Қазақстан Ресей вакцинасын егуді бастады
Бүгін Қазақстанда Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталды.
Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның келісімімен ғана жүргізіледі.
Одан кейін 15 ақпаннан бастап, вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады.
Ал 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр.
Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде.
Бұған дейін жасалған келісім негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясын жеткізді.
Жалпы, ақпан айында Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда - 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозаны жеткізетін болады.
Сондай-ақ, сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде QazCovid-in отандық вакцинасы салынады деп жоспарлануда, ай сайын оның көлемі 500 мың дозаға көбейеді.
Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары - медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлер және т. б. вакцинацияланады.
Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтары, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандары вакцинацияланады.
Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады.
Бұдан басқа, халықтың қосымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.
Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек.
Ресейлік Спутник V вакцинасы бойынша қарсы көрсетілімдер: анамнездегі ауыр аллергиялық реакциялар, жүктілік және бала емізу кезеңдері, 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарттар.
Айта кетейік, Қазақстан Ресейдің "Спутник V" вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсаған.
Abai.kz