолына» Дулатты Абайдың ұстазы ретінде біліп қосқан. Бүгінгі күн оқырмандары да Дулат шығармашылығын дәл осылай қабылдауы керек.
***
Дулаттың өмірі қандай қиын болса, шығармашылық тағдыры да соншалықты ауыр болды. Патшалық цензура оны орыс отаршылдығының саясатын өлтіре сынағаны үшін қырына алса, кеңестік қызыл идеология ескішіл, кертартпа, хандық дәуірді дәріптеген ақын ретінде шеттетті. Оның «Өсиетнамасын» баспаға дайындаған Мәулекей есімді діндар ақын Дулат өлеңдерінің өзіне ұнамаған, цензураға жақпаған тұстарын қырқып тастап, наркескен ақынның қиғыр қылыштай өткір жырларын жұмсартып бергенге ұқсайды. Төрт аяғын тең басқан Дулаттың жорға жырларының кей тұста кібіртіктеп, шоқырақтап қалатыны да осыдан.
Дулат жырлары өзінің көзі тірісінде-ақ ел арасына, әсіресе өзінің туып-өскен Семей жұрты, Шығыс Қазақстан өлкесіне кеңінен таралды. Ол дүниеге келіп, бар ғұмырын өткізген Аягөзбен іргелес ауданда өскен біз де жас күнімізден ел ағалары, абыз ақсақалдар аузынан «Ақтайлақ би айтыпты», «Дулат осылай деген екен» деген өлең-жыр, шешендік сөздерді көп естідік.
Дулат атақты Ақтайлақ бидің өзімен сөз қағыстырған. Кезінде көненің көзі, тарихтың өзіндей болған, Абай ақындық мектебінің көрнекті өкілі Шәкір Әбенов ақсақал өзі білетін және аягөздік көнекөз қария Ғаббас Байділдаұлынан жазып алған Дулат мұрасын жіктеп, жүйелеп, Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырады. Өкінішке қарай, осы бір ғажайып қазына әлі толық игерілді деп айта алмаймыз. Ғаббас ақсақал Дулаттың көзін көріп, сөзін өз аузынан тыңдаған екен әрі оларды ақынның тірі кезінде-ақ хатқа түсіре бастапты. Сондықтан Шәкір Әбенов тапсырған мол мұраның дулаттанушылар үшін әлі айтар сыры да, берер өсиет-өнегесі де аз болмаса керек.
«Абай» энциклопедиясын дайындау барысында 1989 жылы біз академик Рымғали Нұрғали, профессор Мекемтас Мырзахметов, абайлық ақын Төлеген Жанғалиев бәріміз Құндыздыдағы Шәкір ақсақалға сәлем беруге бардық. Жады мықты қария Абай, Дулат, Шәкәрімнің жырларын жатқа соғып, әр өлеңнің жазылу тарихын баяндап, олардың тағдыр-талайына қатысты небір қызғылықты хикаялар айтты. Сол күні Ғылым академиясына өзі тапсырған ақын өлеңдерінің әлі жарық көрмегеніне өкініп, тіпті оларды өткізгеннен кейін де ел аузынан Дулаттың талай-талай желдей ескен, сеңдей көшкен дауылды жырларын естігенін жеткізіп еді. Әрине, қазір ондай қазыналы қарттарымыз қалмады деуге де болады. Дегенмен, қолжазба қорын тағы да ұқыптылықпен қағыстырар болсақ, арқалы ақынның бүгінгі оқырманға белгісіз, жарияға жетпеген ғибратты жырларының табылып қалуы да бек мүмкін.
Дулат жырлары Мұхтар Әуезовтің қолдауымен әуелі «Абай» романында, кейін түрлі әдебиет оқулықтары мен хрестоматияларда там-тұмдап жарық көрді. Оның шығармашылығы жөнінде әр жылдарда академик Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, ғалымдар Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, М.Мырзахметов, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, Б.Омаров, Т.Шаңбай, Қ.Раев т.б. тарапынан зерттелді.
Осы тұрғыдан келгенде белгілі дулаттанушы ғалым Құлмат Өмірәлиевтің құрастыруымен 1991 жылы жарық көрген «Замана сазы» атты жинақтың орны ерекше болғандығын атап өту ләзім. Дәл осы ғалымның ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ерекшеліктеріне, өлең түріне арналған «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» атты 1983 жылы жарық көрген монографиясында Дулат поэзиясының қыр-сыры терең талданды.
Дулатқа арналған ғылыми-зерттеу еңбектер туралы ойымызды ақын шығармаларының тілі мен поэтикалық күш-қуатын жан-жақты қамтып зерттеген үлкен ғалым, академик, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рабиға Сыздықова апамыздың: «Дулат – Абайдың алдында өткен қазақ сөз зергерлерінің ішіндегі ең мықтысы. Ол мәдени-рухани дүниемізден өз орнын, үлкен орнын алуға тиіс», – деген пікірімен қорытындылауға болады.
Дулатты тану, зерттеу, шығармаларын жинау мен жүйелеудің жаңа кезеңі енді басталды. Оның сан қырлы, алуан тоғысты бай шығармашылық мұрасы философ, социолог, заңгер, педагог, психолог, тарихшы, әдебиетші, тілші ғалымдарымыз тарапынан жан-жақты зерттеліп-зерделеніп, оның жыр-кестеге түсірген қайталанбас өлең-өрнегінің айшығы айқындалып, түс-таңбасы талданып, жаңа буын зерттеушілері арқылы жалғаса береді деген сенімдеміз.
(Соңы.)
Мұхтар Құл-Мұхаммед
«Қазақ әдебиеті» газеті, №2-3, 22 қаңтар, 2021 жыл
Abai.kz